Хадис

№ 1710–1714 хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 221-тарау · 5 хадис · № 1710–1714

Хадистер

1710
Кутуб ситтә, № 1710 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا بُويِعَ لِخَلِيفَتَيْنِ فَاقْتُلُوا الْآخِرَ مِنْهُمَا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) былай деді: “Егер екі халифаға бірден ант (байғат) берілсе, олардың екіншісін өлтіріңдер”».1

  1. 1Мүслим, «Имарат», 61 (№ 1853).
1711
Кутуб ситтә, № 1711 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ عَرْفَجَةَ بْنِ شُرَيْحٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ أَتَاكُمْ وَأَمْرُكُمْ جَمِيعٌ عَلَى رَجُلٍ وَاحِدٍ يُرِيدُ أَنْ يَشُقَّ عَصَاكُمْ، أَوْ يُفَرِّقَ جَمَاعَتَكُمْ فَاقْتُلُوهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Арфәжә ибн Шурайх (р.а.) былай дейді: Расулалла (с.а.с.) былай деді: «Сендер бір адамға бағынғанда басқа біреу келіп, сендердің күштеріңді бұзғысы келсе немесе жамағаттарыңды бөлгісі келсе, оның басын шабыңдар».1

Түсіндірме

1. Ислам – ынтымақ діні. Бұл тек Алла, Пайғамбар және шариғаттың бірлігін ғана білдірмейді. Мемлекет пен бағынатын халифа да бір болуы керек. Ислам үмбеті – бір ғана жамағаттан тұрады, оның мемлекеті де бір болуы керек. Мұны қуаттайтын көптеген хадистер бар. Мысалы, бір хадисте: «Халифаға қол беріп, (оған бойсұнуға бел буып) шын жүректен ант еткен адам шамасы келгенше мойынсұнсын. Егер басқа біреу келіп, (ел-жұрт болып сайлаған басшымен) билікке таласса, ойланбай басын шабыңдар», – деп әмір етілген. Сондай-ақ тағы бір хадисте: «Алғашқы серттеріңе берік болып, талап етілген нәрсені орындаңдар. Бірінші басшыға қарыздарыңды өтеңдер. Кім болса да мейлі екінші басшыны өлтіріңдер», – деп бұйырылған.

2. Ислам ғұламалары бұл мәселе жөнінде келген Құран аяты мен хадистердің нақты айтылғанын ескеріп, бір ғасырда имам біреуден артық бола алмайды деп бірауызды пікір білдірген. Ислам аймағының тар немесе кең болуы бұл үкімге әсер етпейді. Жуәйни «Әл-Иршад» атты кітабында Ислам аймақтары бір басшы (имам) басқара алмайтындай тым үлкен болса, екі түрлі басшының басқаруы заңды деген үкім берілуі мүмкін екенін айтқан. Содан кейін келген ғалымдар оның бұл пікірін оған теліп қайталаған.

3. Егер бір ғасырда, егер екі түрлі имамға бәйғат (ант) берілсе, бұлардың қайсысының абзал екеніне қаралмайды, біріншісі заңды болып есептеледі. Екіншісі бүлікшіл және тура жолдан тайған деп жарияланады және ол талабынан бас тартпайынша онымен шайқасады. Ғалымдар: «Мұндай жағдайда, егер екінші адам соғыста жеңіске жетсе, онда екіншіге ант беру керек», – деген.

4. Құбылаға бет бұратын халық деп саналған ағымдардан тек Кәрамия ағымы ғана, сахабалар мен үмбеттің бір ауыздан келіскен үкіміне қайшы келіп екі және одан да көп адам басшы бола алады деген. Басшының біреу болуы керектігін табанды түрде жақтаған пікір «Елде бүлік пайда болып, жүйе бұзылады» деген қорқыныштан пайда болған.

  1. 1Мүслим, «Имарат», 59–60 (№ 1852).
1712
Кутуб ситтә, № 1712 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كَانَتْ بَنُو إِسْرَائِيلَ تَسُوسُهُمُ الْأَنْبِيَاءُ عَلَيْهِمُ السَّلَامُ كُلَّمَا هَلَكَ نَبِيٌّ خَلَفَهُ نَبِيٌّ، وَأَنَّهُ لَا نَبِيَّ بَعْدِي، وَسَيَكُونَ بَعْدِي خُلَفَاءُ فَيَكْثُرونَ. قَالُوا: فَمَا تَأْمُرُنَا؟ قَالَ: أَوْفُوا بِبَيْعَةِ الْأَوَّلِ، ثُمَّ أَعْطُوهُمْ حَقَّهُمْ، وَاسْأَلُوا اللَّهَ تَعَالَى الَّذِي لَكُمْ، فَإِنَّ اللّه تَعَالَى سَائِلُهُمْ عَمَّا اسْتَرْعَاهُمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Исраил ұрпақтарын пайғамбарлар басқарды. Бір пайғамбар дүние салғанда, орнына басқа пайғамбар келетін. Менен кейін пайғамбар болмайды. Алайда халифалар келеді және олардың саны көп болады». Сахабалар: «Сонда бізге не бұйырасыз?» – деп сұрады. Алла елшісі: «Алғаш байғат берген халифаға берген серттеріңде тұрыңдар, кейінгілеріне де кезегімен солай етіңдер. Оларға тиесілі ақыны беріңдер, өз ақыларыңды Алладан сұраңдар. Алла оларға аманат етілген халық үшін өздерінен есеп сұрайды», – деді.1

Түсіндірме

Бұл хадисте тақырыпқа қатысты айтылған бір мәселені нақтылап алу керек: Расулалла (с.а.с.) алдымен кімге ант берілген болса, ол міндетін атқарып жүрген уақытта басқа ешкімге ант берілмейтінін, мұның харам екенін айтқан. Сондай-ақ ант талап еткен міндеттерді орындау керек екенін бұйырған. Қол беру (бәйғат) – бағынуға берілген келісім-шарт. Олай болса, басшыға бағынған адам өзіне заңды саналатын бұйрықтарды орындауға міндетті. Басшы өз міндеттерін орындамай зұлымдық жасаса да, оған мойынсұнуға міндетті. Басшының зұлымдығы қол астындағылардың оған бағынбау, қарсы шығу және басшыға қатысты міндеттерін ескермеу құқығын бермейді. Ғалымдар «Олардағы ақыларыңды Алладан сұраңдар!» деген сөйлемнен «Қарсы шығып, бүлік шығармаңдар!» – деген үкім шығарған. Қол астындағылардың басшыдан ақы талап етуге тырысуы – бүліктің бір түрі немесе басшы сондай ойға қалып бүлікке себеп болуы мүмкін.

Мына хадисте бұл мәселе жайлы нақты айтқан:

تَسْمَعُ وَتُطِيعُ لِلْأَمِيرِ وَإِنْ ضُرِبَ ظَهْرُكَ وَأُخِذَ مَالُكَ فَاسْمَعْ وَأطِعْ.

«Билеушінің сөзін тыңдап, оған бағын. Арқаңнан ұрып, малыңды тартып алса да, тыңда әрі бағын!»2

  1. 1Бұхари, «Әнбия», 50 (№ 3455). Мүслим, «Имарат», 44 (№ 1842).
  2. 2Мүслим, «Имара», № 1847.
1713
Кутуб ситтә, № 1713 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «اسْتَخْلَفَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ابْنَ أُمِّ مُكْتُومٍ عَلَى الْمَدِينَةِ مَرَّتَيْنِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) Ибн Үммі Мәктумды екі рет Мәдинада өз орнына басшы етіп қалдырған.1

Түсіндірме

Ибн Үммі Мәктум (р.а.) – өзі туралы «Абаса» сүресі түскен зағип адам. Расулалла (с.а.с.) дініне берік және төзімді Абдулла ибн Үммі Мәктумді (р.а.) көрген жерде қолын алып, қошемет көрсететін болған.

اسْمُهُ عَمْرٌو، وَيُقَالُ عَبْدُاللّهِ، وَعَمْرٌو: أَكْثَرُهُمْ، وَهُوَ ابْنُ قَيْسٍ. قَالَ ابْنُ عَبْدِ الْبَرِّ: اسْتَخْلَفَهُ النَّبِيُّ ﷺ عَلَى الْمَدِينَةِ ثَلَاثَ عَشْرَةَ مَرَّةً: فِي أَبْوَاءٍ، وَبُوَاطٍ، وَذِي الْعَشِيرَةِ، وَغَزْوَةٍ فِي طَلَبِ كَرَزٍ بْنِ جَابِرٍ، وَغَزْوَةِ السَّوِيقِ، وَغَطْفَانٍ، وَفِي غَزْوَةِ أُحُدٍ، وَحَمْرَاءِ أَسَدٍ، وَنَجْرَانٍ، وَذَاتِ الرِّقَاعِ، وَفِي خُرُوجِهِ فِي حُجَّةِ الْوُدَاعِ، وَفِي خُرُوجِهِ إِلَى بَدْرٍ.

Риуаят Расулалла (с.а.с.) Мәдинадан екі рет кеткен кезде, бұл кісіні көзі көрмейтін соқыр болғанына қарамастан орнына өкіл ретінде тағайындап кеткенін айтады. Бірақ ибн Абдул Бәррдің зерделеуіне сүйеніп, Расулалланың (с.а.с.) жорық сапарына шыққан кезде бұл кісіні өзінің орнына 13 мәрте өкіл ретінде қалдырып кеткенін айтады. Мысалы, Әбуа, Буат, Зул-Асира, Сәуик, Ғатафан, Ухуд, Хамра-ул Әсад, Нәжран, Затур-Риқа, Бәдр жорықтары, Жухәйнә сапары кезінде осылай болған.

Әзірет Әнәстің «Екі рет» деп айтуын хадиске түсіндірме берушілер «Басқалары естімеген шығар» деп тәуил жасаған. Кейбір ғалымдар: «Расулалла (с.а.с.) ибн Үммі Мәктумды Мәдинада адамдардың істеріне жауапты етіп емес, тек намаздарды оқыту үшін, соған жауапты етіп өз орнына қалдырып кетті. Соқыр адамды халық ісіне жауапты етіп тағайындау дұрыс емес. Өйткені ол адам тани алмайды, шешіміне жүгінілген мәселелерді анықтай алмайды, кімнің пайдасына үкім беретінін білмейді. Осы айтылған мәселелердің барлығында тек еруге ғана мүмкіндігі бар. Ал өзгенің соңына еріп отырған кісінің берілген үкімі дұрыс болмайды», – деген.

Кейбір ғалымдар «Расулалла (с.а.с.) ибн Үммі Мәктумді “Абаса” сүресінің түсуіне, ондағы иләһи ескертуге себеп болған әрекеті үшін, оның көңілін аулап, құрметтеп, қошемет көрсеткісі келгендіктен өзінің орнына өкіл ретінде тағайындаған», – деген.

Әйтсе де, кейбір ғалымдар бұл риуаятты басшылыққа ала отырып, көздің соқыр болуы имамдыққа бөгет болатын үзір емес деген пікір айтқан.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Хараж», 3 (№ 2931).
1714
Кутуб ситтә, № 1714 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Бәкра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي بَكْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أنَّهُ قَالَ:«لَقَدْ نَفَعَنِي اللَّهُ تَعَالَى بِكَلِمَةٍ سَمِعْتُهَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَيَّامَ الْجَمَلِ بَعْدَ مَا كِدْتُ أَنْ أَلْحَقَ بِأَصْحَابِ الْجَمَلِ فَأُقَاتِلَ مَعَهُمْ. قَالَ: لَمَّا بَلَغَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنَّ أَهْلَ فَارِسَ مَلَّكُوا عَلَيْهِمْ بِنْتَ كِسْرَى. قَالَ: لَنْ يُفْلِحَ قَوْمٌ وَلَّوْا أَمرَهُمُ امْرَأةً». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. وَزَادَ التِّرْمِذِيُّ:«فَلَمَّا قَدِمَتْ عَائِشَةُ الْبَصْرَةَ ذَكَرْتُ ذَلِكَ فَعَصَمَنِي اللَّهُ تَعَالَى بِهِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Бәкра1 (р.а.) былай дейді: «Жәмәл оқиғасы тұсында Алла елшісінен (с.а.с.) бұрын естіген бір сөз маған пайдасын тигізді. Жәмәл жақтастарына қосылып, олармен бірге шайқасуға шақ қалған едім. Парсылардың Кисраның қызын патша етіп сайлағаны жайлы хабар жеткенде, Алла елшісі: “Билігін әйелге тапсырған қауым мұратына жетпейді”, – деген болатын».2

Түсіндірме

1. Риуаяттан Әбу Бәкраның әзірет Айшамен (р.а.) көзқарастарының бірдей болғанын түсінеміз, яғни әзірет Османды (р.а.) шейіт еткендер жазалануы тиіс деп есептеген. Бірақ ол осы мәселеге қатысты пайда болған Жәмәл оқиғасына қатыспаған. Негізінде, хадиске түсіндірме беруші Ибн Хажар айтқандай, не әзірет Али, не әзірет Айша мұсылмандардың арасында соғыс өртінің тұтануын тілемеді. Алайда Табариде айтылғанындай, арадағы дұшпандар екі жаққа бірден шабуыл жасап, екі жақтың әскері дүрбелеңде қаруға жармасып, шайқастың қалай басталып кеткенін ешкім аңғармады. Шайқастан ешкім құтыла алмады және тоқтата алмады. Сол себепті Әбу Бәкра бұл мәселеде Сағд ибн Әбу Уаққас, Мұхаммед ибн Мәсләма, Абдулла ибн Омар сияқты бір топ сахабамен бірге соғыстан қалыс қалды.

2. «Әйелді қазылыққа тағайындауға болмайды» деген ғалымдар Әбу Бәкраның (р.а.) осы хадисін дәлелге келтіреді. Ғалымдардың көпшілігі осы пікірді ұстанған. Ибн Жәрир әт-Табари бұған қарсы шығып, әйелдің куәлігі қабылданатын кісілерге қатысты оның үкім шығаруына да болады деген. Мәлики ғалымдарының кейбірі ешбір шарт қоймастан, әйелдің қазы болуына рұқсат берген.

  1. 1Әбу Бәкра – Нуфайғ ибн әл-Харис есімімен белгілі сахаба.
  2. 2Бұхари, «Фитән», 17 (№ 7099), «Мағази», 82 (№ 4425). Тирмизи, «Фитән», 75 (№ 2262). Нәсәи, «Қудат», 8 (№ 5388). Тирмизи нұсқасында: «Айша Басраға келгенде осы сөз есіме түсті. Алла мені осы сөз арқылы сақтады», – деген қосымша бар.