وَعَنْ سَفِينَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْخِلَافَةُ فِي أُمَّتِي ثَلَاثُونَ سَنَةً، ثُمَّ مُلْكٌ بَعْدَ ذَلِكَ. قَالَ سَعِيدٌ بْنُ جُمْهَانَ، ثُمَّ قَالَ: امْسِكْ خِلَافَةَ أَبِي بَكْرٍ، وَخِلَافَةَ عُمَرَ، وَخِلَافَةَ عُثْمَانَ، وَخِلَافَةَ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، فَوَجَدْنَاهَا ثَلَاثِينَ سَنَةً. فَقِيلَ: إِنَّ بَنِي أُمَيَّةَ يَزْعُمُونَ أَنَّ الْخِلَافَةَ فِيهِمْ، فَقَالَ: كَذَبُوا بَنُو الزَّرْقَاءِ بَلْ هُمْ مُلُوكٌ مِنْ شَرِّ الْمُلُوكِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَالتِّرْمِذِيُّ، وَالْمُرَادُ بِبَنِي الزَّرْقَاءِ بَنُو مَرَوَانَ.
Сәфинә (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Үмбетімдегі халифалық отыз жылға созылады. Одан кейін патшалық болады», – деді.
Сағид ибн Жүмһан былай дейді: «Содан кейін Сәфинә: “Әбу Бәкірдің, Омардың, Османның және Әлидің халифалық мерзімдерін саусақтарыңмен қосып сана”, – деді. Санап көрсек, расында, отыз жыл болды».
Сәфинәға: «Әмәуилер халифалық өз қолдарында деп санайды», – дегенде, ол: «Бәни Зәрқа өтірік айтады. Олар – патшалар, патшалардың ең жамандары», – деді.1
Түсіндірме
1. Сәфинә – негізінде лақап ат. «Кеме» дегенді білдіреді. Бұл жерде айтылып тұрған Сәфинә (р.а.) – Расулалла (с.а.с.) басына бостандық беріп, азат еткен құл. Әбу Абдуррахман деген лақап аты бар. Оның есімінің қалай аталатыны нақты белгілі емес, Михран т.б. деп аталады дегендер де болған. Оған «Сәфинә» деген лақап есімді Расулалланың (с.а.с.) өзі қойған. Бір сапар кезінде көп заттарды көтеріп жүргендіктен солай атаған деседі. Бұл оқиғаны өзі былай түсіндіреді: «Біз Расулалламен (с.а.с.) бірге сапарда жүр едік. Жолаушылар арасында шаршап, қажығандар болды. Сосын олар қалқан-қылыштарын маған беріп қойды. Содан көп қалқан-қылышты көтеріп жүрдім. (Мұны көріп) Расулалла (с.а.с.): «Сен Сәфинасың (кеме)», – деп арқамнан қақты».
2. Риуаяттың Әбу Дәуітте келген нұсқасында «Пайғамбарлық халифалығы 30 жыл» делінген.
3. Алқама былай дейді: «Расулалладан (с.а.с.) кейінгі 30 жыл ішінде төрт халифа мен әзірет Хасанның халифалық жылдары бар. Барлығын қосқанда 30 жыл болады:
1. Әзірет Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы – 2 жыл, 3 ай, 10 күн.
2. Әзірет Омардың (р.а.) халифалығы – 10 жыл, 6 ай, 8 күн.
3. Әзірет Османның (р.а.) халифалығы – 11 жыл, 11 ай, 9 күн.
4. Әзірет Алидің (р.а.) халифалығы – 4 жыл, 9 ай, 7 күн.
5. Әзірет Хасанның (р.а.) халифалығы – 7 ай.
Нәуәуи келтірген сандарда шамалы айырмашылық бар.
4. «Одан кейін патшалық болады» деген сөз пайғамбарлық халифалықтан кейінгі кезеңге қатысты айтылған. Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, Әмәуилер дәуірі мен одан кейінгі билеушілер «халифа» аталғанымен, бұл атаудың алғашқы төрт халифа тұсындағы пайғамбарлық халифалықтың жалғасқанын білдірмейтінін айтқан.
Пайғамбарлық халифаға лайықты болу үшін амал тұрғысынан сүнетті ұстану қажет. Сәфинаның (р.а.) әзірет Муғауияны: «Патшалардың біріншісі» деп атағаны риуаят етілген. Олай болса, пайғамбарлық халифалық деген сөздің мәні – Расулалланың (с.а.с.) кәміл мұрагері болу. Ғалымдар мұны бес халифамен шектеген.
5. Бәни Зәрқа – Бәни Мәруан. Зәрқа – Әмәуилердің арғы аналарының бірі.
- 1Әбу Дәуіт, «Сүннет», 9 (№ 4646–4647). Тирмизи, «Фитән», 48 (№ 2226).