Хадис

Кутуб ситтә, № 1772

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
230. № 1772–1781 хадистер
Нөмірі
№ 1772 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1772
Кутуб ситтә, № 1772 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Фадала ибн Убәйд (р.а.)

عَنْ فَضَالَةَ بْنِ عُبَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلًا يَدْعُو فِي صَلَاتِهِ لَمْ يُمَجِّدِ اللَّهَ تَعَالَى وَلَمْ يُصَلِّ عَلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَالَ: عَجِلَ هَذَا، ثُمَّ دَعَاهُ فَقَالَ لَهُ أَوْ لِغَيْرِهِ: إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ فَلْيَبْدَأْ بِتَحْمِيدِ اللَّهِ تَعَالَى وَالثَّنَاءِ عَلَيْهِ، ثُمَّ لْيُصَلِّ عَلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ثُمَّ لْيَدْعُ بَعْدُ بِمَا شَاءَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Фадала ибн Убәйд (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла елшісі (с.а.с.) намазда Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтпастан дұға еткен кісіні естіп: “Мына кісі асықты”, – деді. Содан соң әлгі адамды шақырып, оған немесе қасындағы басқа біреуге: “Қайсыбірің дұға етсең, әуелі күллі кемшіліктен пәк Раббыңды ұлықтап, Оған мадақ айт. Содан соң Пайғамбарға салауат айтып, қалағаныңды сұра”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят дұғаның қабыл болуы үшін қалай жасау керектігіне қатысты мәлімет береді. Дұға – Аллаға мақтау мен мадақ айтумен басталып, міндетті түрде пайғамбарға салауат айтылу керек. Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтылған соң ғана өзінің қалаған дұғасын жасауына болады.

2. Хадистің Тирмизиде келген бір нұсқасында: «Расулалла (с.а.с.) (сахабаларымен бірге мешітте) отырған кезде бір кісі келіп намаз оқиды. Кейін: «Раббым мені кешір! Маған рахым ет» – деп дұға жасады. Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, намаз оқушы адам! Асығыстық жасадың. Намазды оқып болған соң Аллаға лайықты түрде мадақ айт, маған салауат оқы. Одан кейін Аллаға дұға жаса», – деді. Рауи айтады. «Одан кейін басқа бір адам келіп намаз оқыды. Ол алдымен Аллаға мадақ, кейін пайғамбарға салауат айтты. Алла елшісі оған: «Уа, намаз оқыған адам! Дұға жаса, дұғаң қабыл болады!» – деді.

3. Салауат – дұға дегенді білдіреді. Алла елшісіне (с.а.с.) салауат айту – ол үшін дұға жасау. Салауаттың «Аллаһумма салли алә мухаммадин...», «Я, Алла! Мұхаммедке салауат (кешірім, мейірім, берекет) бер» деп басталатын кең таралған үлгілері бар.

Араб тіліндегі салауат (салат) сөзі тек дұға деген мағынаны ғана білдірмейді. Сонымен қатар Исламның ең басты рәміздерінің бірі саналатын намаз үшін де осы сөз қолданылады.

4. Дұғаның қабыл болу шарттарының бірі, төмендегі хадисте айтылатындай, Алла елшісіне салауат айтумен аяқтау.

  1. 1Тирмизи, Дағуат 66 (3473, 3475); Әбу Дәуіт, Салат 358 (1481); Нәсәи, Саһу 48 (3, 44).