Хадис

№ 1705–1709 хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 220-тарау · 5 хадис · № 1705–1709

Хадистер

1705
Кутуб ситтә, № 1705 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: النَّاسُ تَبَعٌ لِقُرَيْشٍ فِي الخَيْرِ وَالشَّرِّ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Адамдар жақсылықта да, жамандықта да Құрайышқа ереді».1

  1. 1Мүслим, «Имарат», 3 (№ 1819).
1706
Кутуб ситтә, № 1706 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: النَّاسُ تَبَعٌ لِقُرَيْشٍ فِي هَذَا الشَّأْنِ، مُسْلِمُهُمْ تَبَعٌ لِمُسْلِمِهِمْ، وَكَافِرُهُمْ تَبَعٌ لِكَافِرِهِمْ. النَّاسُ مَعَادِنُ، خِيَارُهُمْ فِي الْجَاهِلِيَّةِ خِيَارُهُمْ فِي الْإِسْلامِ إِذَا فَقُهُوا، وَتَجِدُونَ مِنْ خِيَارِ النَّاسِ أَشَدَّ النَّاسِ كَرَاهَةً لِهَذَا الشَّأْنِ حَتَّى يَقَعَ فِيهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Адамдар бұл істе Құрайышқа ереді. Мұсылмандары олардың мұсылмандарына, кәпірлері олардың кәпірлеріне ереді. Адамдар кенге ұқсайды. Жаһилият дәуірінде ізгі болғандар дінді терең түсінсе, Исламда да ізгі болады. Адамдардың ең ізгілерінің арасында осы билік ісі өздеріне жүктелгенге дейін оны бәрінен де қатты қаламайтындарды көресің».1

Түсіндірме

1. Бұл хадистерде «іс» (шән) деп билік пен халифалық меңзеледі. Мұнда патшалық, әкімдік, әмірлік, мемлекет басқару сияқты міндеттер қамтылған. Ал халифалық көбінесе Алла елшісінің (с.а.с.) рухани өкілдігі мағынасында қолданылады.

2. Құрайыштар – Меккені мекендеген арабтар. Исламға дейін-ақ олар өзге арабтар арасында беделді, ықпалды болған. Жұрт олардың бірқатар артықшылығын мойындаған. Меккеде тұрып, бабалары Ибраһим пайғамбардан қалған қасиетті Қағбаны қорғап, қажылыққа байланысты талай қызмет атқаруының өзі олардың өзге арабтар арасындағы беделін арттыруға жеткілікті еді. Оның үстіне, Құранның «Құрайыш» сүресінде аталған сауда-саттық оларға көрші елдермен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Соның арқасында тұрмысы түзеліп, мәдениеті, әдеп-дағдысы, білімі мен тәжірибесі де байыды.

Жаһилият дәуірінде Құрайыштың өзгелерден озық тұруына осы жағдайлардың бәрі ықпал еткен деуге болады. Хадистегі «Кәпірлер Құрайыштың кәпірлеріне ереді» деген сөз олардың сол дәуірдегі орнын аңғартады. Исламды қабылдағаннан кейін де бұл жағдай өзгерген жоқ. Мекке алынғанға дейін істің ақырын күткен өзге өңірлердегі арабтар Мекке мұсылман болғанда жаппай Исламды қабылдап, Алла елшісіне (с.а.с.) ерді. Құрайыштан шыққан Алла елшісіне (с.а.с.) ерген мұсылмандар ол кісіден кейін де ұзақ уақыт сол тайпадан шыққан Әбу Бәкірге, Омарға, Османға, Әлиге, Муғауияға және басқа басшыларға бағынды.

3. Қайырлы (жақсы) адамдардың басшылық пен халифат сияқты басқару жауапкершілігін алуды жек көруі, сол міндет талап ететін жауапкершіліктерді орындай алмау қорқынышынан туындайды. Оны қабылдау – машақатты өзіңе жүктеу деген сөз. Әділеттілікті орнатып, адамдардың зұлымдығына бөгет болу – өте ауыр істердің бірі. Ақылы сау, парасатты, әр нәрсеге бей-жай қарамай өмір сүретін адамның мұндай қауіпті іске ұмтылмайтыны анық. «Олар бұл іске қалауына қайшы болмайынша ұмтылмайды» деп аударған сөйлемнің мағынасы жайлы ғалымдар өзара пікір қайшылығына түскен. Кейбіреулер оны былай түсінген: «Кімде-кімге басшылық қызмет сұрамастан, құмартпастан берілсе, басшы болу оған мәкруһ болмайды». Өйткені алдыңғы сөйлем, басшы болуға ұмтылуды мутлақ (абсолютті) мәкруһ деп жариялаған болатын. Ол сөйлемді келесідей түсінгендер де болған: «Кімде-кім бір нәрсеге қол жеткізуге құмартып, соңына түсетін болса, оған сирек қол жеткізуі мүмкін. Кімде-кім бір нәрседен бас тартып, соған қол жеткізуге құмартпаса, көбінесе сол нәрсеге оңай қол жеткізетін болады».

  1. 1Бұхари, «Мәнәқиб», 1. Мүслим, «Имарат», 2 (№ 1818).
1707
Кутуб ситтә, № 1707 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يَزَالُ هَذَا الأَمْرُ فِي قُرَيْشٍ مَا بَقِيَ مِنْهُمُ اثْنَانِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Өздерінен екі адам қалса да, бұл іс Құрайыштың қолында бола береді».1

Түсіндірме

Хадистегі «іс» сөзі басшылық пен халифалықты білдіреді. Түсіндірмеде бұл биліктің қияметке дейін Құрайышқа тиесілі болатыны айтылған. Алайда Ислам адам артықшылығының өлшемі ретінде тақуалықты негізге алады.2 Сонда адамға тақуалығына қарамастан, тек Құрайыштан шыққаны үшін билік беріле ме? Келесі риуаяттар осы сұраққа жауап береді.

أَلَا إِنَّ الْأُمَرَاءَ مِنْ قُرَيْشٍ مَا أَقَامُوا ثَلَاثًا: مَا رَحِمُوا إِذَا اسْتُرْحِمُوا وَقَسَطُوا وَعَدَلُوا إِذَا حَكَمُوا.

«Біліңдер, басшылар осы үш қасиетті ұстанғанша Құрайыштан болады. Олардан рақым сұралса, рақым көрсетеді, төрелік айтса, туралық пен әділдікті сақтайды».

الْآئِمَّةُ مِنْ قُرَيْشٍ مَا إِذَا حَكَمُوا فَعَدَلُوا.

«Басшылар билік айтқанда әділдік сақтағанша Құрайыштан болады».

Әзірет Әбу Бәкірдің (р.а.) мына бір сөзі де риуаят етілген:

قَالَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «إِنَّ هَذَا الْأَمْرَ فِي قُرَيْشٍ مَا أَطَاعُوا اللَّهَ وَاسْتَقَامُوا عَلَى أَمْرِهِ».

Әбу Бәкір (р.а.) былай деген: «Құрайыш Аллаға бойсұнып, Оның әміріне сай тура жолда жүргенше, бұл іс олардың қолында болады».

Осы риуаяттарды талдаған Ибн Хажар былай дейді: «Мен сөз еткен мәселеге қатысты хадистер үш топқа бөлінеді.

1. Хадистердің бір тобы Құрайыштықтардың аталмыш сипаттарды сақтамаса, «Алланың» қарғысына ұшырайтындығын хабарлайды. Мысалы, «Білесіңдер, мына үш нәрсені орындағанға дейін басшылар Құрайыштан болады» деген хадис осыған жатады. Бұл риуаятта мына сөйлем де бар: فَمَنْ لَمْ يَفْعَلْ ذَلِكَ مِنْهُمْ فَعَلَيْهِ لَعْنَةُ اللّه. «Кімде-кім осы айтылғандарды орындамаса, Алланың қарғысына ұшырасын». Бұл хадисте бұл «істің» (басшылықтың) олардан кетуін талап ететін ештеңе жоқ.

2. Құрайыштардың өздеріне қатал қысым көрсететін адамдарға тап болатыны ескертіледі. Ахмад ибн Ханбал мен Әбу Яғла жеткізген мына хадистер осыны білдіреді.

يَا مَعْشَرَ قُرَيْشٍ إِنَّكُمْ أَهْلُ هَذَا الْأَمْرِ مَا لَمْ تُحْدِثُوا فَإِذَا غَيَّرْتُمْ بَعَثَ اللَّهُ عَلَيْكُمْ مَنْ يَلْحَاكُمْ كَمَا يَلْحَى الْقَضِيبُ.

«Уа, Құрайыш! Кейбір бидғаттарға жол бермейінше, осы “істің” иесі сендерсіңдер. Егер бидғат жасап (дін әкелген нәрселерді) өзгертетін болсаңдар, Алла сендерді сондай бір адамдарға жолықтырады, олар ағаштың бұтақтарын аршығаны сияқты, сендерді аршып (терілеріңді сылып) тастайды».

Бұл риуаяттарда соған ишара болғанымен, «іс», яғни билік Құрайыштың қолынан алынады деп ашық айтылмайды.

3. Бұл топтағы хадистер қарсыластарын өлтіруге, олармен соғысуға рұқсат береді және «істің» олардың қолынан шығатынын хабар береді. Мысалы, Таялиси және Табарани келтірген Сәубан хадисінде былай делінеді:

اسْتَقِيمُوا لِقُرَيْشٍ مَا اسْتَقَامُوا لَكُم فَإِنْ لَمْ يَسْتَقِيمُوا فَضَعُوا سُيُوفَكُمْ عَلَى عَوَاتِقِكُمْ فَأَبِيدُوا حَضْرَاءَهُمْ فَإِنْ لَمْ تَفْعَلُوا فَكُونُوا زَرَّاعِينَ أَشْقِيَاءَ.

«Құрайыш сендер үшін туралықты ұстанса, сендер де тура жолды ұстаныңдар. Егер олар тура жолда болмаса, қылыштарыңды иықтарыңа қойып, олардың көпшілігін жойыңдар. Егер мұны жасамасаңдар, (көп жұмыс істеп, аз пайда табатын) бақытсыз шаруалар болыңдар»3.

Ибн Хажар мұны қуаттау үшін келесі риуаятты келтірген:

كَانَ هَذَا الْأَمْرُ فِي حِمْيَرَ فَنَزَعَهُ اللَّهُ مِنْهُمْ وَصَيَّرَهُ فِي قُرَيْشٍ وَسَيَعُودُ إِلَيْهِمْ.

«Бұл “іс” Химьяр жұртының қолында еді. Алла олардан алып, Құрайышқа берді. Оларға қайта оралатын болады». Бұл хадистер Құрайыштар дінді ұстанбаса, олардан басшылықтың алынатынын білдіреді». Ибн Хажар сөзін былай жалғастырады: «Қалған хадистерден мына нәтиже шығарылды: Бұл істің олардың қолынан шығуы, алдымен олардың лағынетпен қорқытылған жағымсыз істерді жасауымен жүзеге асады. Бұл өз кезегінде жамандыққа, зұлымдыққа бой алдыруға және содан сақтана алмауға себеп болады. Бұл жағдай Аббасилер династиясының басына келген.

Артынша, Құрайыштарды езгіге ұшырататын адамдардың пайда болатынын айта келген ескертуі бар. Бұл жағдай да Аббасилер халифатында орын алған. Араб еместер жеңіске жеткенде, олар мал-дүниені қолдануға, жұмсауға тыйым салынған балалар секілді болып қалды. Бала сияқты қарапайым нәрселермен айналысып, маңызды істерді басқалар атқарды. Содан кейін жағдай бұдан да күрт нашарлай берді. Дайламиттер билікті өз қолдарына алып, оларды барлық жағынан қысып, биліктерін шектеді. Халифаның қолында тек құтба оқу билігі ғана қалды. Билікті күшпен тартып алғандар әр аймақта елді өз араларында бөлісті. Осылайша, әртүрлі тайпалар бірінен соң бірі Құрайштарға маза бермеді. Соңында барлық жерде басшылық олардың қолынан сусып шықты. Кейбір жерлерде халифа деген құр аты ғана қалды».

Құрайыштың халифалыққа қатысын білдіретін хадистерді осылай түсіндірген Ибн Хажар бұдан әрі мұсылман топтарының осы мәселеге қатысты пікірлерін келтіреді.

«Ғалымдардың басым көпшілігі сахабалардан жеткен ортақ пікірге сүйеніп: “Басшы Құрайыштан болуы шарт”, – деп үкім берген.

Кейбір тайпалар мұны Құрайыштан белгілі бір топ деп есептеген. Бір тайпа: «Әзірет Алидің ұрпақтарынан басқаларға басшы болуына болмайды», – деді. Шиғалар да осы пікірде. Содан кейін әзірет Алидің ұрпақтарынан кімдерге рұқсат етілгені турасында едәуір дау-дамайлар болды. Бір тобы: «Аббастың балаларына тән», – деді. Әбу Мүслим Хорасани мен оның жолдастары осы көзқарасты ұстанды.

Ибн Хазмның айтуы бойынша, бір топ: «Жағфар ибн Әбу Талибтің ұлдарынан өзгелерге рұқсат болмайды», – десе, басқа бір топ: «Абдулмутталибтің ұрпақтарынан болуы керек», – деген. Ал кейбіреулер: «Бәни Умәйядан өзгелерге рұқсат емес», – десе, басқалардың: «Әзірет Омардың (р.а.) балаларынан басқаларға рұқсат етілмеген», – деп айтқаны риуаят етілген.

Ибн Хазм осы пікірлердің бәрін келтірген соң: «Бұл топтардың ешқайсысының пікірін қуаттайтын бірде-бір дәлел жоқ», – дейді.

Харижиттер мен Муғтазила ағымының бір тобы: «Басшылыққа Құрайыштан өзге адамның тағайындалуына болады», – деген. Имамдыққа (басшы болуға) Құранды және сүннетті ұстанатын кез келген адам лайық. Мейлі араб болсын, мейлі өзге ұлт өкілі болсын, еш айырмашылығы жоқ», – деген. Тіпті Дирар ибн Амр әсірелеп: «Құрайыштан өзге біреудің билікке келгені абзал. Өйткені мұндай адамның қамқоршылары (жақтастары) аз (және сол себепті әлсіз) болады. Шектен шықққан жағдайда алып тастау оңай болады», – деген.

Әбу Бәкір ибн ат-Тиб: «Имамдар Құрайыштан болуы керек» деген хадис сахих болғандықтан мұсылмандар басқа сөздерге мән бермейді. Өйткені мұсылмандар ғасырлар бойы осымен амал еткен. Бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікірлер пайда болмас бұрын бұл хадиске құрметпен қарау жайында ғұламалар бірауыздан келісім жасаған», – дейді.

Қади Ияд былай дейді: «Имамның Құрайыштан болуы шарт деген көзқарас – барлық мәзһаб ғалымдарының көзқарасы. Тіпті олар мұны біраузыдан келісілген мәселелердің қатарына жатқызады. Сәләф ғалымдарынан ешкім бұған қайшы пікір білдірмеген. Олардан кейін келгендер де барлық жерде бұл мәселе жайында ортақ пікірде болған және ешкім қайшы пікір білдірмеген. Олай болса, Харижиттар мен Муғтазилаға ергендердің көзқарастары Әһл-сүннетке қайшы болғандықтан аса мән берілмейді».

Ибн Хажар бұл мәселеге пікір айтудан бұрын абай болу керек екенін жазып былай дейді: «Бұл мәселе жөнінде ғалымдардың бірауызды көзқараста екенін айтқан адам, әзірет Омардан (р.а.) риуаят етілген мына пікірді де жорамал жасауға, түсінуге мәжбүр. Ахмад ибн Ханбал сахих тізбекпен мынадай хабар жеткізген: «Егер менің ажалым жеткенде Әбу Убәйда тірі болса, мен оны халифа етіп тағайындар едім. Ал Әбу Убәйда менен бұрын көз жұмса, ажалым жеткенде Муғаз ибн Жәбәлді халифа етіп тағайындар едім».

Бұл жерде аты аталып тұрған кісі – Муғаз ибн Жәбәл ансарлық сахаба. Оның Құрайышқа еш қатысы жоқ. «Имам Құрайыштан болуы шарт» деген ғалымдардың бірауызды көзқарасы шамасы, әзірет Омар (р.а.) қайтыс болғаннан кейін пайда болған немесе әзірет Омар (р.а.) бұған байланысты көзқарасын (үкімін) өзгерткен. Халифалықты Құрайышқа ғана тән көрмей, оған дәлелдер ретінде Абдулла ибн Рауаха, Зәйд ибн Хариса және Усама ибн Зәйдтің т.б. соғыс кезінде жасақтарға қолбасшы болып тағайындалуын көрсеткендерге мынаны айтуға болады: «Бұл тағайындау «әл-имаматул-узма»-ны, яғни, ең үлкен имамды, мемлекет басшысын тағайындау емес. Бұл мысалдардан мынадай үкім шығарылады: «Халифа көзі тірісінде Құрайыш руынан емес адамдарды өзінің орынбасары етіп тағайындауға құқылы».

Қорытынды:

Имамдардың Құрайыштан болуы – әһл-сүннет ғалымдары арасында кейбір риуаяттармен қабылданған, сондай-ақ, көбінесе сәләф ғұламалары мен олардан кейінгі әһл-сүннет ғалымдарының барлығы қабылдап, құптаған мәселе. Бұл мәселеге қатысты хадис кітаптарында көптеген риуаят орын алған, әрі фақиһтар, хадис ғалымдары, тарихшылар бұл мәселеге терең үңіліп, кітаптарында бұл мәселеге айрықша тоқталған.

Хадистің тек абсолютті (мутлақ) жолын үстірт қарастыра отырып, ондағы мағыналық қайшылықты хадисті жоққа шығару арқылы шешкісі келген кісі үлкен қателікке жол берген болады. Бұлай жасау – Ислам ғылымдарында объективті өлшемдерге сүйенген мыңдаған хадис ғұламаларының әдісіне қайшы болудан бөлек, сахабалардың көзқарастарын, «Расулалланың (с.а.с.) айтқан сөзі» деп қабылдаған барлық ілгергі ғалымдарды терістеу, олардың ұстанымы мен көзқарасын айыптауға жатады.

Ислам ғалымдары толық объективті әдістермен бағамдап, дұрыс деп үкім берген риуаят ғылым көгінде жарқыраған жұлдыз сияқты. Ешкім оны өзінің тар ақылына сыймағаны немесе оның субъективті өлшемдеріне сай келмегені үшін орнынан алып тастай алмайды.

  1. 1Бұхари, «Мәнәқиб», 2, «Ахкам», 2 (№ 7140), «Әнбия», 1. Мүслим, «Имарат», 4 (№ 1820). Бұхари нұсқасында «өздерінен екі адам қалса» (مَا بَقِيَ مِنْهُمُ اثْنَانِ), Мүслим нұсқасында «адамдардан екі адам қалса» (مَا بَقِيَ مِنَ النَّاسِ اثْنَانِ) делінген.
  2. 2«Хужурат» сүресі, 13-аят.
  3. 3Ибн Хажар осы үш топтағы риуаяттардың жеке-жеке әлсіз екенін айтады. Ол мағыналас риуаяттармен қуатталуын ескеріп барып тұжырым жасайды.
1708
Кутуб ситтә, № 1708 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Сәфина (р.а.)

وَعَنْ سَفِينَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْخِلَافَةُ فِي أُمَّتِي ثَلَاثُونَ سَنَةً، ثُمَّ مُلْكٌ بَعْدَ ذَلِكَ. قَالَ سَعِيدٌ بْنُ جُمْهَانَ، ثُمَّ قَالَ: امْسِكْ خِلَافَةَ أَبِي بَكْرٍ، وَخِلَافَةَ عُمَرَ، وَخِلَافَةَ عُثْمَانَ، وَخِلَافَةَ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، فَوَجَدْنَاهَا ثَلَاثِينَ سَنَةً. فَقِيلَ: إِنَّ بَنِي أُمَيَّةَ يَزْعُمُونَ أَنَّ الْخِلَافَةَ فِيهِمْ، فَقَالَ: كَذَبُوا بَنُو الزَّرْقَاءِ بَلْ هُمْ مُلُوكٌ مِنْ شَرِّ الْمُلُوكِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَالتِّرْمِذِيُّ، وَالْمُرَادُ بِبَنِي الزَّرْقَاءِ بَنُو مَرَوَانَ.

Қазақша аудармасы

Сәфинә (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Үмбетімдегі халифалық отыз жылға созылады. Одан кейін патшалық болады», – деді.

Сағид ибн Жүмһан былай дейді: «Содан кейін Сәфинә: “Әбу Бәкірдің, Омардың, Османның және Әлидің халифалық мерзімдерін саусақтарыңмен қосып сана”, – деді. Санап көрсек, расында, отыз жыл болды».

Сәфинәға: «Әмәуилер халифалық өз қолдарында деп санайды», – дегенде, ол: «Бәни Зәрқа өтірік айтады. Олар – патшалар, патшалардың ең жамандары», – деді.1

Түсіндірме

1. Сәфинә – негізінде лақап ат. «Кеме» дегенді білдіреді. Бұл жерде айтылып тұрған Сәфинә (р.а.) – Расулалла (с.а.с.) басына бостандық беріп, азат еткен құл. Әбу Абдуррахман деген лақап аты бар. Оның есімінің қалай аталатыны нақты белгілі емес, Михран т.б. деп аталады дегендер де болған. Оған «Сәфинә» деген лақап есімді Расулалланың (с.а.с.) өзі қойған. Бір сапар кезінде көп заттарды көтеріп жүргендіктен солай атаған деседі. Бұл оқиғаны өзі былай түсіндіреді: «Біз Расулалламен (с.а.с.) бірге сапарда жүр едік. Жолаушылар арасында шаршап, қажығандар болды. Сосын олар қалқан-қылыштарын маған беріп қойды. Содан көп қалқан-қылышты көтеріп жүрдім. (Мұны көріп) Расулалла (с.а.с.): «Сен Сәфинасың (кеме)», – деп арқамнан қақты».

2. Риуаяттың Әбу Дәуітте келген нұсқасында «Пайғамбарлық халифалығы 30 жыл» делінген.

3. Алқама былай дейді: «Расулалладан (с.а.с.) кейінгі 30 жыл ішінде төрт халифа мен әзірет Хасанның халифалық жылдары бар. Барлығын қосқанда 30 жыл болады:

1. Әзірет Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы – 2 жыл, 3 ай, 10 күн.

2. Әзірет Омардың (р.а.) халифалығы – 10 жыл, 6 ай, 8 күн.

3. Әзірет Османның (р.а.) халифалығы – 11 жыл, 11 ай, 9 күн.

4. Әзірет Алидің (р.а.) халифалығы – 4 жыл, 9 ай, 7 күн.

5. Әзірет Хасанның (р.а.) халифалығы – 7 ай.

Нәуәуи келтірген сандарда шамалы айырмашылық бар.

4. «Одан кейін патшалық болады» деген сөз пайғамбарлық халифалықтан кейінгі кезеңге қатысты айтылған. Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, Әмәуилер дәуірі мен одан кейінгі билеушілер «халифа» аталғанымен, бұл атаудың алғашқы төрт халифа тұсындағы пайғамбарлық халифалықтың жалғасқанын білдірмейтінін айтқан.

Пайғамбарлық халифаға лайықты болу үшін амал тұрғысынан сүнетті ұстану қажет. Сәфинаның (р.а.) әзірет Муғауияны: «Патшалардың біріншісі» деп атағаны риуаят етілген. Олай болса, пайғамбарлық халифалық деген сөздің мәні – Расулалланың (с.а.с.) кәміл мұрагері болу. Ғалымдар мұны бес халифамен шектеген.

5. Бәни Зәрқа – Бәни Мәруан. Зәрқа – Әмәуилердің арғы аналарының бірі.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», 9 (№ 4646–4647). Тирмизи, «Фитән», 48 (№ 2226).
1709
Кутуб ситтә, № 1709 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жәбир ибн Сәмура (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ بْنِ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يَزَالُ هَذَا الدِّينُ عَزِيزًا مَنِيعًا إِلَى اثْنَيْ عَشَرَ خَلِيفَةً كُلُّهُمْ مِنْ قُرَيْشٍ. قِيلَ: ثُمَّ يَكُونُ مَاذَا؟ قَالَ: ثُمَّ يَكُونُ الْهَرْجُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ إِلَى قَوْلِهِ مِنْ قُرَيْشٍ. وَأَخْرَجَ بَاقِيَهُ أَبُو دَاوُدَ «الْهَرْجُ»: الْفِتْنَةُ وَالِاخْتِلَاطُ.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Сәмура (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Бұл дін барлығы Құрайыштан болатын он екі халифаға дейін айбынды әрі қуатты болып тұрады», – деді. Одан: «Содан кейін не болады?» – деп сұрағанда: «Содан кейін һарж, яғни бүлік пен дүрбелең болады», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

Он екі имамның келетінін хабарлаған бұл хадис бірнеше жолмен жеткен. Нұсқаларында бірінде бар сөз екіншісінде кездеспей, кейбірінде қосымша тіркестер беріледі.

«Бұл іс үмбетім арасынан он екі имам өтпейінше аяқталмайды».

«Адамдардың ісі оларды он екі кісі билеп тұрғанша жалғасады».

«Менен кейін он екі әмір келеді... Барлығы Құрайштан болады».

«Сендерді он екі имам басқарып тұрғанша, дін берік тұрады».

«Үмбет төңірегіне топтасатын он екі халифа келгенге дейін бұл дін берік тұрады».

Риуаяттардың сөз саптауы әртүрлі, ал он екі халифаның кім екені ашып айтылмаған. Сондықтан хадис түсіндірушілердің пікірлері де бір жерден шықпаған.

Қади Ияд хадистегі он екі саны екі сұрақ тудыратынын айтады. Біріншісі: «Бұл риуаят Сүнән жинақтарында келіп, Ибн Хиббан және басқа ғалымдар сахих деген Сәфинә хадисіне сырттай қайшы сияқты. Сәфинә риуаятында: “Халифалық менен кейін отыз жылға созылады. Одан кейін патшалық болады”2, – делінген. Ал сол отыз жылда төрт халифа мен аз уақыт Хасан ибн Әли ғана билік жүргізді. Екі хабардың арасы қалай түсіндіріледі?»

Екіншісі: «Халифа болғандардың саны он екіден асып кеткен жоқ па?»

Бірінші сұраққа берілген жауап бойынша, Сәфинә хадисінде пайғамбарлық халифалық меңзелген. Ал Ибн Сәмура риуаятында халифалықтың дәл осы түрі айтылмаған.

Түсіндірмеде «менен кейін» деген тіркестің риуаяттың барлық нұсқасында бірдей келмейтіні де ескерілген.

Қади Ияд сөзін жалғастырып: «Негізі, бұл сөз халифалыққа өткен әрбір адам меңзелген жағдайда орынды болады. Расулалла (с.а.с.) билікті әділетті жүргізетін және халифалыққа лайықты адамдарды меңзеген болуы да мүмкін. Осы шарттарға сәйкес төрт халифа өтті. Қиямет-қайым орнағанға дейін бұл сан 12-ге толады».

Ғалымдардың кейбірі: «Бұл он екі имам бір уақытта пайда болады және адамдар оларға бөлініп бағынатын болады», – деген. Негізінде, һижри жыл санауы бойынша бесінші ғасырда Андалусияда алты сұлтан пайда болып, олардың бәрі өздерін «халифа» деп жариялады. Сол ғасырда Мысыр сұлтаны атынан, Бағдадта Аббаси халифасы және басқа жерде Алиді жақтаушылар және Харижиттер атынан халифалықты алға тартқан адамдар да болды. Бұл оқиғаларды қуаттайтын: «Халифалар пайда болады және олардың саны да көп болады» деген риуаят Мүслимде берілген.

Кейбір ғалымдар: «Бұдан халифаттың даңқы, Исламның күш-қуаты және істері туралықтан ауытқымай жасалатыны, адамдар халифаның айналасына жиналып, топтасатын шарттар меңзелген болуы да мүмкін. Өйткені хадистің кейбір нұсқасында: “Бәрінің айналасына үмбет жиналады...” делінген. Бұл жағдай Уәлид ибн Язид заманында Әмәуилер арасында бүлік шығып, келіспеушілік пайда болғанға дейін орын алған және адамдар айналасында топтасқан халифалар да болған. Келіспеушіліктер Аббасилар мемлекетіне дейін жалғасып, Аббасилер оларды жойды. Егер осылай келген халифалар ескерілсе, хадисте айтылған санға жетеді және хадис жеткізген хабар дұрыс болып шығады. Хадиске қатысты басқа да жорамалдар бар. Ең дұрысы – Аллаға мәлім...»

Қади Иядтан өзге ғалымдар да осы мәселені талдап, әртүрлі түсіндірме берген.

Кімнің басшылығы дұрыс?

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 51. Мүслим, «Имарат», 5–9 (№ 1821). Тирмизи, «Фитән», 46 (№ 2223). Бұл жинақтар риуаяттың Құрайыштан шығатын он екі басшы туралы бөлігін келтірген. Әбу Дәуіт, «Мәһди», 1 (№ 4279–4280) кейінгі бөлігін де жеткізген.
  2. 2Осы жинақтағы №1708 хадисті қараңыз.