Хадис

Кутуб ситтә, № 1874

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
256. Дұға орнына айтылатын зікірлер. Истиғаза
Нөмірі
№ 1874 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1874
Кутуб ситтә, № 1874 · тараудағы реті: 1

ـ1 عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْعَجْزِ، وَالْكَسَلِ، وَالْجُبْنِ، وَالْهَرَمِ، وَالْبُخْلِ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ عَذَابِ الْقَبْرِ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ فِتْنَةِ الْمَحْيَا وَالْمَمَاتِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Дәрменсіздіктен, жалқаулықтан, қорқақтықтан, қаусаған кәріліктен және сараңдықтан Өзіңе сиынамын. Қабір азабынан да Өзіңе сиынамын. Өмір мен өлімнің сынағынан Өзіңе сиынамын”, – деп дұға ететін»1.

Түсіндірме

«Истиғаза» «сиыну, пана сұрау» дегенді білдіреді. Әртүрлі жамандық пен күнәдан, Алланың тыйымдарын бұзудан және жаһаннамнан Аллаға сиыну – құлшылықтың айқын көрінісі. Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) мына нәрселерден пана сұраған:

• Дәрменсіздік – өз қажетіңді өтеуге, өзіңді қауіптен қорғауға күшіңнің жетпеуі. Негізінде адамның бәрі мұқтаж. Мұны ұғынған адам шексіз қажетінің өтеуін Алладан сұрап, дұшпанға қарсы Оны паналайды. Бұл – шынайы құлдық. Ал қолдағы дүние мен мүмкіндік адамды ғапылдыққа түсіріп, әлсіздігін ұмыттыруы мүмкін. Сөйтіп, өзін ешкімге мұқтаж санамайтын адам азғындыққа ұрынады. Құранда ﴿كَلَّا إِنَّ الْإِنْسَانَ لَيَطْغَىٰ ۝ أَنْ رَآهُ اسْتَغْنَىٰ ۝ إِنَّ إِلَىٰ رَبِّكَ الرُّجْعَىٰ﴾ «Жо-жоқ, адам баласы азғындап шектен шығады. Өзін еш нәрсеге мұқтаж еместей көргенде. Шүбәсіз, қайтар жол Раббыңа қарай болмақ!» делінген («Алақ» сүресі, 6–8-аяттар).

Хадисте пана сұралған дәрменсіздік – адамның ниеті болса да, күнделікті тіршілігінің ең қажетті істерін атқара алмай қалуы.

• Жалқаулықтың дәрменсіздікке ұқсайтын тұсы бар. Дәрменсіз адамның керекті іске шамасы жетпейді. Жалқау адамның шамасы жетсе де, іске кіріспейді. Алла елшісі (с.а.с.) жалқаулықтан пана сұрап, мүміндердің назарын осы мінезге аударған.

• Қорқақтық пен сараңдық та қолда барды қажетке жарата алмаудан көрінеді. Қорқақ адам өз күшін іске қоспайды. Сараң адам қолындағы мал-мүлкін қажет жерге жұмсамайды.

• Қаусаған кәрілік – жас ұлғаюымен келген дәрменсіздік. Хадистерде ол «һарам» немесе «әрзалул-умр» деп аталады. Құранда бұл кезең бірнеше жерде сөз болады. Мәселен, ﴿ثُمَّ نُخْرِجُكُمْ طِفْلًا ثُمَّ لِتَبْلُغُوا أَشُدَّكُمْ وَمِنْكُمْ مَنْ يُتَوَفَّىٰ وَمِنْكُمْ مَنْ يُرَدُّ إِلَىٰ أَرْذَلِ الْعُمُرِ لِكَيْلَا يَعْلَمَ مِنْ بَعْدِ عِلْمٍ شَيْئًا﴾ «…кейін сендерді нәресте етіп, жарық дүниеге шығарамыз. Содан соң өсіп-жетілулеріңе жағдай жасаймыз. Араларыңнан кейбіреулер ерте өледі, ал енді біреулерің әбден алжитын шаққа дейін жетеді. Сөйтіп бұрын-соңды біраз нәрселер үйреніп, білгеннен кейін, қайтадан түк білмейтін күйге түседі.» делінген («Хаж» сүресі, 5-аят. Сондай-ақ «Нахыл» сүресі, 70-аят). Бұл – жастық шақты, бастан өткен оқиғаларды және үйренген ілімді ұмыту күйі. Бәйдауидің түсіндіруінше, дәрменсіздік пен естің әлсіреуі адамды қайтадан баладай күйге түсіреді. Алғашқы буыннан жеткен кей хабарда Құранды ұдайы оқитын адамның мұндай күйге түспейтіні айтылады. Автор мұны үнемі жер жыртатын соқаны тат баспайтынына ұқсатады. Құлшылыққа ұқыпты адамның қимылы ширақ болатыны секілді, Құран оқитын жанның жады да жаттығып, өткенін ұмытпайды деп түсіндіреді.

• Қабір азабының бар екені діни мәтіндерде айтылады. Дүние тіршілігі мен қиямет арасында «барзах» деп аталатын кезең бар. Оны қабір өмірі деп те атайды. Қабір өмірінің шарты дүние тіршілігінен бөлек. Ол кезеңде адам жаңа сынақтан өтіп, жаңа амал істеп, жаңа есеп бермейді. Бірақ дүниеде бастаған жақсылығының сауабы да, жамандығының күнәсі де арта түсуі мүмкін. Үзілмейтін садақа қалдырған адамның дәрежесі көтеріледі. Адамдарды жамандыққа бастап, адасуына себеп болған кісі де сол жамандықтан үлес алады. Алла елшісі (с.а.с.) нақақ қан төгілген сайын оның күнәсінен Адамның ұлы Қабылға да үлес тиетінін айтқан. Өйткені ол қан төгуді алғаш бастаған.

Алла елшісі (с.а.с.) қабірдегі сұрақ-жауап жайында хабар берген. Адамның амалына қарай қабір жәннат бақтарының бір бақшасы немесе жаһаннам шұңқырларының бір шұңқыры болатынын айтқан.2 Хадисте қабір азабынан пана сұрау мүмінге сол өмірді еске салып, азаптан құтқаратын амалдарға жетелейді. Дұғаның бір қызметі – адамды ісіне ұқыпты қарап, тілеген мақсатына жеткізетін амал жасауға ынталандыру.

• Өмір мен өлім хадисте «махя» және «мәмәт» деп аталған. «Махя» – тіршілік, «мәмәт» – жан шыққаннан кейінгі өлім кезеңі.

Өмір сынағы – адам тірісінде ұшырайтын надандық, нәпсі құмарлығы, зұлымдық пен күнә тәрізді сынақтар. Кей ғалымдар «өлім сынағы» деп адамның жаны шығар алдындағы ауыр сындарды меңзеген. Олар жан беру сәтіне жақын болғандықтан осылай аталған. Бұл пікірді қабір сынағының бөлек айтылуы қуаттайды.

• Алла елшісінің (с.а.с.) бұрынғы және кейінгі күнәлары кешірілген. Соған қарамастан, ол Алладан жиі пана сұрап, үмбетіне үлгі болған және құлшылықта кемшілікке жол бермеуге ұмтылған. Кешірім тілеу, дұға ету, намаз оқу секілді амалдар – әр құлдың міндеті әрі құлдығының көрінісі.

  1. 1Бұхари, Дағуат 38, 40, 42, Жиһад 25; Мүслим, Зикр 52, (2706); Тирмизи, Дағуат 71, (3480, 3481); Әбу Дәуіт, Салат 367, (1540, 1541); Хуруф 1, (3972); Нәсәи, Истиғаза 6, (8, 257, 258).
  2. 2Қабір азабының ақиқат екендігі мен мәніне қатысты №5493–5500 хадистерде айтылады.