Хадис

Кутуб ситтә, № 1717

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
222. Басшы және әмірдің міндеттері
Нөмірі
№ 1717 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1717
Кутуб ситтә, № 1717 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَمْرٍو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ الْمُقْسِطِينَ عِنْدَ اللَّهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ عَلَى مَنَابِرَ مِنْ نُورٍ عَنْ يَمِينِ الرَّحْمَنِ، وَكِلْتَا يَدَيْهِ يَمِينٌ، الَّذِينَ يَعْدِلُونَ فِي حُكْمِهِمْ وَأَهْلِيهِمْ وَمَا وَلُوا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Әділдер қиямет күні Алланың құзырында, Рахманның оң жағындағы нұрлы мінберлерде болады. Оның екі қолы да – оң. Бұлар үкім шығарғанда, отбасына және өз қарамағындағыларға қатысты әділдік сақтаған жандар».1

Түсіндірме

1. Ислам діні әділдікке айрықша мән береді. Мүмінге өзіне, ата-анасына немесе туыстарына қарсы келсе де, әділдіктен айнымауды бұйырады.2 Өйткені қоғамның тұтастығы, тәртібі мен өркендеуі әділдікке байланысты. «Рахман» сүресінде тіпті көктің тепе-теңдігі де әділдікті білдіретін мінсіз өлшеммен сақталатыны айтылады.3

2. Бұл хадисте Расулалла (с.а.с.) Ислам діні аса қатты мән беретін әділдікті ұстанғандардың алатын сыйынан хабар береді. Олар Алланың құзырындағы нұрлы биік Мінберлерге жайғасып Рахманның оң жағында отыратын болады. Бұл жерде Алла Тағалаға жақындықтың екінші рет қайталануы және Алланың Рахман сипатымен білдірілуі бөлек мәселенің есігін ашады, яғни, Рахман Алла Тағаланың ризық беретін, мұқтаждықтарды қамтамасыз ететін сипатымен таныстырғанда, Рахманға жақын болу, әділ адамдардың Алланың өте көп жақсылығы мен кеңшілігіне, сыйына бөленетінін білдіреді.

3. Әділ болғандарға уәде етілген бұл биік дәреже кейбір ғалымдар, әсіресе Қади Иядтың пікірінше, ақиқат та, метафора да болуы мүмкін. Метафора болса, жаннаттағы дәреженің ұлылығын сипаттайды. Бірақ Нәуәуи секілді кейбір ғалымдардың түсіндірмесі бойынша, бұл – метафора емес, ақиқат. Олар расында да нұрлы Мінберлерге отырады, орындары биікте болады».

4. «Алланың оң жағы» деген сөзді Аллаға пішін не бағыт таңу деп түсінбеу керек. Аллаға қатысты негізгі ұстаным – ﴿لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَيْءٌ﴾ «Оның ешқандай ұқсасы жоқ.»4 Құран мен хадистегі мұндай астарлы тіркестер ғайыптағы ұлы ақиқаттарды ұғынуды жеңілдетеді. Алғашқы буын ғалымдары мұндай тіркестерді жорамалмен түсіндірмей: «Бұларға сену керек. Оның не екенін, қандай болатынын білуге тырыспау керек. Шынайы мағынасы Аллаға мәлім», – деген. Кейінгі ғалымдар қажетіне қарай жорамал жасап, түсіндірме берген. Әсіресе кәлам ғалымдары бұл жөнінде батылырақ пікір айтқан. Араб тіліндегі «йәмин» сөзі «сәттілік», «береке», «бақыт» мағынасындағы «йумн» сөзімен байланысты. Сондықтан қабыл болатын игі істер оң жақпен байланыстырылады. Осыған сүйенген Қади Ияд: «“Йәмин” сөзі арқылы адамның жақсы жай-күйі мен жоғары дәрежесі меңзелген болуы мүмкін», – деген. Ең дұрысын Алла біледі.

  1. 1Мүслим, «Имарат», 18 (№ 1827). Нәсәи, «Қудат», 1 (№ 5379).
  2. 2«Ниса» сүресі, 135-аят.
  3. 3«Рахман» сүресі, 7–9-аяттар.
  4. 4«Шура» сүресі, 11-аят.