وَفِي رِوَايَةٍ: «كُنْتُ أَمْشِي مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ يَنْظُرُ إِلَى أُحُدٍ، فَقَالَ: “مَا أُحِبُّ أَنْ يَكُونَ لِي مِثْلُ أُحُدٍ ذَهَبًا تُمْسِي عَلَيَّ ثَالِثَةٌ وَعِنْدِي مِنْهُ دِينَارٌ، إِلَّا دِينَارًا أَرْصُدُهُ لِدَيْنٍ، إِلَّا أَنْ أَقُولَ بِهِ فِي عِبَادِ اللَّهِ هَكَذَا” – حَثَا بَيْنَ يَدَيْهِ – “وَهَكَذَا” – عَنْ يَمِينِهِ – “وَهَكَذَا” – عَنْ شِمَالِهِ».
Әбу Зәррден жеткен басқа бір риуаятта былай делінеді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге келе жаттым. Ол Ухудқа қарап тұрып: “Ухудтай алтыным болса, үшінші кешке дейін қарызымды өтеуге арнаған бір динардан басқа бір динардың да қолымда қалуын қаламас едім. Оны Алланың құлдарына былай, былай, былай үлестірер едім”, – деді де, қолымен алдына, оң және сол жағына үлестіргендей ишара жасады».1
Түсіндірме
Бұл риуаят Әбу Зәрр әл-Ғифаридің (р.а.) болмысын танытады. Ол сахабалардың арасында дүниеге қызықпайтын, тақуа қалпымен танылған. Дүниенің қызығы мен сән-салтанаты оның көзінде құнсыз еді. Өз түсінігінде мал-мүлік жинауды, аста-төк молшылықта ғұмыр кешуді харам санаған. Дүниеден безінуде ол сахабалардың көпшілігінен қатаңырақ жол ұстанды. Заһидтікке ден қойған оның осы жеке ұстанымын бүкіл үмбетке міндеттеуге келмейді. Бұл мәселеге кейінірек арнайы тоқталамыз.
Нәуәуидің айтуынша, Әбу Зәрр (р.а.) бұл риуаяттан өз ұстанымына дәлел тапқан. Әбу Зәрр қажеттен артық жиған мал-мүлікті Құранда тыйым салынған қазынаға жатқызған. Ал үмбетке ортақ ұстанымды ғұламалардың басым көпшілігі, яғни жумҳур, айқындайды. Олардың пікірінше, зекеті өтеліп тұрған мал-мүлік тыйым салынған қазынаға жатпайды, адал саналады. Сахабалардың көбі саудамен айналысып, едәуір дәулет жиған. Зекетін уақытында өтегендіктен, олардың дәулеті тыйым салынған қазына саналмаған. Қазы Ияд Әбу Зәррдің (р.а.) ұстанымын былай түсіндірген: «Оның қарсылығы бәйтулмалдан, яғни халық қазынасынан, өздеріне дүние алып, оны тиісті орнына жұмсамаған билеушілерге қатысты еді».
Нәуәуи бұл жорамалға қосылмайды. Ол: «Әбу Зәррдің (р.а.) тұсындағы билеушілер Қазы Ияд сипаттағандай адамдар болмаған. Олар халық қазынасына қиянат жасамаған. Ол кездегі халифалар әзірет Әбу Бәкір, Омар және Осман (р.а.) еді. Әбу Зәрр (р.а.) әзірет Османның көзі тірісінде, һижраның 32-жылы дүние салған», – дейді.
Мұны сахабалардың көзқарасы әртүрлі болған мәселелердің бірі деп қараған жөн. Олардың бәрі аят пен хадисті түсіндіріп, ижтиһад жасауға қабілетті еді. Мұндайда дұрыс тұжырымға келуі де, қателесуі де мүмкін. Дұрыс тұжырымды айқындаудың бір өлшемі – көпшіліктің таңдауы. Алла елшісі (с.а.с.) үмбеттің адасуда бірікпейтінін айтқан. Сондықтан Әбу Зәррдің (р.а.) көзқарасын құрметтейміз. Бүгінде кейбір мұсылмандар оның дүние-мүлік пен сән-салтанатқа қатысты ұстанымын өз саяси көзқарасына дәлел етіп, оны дәріптеу үшін басқа сахабаларды кемсітіп жүр. Біздіңше, мұндай көзқарас ақылға да, Исламға да сай келмейді. Әһлі сүннет сахабалардың ешқайсысын кемсітуді құптамайды. Мұндай алалау – шиғалардың шектен шыққан тобына тән ұстаным.
- 1Бұхари, «Истиқрад», 3 (№2388), «Бәдул-халқ», 6, «Истизан», 30, «Риқақ», 13–14. Мүслим, «Зекет» (№94c).