Хадис

Кутуб ситтә, № 189

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
25. Жақсылық туралы хадистер
Нөмірі
№ 189 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
189
Кутуб ситтә, № 189 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّ ابْنَ جُدْعَانَ كَانَ فِي الْجَاهِلِيَّةِ يَصِلُ الرَّحِمَ وَيُطْعِمُ الْمِسْكِينَ، فَهَلْ ذَلِكَ نَافِعُهُ؟ قَالَ: “لَا يَنْفَعُهُ، إِنَّهُ لَمْ يَقُلْ يَوْمًا: رَبِّ اغْفِرْ لِي خَطِيئَتِي يَوْمَ الدِّينِ”».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Мен: “Уа, Алланың елшісі, Ибн Жудған жәһилия дәуірінде туыстық байланысты сақтап, мұқтаждарға ас беретін. Сол істерінің оған пайдасы тие ме?” – деп сұрадым. Ол: “Оған пайдасы тимейді. Өйткені ол бірде-бір рет: ‘Раббым, Есеп күні күнәмді кешіре гөр’, – деген емес”, – деді»1.

Түсіндірме

Ибн Жудған – жәһилия дәуірінде өмір сүрген, ғұмыры аңызға айналған Құрайыш өкілі. Ол Айша анамызбен (р.а.) бір тайпадан шыққан. Аңыз бойынша, алғашында қатыгез болып, қауымынан қуылған. Кейін шөлдегі үңгірден Нұх пайғамбардың (а.с.) бес жүз жылдай өмір сүрген ұрпағы Нуфәйл ибн Абдиддардың мазарын тапқан деседі. Сол жерден алған қазынасымен байып, еліне оралады. Тапқан байлығын көптеген қайырлы іске жұмсайды.

Хадисте күпір күйінде дүние салған адамның туыстық байланысты сақтауы, кедейлерді тамақтандыруы тәрізді жақсылықтары ақыретте өзіне пайда бермейтіні айтылады.

Қазы Ияд былай дейді: «Кәпірлерге амалдарының пайдасы болмайтыны, сол үшін сауап алмайтыны және азабы жеңілдетілмейтіні жөнінде үмбет ғалымдары ортақ пікірде. Алайда олардың тартатын азабы күнәларының ауырлығына қарай әртүрлі болады».

Яғни олардың барар жері – тозақ. Кәпір күйінде қайтыс болған адамның жасаған жақсылығы жәннатқа кіруіне себеп болмайды. Дегенмен ғалымдар олардың тозақтағы дәрежесі бірдей болмайтынын айтқан. Кісі өлтіру, зұлымдық пен арсыздық секілді ақылға да, ар-ұжданға да сыймайтын істер жасағандар тозақтың төменгі қабатына түсіп, ауыр азап тартады.

Ислам ғалымдары діни мәтіндердің әртүрлі қырын және астарлы мағынасын таразылай отырып осындай тұжырым жасаған. Алла елшісі (с.а.с.) дінді алғаш жеткізіп, орнықтырып жатқан кезде бұл мәселелердің ұсақ-түйегіне дейін ашып айтса, жұрт оны теріс ұғынуы ықтимал еді. Мәселен, жәһилия дәуіріндегі беделді кісілер Исламда да бұрынғы мәртебесін сақтауға тиіс деген түсінік тууы мүмкін болатын. Мұндай түсінік қауымның жіктелуін ақтап, мұсылмандардың бірлігі мен бауырластығына нұқсан келтірер еді.

  1. 1Мүслим, «Иман» (№214).