Хадис

№ 1772–1781 хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 230-тарау · 10 хадис · № 1772–1781

Хадистер

1772
Кутуб ситтә, № 1772 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Фадала ибн Убәйд (р.а.)

عَنْ فَضَالَةَ بْنِ عُبَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلًا يَدْعُو فِي صَلَاتِهِ لَمْ يُمَجِّدِ اللَّهَ تَعَالَى وَلَمْ يُصَلِّ عَلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَقَالَ: عَجِلَ هَذَا، ثُمَّ دَعَاهُ فَقَالَ لَهُ أَوْ لِغَيْرِهِ: إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ فَلْيَبْدَأْ بِتَحْمِيدِ اللَّهِ تَعَالَى وَالثَّنَاءِ عَلَيْهِ، ثُمَّ لْيُصَلِّ عَلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ثُمَّ لْيَدْعُ بَعْدُ بِمَا شَاءَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Фадала ибн Убәйд (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла елшісі (с.а.с.) намазда Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтпастан дұға еткен кісіні естіп: “Мына кісі асықты”, – деді. Содан соң әлгі адамды шақырып, оған немесе қасындағы басқа біреуге: “Қайсыбірің дұға етсең, әуелі күллі кемшіліктен пәк Раббыңды ұлықтап, Оған мадақ айт. Содан соң Пайғамбарға салауат айтып, қалағаныңды сұра”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят дұғаның қабыл болуы үшін қалай жасау керектігіне қатысты мәлімет береді. Дұға – Аллаға мақтау мен мадақ айтумен басталып, міндетті түрде пайғамбарға салауат айтылу керек. Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтылған соң ғана өзінің қалаған дұғасын жасауына болады.

2. Хадистің Тирмизиде келген бір нұсқасында: «Расулалла (с.а.с.) (сахабаларымен бірге мешітте) отырған кезде бір кісі келіп намаз оқиды. Кейін: «Раббым мені кешір! Маған рахым ет» – деп дұға жасады. Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, намаз оқушы адам! Асығыстық жасадың. Намазды оқып болған соң Аллаға лайықты түрде мадақ айт, маған салауат оқы. Одан кейін Аллаға дұға жаса», – деді. Рауи айтады. «Одан кейін басқа бір адам келіп намаз оқыды. Ол алдымен Аллаға мадақ, кейін пайғамбарға салауат айтты. Алла елшісі оған: «Уа, намаз оқыған адам! Дұға жаса, дұғаң қабыл болады!» – деді.

3. Салауат – дұға дегенді білдіреді. Алла елшісіне (с.а.с.) салауат айту – ол үшін дұға жасау. Салауаттың «Аллаһумма салли алә мухаммадин...», «Я, Алла! Мұхаммедке салауат (кешірім, мейірім, берекет) бер» деп басталатын кең таралған үлгілері бар.

Араб тіліндегі салауат (салат) сөзі тек дұға деген мағынаны ғана білдірмейді. Сонымен қатар Исламның ең басты рәміздерінің бірі саналатын намаз үшін де осы сөз қолданылады.

4. Дұғаның қабыл болу шарттарының бірі, төмендегі хадисте айтылатындай, Алла елшісіне салауат айтумен аяқтау.

  1. 1Тирмизи, Дағуат 66 (3473, 3475); Әбу Дәуіт, Салат 358 (1481); Нәсәи, Саһу 48 (3, 44).
1773
Кутуб ситтә, № 1773 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Омар (р.а.)

وَعَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «إِنَّ الدُّعَاءَ مَوْقُوفٌ بَيْنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ، لَا يَصْعَدُ مِنْهُ شَيْءٌ حَتَّى تُصَلِّيَ عَلَى نَبِيِّكَ». وَزَادَ رَزِينٌ: «فَلَا يَجْعَلُونِي كَغُمْرِ الرَّاكِبِ. صَلُّوا عَلَيَّ أَوَّلَ الدُّعَاءِ وَأَوْسَطَهُ وَآخِرَهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ مَوْقُوفًا عَلَى عُمَرَ، وَرَفَعَهُ رَزِينٌ. «الغُمْرُ»: الْقَدَحُ الصَّغِيرُ كَالْقَعْبِ. وَالْمَعْنَى أَنَّ الرَّاكِبَ يَحْمِلُ رَحْلَهُ وَأَزْوَادَهُ، وَ يَتْرُكُ قَعْبَهُ إِلَى آخِرِ تَرْحَالِهِ، ثُمَّ يُعَلَّقُهُ عَلَى آخِرَةِ الرَّحْلِ أَوْ نَحْوِهَا كَالْعَلَاوَةِ فَلَيْسَ عِنْدَهُ بِمُهِمٍّ، فَنَهَاهُمْ ﷺ أَنْ يَجْعَلُوا الصَّلَاةَ عَلَيْهِ تَبَعًا غَيْرَ مُهِمَّةٍ.

Қазақша аудармасы

Омар (р.а.) былай дейді: «Дұға көк пен жердің арасында тұрады. Пайғамбарыңа (с.а.с.) салауат айтпайынша, одан ештеңе жоғары көтерілмейді». Рәзин жеткізген нұсқада Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзі де келтірілген: «Мені жолаушының жүгінің соңына байлаған су ішетін саптыаяғының орнына қоймаңдар. Дұғаларыңның басында, ортасында және аяғында маған салауат айтыңдар».1

Түсіндірме

1. Риуаяттың алғашқы бөлігі Тирмизиде Омардың (р.а.) сөзі ретінде, мауқуф күйінде берілген. Рәзин мәтінді толық келтіріп, Алла елшісіне (с.а.с.) телиді. Марфуғ нұсқасы да бар, алайда дұрысы – мауқуф. Дегенмен хадис ғалымдары мұндай үкім жеке пікірмен айтылмайды деген қағидаға сүйеніп, риуаятты үкімі жағынан марфуғ санаған.

2. «Дұғаның Аллаға көтерілуі» – Құранда кездесетін, қабыл болуды білдіретін тіркес. Мұнан Аллаға мекен телінбейді. إِلَيْهِ يَصْعَدُ ٱلْكَلِمُ ٱلطَّيِّبُ وَٱلْعَمَلُ ٱلصَّٰلِحُ يَرْفَعُهُۥ «Игі сөз Оның дәргейіне көтеріледі, һәм ол игі істі де көтеріп, қабыл алады» («Фатыр» сүресі, 10-аят).

3. Жолаушы жол азығы мен керек-жарағын көлігіне артқан соң, қажет бола қалса қолдану үшін, саптыаяғын ердің артына ең соңынан іледі. Яғни оған көп мән бермейді. Алла елшісі (с.а.с.) Өзіне айтылатын салауатты осындай қосалқы нәрседей көрмей, дұғаның басында, ортасында және соңында оған орын беруді ескерткен.

«Әл-Хисн әл-Хасинде» Әбу Сүлеймен әд-Дарани дұғаның әдебін былай баяндайды: «Алладан бір тілек тілегенде,

• әуелі Алла елшісіне (с.а.с.) салауат айт,

• содан кейін қалағаныңды сұра,

• соңында Алла елшісіне (с.а.с.) тағы салауат айт.

Тілегіңді екі салауаттың ортасында айт. Алла Тағала жомарттығымен екі салауатты да қабыл алады. Қабыл болған екі дұғаның арасындағы тілекті қайтару Оның жомарттығына сай келмейді».

Бәдиүззаман «Мүміннің басқа мүмінге жасаған дұғасының ең жақсысы қандай?» деген сауалға былай жауап береді: «Дұға қабыл болуына себеп болатын әдеппен жасалсын. Қабыл болу шарттары неғұрлым көбірек орындалса, қабыл болу ықтималдығы да соғұрлым арта түседі. Әуелі истиғфар айтып, рухани тазарған жөн. Содан кейін қабыл болатын дұғаның бірі – салауатты шапағатшы етіп, дұғаның соңында да салауат айтқан дұрыс. Екі қабыл дұғаның арасындағы тілек те қабыл болады. Мүмін бауырына сырттай дұға ету, Құран мен хадистегі дұғаларды оқу керек. Мысалы, اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الْعَفْوَ وَالْعَافِيَةَ لِي وَلَهُ فِي الدِّينِ وَالدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ. «Уа, Алла! Өзіме де, оған да дінде, дүниеде және ақыретте кешірім мен амандық беруіңді сұраймын». Тағы бір дұға رَبَّنَآ ءَاتِنَا فِى ٱلدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِى ٱلْـَٔاخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ ٱلنَّارِ “Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде жақсылық бере көр! Ақыретте де жақсылық бере көр және бізді тозақ отынан сақтай көр!” (“Бақара” сүресі, 201-аят). Дұғаны ықыласпен, бойсұнып, жүрекпен жасаған жөн. Намаздың соңында, әсіресе таң намазынан кейін, мүбәрак жерлерде, әсіресе мешітте, жұма күні, әсіресе дұғаға жауап берілетін сағатта, қасиетті үш ай мен ондағы қастерлі түндерде, Рамазанда, әсіресе Қадір түнінде жасалған дұға қабыл болуға жақын. Қабыл болған дұғаның жемісі осы дүниеде көрінеді немесе тілектің бағышталған адамының ақыреті мен мәңгілік өміріне пайдасын тигізеді. Тілегі дәл өзі сұрағандай орындалмаса, дұғаның бұдан да қайырлы түрде қабыл болғанына сенеді».

  1. 1Тирмизи, «Салат», 352 (№ 486). Тирмизи алғашқы бөлігін Омардың (р.а.) сөзі ретінде мауқуф күйінде жеткізген. Рәзин толық нұсқасын Алла елшісіне (с.а.с.) теліп, марфуғ күйінде келтірген.
1774
Кутуб ситтә, № 1774 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ أُصَلِّي، وَالنَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَأَبُو بَكْرٍ، وَعُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا مَعَهُ، فَلَمَّا جَلَسْتُ بَدَأْتُ بِالثَّنَاءِ عَلَى اللَّهِ، ثُمَّ بِالصَّلَاةِ عَلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، ثُمَّ دَعَوْتُ لِنَفْسِي، فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: سَلْ تُعْطَهُ، سَلْ تُعْطَهُ»

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.), Әбу Бәкір және Омар (Алла екеуіне разы болсын) бірге отырғанда, мен намаз оқып тұрған едім. Отырған соң Аллаға мадақ айтып, Оны еске алдым. Одан кейін Алла елшісіне салауат айтып, өзім үшін дұға еттім. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Сұра, сұрағаның беріледі! Сұра, сұрағаның беріледі!” – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадисте ибн Мәсғуд (р.а.) салат (салауат) сөзімен қиямды, рүкүғ пен сәждесі бар құлшылықты, яғни намазды көздеген. Өйткені соңында отырғанын айтқан.

2. Расулалланың (с.а.с.) «Міне! Сұрағаның біріліп жатыр» деп айтуы және оны қайталауы дұғаның қабыл болу шарттарына сай екендігін көрсетеді.

  1. 1Тирмизи, Жұма 64 (593).
1775
Кутуб ситтә, № 1775 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Убәй ибн Кәғб (р.а.)

وَعَنْ أُبَيٍّ بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا دَعَا لِأَحَدٍ بَدَأَ بِنَفْسِهِ». أَخْرَجَهُمَا التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُمَا

Қазақша аудармасы

Убәй ибн Кәғб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) біреуге дұға еткенде, алдымен өзіне дұға ететін».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят, Мүслимде әзірет Мұса мен әзірет Қызыр қиссасының басында қосымша мәліметтермен бірге айтылады. «Расулалла (с.а.с.) қандай да бір пайғамбарға дұға еткісі келгенде алдымен өзінен бастайтын»

2. Бұл хадистен Алла елшісі (с.а.с.) дұғаны әр жолы өзінен бастаған деген тұжырым шықпайды. Өйткені ол кейде өзіне дұға етпей-ақ, өзгеге тілек тілеген. Мәселен, Ажардың қиссасында يَرْحَمُ اللَّهُ أُمَّ إِسْمَاعِيلَ لَوْ تَرَكَتْ زَمْزَمَ لَكَانَتْ عَيْنًا مَعِينًا. «Алла Исмайылдың анасына рақым етсін! Ол Зәмзәмді өз бетімен ағыза бергенде, ағысы тоқтамайтын бұлақ болар еді», – дейді. Ал Хассан ибн Сәбитке (р.а.) اللَّهُمَّ أَيِّدْهُ بِرُوحِ الْقُدُسِ. «Уа, Алла! Оны Рухул-қудуспен (Жәбірейілмен) қуаттай көр!» – деп дұға еткен.

Ибн Аббасқа (р.а.) былай дұға жасаған: اللَّهُمَّ فَقِّهْهُ فِي الدِّينِ. «Уа, Алла! Оған дінді терең түсінуді нәсіп ет!» Әзірет Лутқа (а.с.) жасаған дұғасы мынадай: يَرْحَمُ اللَّهُ لُوطًا لَقَدْ كَانَ يَأْوِي إِلَى رُكْنٍ شَدِيدٍ. «Алла Лұтқа мейірімін төксін! Ол өте қуатты тіреуді паналады»

  1. 1Тирмизи, Дағуат, 10 (3382).
1776
Кутуб ситтә, № 1776 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ أَبِي مُصْبِحِ الْمِقْرَائِيِّ عَنْ أَبِي زُهَيْرٍ النُّمَيْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجْنَا مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ذَاتَ لَيْلَةٍ فَأَتَيْنَا عَلَى رَجُلٍ قَدْ أَلَحَّ فِي الْمَسْأَلَةِ، فَوَقَفَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْمَعُ مِنْهُ، فَقَالَ: أَوْجَبَ إِنْ خَتَمَ، فَقِيلَ: بِأَيِّ شَيْءٍ يَخْتِمُ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: بِآمِينَ، وَانْصَرَفَ، فَقِيلَ لِلرَّجُلِ: يَا فُلَانُ اخْتِمْ بِآمِينَ، وَأَبْشِرْ». «أَوْجَبَ»: إِذَا فَعَلَ شَيْئًا يُوجِبُ لَهُ الْجَنَّةَ أَوِ النَّارَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدُ. «أَوْجَبَ»: إِذَا فَعَلَ شَيْئًا يُوجِبُ لَهُ الْجَنَّةَ أَوِ النَّارَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мысбах әл-Миқраи Әбу Зуһайр ән-Нумайридің (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Бір түні Алла елшісімен (с.а.с.) бірге шықтық. Дұғасын қайта-қайта айтып, табандылық танытқан адамға кезіктік. Алла елшісі оны тыңдау үшін тоқтады да:

– Дұғасына мөр басса, оған жәннат уәжіп болады, – деді.

– Уа, Алла елшісі! Қалай мөр басады? – деп сұрадық.

– “Әмин” деумен, – деді де, әрі қарай жүріп кетті. Әлгі адамға:

– Уа, пәленше! Дұғаңды “әмин” деп аяқта да, сүйінші хабарға қуан! – деді».1

Түсіндірме

1. Тиби хадистен мынадай қорытынды нәтиже шығарады. «Бұл хадис дұға жасаған адамға дұғаның соңында “әмин” деп айтудың мұстахаб екендігіне дәлел болады. Алайда имам дұға жасап, жамағат әмин дейтін болса, имамның да “әмин” деп айтуы қажет емес. Жамағаттың әмині жеткілікті». Алиул-Қари бұл көзқарасқа қосылмайды. «Намазда қиясқа сай имам да әмин деп айтуы керек. Намаздан тыс та дұрысы имамның да, жамағаттың да әмин деуі» – дейді.

2. Хадисте айтылған «уәжіп болды» сөзі «жаннат уәжіп болды» деген мағынаны білдіреді. Алла елшісі (с.а.с.) дұғада ықылас пен табандылық танытуға ынталандырған болса керек. Аз және ықылассыз дұға жасау – енжарлықтың белгісі, құлдықтың әдебіне жараспайды. Дұғадағы табандылық таныту көптеген хадисте мақталған.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 172 (938).
1777
Кутуб ситтә, № 1777 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا دَعَا أَحَدُكُمْ فَلَا يَقُلْ: اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي إِنْ شِئْتَ. اللَّهُمَّ ارْحَمْنِي إِنْ شِئْتَ، ولكِنْ لِيَعْزِمِ الْمَسْأَلَةَ، فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَا مُسْتَكْرِهَ لَهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَلِلسِّتَّةِ إِلَّا النَّسَائِيَّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ بِنَحْوِهِ «الْعَزْمُ»: الْجَدُّ، وَنَفْيُ التَّرَدُّدِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қайсыбірің дұға еткенде: “Уа, Раббым! Қаласаң, мені кешір! Уа, Раббым! Қаласаң, мені рақымыңа бөле!” – демесін. Тілегін нық айтып, табандылықпен сұрасын. Өйткені Алланы ешкім мәжбүрлей алмайды.»1

Түсіндірме

1. Мүмін өзі істемек болған істі Алланың қалауына қалдырады («Кәһф» сүресі, 24-аят). Ал бұл хадис Алладан бір нәрсе сұрағанда тілегін нық айтуға, сұрауында табанды болуға үндейді.

2. Мүслим жеткізген бір нұсқада وَلْيُعَظِّمِ الرَّغْبَةَ «Тілегін бар ынтасымен сұрасын» делінген. Хадис ғалымдары мұны дұғаны қайталап, тілеуден танбау деп түсіндіреді. Бұл сөзді зор игілік пен мол жақсылық сұрау деп түсінгендер де бар. Соңғы пікірді хадистің فَإِنَّ اللَّهَ لَا يَتَعَاظَمُهُ شَيْءٌ. «Өйткені Алла үшін ешбір нәрсе тым үлкен емес» деген түйіні қуаттайды.

3. Хадис тілекті табандылықпен, «Қаласаң, кешір», «Қаласаң, ризық бер» деген шарт қоймай сұрауға үндейді. Мұның себебі де хадистің өзінде айтылған: Алланы ешкім мәжбүрлей алмайды. «Қаласаң» деген шарт әдетте мәжбүрлеу мүмкін болғанда айтылады. Алла Тағала ондай кемшіліктен пәк.

Кей ғалымдар «Қаласаң, кешір» деген сөзден тілектің өзіне де, Тілек берушіге де селқос қарау байқалады деп түсіндірген. Екі түсінік те орынды. Алғашқысы дұрысырақ саналған.

Ибн Баттал: «Бұл хадистен құл дұға жасаған кезде қолынан келген бүкіл қажыр-қайратын жұмсап сұрауы, дұғасына жауап берілетіндігіне қатысты үмітті болуы, аса жомарт Жаратушыдан сұрап тұрғандықтан зәрредей де үмітсіздікке түспеу керектігі аңғарылады», – дейді.

Ибн Уяйна болса «Кісіні өзінің кемшілігінің көптігі (үмітсіздікке салып) дұға жасауына кедергі болмауы керек. Өйткені Алла Тағала жаратылыстың ең нашары Ібілістің де “Онда ең болмаса, (бүкіл адамзат өліп), қайта тірілетін күнге дейін маған мұрсат бер”, – деп тіленгенде, “Мақұл, саған (һәм өзің сияқтыларға қиямет күніне дейін) мұрсат берілді” (Ағраф, 14-15) деп дұғасын қабыл еткен», – дейді.

  1. 1Бұхари, Дағуат 21, Тәухид 31; Мүслим, Зикр 7 (2678, 2679); Муатта, Құран 28 (1, 213); Тирмизи, Дағуат 79 (3492); Әбу Дәуіт, Салат 358 (1483); Ибн Мәжа, «Дұға» 8 (3854).
1778
Кутуб ситтә, № 1778 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Мұса (р.а.)

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا فِي سَفَرٍ فَجَعَلَ النَّاسُ يَجْهَرُونَ بِالتَّكْبِيرِ، فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ارْبَعُوا عَلَى أَنْفُسِكُمْ، فَإِنَّكُمْ لَا تَدْعُونَ أَصَمَّ، وَلَا غَائِبًا إِنَّكُمْ تَدْعُونَ سَمِيعًا بَصِيرًا وَهُوَ مَعَكُمْ، وَالذِي تَدْعُونَهُ أَقْرَبُ إِلَى أَحَدِكُمْ مِنْ عُنُقِ رَاحِلَتِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. «ارْبَعُوا» أَيْ: ارْفَقُوا.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Бір сапарда жұрт даусын көтеріп, тәкбір айта бастады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Дауыстарыңды бәсеңдетіңдер, өздеріңді қинамаңдар. Сендер саңырауға да, алыстағыға да жалбарынып жатқан жоқсыңдар. Сендер бәрін Естушіге, Көрушіге жалбарынасыңдар. Ол сендермен бірге. Жалбарынып отырған Иелерің әрқайсыңа мінген көлігінің мойнынан да жақын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте тәкбір дұғаға жатқызылған. Тәкбір – Алланы еске алу. Оның дұға аталуы екеуінің де құлшылық, яғни Аллаға бойсұну екенін көрсетеді.

2. Алла елшісінің (с.а.с.) дауыстап тәкбір айтқандарға өздерін қинамауды ескерткені – дауысты көтеріп, босқа шаршамау керектігі. Алла бәсең дауыспен айтылған тәкбірді де естиді.

  1. 1Бұхари, Дағуат 50, 67, Жиһад 131, Мағази 38, Қадар 7, Тәухид 9; Мүслим, Зикр 44 (2704); Тирмизи, Дағуат 3, 59 (3371, 3457); Әбу Дәуіт, Салат 361 (1526, 1527, 1528).
1779
Кутуб ситтә, № 1779 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Мұғаз (р.а.)

وَعَنْ مُعَاذٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلًا يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ تَمَامَ النِّعْمَةِ. فَقَالَ: أَيُّ شَيْءٍ تَمَامُ النِّعْمَةِ؟ فَقَالَ: دَعْوَةٌ دَعَوْتُ بِهَا أَرْجُو بِهَا الْخَيْرَ. قَالَ: فَإِنَّ تَمَامَ النِّعْمَةِ دُخُولُ الْجَنَّةِ، وَالْفَوْزُ مِنَ النَّارِ، وَسَمِعَ رَجُلًا يَقُولُ: يَا ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ، فَقَالَ: قَدِ اسْتُجِيبَ لَكَ فَسَلْ، وَسَمِعَ آخَرَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الصَّبْرَ، فَقَالَ سَأَلْتَ اللَّهَ تَعَالَى الْبَلَاءَ فَسَلْهُ الْعَافِيَةَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұғаз (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір кісінің “Уа, Алла! Сенен нығметтің кемелдігін сұраймын” дегенін естіп:

– Нығметтің кемелдігі деген не? – деп сұрады. Әлгі адам:

– Осы дұғаны айтып, жақсылықтан үміт еттім, – деді. Алла елшісі (с.а.с.):

– Нығметтің кемелдігі – жәннатқа кіріп, тозақ отынан құтылу, – деді.

Содан соң басқа бір кісінің “Уа, ұлылық пен жомарттықтың Иесі!” дегенін естіп:

– Дұғаңа жауап берілді. Тілегіңді сұра! – деді. Тағы бір кісі “Уа, Алла! Сенен сабыр сұраймын” дегенде, оған:

– Алладан сынақ сұрадың. Одан амандық сұра, – деді».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) дұға еткен адамнан нығметтің кемелдігі деп нені тілеп тұрғанын сұрады. Әлгі кісі дұғасының қабыл болып, тілегіне жеткізетінін үміт еткенін және «жақсылық» тілегенін айтады. Оның мол дүние сұрағанын осыдан аңғаруға болады. Өйткені إِذَا حَضَرَ أَحَدَكُمُ ٱلْمَوْتُ إِن تَرَكَ خَيْرًا «Араларыңнан біреуіңе ажал төніп, артына біраз мал-дүние қалдырып бара жатса» деген аятта («Бақара» сүресі, 180-аят) «хайр» сөзі мал-мүлік мағынасында қолданылған. Алла елшісі (с.а.с.) оның түсінігін түзеп: «Нығметтің кемелдігі – жаннатқа кіру әрі тозақ отынан құтылу», – дейді. Осы сөздерімен فَمَن زُحْزِحَ عَنِ ٱلنَّارِ وَأُدْخِلَ ٱلْجَنَّةَ فَقَدْ فَازَ «Кімде-кім тозақтан аулақ әкетіліп, жұмаққа кірсе, зор жетістікке һәм мақсат-мұратына жеткені.» деген аятты еске салады («Әли Имран» сүресі, 185-аят).

2. «Ұлылық пен жомарттықтың Иесі» – ұлық әрі айбынды, сүйген құлдарына рақымы мол Алланың сипаты. Осы сөздермен дұға бастаған адамға Алла елшісі (с.а.с.): «Дұғаңа жауап берілді, қалағаныңды сұра!» – деген. Ғалымдар осыған сүйеніп, бұл сөздермен басталған дұғаның қабыл болатынын айтқан.

  1. 1Тирмизи, «Дағуат», 99 (№ 3524, кең тараған нөмірлеуде № 3527).
1780
Кутуб ситтә, № 1780 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْتَحِبُّ الْجَوَامِعَ مِنَ الدُّعَاءِ، وَيَدَعُ مَا سِوَى ذَلِكَ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) аз сөзге көп мағына сыйған дұғаларды ұнатып, өзге дұғаларды қоя тұратын».1

Түсіндірме

1. «Аз сөзге көп мағына сыйған» деп аударылған «жауамиғ» – «жәмиғ» сөзінің көпше түрі. Мұндай дұға аз сөзбен дүние мен ақыреттің игіліктерін түгел қамтиды. Төмендегі аят – соның бір үлгісі.

رَبَّنَآ ءَاتِنَا فِي ٱلدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي ٱلْـَٔاخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ ٱلنَّارِ

«Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде жақсылық бере көр! Ақыретте де жақсылық бере көр және бізді тозақ отынан сақтай көр!» («Бақара» сүресі, 201-аят). Дүние мен ақыреттің жақсылығын қамтыған дұғалар осындай.

Алиул-Қари: «Кең мағынадағы» мақсат әртүрлі жақсылықтарды қамтыған, Алла тағалаға мадақ пен дұға сұрау әдебін қамтыған дұғалар», – деген.

Әл-Музһир былай дейді: «Бұлар сөздері аз, мағыналары көп, дүние мен ақырет мәселелеріне қатысты дұғалар. Мәселен, мына дұға секілді: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الْعَفْوَ وَالعَافِيَةَ فِي الدِّينِ وَالدُّنْيَا وَالآخِرَةِ. «Уа, Алла! Сенен кешірім, дінім, дүнием мен ақыретім үшін амандық тілеймін» اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الْهُدَى وَالتُّقَى وَالْعَفَافَ وَالغِنَى. «Уа, Алла! Сенен тура жол, шынайы тақуалық, пәктік пен көңіл байлығына қоса, ешкімге кіріптар болмайтындай ризық сұраймын» деген дұға да кең мағынаны қамтығандардың қатарынан.

Бұл мысалдардың барлығы да Алла елшісінен жеткен дұғалар. Зер салып қарайтын болсақ, сұралған нәрселердің барлығы да жалпы мағынаны қамтиды. Тура жол, тақуалық, пәктік, байлық. Осылайша дүниелік, ақыреттік, материалдық және рухани игіліктердің барлығы да көзделген. «Кең мағыналы сөздер» деген кезде осыны айтқымыз келеді.

Расулалла (с.а.с.) бір хадисінде «Маған аз сөзбен, көп мағынаны қамту қасиеті берілді» дейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 358 (1482).
1781
Кутуб ситтә, № 1781 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُعْجِبُهُ أَنْ يَدْعُو ثَلَاثًا، وَيَسْتَغْفِرَ ثَلَاثًا». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) дұғасын үш мәрте айтып, Алладан үш мәрте кешірім сұрағанды ұнататын».1

Түсіндірме

Жоғарыда да айтып өткеніміздей, Алла елшісі (с.а.с.) табандылықпен қайталап сұрауға кеңес берген. Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) дұға немесе истиғфар жасаған кезде үш мәртеден қайталағандығын көрсетеді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 361 (1524).