Хадис

Кутуб ситтә, № 1834

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
242. Сапарда оқылатын дұғалар
Нөмірі
№ 1834 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
1834
Кутуб ситтә, № 1834 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا قَفَلَ مِنَ السَّفَرِ يُكَبِّرُ عَلَى كُلِّ شَرَفٍ مِنَ الْأَرْضِ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، ثُمَّ يَقُولُ: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لَهُ الْمُلْكُ، وَلَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ، آيِبُونَ تَائِبُونَ عَابِدُونَ سَاجِدُونَ لِرَبِّنَا حَامِدُونَ. صَدَقَ اللَّهُ وَعْدَهُ، وَنَصَرَ عَبْدَهُ، وَهَزَمَ الْأَحْزَابَ وَحْدَهُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. »الْقُفُولُ«: الرُّجُوعُ. »وَالشَّرَفُ«: مَا ارْتَفَعَ مِنَ الْأَرْضِ، وَقَوْلُهُ »آيِبُونَ«: أَيْ رَاجِعُونَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) сапардан қайтқанда кезіккен әр төмпешікте үш мәрте тәкбір айтып, одан кейін: “Лә иләһа иллаллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһ, ләһул мулку уә ләһул хамду уә һуа алә кулли шайин қадир (Өзі дара әрі ешбір серігі болмаған Алладан басқа тәңір жоқ. Билік оның иелігінде, бар мадақ пен шүкіршілік соған ғана лайық, оның құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді) қайтамыз, тәубе етеміз, құлдық ұрамыз, сәжде етеміз, Раббымызға мадақ айтамыз. Алла тағала сөзінде тұрды, құлына жәрдем етті. (Хандәк шайқасында) одақтас әскерді бір өзі құрдымға жіберді” деп айтатын».1

Түсіндірме

1. Кейбір риуаяттар бұл жерде жалпы айтылған сапарды «шайқас» «қажылық» немесе «ұмра сапарынан қайтып келе жатқанда» деп жалқылайды.

2. Алланың сөзінде тұрғандығын айтқан сөйлеммен оның сабырлық танытқандарға, мүміндерге жеңіс беретіндігі, діннің үстем келетіндігі, жемісті нәтиженің тақуаларға тән екендігін Алла тағаланың Құранда уәде еткен сөздерінің (Ағраф, 128; Һуд, 49) жүзеге асатындығын білдіреді. Кейбір риуаяттар бұл сөзді Алла елшісінің Усфан сапарынан (Бәни Лихян жорығы) қайтып келе жатып айтқанын білдіреді. Бұл сапар һижраның алтыншы жылы орын алған. Оған дейін Бәдір, Хандак секілді үлкен шайқастар болып, айқын жеңістерге қол жеткізілген болатын. Дұғаның жалғасындағы هَزَمَ الْأَحْزَابَ وَحْدَهُ. «Ахзабты жалғыз өзі жеңіліске ұшыратты» сөйлемі Хандак соғысына қатысты айтылған. Өйткені Мәдинаны жан-жақтан қоршаған мүшрік әскерлері мұсылмандарға үлкен қауіп төндіндірген еді. Хандакта мұсылмандардан бірнеше есе көп әртүрлі араб тайпаларынан құралған әскерді кенеттен тұрған дауыл жан-жаққа шашып, кері шегінуге, қоршауды тастауға мәжбүр еткен. Иләһи жәрдемнің келгені анық еді. Сол себептен мұсылмандардың санасына әбден орныққан осы иләһи жәрдемді Алла елшісі аталмыш дұғадан да көрініп тұрғандай анда-санда естеріне салатын.

Кейбір ғалымдар бұл жердегі ахзаб (топтар, одақтастар) деген сөзбен Исламға қарсы біріккен әртүрлі күштердің көзделгенін, сол себептен қай жерде Исламға қарсы дұшпандар біріксе, Алла тағаланың жәрдемімен барлығының да жермен-жексен болатындығын айтқан.

  1. 1Бұхари, Дағуат 52, Омар 12, Жиһад 133, 197, Мағази 29; Мүслим, Хаж 428, (1344); Муатта, Хаж 243, (1,421); Тирмизи, Хаж 104, (950); Әбу Дәуіт, Жиһад 170, (2770).