وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا دَعَا أَحَدُكُمْ فَلَا يَقُلْ: اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي إِنْ شِئْتَ. اللَّهُمَّ ارْحَمْنِي إِنْ شِئْتَ، ولكِنْ لِيَعْزِمِ الْمَسْأَلَةَ، فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَا مُسْتَكْرِهَ لَهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَلِلسِّتَّةِ إِلَّا النَّسَائِيَّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ بِنَحْوِهِ «الْعَزْمُ»: الْجَدُّ، وَنَفْيُ التَّرَدُّدِ.
Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қайсыбірің дұға еткенде: “Уа, Раббым! Қаласаң, мені кешір! Уа, Раббым! Қаласаң, мені рақымыңа бөле!” – демесін. Тілегін нық айтып, табандылықпен сұрасын. Өйткені Алланы ешкім мәжбүрлей алмайды.»1
Түсіндірме
1. Мүмін өзі істемек болған істі Алланың қалауына қалдырады («Кәһф» сүресі, 24-аят). Ал бұл хадис Алладан бір нәрсе сұрағанда тілегін нық айтуға, сұрауында табанды болуға үндейді.
2. Мүслим жеткізген бір нұсқада وَلْيُعَظِّمِ الرَّغْبَةَ «Тілегін бар ынтасымен сұрасын» делінген. Хадис ғалымдары мұны дұғаны қайталап, тілеуден танбау деп түсіндіреді. Бұл сөзді зор игілік пен мол жақсылық сұрау деп түсінгендер де бар. Соңғы пікірді хадистің فَإِنَّ اللَّهَ لَا يَتَعَاظَمُهُ شَيْءٌ. «Өйткені Алла үшін ешбір нәрсе тым үлкен емес» деген түйіні қуаттайды.
3. Хадис тілекті табандылықпен, «Қаласаң, кешір», «Қаласаң, ризық бер» деген шарт қоймай сұрауға үндейді. Мұның себебі де хадистің өзінде айтылған: Алланы ешкім мәжбүрлей алмайды. «Қаласаң» деген шарт әдетте мәжбүрлеу мүмкін болғанда айтылады. Алла Тағала ондай кемшіліктен пәк.
Кей ғалымдар «Қаласаң, кешір» деген сөзден тілектің өзіне де, Тілек берушіге де селқос қарау байқалады деп түсіндірген. Екі түсінік те орынды. Алғашқысы дұрысырақ саналған.
Ибн Баттал: «Бұл хадистен құл дұға жасаған кезде қолынан келген бүкіл қажыр-қайратын жұмсап сұрауы, дұғасына жауап берілетіндігіне қатысты үмітті болуы, аса жомарт Жаратушыдан сұрап тұрғандықтан зәрредей де үмітсіздікке түспеу керектігі аңғарылады», – дейді.
Ибн Уяйна болса «Кісіні өзінің кемшілігінің көптігі (үмітсіздікке салып) дұға жасауына кедергі болмауы керек. Өйткені Алла Тағала жаратылыстың ең нашары Ібілістің де “Онда ең болмаса, (бүкіл адамзат өліп), қайта тірілетін күнге дейін маған мұрсат бер”, – деп тіленгенде, “Мақұл, саған (һәм өзің сияқтыларға қиямет күніне дейін) мұрсат берілді” (Ағраф, 14-15) деп дұғасын қабыл еткен», – дейді.
- 1Бұхари, Дағуат 21, Тәухид 31; Мүслим, Зикр 7 (2678, 2679); Муатта, Құран 28 (1, 213); Тирмизи, Дағуат 79 (3492); Әбу Дәуіт, Салат 358 (1483); Ибн Мәжа, «Дұға» 8 (3854).