وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: النَّاسُ تَبَعٌ لِقُرَيْشٍ فِي هَذَا الشَّأْنِ، مُسْلِمُهُمْ تَبَعٌ لِمُسْلِمِهِمْ، وَكَافِرُهُمْ تَبَعٌ لِكَافِرِهِمْ. النَّاسُ مَعَادِنُ، خِيَارُهُمْ فِي الْجَاهِلِيَّةِ خِيَارُهُمْ فِي الْإِسْلامِ إِذَا فَقُهُوا، وَتَجِدُونَ مِنْ خِيَارِ النَّاسِ أَشَدَّ النَّاسِ كَرَاهَةً لِهَذَا الشَّأْنِ حَتَّى يَقَعَ فِيهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Адамдар бұл істе Құрайышқа ереді. Мұсылмандары олардың мұсылмандарына, кәпірлері олардың кәпірлеріне ереді. Адамдар кенге ұқсайды. Жаһилият дәуірінде ізгі болғандар дінді терең түсінсе, Исламда да ізгі болады. Адамдардың ең ізгілерінің арасында осы билік ісі өздеріне жүктелгенге дейін оны бәрінен де қатты қаламайтындарды көресің».1
Түсіндірме
1. Бұл хадистерде «іс» (шән) деп билік пен халифалық меңзеледі. Мұнда патшалық, әкімдік, әмірлік, мемлекет басқару сияқты міндеттер қамтылған. Ал халифалық көбінесе Алла елшісінің (с.а.с.) рухани өкілдігі мағынасында қолданылады.
2. Құрайыштар – Меккені мекендеген арабтар. Исламға дейін-ақ олар өзге арабтар арасында беделді, ықпалды болған. Жұрт олардың бірқатар артықшылығын мойындаған. Меккеде тұрып, бабалары Ибраһим пайғамбардан қалған қасиетті Қағбаны қорғап, қажылыққа байланысты талай қызмет атқаруының өзі олардың өзге арабтар арасындағы беделін арттыруға жеткілікті еді. Оның үстіне, Құранның «Құрайыш» сүресінде аталған сауда-саттық оларға көрші елдермен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Соның арқасында тұрмысы түзеліп, мәдениеті, әдеп-дағдысы, білімі мен тәжірибесі де байыды.
Жаһилият дәуірінде Құрайыштың өзгелерден озық тұруына осы жағдайлардың бәрі ықпал еткен деуге болады. Хадистегі «Кәпірлер Құрайыштың кәпірлеріне ереді» деген сөз олардың сол дәуірдегі орнын аңғартады. Исламды қабылдағаннан кейін де бұл жағдай өзгерген жоқ. Мекке алынғанға дейін істің ақырын күткен өзге өңірлердегі арабтар Мекке мұсылман болғанда жаппай Исламды қабылдап, Алла елшісіне (с.а.с.) ерді. Құрайыштан шыққан Алла елшісіне (с.а.с.) ерген мұсылмандар ол кісіден кейін де ұзақ уақыт сол тайпадан шыққан Әбу Бәкірге, Омарға, Османға, Әлиге, Муғауияға және басқа басшыларға бағынды.
3. Қайырлы (жақсы) адамдардың басшылық пен халифат сияқты басқару жауапкершілігін алуды жек көруі, сол міндет талап ететін жауапкершіліктерді орындай алмау қорқынышынан туындайды. Оны қабылдау – машақатты өзіңе жүктеу деген сөз. Әділеттілікті орнатып, адамдардың зұлымдығына бөгет болу – өте ауыр істердің бірі. Ақылы сау, парасатты, әр нәрсеге бей-жай қарамай өмір сүретін адамның мұндай қауіпті іске ұмтылмайтыны анық. «Олар бұл іске қалауына қайшы болмайынша ұмтылмайды» деп аударған сөйлемнің мағынасы жайлы ғалымдар өзара пікір қайшылығына түскен. Кейбіреулер оны былай түсінген: «Кімде-кімге басшылық қызмет сұрамастан, құмартпастан берілсе, басшы болу оған мәкруһ болмайды». Өйткені алдыңғы сөйлем, басшы болуға ұмтылуды мутлақ (абсолютті) мәкруһ деп жариялаған болатын. Ол сөйлемді келесідей түсінгендер де болған: «Кімде-кім бір нәрсеге қол жеткізуге құмартып, соңына түсетін болса, оған сирек қол жеткізуі мүмкін. Кімде-кім бір нәрседен бас тартып, соған қол жеткізуге құмартпаса, көбінесе сол нәрсеге оңай қол жеткізетін болады».
- 1Бұхари, «Мәнәқиб», 1. Мүслим, «Имарат», 2 (№ 1818).