Хадис

Кутуб ситтә, № 1848

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
245. Киінгенде және ас ішкенде оқылатын дұғалар
Нөмірі
№ 1848 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1848
Кутуб ситтә, № 1848 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا اسْتَجَدَّ ثَوْبًا سَمَّاهُ بِاسْمِهِ، إِمَّا قَمِيصًا أَوْ عِمَامَةً، ثُمَّ قَالَ: اللَّهُمَّ لَكَ الْحَمْدُ أَنْتَ كَسَوْتَنِي هَذَا، أَسْأَلُكَ خَيْرَهُ وَخَيْرَ مَا صُنِعَ لَهُ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّهِ وَشَرِّ مَا صُنِعَ لَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жаңа киім кигенде атын “көйлек” не “сәлде” деп атап: “Уа, Алла! Мадақ Саған тән. Осыны маған Сен кигіздің. Оның игілігін және не үшін тігілсе, сол мақсаттың қайырын Сенен сұраймын. Оның зиянынан және не үшін тігілсе, сол істің жамандығынан Өзіңе сиынамын”, – дейтін»1.

Түсіндірме

1. Риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) жаңа киімді жұма күні киюге мән бергені және киерде дұға оқығаны айтылады. Бұл дұға – соның бірі.

2. Пайғамбар (с.а.с.) дұғада киген киімнің түрін атап отырған. Мысалы, жаңа аяқ киім кисе: «Уа, Алла! Мадақ Саған тән. Бұл аяқ киімді маған Сен кигіздің…» – деген.

3. Киімнің қайыры – оның таза әрі берік болуы, қажетке жарауы. «Не үшін тігілсе, сол мақсаттың қайыры» деу – киімді тиісті орнына қолдануды тілеу. Киім әуретті жабу, ыстық пен суықтан қорғану үшін тігіледі. Дұғада оның осы міндеттерге жарауы сұралады.

Киімді мақсатына сай пайдалану құлшылық міндеттерін лайықты өтеуге сеп. Киімнің харам не лас болуы, тез тозуы, әуретті жаппауы немесе ыстық пен суықтан қорғамауы – оның зияны. Сол сияқты ысырапқа, тәкаппарлыққа, даңғойлық пен рияға жетелейтін киім де адамға зиян келтіреді.

4. Хадис жаңа киім кигенде Аллаға мадақ айтудың мұстахаб екенін көрсетеді. «Мүстадрактағы» бір риуаятта бір немесе жарты динарға алған жаңа киімін киген адам Аллаға мадақ айтса, сол сәтте Алла оның күнәсін кешіретіні баяндалады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Либас 1, (4020); Тирмизи, Либас 29, (1767).