وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا فِي سَفَرٍ فَجَعَلَ النَّاسُ يَجْهَرُونَ بِالتَّكْبِيرِ، فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ارْبَعُوا عَلَى أَنْفُسِكُمْ، فَإِنَّكُمْ لَا تَدْعُونَ أَصَمَّ، وَلَا غَائِبًا إِنَّكُمْ تَدْعُونَ سَمِيعًا بَصِيرًا وَهُوَ مَعَكُمْ، وَالذِي تَدْعُونَهُ أَقْرَبُ إِلَى أَحَدِكُمْ مِنْ عُنُقِ رَاحِلَتِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. «ارْبَعُوا» أَيْ: ارْفَقُوا.
Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Бір сапарда жұрт даусын көтеріп, тәкбір айта бастады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Дауыстарыңды бәсеңдетіңдер, өздеріңді қинамаңдар. Сендер саңырауға да, алыстағыға да жалбарынып жатқан жоқсыңдар. Сендер бәрін Естушіге, Көрушіге жалбарынасыңдар. Ол сендермен бірге. Жалбарынып отырған Иелерің әрқайсыңа мінген көлігінің мойнынан да жақын”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадисте тәкбір дұғаға жатқызылған. Тәкбір – Алланы еске алу. Оның дұға аталуы екеуінің де құлшылық, яғни Аллаға бойсұну екенін көрсетеді.
2. Алла елшісінің (с.а.с.) дауыстап тәкбір айтқандарға өздерін қинамауды ескерткені – дауысты көтеріп, босқа шаршамау керектігі. Алла бәсең дауыспен айтылған тәкбірді де естиді.
- 1Бұхари, Дағуат 50, 67, Жиһад 131, Мағази 38, Қадар 7, Тәухид 9; Мүслим, Зикр 44 (2704); Тирмизи, Дағуат 3, 59 (3371, 3457); Әбу Дәуіт, Салат 361 (1526, 1527, 1528).