Хадис

Басшы және әмірдің міндеттері

Кутуб ситтә, 5-том, 222-тарау · 6 хадис · № 1715–1720

Хадистер

1715
Кутуб ситтә, № 1715 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، فَالْإِمَامُ رَاعٍ وَمَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِهِ، وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالْمَرْأَةُ فِي بَيْتِ زَوْجِهَا رَاعِيَةٌ، وَهِيَ مَسْئُولَةٌ عَنْ رَعِيَّتِهَا، وَالْخَادِمُ فِي مَالِ سَيِّدِهِ رَاعٍ، وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ. قَالَ: فَسَمِعْتُ هَؤُلَاءِ مِنَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَأَحْسِبُهُ قَالَ: وَالرَّجُلُ فِي مَالِ أَبِيهِ رَاعٍ، وَهُوَ مَسْئُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Бәрің де бақташысыңдар, әрқайсың өз қамқорлығыңдағылар үшін жауаптысыңдар. Басшы – бақташы, ол халқы үшін жауапты. Ер адам – отбасының бақташысы, ол отбасы үшін жауапты. Әйел – ерінің шаңырағындағы бақташы, ол қамқорлығына берілгендер үшін жауапты. Қызметші – қожайынының мал-мүлкінің бақташысы, ол өзіне тапсырылған мүлік үшін жауапты».

Ибн Омар: «Бұл сөздерді Алла елшісінен (с.а.с.) естідім. Ол кісі: “Адам әкесінің мал-мүлкінің бақташысы әрі өзіне тапсырылған мүлік үшін жауапты”, – деген де сияқты», – деді.1

Түсіндірме

• Хадисте әркімнің өзіне жүктелген міндеті бар екені айтылады. Мұндағы «бақташы» – өзіне сеніп тапсырылған іске жауап беретін адам.

• «Басшы» сөзі мұнда ел басқарған адамды білдіреді. Кейбір риуаятта осы мағынада «имам» сөзі қолданылады.

• Хадисте басшы, ер адам, әйел және қызметші бірдей «бақташы» деп аталған. Әрқайсысының өзіне жүктелген міндеті бар. Әл-Хаттаби мұны былай түсіндіреді: «Басшы қол астындағыларға әділ болып, істі шариғатқа сай жүргізуге жауапты. Ер адам отбасын адал нәпақамен асырап, үй ішінде әділдік сақтап, үлгілі отағасы болуға жауапты. Әйел ері үйде жоқта оның ар-намысы мен мал-мүлкін сақтап, бала-шағасына қарайды. Қызметші қожайынының бұйрығын орындап, өзіне тапсырылған қызметті адал атқарады».

• Кейбір ғалымдар хадистің басындағы «Бәрің де бақташысыңдар» деген сөз бойдақ адамға да қатысты деп түсінген. Қамқорлығындағы отбасы болмаса да, ол өз дене мүшелері мен сезімдеріне, әр сөзі мен ісіне жауапты. Пайғамбарымыз (с.а.с.) басқа бір хадисінде: «Әрбір бақташыдан қиямет күні қол астындағыларға Алланың әмірін жеткізді ме деп сұралып, сол үшін есеп алынады», – деген. Осы хадиске сүйенген ғалымдар жауапкершілік жүктелген адамның өз міндетіне немқұрайды қараса, қиямет күні айыпталатынын айтқан. Әбу Али әл-Карабисидің «Китаб әл-қада» еңбегінде мына оқиға баяндалады: «Ибн Шиһаб әз-Зуһри халифа Уәлид ибн Абдулмәликтің құзырына келеді. Халифа одан: “Алла бір құлына халифалық нәсіп етсе, оның жақсылығын жазып, жамандығын жазбайды деген хадис рас па?” – деп сұрайды. Ибн Шиһаб: “Бұл – Пайғамбарымыздың атынан айтылған жалған хадис”, – деп жауап береді де, мына аятты оқиды: ﴿يَا دَاوُودُ إِنَّا جَعَلْنَاكَ خَلِيفَةً فِي الْأَرْضِ فَاحْكُمْ بَيْنَ النَّاسِ بِالْحَقِّ وَلَا تَتَّبِعِ الْهَوَى فَيُضِلَّكَ عَنْ سَبِيلِ اللَّهِ إِنَّ الَّذِينَ يَضِلُّونَ عَنْ سَبِيلِ اللَّهِ لَهُمْ عَذَابٌ شَدِيدٌ بِمَا نَسُوا يَوْمَ الْحِسَابِ﴾ “Уа, Дәуіт! Біз сені жер бетінде халифа қылдық. Ендеше, адамдар арасында әділ билік айт! Нәпсіңнің әуейілігіне ерме, әйтпесе, ол сені Алланың ақ жолынан адастырып жібереді. Расында, Алланың жолынан адасқандарға жауапқа тартылар күнді ұмытқандары үшін тым қатты азап бар.”2»

Мұны естіген Уәлид ибн Абдулмәлик: «Адамдар бізді дінімізден алыстатып жібере жаздады»3, – деген.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 1 (№ 7138), «Жұма», 11. Мүслим, «Имарат», 20 (№ 1829). Тирмизи, «Жиһад», 27 (№ 1705). Әбу Дәуіт, «Имарат», 1 (№ 2928).
  2. 2«Сад» сүресі, 26-аят.
  3. 3«Китаб әл-қада», 6/420–422.
1716
Кутуб ситтә, № 1716 · тараудағы реті: 2

وَعَنِ أَبِي مَرْيَمَ الْأَزْدِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «دَخَلْتُ عَلَى مُعَاوِيَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: مَا أَنْعَمَنَا بِكَ أَبَا فُلَانٍ؟ قُلْتُ: حَدِيثٌ سَمِعْتُهُ مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ سَمِعْتُهُ يَقُولُ: مَنْ وَلَّاهُ اللَّهُ شَيْئًا مِنْ أُمُورِ الْمُسْلِمِينَ، فَاحْتَجَبَ دُونَ حَاجَتِهِمْ وَخَلَّتِهِمْ وَفَقْرِهِمْ احْتَجَبَ اللَّهُ تَعَالَى دُونَ حَاجَتِهِ وَخَلَّتِهِ وَفَقْرِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ. قَالَ: فَجَعَلَ مُعَاوِيَةُ رَجُلًا عَلَى حَوَائِجِ النَّاسِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. »مَا أَنْعَمَنَا بِكَ»: يُرِيدُ مَا أَعْمَدَكَ إِلَيْنَا، وَمَا جَاءَ بِكَ. قَالَ الْخِطَابِيُّ: وَإِنَّمَا يُقَالُ: ذَلِكَ لِمَنْ يُعْتَدُّ بِزِيَارَتِهِ وَيُفْرَحُ بِلِقَائِهِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мәриям әл-Әзди (р.а.) былай дейді: «Муғауияның (р.а.) жанына кірдім. Ол: “Уа, Әбу пәленше, келуіңе не себеп болды?” – деп, мені көргеніне қуанғанын білдірді. Мен: “Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естідім: ‘Алла бір адамға мұсылмандардың қандай да бір ісін тапсырса, ал ол халықтың мұң-мұқтажынан, қажетінен және жоқшылығынан бойын аулақ салса, Алла да қиямет күні оның мұң-мұқтажына, қажетіне және жоқшылығына жәрдем бермейді’”, – дедім. Осыдан кейін Муғауия халықтың мұң-мұқтажымен айналысатын бір адамды тағайындады».1

Түсіндірме

Бұл хадис – халықты басқарып отырған басшы қандай мәртебеде болса да, қол астындағы адамдарға жақын болып, олардың жұмыстарын жеңілдетіп, заң аясында көмектесуі қажет екенін білдіреді. Хадистің Тирмизиде берілген нұсқасы әлдеқайда анық келген: «Амр ибн Муррә әзірет Муғауияға: “Мен Расулалланың (с.а.с.): ‘Қандай да бір басшы есігін мұң-мұқтажы бар және қиналып жүрген адамға жауып тастаса, Алла Тағала да қиямет күні оның мұң-мұқтажын, қиналғанын естімес үшін көктің есіктерін жауып тастайды’, – деп айтқанын естіген едім”, – деді. Содан кейін әзірет Муғауия адамдардың мұң-мұқтажымен айналысатын бір адамды тағайындады».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Хараж», 13 (№ 2948). Тирмизи, «Ахкам», 6 (№ 1332–1333).
1717
Кутуб ситтә, № 1717 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَمْرٍو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ الْمُقْسِطِينَ عِنْدَ اللَّهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ عَلَى مَنَابِرَ مِنْ نُورٍ عَنْ يَمِينِ الرَّحْمَنِ، وَكِلْتَا يَدَيْهِ يَمِينٌ، الَّذِينَ يَعْدِلُونَ فِي حُكْمِهِمْ وَأَهْلِيهِمْ وَمَا وَلُوا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Әділдер қиямет күні Алланың құзырында, Рахманның оң жағындағы нұрлы мінберлерде болады. Оның екі қолы да – оң. Бұлар үкім шығарғанда, отбасына және өз қарамағындағыларға қатысты әділдік сақтаған жандар».1

Түсіндірме

1. Ислам діні әділдікке айрықша мән береді. Мүмінге өзіне, ата-анасына немесе туыстарына қарсы келсе де, әділдіктен айнымауды бұйырады.2 Өйткені қоғамның тұтастығы, тәртібі мен өркендеуі әділдікке байланысты. «Рахман» сүресінде тіпті көктің тепе-теңдігі де әділдікті білдіретін мінсіз өлшеммен сақталатыны айтылады.3

2. Бұл хадисте Расулалла (с.а.с.) Ислам діні аса қатты мән беретін әділдікті ұстанғандардың алатын сыйынан хабар береді. Олар Алланың құзырындағы нұрлы биік Мінберлерге жайғасып Рахманның оң жағында отыратын болады. Бұл жерде Алла Тағалаға жақындықтың екінші рет қайталануы және Алланың Рахман сипатымен білдірілуі бөлек мәселенің есігін ашады, яғни, Рахман Алла Тағаланың ризық беретін, мұқтаждықтарды қамтамасыз ететін сипатымен таныстырғанда, Рахманға жақын болу, әділ адамдардың Алланың өте көп жақсылығы мен кеңшілігіне, сыйына бөленетінін білдіреді.

3. Әділ болғандарға уәде етілген бұл биік дәреже кейбір ғалымдар, әсіресе Қади Иядтың пікірінше, ақиқат та, метафора да болуы мүмкін. Метафора болса, жаннаттағы дәреженің ұлылығын сипаттайды. Бірақ Нәуәуи секілді кейбір ғалымдардың түсіндірмесі бойынша, бұл – метафора емес, ақиқат. Олар расында да нұрлы Мінберлерге отырады, орындары биікте болады».

4. «Алланың оң жағы» деген сөзді Аллаға пішін не бағыт таңу деп түсінбеу керек. Аллаға қатысты негізгі ұстаным – ﴿لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ﴾ «Оның ешқандай ұқсасы жоқ.»4 Құран мен хадистегі мұндай астарлы тіркестер ғайыптағы ұлы ақиқаттарды ұғынуды жеңілдетеді. Алғашқы буын ғалымдары мұндай тіркестерді жорамалмен түсіндірмей: «Бұларға сену керек. Оның не екенін, қандай болатынын білуге тырыспау керек. Шынайы мағынасы Аллаға мәлім», – деген. Кейінгі ғалымдар қажетіне қарай жорамал жасап, түсіндірме берген. Әсіресе кәлам ғалымдары бұл жөнінде батылырақ пікір айтқан. Араб тіліндегі «йәмин» сөзі «сәттілік», «береке», «бақыт» мағынасындағы «йумн» сөзімен байланысты. Сондықтан қабыл болатын игі істер оң жақпен байланыстырылады. Осыған сүйенген Қади Ияд: «“Йәмин” сөзі арқылы адамның жақсы жай-күйі мен жоғары дәрежесі меңзелген болуы мүмкін», – деген. Ең дұрысын Алла біледі.

  1. 1Мүслим, «Имарат», 18 (№ 1827). Нәсәи, «Қудат», 1 (№ 5379).
  2. 2«Ниса» сүресі, 135-аят.
  3. 3«Рахман» сүресі, 7–9-аяттар.
  4. 4«Шура» сүресі, 11-аят.
1718
Кутуб ситтә, № 1718 · тараудағы реті: 4

وَعَنِ الْحَسَنِ الْبَصْرِيِّ عَنْ مَعْقِلٍ بْنِ يَسَارٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: مَامِنْ عَبْدٍ يَسْتَرْعِيهِ اللَّهُ رَعِيَّةً يَمُوتُ يَوْمَ يَمُوتُ وَهُوَ غَاشٌّ لِرَعِيَّتِهِ إِلَّا حَرَّمَ اللَّهُ عَلَيْهِ الْجَنَّةَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ عَنِ الْحَسَنِ الْبَصْرِيِّ:«أَنَّ عَائِذَ بْنَ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، وَكَانَ مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ دَخَلَ عَلَى عُبَيْدِ اللَّهِ بْن زِيَادٍ فَقَالَ: أَيْ بُنَيَّ إِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِنَّ شَرَّ الرِّعَاءِ الْحُطَمَةُ، فَإِيَّاكَ أَنْ تَكُونَ مِنْهُمْ، فَقَالَ: اجْلِسْ إِنَّمَا أَنْتَ مِنْ نُخَالَةِ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: وَهَلْ كَانَ لَهُمْ نُخَالَةٌ؟ إِنَّمَا النُّخَالَةُ بَعْدَهُمْ وَفِي غَيْرِهِمْ».

Қазақша аудармасы

Хасан Басри Мағқил ибн Ясардың (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Алла бір құлына халықты басқаруды тапсырып, ол қол астындағыларын алдап жүрген күйінде жан тапсырса, Алла оған жұмақты харам етеді”, – дегенін естідім».1

Мүслим Хасан Басриден тағы мына бір риуаятты алған: «Аиз ибн Амр (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) сахабаларының бірі. Ол бірде Убәйдулла ибн Зиядтың жанына барып оған бірден: “Әй, ұлым, мен Расулалланың (с.а.с.): ‘Бақташылардың ең жаманы – хутама деп аталатын қатыгез түйе бақташысы, олардың қатарында бола көрме!’ – дегенін естідім”, – дейді. Убәйдулла: “Отырыңыз, сіз Расулалланың (с.а.с.) сахабаларының кебегісіз”, – дей бергенде, Аиз ибн Амр (р.а.): “Олардың кебегі бар ма еді? Кебектер олардан кейін және олардың қатарында болмаған адамдардың арасында пайда болды ғой”, – деп жауап береді».2

Түсіндірме

1. Убәйдулла ибн Зияд Муғауияның (р.а.) халифалығы тұсында Басраның әкімі болған.

2. Бірінші риуаятта басшының халыққа қиянат жасауына, екінші риуаятта оған қатыгездік көрсетуіне тыйым салынған. Алла елшісі (с.а.с.) ел басқарғандарды алдаудан да, қатыгездіктен де сақтандырған.

Ғалымдар бұл жерде тыйым салынған қулық жайлы былай дейді: Бұл басшының қол астындағылардың мүлкін иемденуі, қанын төгуі немесе оның ар-намысына қол сұғуы, құқықтарын шектеуі, діни және дүниелік мәселелерден үйретуі міндетті болған нәрселерді үйретпеуі, бүлікшілерді жазалауға салғырт қарау, қарапайым халықты қорғамау сынды зұлымдық сөзімен білдірілетін әрекеттермен пайда болады».

3. Мүслимде берілген риуаятта нақты айтылғанындай, Басра қаласының әкімі Убәйдуллаға ұлық сахаба Айз ибн Амрдың (р.а.) насихаты ауыр тиіп, менмендігі қозып кеткен болса керек. Ол тіпті жағымсыз әрекет жасап, оны келемеждеп, абыройын түсіргісі келеді. Алайда Аиз (р.а.) байсалды түрде сахабалардың кебек еместігін олардың бәрінің таңдаулы адамдар екенін, жеңілтектердің сахабалардан кейінгі ұрпақтан пайда болғанын айтады. Әһл-сүннет ғұламалары сахабаларды бөліп-жармай, олардың барлығының сенімді, адал (тақуа) және діндар, таңдаулы адамдар екені жайлы ортақ пікірде. Әзірет Аиз (р.а.) да осыны айтқан.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 8 (№ 7150–7151). Мүслим, «Иман», 227 (№ 142), «Имарат», 21 (№ 142).
  2. 2Мүслим, «Имарат» (№ 1830).
1719
Кутуб ситтә, № 1719 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ عَدِيٍّ بْنِ عَمِيرَةَ الْكِنْدِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنِ اسْتَعْمَلْنَاهُ عَلَى عَمَلٍ فَكَتَمَنَا مِخْيَطًا، فَمَا فَوْقَهُ كَانَ غُلُولًا يَأْتِي بِهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، فَقَامَ إِلَيْهِ رَجُلٌ مِنَ الْأَنْصَارِ فَقَالَ: اقْبَلْ عَنِّي عَمَلَكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: وَمَالَكَ؟ قَالَ: سَمِعْتُكَ تَقُولُ كَذَا وَكَذَا. قَالَ: وَأَنَا أَقُولُهُ الْآنَ: مَنِ اسْتَعْمَلْنَاهُ مِنْكُمْ عَلَى عَمَلٍ فَلْيَجِيءُ بِقَلِيلِهِ وَكَثيرِهِ، فَمَا أُوتِيَ مِنْهُ أَخَذَ، وَمَا نُهِيَ عَنْهُ انْتَهَى». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Ади ибн Умайра әл-Кинди (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Біз қызметке тағайындаған адам бір ине не одан да үлкен нәрсені бізден жасырып қалса, бұл – қиянат. Қиямет күні ол сол затты өзі алып келеді». Сонда ансарлардың бірі орнынан тұрып: «Уа, Алла елшісі! Маған тапсырған қызметіңізден босатыңыз», – деді. Алла елшісі: «Саған не болды?» – деп сұрады. Ол: «Сіздің жаңа ғана айтқан сөзіңізді естідім», – деді. Алла елшісі: «Қазір де соны айтамын. Кімді қызметке тағайындасақ, ол жиналған мүліктің азы мен көбін түгел әкелсін. Содан өзіне берілгенін алсын, ал алуға тыйым салынғанынан тыйылсын», – деді.1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте билік атынан салық жинайтын қызметкердің міндетін түсіндірген. Ол өзіне берілген дүниенің аз-көбін түгел мемлекет қазынасына өткізуге тиіс. Құны болмашы көрінген заттың өзін де иемденіп қалуға болмайды.

2. «Қиянат» деп аударылған ғулул сөзі көбіне соғыс олжасынан жасырын иемденуге қатысты қолданылады. Алла елшісі (с.а.с.) екі әрекеттің сипаты мен ақыреттегі жауапкершілігі ұқсас болғандықтан, мемлекет қазынасына қиянат жасауды да осы сөзбен білдірген.

3. Қиямет күні адамның ұрлаған нәрсесінің әкелінуі, оның махшар жерінде есеп беру үшін жиналған адамдардың алдында қорлануы үшін. Бұл мәлімдеме басшы, қызметкерлерді адалдыққа ынталандыруға, сатқындық жасамауға, құны жоқ болса да мемлекетке тиесілі мал-дүниені құрметтеуге бағытталған.

4. Мунауи бұл үндеудің тікелей мұсылмандарға қарата айтылғанын, өйткені «Бәйтул мал» яғни мемлекет қазынасымен байланысты қызметке кәпірді жауапты етіп тағайындауға шариғи тұрғыдан тыйым салынғанын айтады.

5. Қызметтен босатуды сұраған адамның өз міндетін лайықты орындай алмай, ертең оның есебін беруден қорыққаны осы риуаяттан аңғарылады.

  1. 1Мүслим, «Имарат», 30 (№ 1833).
1720
Кутуб ситтә, № 1720 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَحَبُّ النَّاسِ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَأَدْنَاهُمْ مِنْهُ مَجْلِسًا إِمَامٌ عَادِلٌ، وَأَبْغَضُ النَّاسِ إِلَى اللَّهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ، وَأَبْعَدُهُمْ مِنْهُ مَجْلِسًا إِمَامٌ جَائِرٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Қиямет күні Алла ең жақсы көретін әрі Оған орны жағынан ең жақын адам – әділ басшы. Ал Алла ең жек көретін әрі Одан орны жағынан ең алыс адам – зұлым басшы».1

Басшылыққа ұмтылудың қатері

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) жауапты қызметті өздігінен сұрап, басшылыққа ұмтылуға кеңес бермеген. Мұның бірнеше себебі бар.

• Біріншіден, басшылық қызмет – адамдармен жасалатын іс. Оның көптеген жауапкершілігі бар. Оның ішіне құлдардың да ақысы кіреді. Басшылық қызметке іс жүзінде өте ауыр және қауіпті міндеттер жүктеледі. Оның үстіне бұл істе бейтарап, әділ болуға бөгет болатын себептер өте көп.

• Басшылық қызметтердің көбеюі мемлекетке бірқатар экономикалық проблемалар туғызады: жұмыспен қамту төмендейді, мемлекеттік қаржы басшылық қызметкерлерге бөлініп, өнімділік және дамытуға бағытталған инвестициялар (салым) тоқтайды т.б.

Алла елшісі (с.а.с.) негізгі күнкөріс көздерін сауда, қолөнер, диқаншылық деп атап, бұған басшылық қызметті де қоса айтуы өте орынды. Алла елшісінің сүннетіне қайшы жасалған тағайындаулар себепті бір кісі атқара алатын жауапты қызметке бірнеше адам тағайындалуда. Бұлай жасау адамдардың жалқауланып, өнімді еңбек етуге деген қайраты мен құлшынысын төмендетіп жібереді.

• Басшылық қызметке ұмтылу ол іске лайықты емес адамдардың тағайындалуы сияқты басқа да кемшіліктерді де тудырады. Төменде берілетін хадистерде бұл мәселеге Расулалланың (с.а.с.) қалай қарағанын, өзінен қызметке тағайындауын сұраған кейбір адамдарға нақты: «Сен бұл қызметке лайық емессің», – деп айтқанын көреміз.

  1. 1Тирмизи, «Ахкам», 4 (№ 1329).