وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: خَطَبَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: «إِيَّاكُمْ وَالشُّحَّ، فَإِنَّمَا هَلَكَ مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ بِالشُّحِّ، أَمَرَهُمْ بِالْبُخْلِ فَبَخِلُوا، وَأَمَرَهُمْ بِالْقَطِيعَةِ فَقَطَعُوا، وَأَمَرَهُمْ بِالْفُجُورِ فَفَجَرُوا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Абдулла ибн Амр (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жұртқа қарата: “Ашкөздіктен сақ болыңдар. Сендерден бұрынғыларды ашкөздік опат етті. Ол оларды сараңдыққа итермеледі, олар сараңдық танытты. Туыстық байланысты үзуге итермеледі, олар туыстық байланысты үзді. Арсыздыққа итермеледі, олар арсыздыққа барды”, – деді».1
Түсіндірме
«Ашкөздік» деп аударылған шұхх (الشُّحُّ) сөзі сараңдықты да қамтитын теріс мінезді білдіреді. Бұл мінез жамандыққа бастайтын өзімшілдікке ұқсайды. Өзімшіл адам қолындағы дүние-мүлкі мен бар мүмкіндігін өз қалауын өтеуге жұмсап, адамдар арасындағы байланысты әлсіретеді. Мәселен, туыстық қатынас ағайынның халін сұрауды, сүрінсе сүйеп, мұқтаж болса жәрдем беруді қажет етеді. Өзімшілдікке бой алдырған адам мұндай міндеттерді ысырып тастайды.
Кейбір ғалымдар хадистегі «фужур» сөзін өтірік, енді бірі зина деп түсіндірген. Біз оны «арсыздық» деп аудардық, өйткені бұл ұғым адамның түрлі теріс іске баруын қамтиды. Пейілдің тарылуы мен өзімшілдік адамды осындай жамандықтарға ұрындырып, ізгі істерден алыстатады.
- 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 46 (№1698).