وَعَنْ حَكِيمِ بْنِ حِزَامٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَرَأَيْتَ أُمُورًا كُنْتُ أَتَحَنَّثُ بِهَا فِي الْجَاهِلِيَّةِ مِنْ صِلَةٍ وَعَتَاقَةٍ وَصَدَقَةٍ، هَلْ لِي فِيهَا أَجْرٌ؟ قَالَ: “أَسْلَمْتَ عَلَى مَا سَلَفَ لَكَ مِنْ خَيْرٍ”». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَفِي أُخْرَى قَالَ: «قُلْتُ: فَوَاللَّهِ لَا أَدَعُ شَيْئًا صَنَعْتُهُ فِي الْجَاهِلِيَّةِ إِلَّا فَعَلْتُ فِي الْإِسْلَامِ مِثْلَهُ». وَفِي أُخْرَى: «أَنَّهُ أَعْتَقَ فِي الْجَاهِلِيَّةِ مِائَةَ رَقَبَةٍ وَحَمَلَ عَلَى مِائَةِ بَعِيرٍ، فَلَمَّا أَسْلَمَ فَعَلَ مِثْلَهُ».
Хаким ибн Хизам (р.а.) былай дейді: «“Уа, Алла елшісі, жәһилия дәуірінде туыстық байланысты үзбей, құл азат етіп, садақа беріп жүрдім. Сол істерім үшін сауап аламын ба?” – деп сұрадым. Алла елшісі (с.а.с.): “Сен бұрын жасаған жақсылықтарыңмен бірге Исламды қабылдадың”, – деді».
Басқа бір риуаятта Хаким: «Аллаға ант етейін, жәһилия дәуірінде жасаған әрбір жақсылығымды мұсылман болған соң да қайталаймын», – деген.
Тағы бір риуаятта Хакимнің жәһилия дәуірінде жүз құл азат етіп, жүз түйені мінуге бергені, мұсылман болған соң да дәл сонша жақсылық жасағаны айтылады1.
Түсіндірме
Хадис түсіндірушілері бұл риуаятқа ерекше мән берген. Хаким ибн Хизам Исламды қабылдамай тұрып жасаған жақсылықтарына сауап жазыла ма деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.) оған: «Сен бұрын жасаған жақсылықтарыңмен бірге Исламды қабылдадың», – деп жауап береді.
Мұндағы негізгі сауал – Алланың разылығы көзделмей жасалған жақсылықтың ақыретте сауабы бола ма? Негізгі қағида бойынша, Алланың разылығы үшін жасалмаған істің ақыреттік сауабы болмайды. Осыған байланысты ғалымдар хадисті әртүрлі түсіндірген.
1. Бір түсіндірме бойынша, бұрыннан қалыптасқан жақсы әдеттер Хакимнің Исламды қабылдауына және мұсылман болғаннан кейін де ізгі істерді жалғастыруына жол ашқан.
2. Бұл сөздің «Жасаған жақсылықтарың жұрт алдында абырой әкелді. Мұсылман болғаннан кейін де сол абыройың сақталады» деген мағынасы болуы мүмкін.
3. Бұрынғы жақсылықтар адамның мұсылман болғаннан кейінгі ізгі амалдарының сауабын арттыруы да ықтимал.
4. Кейбір ғалымдардың түсіндіруінше, бұрын Аллаға серік қосқан адам Исламды қабылдаса, оған мұсылман болғанға дейінгі ізгі амалдары жазылады, ал жаман істері есепке алынбайды.
5. Фақиһтар: «Кәпірдің құлшылығы жарамды саналмайды. Ол мұсылман болған күннің өзінде бұрынғы құлшылықтары есепке алынбайды», – деген. Нәуәуи мұны былай түсіндіреді: «Фақиһтар кәпір күйінде жасалған ізгі істердің дүниелік үкім тұрғысынан есепке алынбайтынын айтқан. Олардың сөзі ақыреттегі сауапқа қатысты емес».
Жақсылық пен иманның дәрежелері бар. Жамандық пен күпірдің де деңгейлері әртүрлі. Күпірлікке қоса зұлымдыққа, арсыздыққа, пасықтыққа не азғындыққа барған адам мен мұндай қылықтан аулақ адамның жағдайы бірдей болмайды. Сол сияқты жақсылық жасауға бейім адамның ақыреттегі жағдайы залымның жағдайынан өзгеше болуы мүмкін. Тозақтың да жәннат секілді бірнеше қабаты бар. Құран Кәрім тозақтықтарға тартқызылатын азаптардың түрлі болатынын баяндайды2. Келесі хадистің түсіндірмесі осы мәселені толықтыра түседі.