Хадис

Дұға орнына айтылатын зікірлер. Истиғаза

Кутуб ситтә, 5-том, 256-тарау · 6 хадис · № 1874–1879

Хадистер

1874
Кутуб ситтә, № 1874 · тараудағы реті: 1

ـ1 عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْعَجْزِ، وَالْكَسَلِ، وَالْجُبْنِ، وَالْهَرَمِ، وَالْبُخْلِ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ عَذَابِ الْقَبْرِ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ فِتْنَةِ الْمَحْيَا وَالْمَمَاتِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, қаусаған кәріліктен және сараңдықтан Өзіңе сиынамын. Қабір азабынан да Өзіңе сиынамын. Өмір мен өлімнің сынағынан Өзіңе сиынамын”, – деп дұға ететін»1.

Түсіндірме

«Истиғаза» «сиыну, пана сұрау» дегенді білдіреді. Әртүрлі жамандық пен күнәдан, Алланың тыйымдарын бұзудан және жаһаннамнан Аллаға сиыну – құлшылықтың айқын көрінісі. Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) мына нәрселерден пана сұраған:

• Дәрменсіздік – өз қажетіңді өтеуге, өзіңді қауіптен қорғауға күшіңнің жетпеуі. Негізінде адамның бәрі мұқтаж. Мұны ұғынған адам шексіз қажетінің өтеуін Алладан сұрап, дұшпанға қарсы Оны паналайды. Бұл – шынайы құлдық. Ал қолдағы дүние мен мүмкіндік адамды ғапылдыққа түсіріп, әлсіздігін ұмыттыруы мүмкін. Сөйтіп, өзін ешкімге мұқтаж санамайтын адам азғындыққа ұрынады. Құранда ﴿كَلَّا إِنَّ الْإِنْسَانَ لَيَطْغَىٰ ۝ أَنْ رَآهُ اسْتَغْنَىٰ ۝ إِنَّ إِلَىٰ رَبِّكَ الرُّجْعَىٰ﴾ «Жо-жоқ, адам баласы азғындап шектен шығады. Өзін еш нәрсеге мұқтаж еместей көргенде. Шүбәсіз, қайтар жол Раббыңа қарай болмақ!» делінген («Алақ» сүресі, 6–8-аяттар).

Хадисте пана сұралған дәрменсіздік – адамның ниеті болса да, күнделікті тіршілігінің ең қажетті істерін атқара алмай қалуы.

• Жалқаулықтың дәрменсіздікке ұқсайтын тұсы бар. Дәрменсіз адамның керекті іске шамасы жетпейді. Жалқау адамның шамасы жетсе де, іске кіріспейді. Алла елшісі (с.а.с.) жалқаулықтан пана сұрап, мүміндердің назарын осы мінезге аударған.

• Қорқақтық пен сараңдық та қолда барды қажетке жарата алмаудан көрінеді. Қорқақ адам өз күшін іске қоспайды. Сараң адам қолындағы мал-мүлкін қажет жерге жұмсамайды.

• Қаусаған кәрілік – жас ұлғаюымен келген дәрменсіздік. Хадистерде ол «һарам» немесе «әрзалул-умр» деп аталады. Құранда бұл кезең бірнеше жерде сөз болады. Мәселен, ﴿ثُمَّ نُخْرِجُكُمْ طِفْلًا ثُمَّ لِتَبْلُغُوا أَشُدَّكُمْ وَمِنْكُمْ مَنْ يُتَوَفَّىٰ وَمِنْكُمْ مَنْ يُرَدُّ إِلَىٰ أَرْذَلِ الْعُمُرِ لِكَيْلَا يَعْلَمَ مِنْ بَعْدِ عِلْمٍ شَيْئًا﴾ «…кейін сендерді нәресте етіп, жарық дүниеге шығарамыз. Содан соң өсіп-жетілулеріңе жағдай жасаймыз. Араларыңнан кейбіреулер ерте өледі, ал енді біреулерің әбден алжитын шаққа дейін жетеді. Сөйтіп бұрын-соңды біраз нәрселер үйреніп, білгеннен кейін, қайтадан түк білмейтін күйге түседі.» делінген («Хаж» сүресі, 5-аят. Сондай-ақ «Нахыл» сүресі, 70-аят). Бұл – жастық шақты, бастан өткен оқиғаларды және үйренген ілімді ұмыту күйі. Бәйдауидің түсіндіруінше, дәрменсіздік пен естің әлсіреуі адамды қайтадан баладай күйге түсіреді. Алғашқы буыннан жеткен кей хабарда Құранды ұдайы оқитын адамның мұндай күйге түспейтіні айтылады. Автор мұны үнемі жер жыртатын соқаны тат баспайтынына ұқсатады. Құлшылыққа ұқыпты адамның қимылы ширақ болатыны секілді, Құран оқитын жанның жады да жаттығып, өткенін ұмытпайды деп түсіндіреді.

• Қабір азабының бар екені діни мәтіндерде айтылады. Дүние тіршілігі мен қиямет арасында «барзах» деп аталатын кезең бар. Оны қабір өмірі деп те атайды. Қабір өмірінің шарты дүние тіршілігінен бөлек. Ол кезеңде адам жаңа сынақтан өтіп, жаңа амал істеп, жаңа есеп бермейді. Бірақ дүниеде бастаған жақсылығының сауабы да, жамандығының күнәсі де арта түсуі мүмкін. Үзілмейтін садақа қалдырған адамның дәрежесі көтеріледі. Адамдарды жамандыққа бастап, адасуына себеп болған кісі де сол жамандықтан үлес алады. Алла елшісі (с.а.с.) нақақ қан төгілген сайын оның күнәсінен Адамның ұлы Қабылға да үлес тиетінін айтқан. Өйткені ол қан төгуді алғаш бастаған.

Алла елшісі (с.а.с.) қабірдегі сұрақ-жауап жайында хабар берген. Адамның амалына қарай қабір жәннат бақтарының бір бақшасы немесе жаһаннам шұңқырларының бір шұңқыры болатынын айтқан.2 Хадисте қабір азабынан пана сұрау мүмінге сол өмірді еске салып, азаптан құтқаратын амалдарға жетелейді. Дұғаның бір қызметі – адамды ісіне ұқыпты қарап, тілеген мақсатына жеткізетін амал жасауға ынталандыру.

• Өмір мен өлім хадисте «махя» және «мәмәт» деп аталған. «Махя» – тіршілік, «мәмәт» – жан шыққаннан кейінгі өлім кезеңі.

Өмір сынағы – адам тірісінде ұшырайтын надандық, нәпсі құмарлығы, зұлымдық пен күнә тәрізді сынақтар. Кей ғалымдар «өлім сынағы» деп адамның жаны шығар алдындағы ауыр сындарды меңзеген. Олар жан беру сәтіне жақын болғандықтан осылай аталған. Бұл пікірді қабір сынағының бөлек айтылуы қуаттайды.

• Алла елшісінің (с.а.с.) бұрынғы және кейінгі күнәлары кешірілген. Соған қарамастан, ол Алладан жиі пана сұрап, үмбетіне үлгі болған және құлшылықта кемшілікке жол бермеуге ұмтылған. Кешірім тілеу, дұға ету, намаз оқу секілді амалдар – әр құлдың міндеті әрі құлдығының көрінісі.

  1. 1Бұхари, Дағуат 38, 40, 42, Жиһад 25; Мүслим, Зикр 52, (2706); Тирмизи, Дағуат 71, (3480, 3481); Әбу Дәуіт, Салат 367, (1540, 1541); Хуруф 1, (3972); Нәсәи, Истиғаза 6, (8, 257, 258).
  2. 2Қабір азабының ақиқат екендігі мен мәніне қатысты №5493–5500 хадистерде айтылады.
1875
Кутуб ситтә, № 1875 · тараудағы реті: 2

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْجُذَامِ وَالْبَرَصِ وَالْجُنُونِ، وَمِنْ سَيِّئِ الْأَسْقَامِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Алапестен, ақтаңдақтан, ақылдан адасудан және ауыр дерттерден Өзіңе сиынамын”, – деп дұға ететін»1.

Түсіндірме

• Ақтаңдақ – теріде ақ таңба шығаратын дерт. Оған шалдыққан адамды арабша «абраш» деп те атайды.

• Ақылдан адасу – талай игілік пен кемелдіктің бастауы болған ақылдан айырылу. Ақылды сақтау – шариғаттың негізгі мақсаттарының бірі. Діни міндет пен жауапкершілік адамның ақыл-есі бүтін болуына байланысты.

• Алапес – денеде жазылуы қиын жаралар пайда болатын жұқпалы ауру. Бұрын оны емдеу жолы белгісіз болғандықтан, жұрт одан қатты қорыққан.

• «Ауыр дерттер» дегенге бір ғана ауру емес, емі табылмаған созылмалы дерттер де кіреді.

Кей хадис ғалымдары Алла елшісінің (с.а.с.) пана сұрағанда жекелеген дерттерді атағанына көңіл аударған. Олар барлық сырқаттан бірдей пана сұрауды құптамаған. Дене қызуы, бас пен көздің ауыруы сияқты өткінші сырқатқа сабыр еткен адам сауапқа кенеледі деген. Бұл пікір сырқаттанған адамды ем іздеуден не дәрі ішуден тыймайды. Ғалымдар ерекше сақтық пен емді қажет ететін ауыр дерт пен жеңіл сырқаттың арасын ажыратқан. Созылмалы ауыр дерт адамның жақындарымен араласуын қиындатып, тіпті емдейтін жанды тіксіндіріп, денесінде ұзақ сақталатын із қалдыруы мүмкін.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 367, (1554); Нәсәи, Истиғаза 36, (8, 271).
1876
Кутуб ситтә, № 1876 · тараудағы реті: 3

ـ3 وَعَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ قَلْبٍ لَا يَخْشَعُ، وَمِنْ دُعَاءٍ لَا يُسْمَعُ، وَمِنْ نَفْسٍ لَا تَشْبَعُ، وَمِنْ عِلْمٍ لَا يَنْفَعُ، أَعُوذُ بِكَ مِنْ هَؤُلَاءِ الْأَرْبَعِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Өзіңнің алдыңда иілмейтін жүректен, қабыл болмайтын дұғадан, тойымсыз нәпсіден және пайдасыз ілімнен Өзіңе сиынамын. Осы төрт нәрседен Өзіңе сиынамын”, – деп дұға ететін»1.

Түсіндірме

1. Хадис бір-бірінен бөлек көрінетін төрт мәселені қозғайды:

• «Хушуғ» – құрметке бастайтын қорқыныш. Жүректің хушуғы – Алладан қорқып, Оны терең құрметтеу. Түсіндірмешілер мұны Алланы зікір еткенде жүректің жай табуымен байланыстырады. Хушуғы жоқ жүрек зікірден ләззат алмайды, тыныштық таппайды.

• «Тыңдалмайтын дұға» – жауапсыз қалып, қабыл болмайтын дұға. Автор мұны Алланың рақымынан құр қалған адамның халі деп түсіндіреді. Алла сақтасын!

• Тойымсыз нәпсі – Алла берген несібеге қанағат етпей, дүние жинаудан жалықпайтын ашкөз нәпсі. Бұл сөз көп жесе де тоймайтын адамға да қатысты айтылады. Ибн Мәлак оған атақ пен мансапқа тоймайтын адамды да қосқан. Қысқасы, дүниелік қалауын қуа беріп, тоқтай алмайтын нәпсі – тойымсыз нәпсі.

• Пайдасыз ілім – амалға аспайтын, жұртқа үйретілмейтін, адамның мінезін, ісін және сөзін түзетуге көмектеспейтін білім. Қажеті жоқ немесе үйренуге шариғат рұқсат етпеген ілім де осыған жатады. Дүние мен ақырет игілігі үшін білімге зор мән берген, алғашқы әмірі «Оқы!» болған дінде «пайдасыз ілім» ұғымының да орны бар.

Пайдасыз ілімді айыптаған хадистерде де, оларды түсіндірген ғалымдардың сөзінде де белгілі бір ғылымның аты аталмайды. Ілімнің пайдасы қоғамға, уақытқа және адамның қажетіне қарай бағаланады. Мұны адам өз парасатымен аңғарады. Құранда ﴿وَلَا تَقْفُ مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ ۚ إِنَّ السَّمْعَ وَالْبَصَرَ وَالْفُؤَادَ كُلُّ أُولَٰئِكَ كَانَ عَنْهُ مَسْئُولًا﴾ «Өзің нақты білмейтін нәрсенің соңына түспе! Шындығында, адам баласы құлақ, көз және жүрек үшін жауапқа тартылады.» делінген («Исра» сүресі, 36-аят). Адам дүние мен ақыретіне, кәсібіне қатысы жоқ іске кіріспес бұрын оның қажеттілігі мен пайдасын таразылауы керек. Өз мойнында үйренуге тиісті білім тұрғанда, жақын арада пайдасы тимейтін алыс тақырыптарға тереңдеу де осы ұғымға кіреді.

Мысалы, өз тарихы мен жерінің ерекшелігін білмей тұрып, өзге халықтар мен мекендердің ұсақ деректерін жинау немесе балиғат жасына дейін меңгеруге тиісті діни, кәсіптік және тұрмыстық білімді ысырып қойып, «жалпы мәдениет» деген желеумен қажетсіз мағлұматқа ден қою – автордың түсінігіндегі пайдасыз ілімнің мысалдары.

2. Тиби бұл төртеуін әрқайсының көздейтін мақсатына қарай былай түсіндіреді: «Әр нәрсе белгілі бір мақсатқа жарауы үшін бар. Ілім де пайдаға асуы үшін үйреніледі. Пайдаға аспаған ілім адамға жүк болады. Сондықтан ондай ілімнен Аллаға сиынған жөн».

Тиби жүректі Жаратушыдан именіп, Оны құрметтеу үшін берілген деп түсіндіреді. Көкірек осындай сезімге ашылып, оған құрмет пен именудің нұры енуге тиіс. Бұл сезімнен айырылған жүрек қатаяды. Қатып қалған жүректен Аллаға сиынған жөн. Құранда ﴿فَوَيْلٌ لِلْقَاسِيَةِ قُلُوبُهُمْ مِنْ ذِكْرِ اللَّهِ أُولَٰئِكَ فِي ضَلَالٍ مُبِينٍ﴾ «Алланы еске алуға келгенде, жүрегі тастай болып қатып қалған бейбақтар құрысын! Олар анық адасуда!» делінген («Зүмәр» сүресі, 22-аят).

Нәпсі өткінші дүниенің алданышынан теріс бұрылып, мәңгі мекен – ақыретке ұмтылғанына қарай қадірленеді. Ал дүниені қомағайлана қуып, тоюды білмесе, адамның ең үлкен дұшпанына айналады. Сонда адам өз нәпсісінен Аллаға сиынуы керек.

Тибидің айтуынша, дұғаның жауапсыз қалуы адамның ілімі мен амалынан пайда көрмегенін, жүрегінде Аллаға деген имену азайғанын және нәпсісі тойымсыз екенін аңғартады.

  1. 1Тирмизи, «Дағауат», № 3482 (Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3478). Нәсәи, «Истиғаза», 2 (8/255).
1877
Кутуб ситтә, № 1877 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: تَعَوَّذُوا بِاللَّهِ مِنْ جَهْدِ البَلَاءِ، وَدَرْكِ الشَّقَاءِ، وَسُوءِ الْقَضَاءِ، وَشَمَاتَةِ الْأَعْدَاءِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Бастан асқан бәледен, бақытсыздыққа ұшыраудан, ауыр жазмыштан және дұшпанның табасына қалудан Аллаға сиыныңдар»1.

Түсіндірме

• «Бастан асқан бәле» деп аударылған «жаһдул-бәлә» сөзін Мунауи «адамды өлім тілеуге дейін жеткізетін ауыр азап» деп түсіндірген. Мұндай хәл созылмалы дерттен, ас тауып жеуге шамасы жетпейтін тақыр кедейліктен және басқа да себептен тууы мүмкін. Ибн Омар (р.анһума) бұған малдың аздығы мен бала-шағаның көптігін мысал еткен. «Бәле» алуан сынақты білдіреді. Сондықтан өмірден түңілдіретін ауыртпалықтың бәрі осы ұғымға кіреді.

• «Бақытсыздыққа ұшырау» деп аударылған «дәрк әш-шақа» дүниелік те, ақыреттік те опатты білдіруі мүмкін. «Шақа» – бақыттың қарсы ұғымы. Ибн Хажар оны «опат болу» деп түсіндірген. Мунауи «шақа» жаһаннам қабаттарының бірінің атауы ретінде де айтылғанын ескерткен. Осы мағыналардың екеуіне сүйеніп, адам бақытсыздыққа тап болудан да, тозаққа түсуден де Аллаға сиынады.

• «Ауыр жазмыш» дүниелік те, ақыреттік те болуы мүмкін. Мунауи бұл сөзді Алланың тағдыр белгілеуіне емес, адам басына түсетін үкімнің салдарына қатысты түсіндірген. Жақсылықты да, жамандықты да жаратушы – Алла. Жаман істі таңдап, жасайтын – адам. Ауыр жазмыштан Аллаға сиыну – өзіміз таңдаған жаман істі жүзеге асырмауын, Өзі мейірім етіп, күнәмізді кешіруін сұрау.

• Дұшпанның табасы – адамның басына түскен бәле мен ауыртпалыққа дұшпанының қуанып, кекесін етуі.

  1. 1Бұхари, Қадар 13, Дағуат 28; Мүслим, Зикр 53, (2707); Нәсәи, Истиғаза 34, (8, 269, 270).
1878
Кутуб ситтә, № 1878 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الشِّقَاقِ وَالنِّفَاقِ، وَسُوءِ الْأَخْلَاقِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَ فِي رِوَايَةٍ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْجُوعِ، فَإِنَّهُ بِئْسَ الضَّجِيعُ. وَ أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْخِيَانَةِ فَإِنَّهَا بِئْسَتِ الْبِطَانَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Ақиқатқа қарсы шығудан, екіжүзділіктен және жаман мінезден Өзіңе сиынамын”, – деп дұға ететін»1.

Басқа нұсқада былай делінген: «Уа, Алла! Аштықтан Өзіңе сиынамын. Ол – төсектегі жаман серік. Қиянаттан Өзіңе сиынамын. Ол – адамның ең жаман жолдасы».

Түсіндірме

• «Шиқақ» «бөліну, ажырау» дегенді білдіреді. Хадисте ол ақиқатқа қарсы шығып, одан ажырау мағынасында келген. Құранда ﴿بَلِ الَّذِينَ كَفَرُوا فِي عِزَّةٍ وَشِقَاقٍ﴾ «Күпірлік қылғандар тәкаппарлыққа бой алдыруда һәм үнемі қарсы келуде.» делінген («Сад» сүресі, 2-аят). «Шиқақ» сөзіне өзге де түсіндірмелер берілген.

• Екіжүзділік – адамның іші мен сыртының екі түрлі болуы. Діни мағынада ол сырт көзге мұсылман болып көрініп, іштей күпірлікте қалуды білдіреді. Тиби бұдан кеңірек мағына беріп, оны «досыңа ішіңдегінің керісін көрсету» деп түсіндірген. Кей ғалымдар амалда екіжүзділікке көп өтірік айту, аманатқа қиянат жасау, уәдеде тұрмау және дауласқанда қарсы тараптың құқығын аяққа таптау жататынын айтқан.

• Жаман мінез дін тыйған жағымсыз қасиеттердің бәрін қамтиды. Тиби ақиқатқа қарсы шығу мен екіжүзділікті ең жаман мінездердің қатарына қосқан. Өйткені олардың зияны адамның өзімен шектелмей, өзгеге де тиеді.

• Аштық – асқазанда ас қалмағанда сезілетін күй. Ол адамның ауыруына, тіпті өліміне себеп болуы мүмкін. Тиби аштық адамның күшін әлсіретіп, ойын тұмандатып, жаман ойға жетелейтінін және құлшылық міндетін өтеуге бөгет болатынын айтқан. Адамды түнде де қоймайтындықтан, ол «төсектегі серікке» теңелген. Алла елшісі (с.а.с.) бірнеше күн ауыз ашпай, үздіксіз ораза ұстауға тыйым салған. Синди аштықты сәжде мен рүкүғ тәрізді намаз амалдарын орындауға кедергі келтіретін жаман серік деп түсіндірген.

Ғалымдар бұл хадисті жөн-жосықсыз аш жүру құлшылық саналмайтынына дәлел еткен. Құлшылық саналатын оразаның сүннетте белгіленген тәртібі бар. Бірнеше күн үздіксіз ауыз ашпай ораза ұстауға рұқсат берілмеген.

Қиянат – аманатқа адалдықтың қарсы ұғымы. Тиби оны ақиқатқа қарсы шығу және келісімді бұзу деп түсіндірген. Бұл шариғат жүктеген міндеттердің бәріне қатысты. Құранда ﴿إِنَّا عَرَضْنَا الْأَمَانَةَ عَلَى السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَالْجِبَالِ﴾ «Расында, біз аманатты жеті қат көкке, жерге және тауларға ұсындық.» делінген («Ахзаб» сүресі, 72-аят). Екінші аятта ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَخُونُوا اللَّهَ وَالرَّسُولَ وَتَخُونُوا أَمَانَاتِكُمْ وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Аллаға және пайғамбарға опасыздық жасамаңдар. Егер олай істесеңдер, араларыңдағы аманаттарыңа да біліп тұрып қиянат жасайтын боласыңдар.» делінген («Әнфәл» сүресі, 27-аят). Бірінші аяттағы аманат міндет атаулыны қамтиды. Екінші аят қиянаттың сол міндетті бұзуға, ақиқатқа қарсы шығуға ұласатынын көрсетеді.

Хадистегі «битана» сөзі адамның сырлас серігін де білдіреді. Мұтарризи «Әл-Муғрибте» оны адамның жақын, шынайы досы деп түсіндірген. Осы мағынада хадис қиянатты адамға ілескен жаман серікке теңейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, № 1546. Нәсәи, «Истиғаза», 21 (8/264). Аштық пен қиянат жайындағы нұсқа: Әбу Дәуіт, № 1547.
1879
Кутуб ситтә, № 1879 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: رَأَيْتُ لَيْلَةَ أُسْرِيَ بِي عِفْرِيتًا مِنَ الْجِنِّ يَطْلُبُنِي بِشُعْلَةٍ مِنْ نَارٍ كُلَّمَا الْتَفَتُّ رَأَيْتُهُ، فَقَالَ لِي جِبْرِيلُ عَلَيْهِ السَّلَامُ: أَلَا أُعَلِّمُكَ كَلِمَاتٍ تَقُولَهَا فَتُطْفِئَ شُعْلَتَهُ وَيَخِرَّ لِفِيهِ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بَلَى، فَقَالَ جِبْرِيلُ قُلْ: أَعُوذُ بِوَجْهِ اللَّهِ الْكَرِيمِ، وَبِكَلِمَاتِ اللَّهِ التَّامَّاتِ الَّتِي لَا يُجَاوِزُهُنَّ بَرٌّ وَلَا فَاجِرٌ مِنْ شَرِّ مَا يَنْزِلُ مِنْ السَّمَاءِ، وَشَرِّ مَا يَعْرُجُ فِيهَا، وَمِنْ شَرِّ مَا ذَرَأَ فِي الْأَرْضِ، وَمِنْ شَرِّ مَا يَخْرُجُ مِنْهَا، وَمِنْ فِتَنِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ، وَمِنْ طَوَارِقِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ إِلَّا طَارِقًا يَطْرُقُ بِخَيْرٍ يَا رَحْمَنُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраға (р.а.) телінген нұсқада Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзі келтіріледі: «Исра түні жындардың бір ифритін көрдім. Ол қолына отты алау ұстап, соңымнан ерді. Бұрылып қараған сайын оны көріп отырдым. Жәбірейіл (а.с.) маған: “Саған бірнеше сөз үйретейін бе? Оларды айтсаң, алауы сөніп, өзі етпетінен құлайды”, – деді. Мен: “Иә”, – дедім. Ол: “Мына сөздерді айт: ‘Уа, Рахман! Көктен түсетін және көкке көтерілетін нәрсенің кесірінен, жер бетінде Өзің жаратқан және жерден шығатын нәрсенің кесірінен, күн мен түннің бүлігінен, күндіз де, түнде де аяқ астынан келетін кесапаттан Сенің ұлық дидарыңа және ізгі де, күнәһар да шегінен аса алмайтын кемел сөздеріңе сиынамын. Қайыр ала келген нәрсе бұған кірмейді’”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Зурқани Бәйһақидің «Әл-әсма уәс-сифат» еңбегіндегі бір риуаятта бұл оқиғаның Миғраж түніне емес, жындармен кездескен түнге жатқызылғанын айтады. Оның пайымынша, жындармен кездесу өз алдына бөлек түнде болған оқиға болуы мүмкін.

2. Зурқани ифриттің Алла елшісіне (с.а.с.) зиян келтіру үшін соңынан ергенін айтады.

3. «Кәлимәтуллаһ» тіркесіндегі «сөздер» әртүрлі мағынада түсіндірілген:

a) Алланың затына тән кәлам сипаты;

ә) Алланың ілімі;

б) Құран;

в) Барлық пайғамбарларға түсірілген кітаптар. «Кәлимәт» сөзі көпше түрде келіп, Аллаға қатысты айтылғандықтан, «Алланың күллі сөздері» деген жалпылама мағына береді.

4. «Әт-таммат» сөзі «мінсіз, кемшіліксіз» дегенді білдіреді. Оны «пайдалы», «шипалы» деп те түсіндірген. Хадистің тағы бір нұсқасы «Осы дұғаны оқыған сәтте ифрит етпетінен құлап, алауы сөнді» деген сөзбен аяқталады.

  1. 1Мәлик, «Мууатта», «Шиғр», 10 (2/950–951). Мәликтің нұсқасын Яхия ибн Сағид мурсал түрде жеткізген. Жинақтағы бірінші жақпен баяндалған нұсқа Әбу Һурайраға телінеді.