Хадис

Сараңдық

Кутуб ситтә, 1-том, 26-тарау · 11 хадис · № 194–204

Хадистер

194
Кутуб ситтә, № 194 · тараудағы реті: 1

عَنِ الْأَحْنَفِ بْنِ قَيْسٍ قَالَ: «كُنْتُ فِي نَفَرٍ مِنْ قُرَيْشٍ، فَمَرَّ أَبُو ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَهُوَ يَقُولُ: “بَشِّرِ الْكَانِزِينَ بِرَضْفٍ يُحْمَى عَلَيْهِمْ فِي نَارِ جَهَنَّمَ، فَيُوضَعُ عَلَى حَلَمَةِ ثَدْيِ أَحَدِهِمْ حَتَّى يَخْرُجَ مِنْ نُغْضِ كَتِفِهِ، وَيُوضَعُ عَلَى نُغْضِ كَتِفِهِ حَتَّى يَخْرُجَ مِنْ حَلَمَةِ ثَدْيَيْهِ يَتَزَلْزَلُ”. فَوَضَعَ الْقَوْمُ رُؤُوسَهُمْ فَمَا رَأَيْتُ أَحَدًا مِنْهُمْ رَجَعَ إِلَيْهِ شَيْئًا، فَأَدْبَرَ فَاتَّبَعْتُهُ حَتَّى جَلَسَ إِلَى سَارِيَةٍ، فَقُلْتُ: “مَا رَأَيْتُ هَؤُلَاءِ إِلَّا كَرِهُوا مَا قُلْتَ لَهُمْ”. فَقَالَ: “إِنَّ هَؤُلَاءِ لَا يَعْقِلُونَ شَيْئًا، إِنَّ خَلِيلِي أَبَا الْقَاسِمِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ دَعَانِي فَأَجَبْتُهُ، فَقَالَ: ‘أَتَرَى أُحُدًا؟’ فَقُلْتُ: ‘أَرَاهُ’. فَقَالَ: ‘مَا يَسُرُّنِي أَنَّ لِي مِثْلَهُ ذَهَبًا أُنْفِقُهُ كُلَّهُ إِلَّا ثَلَاثَةَ دَنَانِيرَ’. ثُمَّ هَؤُلَاءِ يَجْمَعُونَ الدُّنْيَا، لَا يَعْقِلُونَ شَيْئًا”. قُلْتُ: “مَا لَكَ وَلِإِخْوَانِكَ مِنْ قُرَيْشٍ، لَا تَعْتَرِيهِمْ وَتُصِيبُ مِنْهُمْ؟” قَالَ: “لَا، وَرَبِّكَ، لَا أَسْأَلُهُمْ عَنْ دُنْيَا وَلَا أَسْتَفْتِيهِمْ عَنْ دِينٍ حَتَّى أَلْحَقَ بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ”. قَالَ: قُلْتُ: “مَا تَقُولُ فِي هَذَا الْعَطَاءِ؟” قَالَ: “خُذْهُ، فَإِنَّ فِيهِ الْيَوْمَ مَعُونَةً، فَإِذَا كَانَ ثَمَنًا لِدِينِكَ فَدَعْهُ”». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әхнаф ибн Қайс былай дейді: «Құрайыштан бірнеше кісімен бірге отыр едім. Қасымыздан өтіп бара жатқан Әбу Зәрр (р.а.):

“Мал-мүлік жиып, үйіп қойғандарды тозақ отында қыздырылған таспен сүйіншіле! Тас әрқайсысының омырауының ұшына қойылып, жауырынынан шығады. Жауырынына қойылса, омырауының ұшынан шығады. Осылайша ары-бері қозғала береді”, – деді. Жұрт басын төмен салды. Ешқайсысының жауап қатқанын көрмедім. Ол бұрылып кетті, мен соңынан ердім. Бір бағанның түбіне келіп отырғанда, жақындап:

– Айтқан сөзіңді мына кісілердің жақтырмағанын байқадым, – дедім. Сонда ол:

– Бұлар ештеңенің байыбына бармайды. Жақын досым Әбул-Қасым (с.а.с.) бірде мені шақырды. Қасына барғанымда:

– Ухудты көріп тұрсың ба? – деп сұрады.

– Иә, көріп тұрмын, – дедім. Сонда ол:

– Ухудтай алтыным болғанын қаламас едім. Болса, үш динарын ғана қалдырып, қалғанының бәрін садақаға берер едім, – деді.

Әбу Зәрр (р.а.) сөзін әрі қарай жалғап:

– Мыналар дүние жиып жүр. Ештеңенің байыбына бармайды, – деді.

– Құрайыштық бауырларыңмен араңда не бар? Неге қастарына барып, олардан бірдеңе алмайсың? – дедім.

– Жоқ, Раббыңа ант етемін, Алла мен Оның елшісіне қауышқанға дейін олардан дүние сұрамаймын, дін жайында пәтуа да алмаймын, – деді. Сосын одан:

– Мына бөлініп жатқан үлес жайында не дейсің? – деп сұрадым.

– Ала бер. Қазір оның саған көмегі тиеді. Ал дініңнің өтеуі ретінде берілсе, алма, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Зекет», 4 (№1407–1408). Мүслим, «Зекет», 34 (№992).
195
Кутуб ситтә, № 195 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: «كُنْتُ أَمْشِي مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ يَنْظُرُ إِلَى أُحُدٍ، فَقَالَ: “مَا أُحِبُّ أَنْ يَكُونَ لِي مِثْلُ أُحُدٍ ذَهَبًا تُمْسِي عَلَيَّ ثَالِثَةٌ وَعِنْدِي مِنْهُ دِينَارٌ، إِلَّا دِينَارًا أَرْصُدُهُ لِدَيْنٍ، إِلَّا أَنْ أَقُولَ بِهِ فِي عِبَادِ اللَّهِ هَكَذَا” – حَثَا بَيْنَ يَدَيْهِ – “وَهَكَذَا” – عَنْ يَمِينِهِ – “وَهَكَذَا” – عَنْ شِمَالِهِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Зәррден жеткен басқа бір риуаятта былай делінеді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге келе жаттым. Ол Ухудқа қарап тұрып: “Ухудтай алтыным болса, үшінші кешке дейін қарызымды өтеуге арнаған бір динардан басқа бір динардың да қолымда қалуын қаламас едім. Оны Алланың құлдарына былай, былай, былай үлестірер едім”, – деді де, қолымен алдына, оң және сол жағына үлестіргендей ишара жасады».1

Түсіндірме

Бұл риуаят Әбу Зәрр әл-Ғифаридің (р.а.) болмысын танытады. Ол сахабалардың арасында дүниеге қызықпайтын, тақуа қалпымен танылған. Дүниенің қызығы мен сән-салтанаты оның көзінде құнсыз еді. Өз түсінігінде мал-мүлік жинауды, аста-төк молшылықта ғұмыр кешуді харам санаған. Дүниеден безінуде ол сахабалардың көпшілігінен қатаңырақ жол ұстанды. Заһидтікке ден қойған оның осы жеке ұстанымын бүкіл үмбетке міндеттеуге келмейді. Бұл мәселеге кейінірек арнайы тоқталамыз.

Нәуәуидің айтуынша, Әбу Зәрр (р.а.) бұл риуаяттан өз ұстанымына дәлел тапқан. Әбу Зәрр қажеттен артық жиған мал-мүлікті Құранда тыйым салынған қазынаға жатқызған. Ал үмбетке ортақ ұстанымды ғұламалардың басым көпшілігі, яғни жумҳур, айқындайды. Олардың пікірінше, зекеті өтеліп тұрған мал-мүлік тыйым салынған қазынаға жатпайды, адал саналады. Сахабалардың көбі саудамен айналысып, едәуір дәулет жиған. Зекетін уақытында өтегендіктен, олардың дәулеті тыйым салынған қазына саналмаған. Қазы Ияд Әбу Зәррдің (р.а.) ұстанымын былай түсіндірген: «Оның қарсылығы бәйтулмалдан, яғни халық қазынасынан, өздеріне дүние алып, оны тиісті орнына жұмсамаған билеушілерге қатысты еді».

Нәуәуи бұл жорамалға қосылмайды. Ол: «Әбу Зәррдің (р.а.) тұсындағы билеушілер Қазы Ияд сипаттағандай адамдар болмаған. Олар халық қазынасына қиянат жасамаған. Ол кездегі халифалар әзірет Әбу Бәкір, Омар және Осман (р.а.) еді. Әбу Зәрр (р.а.) әзірет Османның көзі тірісінде, һижраның 32-жылы дүние салған», – дейді.

Мұны сахабалардың көзқарасы әртүрлі болған мәселелердің бірі деп қараған жөн. Олардың бәрі аят пен хадисті түсіндіріп, ижтиһад жасауға қабілетті еді. Мұндайда дұрыс тұжырымға келуі де, қателесуі де мүмкін. Дұрыс тұжырымды айқындаудың бір өлшемі – көпшіліктің таңдауы. Алла елшісі (с.а.с.) үмбеттің адасуда бірікпейтінін айтқан. Сондықтан Әбу Зәррдің (р.а.) көзқарасын құрметтейміз. Бүгінде кейбір мұсылмандар оның дүние-мүлік пен сән-салтанатқа қатысты ұстанымын өз саяси көзқарасына дәлел етіп, оны дәріптеу үшін басқа сахабаларды кемсітіп жүр. Біздіңше, мұндай көзқарас ақылға да, Исламға да сай келмейді. Әһлі сүннет сахабалардың ешқайсысын кемсітуді құптамайды. Мұндай алалау – шиғалардың шектен шыққан тобына тән ұстаным.

  1. 1Бұхари, «Истиқрад», 3 (№2388), «Бәдул-халқ», 6, «Истизан», 30, «Риқақ», 13–14. Мүслим, «Зекет» (№94c).
196
Кутуб ситтә, № 196 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Зәрр (р.а.)

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَيْتُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ جَالِسٌ فِي ظِلِّ الْكَعْبَةِ، فَلَمَّا رَآنِي قَالَ: “هُمُ الْأَخْسَرُونَ وَرَبِّ الْكَعْبَةِ”. قُلْتُ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، فِدَاكَ أَبِي وَأُمِّي، مَنْ هُمْ؟” قَالَ: “هُمُ الْأَكْثَرُونَ أَمْوَالًا، إِلَّا مَنْ قَالَ هَكَذَا وَهَكَذَا وَهَكَذَا” ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، مِنْ بَيْنِ يَدَيْهِ وَمِنْ خَلْفِهِ وَعَنْ يَمِينِهِ وَعَنْ شِمَالِهِ، “وَقَلِيلٌ مَا هُمْ. مَا مِنْ صَاحِبِ إِبِلٍ وَلَا بَقَرٍ وَلَا غَنَمٍ لَا يُؤَدِّي زَكَاتَهَا إِلَّا جَاءَتْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَعْظَمَ مَا كَانَتْ وَأَسْمَنَهُ، تَنْطِحُهُ بِقُرُونِهَا وَتَطَؤُهُ بِأَظْلَافِهَا، كُلَّمَا نَفِدَتْ أُخْرَاهَا عَادَتْ عَلَيْهِ أُولَاهَا، حَتَّى يُقْضَى بَيْنَ النَّاسِ”». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ، وَاللَّفْظُ لِمُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Қағбаның көлеңкесінде отырғанда қасына келдім. Мені көріп: “Қағбаның Раббына ант етемін, олар – ең көп зиянға ұшырайтындар”, – деді. Мен: “Уа, Алланың елшісі, әке-шешем сізге құрбан болсын, олар кімдер?” – деп сұрадым. Ол: “Олар – мал-мүлкі ең көп адамдар. Малын былай, былай, былай үлестіргендер бұған жатпайды”, – деп, алдына, артына, оңына және солына үш рет ишара жасады. Сосын: “Ондай адамдар аз. Түйесінің, сиырының не қойының зекетін өтемеген иесіне малы қиямет күні ең ірі, ең семіз күйінде келіп, оны мүйізімен сүзеді, тұяғымен таптайды. Соңғысы өтіп біткен сайын, біріншісі қайта оралады. Адамдар арасында үкім шығарылғанға дейін осылай жалғасады”, – деді».1

Түсіндірме

Имам Нәуәуи бұл хадистен мынадай тұжырымдар шығарады:

1. Садақа ізгі істің барлық түрін қамтиды. Хадис әртүрлі жолмен садақа беруге үндейді.

2. Ешкім талап етпесе де, ант етуге болады. Бір сөзді қуаттау не маңызды мақсатқа жету үшін ант ету – мұстахаб. Кейде бір істің ерікке қалдырылмағанын не оған рұқсат етілмегенін білдіру үшін де ант етіледі. Алла елшісінің (с.а.с.) хадистерінде мұндай анттар көп кездеседі.

3. Орынды жерде «Әке-шешем саған құрбан болсын!» деуге болады.

4. Алла елшісінің (с.а.с.) алға, артқа, оңға және солға қолымен ишарат етуі мұқтаждық қай жақтан байқалса да, жәрдемді кешіктірмеу керектігін білдіреді.

  1. 1Мүслим, «Зекет» (№990). Бұхари, «Әйман», 3, «Зекет», 43. Тирмизи, «Зекет», 1 (№617). Нәсәи, «Зекет», 2 (№2440).
197
Кутуб ситтә, № 197 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: خَطَبَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: «إِيَّاكُمْ وَالشُّحَّ، فَإِنَّمَا هَلَكَ مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ بِالشُّحِّ، أَمَرَهُمْ بِالْبُخْلِ فَبَخِلُوا، وَأَمَرَهُمْ بِالْقَطِيعَةِ فَقَطَعُوا، وَأَمَرَهُمْ بِالْفُجُورِ فَفَجَرُوا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жұртқа қарата: “Ашкөздіктен сақ болыңдар. Сендерден бұрынғыларды ашкөздік опат етті. Ол оларды сараңдыққа итермеледі, олар сараңдық танытты. Туыстық байланысты үзуге итермеледі, олар туыстық байланысты үзді. Арсыздыққа итермеледі, олар арсыздыққа барды”, – деді».1

Түсіндірме

«Ашкөздік» деп аударылған шұхх (الشُّحُّ) сөзі сараңдықты да қамтитын теріс мінезді білдіреді. Бұл мінез жамандыққа бастайтын өзімшілдікке ұқсайды. Өзімшіл адам қолындағы дүние-мүлкі мен бар мүмкіндігін өз қалауын өтеуге жұмсап, адамдар арасындағы байланысты әлсіретеді. Мәселен, туыстық қатынас ағайынның халін сұрауды, сүрінсе сүйеп, мұқтаж болса жәрдем беруді қажет етеді. Өзімшілдікке бой алдырған адам мұндай міндеттерді ысырып тастайды.

Кейбір ғалымдар хадистегі «фужур» сөзін өтірік, енді бірі зина деп түсіндірген. Біз оны «арсыздық» деп аудардық, өйткені бұл ұғым адамның түрлі теріс іске баруын қамтиды. Пейілдің тарылуы мен өзімшілдік адамды осындай жамандықтарға ұрындырып, ізгі істерден алыстатады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 46 (№1698).
198
Кутуб ситтә, № 198 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «خَصْلَتَانِ لَا تَجْتَمِعَانِ فِي مُؤْمِنٍ: الْبُخْلُ وَسُوءُ الْخُلُقِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Мүміннің бойында екі мінез қатар болмайды. Олар – сараңдық пен жаман мінез», – деген.1

Түсіндірме

Хадис сараңдық пен жаман мінездің мүмін бойында қатар орнығуынан сақтандырады. Түрбүштидің түсіндіруінше, мұнда екі теріс мінез адамның бойын түгел билеп алған жағдай айтылған. Ондай жан осы мінездерден арылуға талпынбайды. Олардың жамандығын сезбегендіктен, тіпті өз қылығына разы болып жүруі мүмкін.

Кей адам ара-тұра сараңдық танытып не теріс қылық жасап, кейін қатты өкінеді. Нәпсісі сараңдыққа немесе жаман іске итермелегенде, ар-ұжданы қарсы тұрып, ол өзімен іштей күреседі. Мұндай адам хадисте сипатталғандардың қатарына жатпайды. Әр мүмін осындай мінездермен сыналуы мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) мүміндерді сараңдықты өмірлік ұстанымға айналдырудан сақтандырған.

  1. 1Тирмизи, «Бирр», 41 (№1962).
199
Кутуб ситтә, № 199 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ كَعْبِ بْنِ عِيَاضٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «إِنَّ لِكُلِّ أُمَّةٍ فِتْنَةً، وَإِنَّ فِتْنَةَ أُمَّتِي الْمَالُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Кәғб ибн Ияд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Әр үмбеттің өз сынағы бар. Менің үмбетімнің сынағы – мал-дәулет”, – дегенін естідім».1

Түсіндірме

Тирмизи сахих деп бағалаған бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) мал-дәулетке айрықша назар аудартады. Хадисті түсіндірген ғалымдар «фитнә» сөзін адасу, күнәға бой алдыру және Аллаға қарсы келу деп ұққан. Олардың айтуынша, бұл үмбетті хақ жолдан тайдырып, Исламнан алыстатуы мүмкін басты себеп – мал-дәулет.

Исламға ашық та, жасырын да қарсы шығатын түрлі ұйымдардың мұсылмандарды азғыру үшін мал-дәулетке жүгінгенін, талай жақынымыз бен жерлесіміздің дүниелік пайдаға қызығып, діннен алыстағанын көргенде мына аят еске түседі: «Расында, күпірлік қылғандар мал-дүниелерін ел-жұртты Алланың жолынан қақпайлау үшін жұмсайды. Бұдан кейін де сол мақсатта жұмсауды жалғастыра береді»2. Осындай жайттардан аяттың ақиқатын танып, Алла елшісінің (с.а.с.) осыған үндес мұғжизалы хабарларына таңданамыз.

Осы хадисті және бұдан кейінгі мазмұндас хадистерді дұрыс түсінген жөн. Ислам мал-дәулетке, билікке немесе күш-қуатқа қарсы шықпайды. Көптеген хадис мұсылманды еңбек етіп, табыс табуға ынталандырады. Парыз зекетті өтеу, мәндүп садақа беру және жиһад міндетін атқару үшін де мал-мүлік қажет. «Берген қол алған қолдан жоғары», «Күшті мүмін әлсіз мүміннен қайырлы әрі Аллаға сүйіктірек», «Тақуа адамға байлықтың зияны жоқ» деген хадистер мен «Дұшпанға қарсы қолдарыңнан келгенше күш-қуат сайлаңдар һәм соғыс үшін ат баптаңдар»3 деген аят мұсылманды еңбектеніп, қуатты болуға шақырады. Демек, хадистерде мал-дәулетке қатысты айтылған ескерту адамды дүниеқұмарлықтың мінез бен діни өмірге тигізер зардабынан сақтандыруға бағытталған.

Таршылық талай өрлеуге түрткі болса, шектен асқан молшылықтан туған босаңсу мен сауық-сайран көбіне тоқырауға бастайтынын ұмытпаған жөн. Бұған Алла елшісі (с.а.с.) іргесін қалаған Ислам мемлекеті мысал. Аштықтан есінен танған, кейде аштыққа шыдау үшін қарнына тас байлаған адамдар сол мемлекеттің негізін қалады. Көп ұзамай оның аумағы үш құрлыққа ұласты.

Сондықтан бастауы да, соңы да жоқ ақиқаттарды жеткізген Алла елшісінің (с.а.с.) дүние-мүлік жайындағы ескертулеріне ден қойған жөн. Ол былай деген: «Аллаға ант етемін, сендер үшін кедейліктен қорықпаймын. Бұрынғыларға дүние молынан берілгендей, сендерге де молынан беріліп, олар сияқты дүние үшін жарысқа түсесіңдер ме деп қорқамын. Сонда дүние оларды құрдымға жібергендей, сендерді де құрдымға жіберуі мүмкін».

Алла елшісінің (с.а.с.) дүние-мүлікке қатысты ұстанымын мына хадис айқын көрсетеді: «Бұл дүниеде адамдар төрт түрлі болады. Бір құлына Алла мал-дәулет пен ілім береді. Ол дәулетін жұмсағанда Раббысынан қорқады, туыстық байланысты нығайтады және мал-мүлкіндегі Алланың ақысын біліп, оны өтейді. Бұл кісі – ең жоғары дәрежедегі адам. Екінші құлына Алла ілім бергенімен, мал-дәулет бермейді. Ниеті түзу болғандықтан, ол: “Дәулетім болса, пәленше секілді ізгі істерге жұмсар едім”, – дейді. Ол ниетіне қарай сауап алады. Екеуінің сауабы тең болады.

Үшінші құлына Алла мал-дәулет бергенімен, ілім бермейді. Ол білместікпен мал-мүлкін орынсыз шашады. Раббысынан қорықпайды, туыстық байланысты нығайтпайды, мал-мүлкіндегі Алланың ақысын білмейді. Бұл – ең төмен дәреже.

Төртінші құлына Алла ілім де, мал-дәулет те бермейді. Сонда да ол: “Дәулетім болса, пәленше секілді жұмсар едім”, – дейді. Ол ниетіне қарай жауапқа тартылады, сөйтіп, екеуінің күнәсі тең болады».

  1. 1Тирмизи, «Зуһд», 26 (№2336). Салыстырыңыз: Ахмад ибн Ханбал, «Мүснад» (№17471).
  2. 2«Әнфал» сүресі, 36-аят.
  3. 3«Әнфал» сүресі, 60-аят.
200
Кутуб ситтә, № 200 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَا تَتَّخِذُوا الضَّيْعَةَ فَتَرْغَبُوا فِي الدُّنْيَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَالْمُرَادُ بِالضَّيْعَةِ هُنَا الْأَرْضُ وَالزَّرْعُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Егістік жер иеленбеңдер, әйтпесе дүниеге байланып қаласыңдар», – деген.1

Түсіндірме

«Шаруа қожалығы» деп аударылған «дайға» (الضَّيْعَةُ) сөзі бау-бақша, егістік және ауыл деген мағыналарды да білдіреді. «Ән-Ниһаяда» адамның күнкөрісін қамтамасыз ететін қолөнер, сауда, егіншілік секілді кәсіптер де осы сөзбен аталады. Араб тілінің «Қамус» сөздігінде табыс әкелетін мүлік пен игеріліп жатқан жер «дайға» деп көрсетілген. Демек, бұл сөз күнкөріске қажет түрлі табыс көздерін қамтиды. Хадистің ескерткені – табыс табамын деп жүріп, Алланы еске алуды және ақыретті ұмытып кету. Дүниенің соңына шектен тыс түсу өзге міндеттерді атқаруға бөгет болады. Құранда: «Сондай ер жігіттер бар, олардың кәсібіне айналған саудалары да, алу-сату істері де, олардың Алланы еске алуына, намаз оқуына және зекетті толық беруіне бөгет бола алмайды…»2 – делінген.

  1. 1Тирмизи, «Зуһд», 20 (№2328).
  2. 2«Нұр» сүресі, 37-аят.
201
Кутуб ситтә, № 201 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Абдулла ибн әш-Шиххир (р.а.)

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الشِّخِّيرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: أَتَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ يَقْرَأُ ﴿أَلْهَاكُمُ التَّكَاثُرُ﴾، فَقَالَ: «يَقُولُ ابْنُ آدَمَ: مَالِي، مَالِي. وَهَلْ لَكَ يَا ابْنَ آدَمَ مِنْ مَالِكَ إِلَّا مَا أَكَلْتَ فَأَفْنَيْتَ، أَوْ لَبِسْتَ فَأَبْلَيْتَ، أَوْ تَصَدَّقْتَ فَأَمْضَيْتَ؟». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Шиххир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Тәкәсур” сүресін оқып жатқанда, қасына бардым. Ол: “Адам баласы ‘Дәулетім, дәулетім!’ дейді. Уа, Адам баласы! Мал-мүлкіңнен өзіңе тиесілісі – жеп тауысқаның, киіп тоздырғаның немесе садақа етіп, алдыңа жібергенің ғана емес пе?” – деді»1. (Адам қайтыс болғанда, қалған дүние өзге адамдарға қалады.)

  1. 1Мүслим, «Зуһд», 3–4 (№2958). Нәсәи, «Уәсая», 1 (№3613). Тирмизи, «Тәпсір», «Тәкәсур» сүресі (№3354).
202
Кутуб ситтә, № 202 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لُعِنَ عَبْدُ الدِّينَارِ، لُعِنَ عَبْدُ الدِّرْهَمِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Динардың құлына лағынет болсын, дирһамның құлына лағынет болсын», – деген.1

Түсіндірме

Хадисте мал-мүлік жинауға ашкөздікпен берілгендерге лағынет айтылған. Адал жолмен табыс табудың рұқсат етілгенін №199 хадистің түсіндірмесінде айттық. Алла елшісі (с.а.с.) ашкөздіктің қатерін көрсету үшін дәулеттің соңына түскендерді алтын мен күмістің құлына теңеп, «Алланың рақымынан алыс болсын!» деген мағынада лағынет айтқан.

Табыс табуда шариғат айыптайтын мінез – ашкөздік. Адал мен арамды ажыратпай, жиғанын көбейтуді ғана көздеген, зекетін бермей, малын ізгі іске жұмсаудан тартынған адам дүниенің құлына айналады. Көптеген аят пен хадис Алла мен Оның елшісіне деген сүйіспеншілікті өзге сүйіспеншіліктен жоғары қоюға үндейді. Әлсіз деп бағаланған бір риуаятта: «Дін сүйіспеншілік пен жек көруден басқа не?» – делінген. Демек, дүниеге деген сүйіспеншілік Аллаға деген сүйіспеншіліктен асып түссе, адам дүниенің билігінде қалады.

Табыс табуды сылтау етіп құлшылықты тәрк ету, жиған мал-мүліктің зекетін толық әрі ықыласпен бермеу – Алла мен Оның елшісіне деген сүйіспеншілікті дүниеқұмарлық жеңгенінің белгісі.

Хадис түсіндірушілері Алла елшісінің (с.а.с.) теңеуі алтын мен күміске тәуелді болғандарға қатысты екенін айтады. Дәулет жинауға рұқсат бар. Шариғат дәулетті өмірінің басты мұратына айналдырып, Алланы ұмытуды айыптайды.

Хадисте алтын мен күміс дүние-мүліктің нышаны ретінде аталған. Сол себепті бұл ескерту бүгінгі дүниеқұмарлықтың барлық түріне қатысты. Адамның ақшаның, зәулім үйдің немесе мол табыс әкелетін кәсіптің соңына шектен тыс түсуі де осыған жатады.

  1. 1Тирмизи, «Зуһд», 42 (№2375).
203
Кутуб ситтә, № 203 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَيُّكُمْ مَالُ وَارِثِهِ أَحَبُّ إِلَيْهِ مِنْ مَالِهِ؟» قَالُوا: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، مَا مِنَّا أَحَدٌ إِلَّا مَالُهُ أَحَبُّ إِلَيْهِ مِنْ مَالِ وَارِثِهِ». قَالَ: «فَإِنَّ مَالَهُ مَا قَدَّمَ، وَمَالُ وَارِثِهِ مَا أَخَّرَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Араларыңда мұрагерінің мал-мүлкін өзінікінен артық көретін кім бар?” – деп сұрады. Жұрт: “Уа, Алла елшісі! Арамызда өз мал-мүлкін мұрагерінікінен артық көрмейтін ешкім жоқ”, – деді. Сонда ол: “Адамның өз мал-мүлкі – тірісінде ақыретке жібергені. Артында қалдырғаны – мұрагерінің мал-мүлкі”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Риқақ», 12 (№6442). Нәсәи, «Уәсая», 1 (№3612).
204
Кутуб ситтә, № 204 · тараудағы реті: 11

وَعَنْ أَبِي وَائِلٍ قَالَ: جَاءَ مُعَاوِيَةُ إِلَى أَبِي هَاشِمِ بْنِ عُتْبَةَ وَهُوَ مَرِيضٌ يَعُودُهُ، فَوَجَدَهُ يَبْكِي، فَقَالَ: «يَا خَالُ، مَا يُبْكِيكَ؟ أَوَجَعٌ يُشْئِزُكَ أَمْ حِرْصٌ عَلَى الدُّنْيَا؟» قَالَ: «كَلَّا، وَلَكِنْ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَهِدَ إِلَيْنَا عَهْدًا لَمْ آخُذْ بِهِ». قَالَ: «وَمَا ذَاكَ؟» قَالَ: «سَمِعْتُهُ يَقُولُ: “إِنَّمَا يَكْفِي أَحَدَكُمْ مِنْ جَمْعِ الْمَالِ خَادِمٌ وَمَرْكَبٌ فِي سَبِيلِ اللَّهِ تَعَالَى”. وَأَجِدُنِي الْيَوْمَ قَدْ جَمَعْتُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. وَزَادَ رَزِينٌ رَحِمَهُ اللَّهُ تَعَالَى، قَالَ: فَلَمَّا مَاتَ حُصِّلَ مَا خَلَّفَ فَبَلَغَ ثَلَاثِينَ دِرْهَمًا.

Қазақша аудармасы

Әбу Уаил былай дейді: «Бірде Муғауия (р.а.) сырқаттанып жатқан Әбу Хашим ибн Утбаның көңілін сұрай барды. Оның жылап отырғанын көріп: “Нағашы аға, неге жылайсыз? Жаныңызға батқан сырқат па, әлде дүниені қимайсыз ба?” – деп сұрады. Әбу Хашим: “Жоқ. Алла елшісі (с.а.с.) бізге бір өсиет айтып еді. Соны орындай алмадым”, – деді. Муғауия: “Қандай өсиет?” – деп сұрады. Әбу Хашим: “Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Сендерге бір қызметші ұстауға және Алла жолында мінетін бір көлік алуға жетерлік дүние жинасаңдар, соның өзі жеткілікті’, – дегенін естідім. Бүгін қарасам, одан да көп дүние жиыппын”, – деп жауап берді».1

Рәзин бұл риуаятты былай толықтырған: «Әбу Хашим дүние салғанда, артында қалған мүлкін есептеген екен. Барлығы отыз дирһам болып шықты».2

  1. 1Тирмизи, «Зуһд», 19 (№2327). Нәсәи, «Зинәт», 119 (№5372). Ибн Мәжа, «Зуһд», 1 (№4103).
  2. 2Әл-Мүнзири, «Әт-Тарғиб уәт-тарһиб», «Тәубе, зүһд және күнәні ізгі іспен өтеу» кітабы, 165-риуаят (Мұстафа Амара басылымы). Қосымшаны әл-Мүнзири Рәзиннен келтіреді.