وَعَنْ مُعَاذٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلًا يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ تَمَامَ النِّعْمَةِ. فَقَالَ: أَيُّ شَيْءٍ تَمَامُ النِّعْمَةِ؟ فَقَالَ: دَعْوَةٌ دَعَوْتُ بِهَا أَرْجُو بِهَا الْخَيْرَ. قَالَ: فَإِنَّ تَمَامَ النِّعْمَةِ دُخُولُ الْجَنَّةِ، وَالْفَوْزُ مِنَ النَّارِ، وَسَمِعَ رَجُلًا يَقُولُ: يَا ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ، فَقَالَ: قَدِ اسْتُجِيبَ لَكَ فَسَلْ، وَسَمِعَ آخَرَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الصَّبْرَ، فَقَالَ سَأَلْتَ اللَّهَ تَعَالَى الْبَلَاءَ فَسَلْهُ الْعَافِيَةَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Мұғаз (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір кісінің “Уа, Алла! Сенен нығметтің кемелдігін сұраймын” дегенін естіп:
– Нығметтің кемелдігі деген не? – деп сұрады. Әлгі адам:
– Осы дұғаны айтып, жақсылықтан үміт еттім, – деді. Алла елшісі (с.а.с.):
– Нығметтің кемелдігі – жәннатқа кіріп, тозақ отынан құтылу, – деді.
Содан соң басқа бір кісінің “Уа, ұлылық пен жомарттықтың Иесі!” дегенін естіп:
– Дұғаңа жауап берілді. Тілегіңді сұра! – деді. Тағы бір кісі “Уа, Алла! Сенен сабыр сұраймын” дегенде, оған:
– Алладан сынақ сұрадың. Одан амандық сұра, – деді».1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) дұға еткен адамнан нығметтің кемелдігі деп нені тілеп тұрғанын сұрады. Әлгі кісі дұғасының қабыл болып, тілегіне жеткізетінін үміт еткенін және «жақсылық» тілегенін айтады. Оның мол дүние сұрағанын осыдан аңғаруға болады. Өйткені إِذَا حَضَرَ أَحَدَكُمُ ٱلْمَوْتُ إِن تَرَكَ خَيْرًا «Араларыңнан біреуіңе ажал төніп, артына біраз мал-дүние қалдырып бара жатса» деген аятта («Бақара» сүресі, 180-аят) «хайр» сөзі мал-мүлік мағынасында қолданылған. Алла елшісі (с.а.с.) оның түсінігін түзеп: «Нығметтің кемелдігі – жаннатқа кіру әрі тозақ отынан құтылу», – дейді. Осы сөздерімен فَمَن زُحْزِحَ عَنِ ٱلنَّارِ وَأُدْخِلَ ٱلْجَنَّةَ فَقَدْ فَازَ «Кімде-кім тозақтан аулақ әкетіліп, жұмаққа кірсе, зор жетістікке һәм мақсат-мұратына жеткені.» деген аятты еске салады («Әли Имран» сүресі, 185-аят).
2. «Ұлылық пен жомарттықтың Иесі» – ұлық әрі айбынды, сүйген құлдарына рақымы мол Алланың сипаты. Осы сөздермен дұға бастаған адамға Алла елшісі (с.а.с.): «Дұғаңа жауап берілді, қалағаныңды сұра!» – деген. Ғалымдар осыған сүйеніп, бұл сөздермен басталған дұғаның қабыл болатынын айтқан.
- 1Тирмизи, «Дағуат», 99 (№ 3524, кең тараған нөмірлеуде № 3527).