وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَسْتَحِبُّ الْجَوَامِعَ مِنَ الدُّعَاءِ، وَيَدَعُ مَا سِوَى ذَلِكَ».
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) аз сөзге көп мағына сыйған дұғаларды ұнатып, өзге дұғаларды қоя тұратын».1
Түсіндірме
1. «Аз сөзге көп мағына сыйған» деп аударылған «жауамиғ» – «жәмиғ» сөзінің көпше түрі. Мұндай дұға аз сөзбен дүние мен ақыреттің игіліктерін түгел қамтиды. Төмендегі аят – соның бір үлгісі.
رَبَّنَآ ءَاتِنَا فِي ٱلدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي ٱلْـَٔاخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ ٱلنَّارِ
«Уа, Раббымыз! Бізге осы дүниеде жақсылық бере көр! Ақыретте де жақсылық бере көр және бізді тозақ отынан сақтай көр!» («Бақара» сүресі, 201-аят). Дүние мен ақыреттің жақсылығын қамтыған дұғалар осындай.
Алиул-Қари: «Кең мағынадағы» мақсат әртүрлі жақсылықтарды қамтыған, Алла тағалаға мадақ пен дұға сұрау әдебін қамтыған дұғалар», – деген.
Әл-Музһир былай дейді: «Бұлар сөздері аз, мағыналары көп, дүние мен ақырет мәселелеріне қатысты дұғалар. Мәселен, мына дұға секілді: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الْعَفْوَ وَالعَافِيَةَ فِي الدِّينِ وَالدُّنْيَا وَالآخِرَةِ. «Уа, Алла! Сенен кешірім, дінім, дүнием мен ақыретім үшін амандық тілеймін» اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ الْهُدَى وَالتُّقَى وَالْعَفَافَ وَالغِنَى. «Уа, Алла! Сенен тура жол, шынайы тақуалық, пәктік пен көңіл байлығына қоса, ешкімге кіріптар болмайтындай ризық сұраймын» деген дұға да кең мағынаны қамтығандардың қатарынан.
Бұл мысалдардың барлығы да Алла елшісінен жеткен дұғалар. Зер салып қарайтын болсақ, сұралған нәрселердің барлығы да жалпы мағынаны қамтиды. Тура жол, тақуалық, пәктік, байлық. Осылайша дүниелік, ақыреттік, материалдық және рухани игіліктердің барлығы да көзделген. «Кең мағыналы сөздер» деген кезде осыны айтқымыз келеді.
Расулалла (с.а.с.) бір хадисінде «Маған аз сөзбен, көп мағынаны қамту қасиеті берілді» дейді.
- 1Әбу Дәуіт, Салат 358 (1482).