وَعَنْ كَعْبِ بْنِ عِيَاضٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «إِنَّ لِكُلِّ أُمَّةٍ فِتْنَةً، وَإِنَّ فِتْنَةَ أُمَّتِي الْمَالُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.
Кәғб ибн Ияд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Әр үмбеттің өз сынағы бар. Менің үмбетімнің сынағы – мал-дәулет”, – дегенін естідім».1
Түсіндірме
Тирмизи сахих деп бағалаған бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) мал-дәулетке айрықша назар аудартады. Хадисті түсіндірген ғалымдар «фитнә» сөзін адасу, күнәға бой алдыру және Аллаға қарсы келу деп ұққан. Олардың айтуынша, бұл үмбетті хақ жолдан тайдырып, Исламнан алыстатуы мүмкін басты себеп – мал-дәулет.
Исламға ашық та, жасырын да қарсы шығатын түрлі ұйымдардың мұсылмандарды азғыру үшін мал-дәулетке жүгінгенін, талай жақынымыз бен жерлесіміздің дүниелік пайдаға қызығып, діннен алыстағанын көргенде мына аят еске түседі: «Расында, күпірлік қылғандар мал-дүниелерін ел-жұртты Алланың жолынан қақпайлау үшін жұмсайды. Бұдан кейін де сол мақсатта жұмсауды жалғастыра береді»2. Осындай жайттардан аяттың ақиқатын танып, Алла елшісінің (с.а.с.) осыған үндес мұғжизалы хабарларына таңданамыз.
Осы хадисті және бұдан кейінгі мазмұндас хадистерді дұрыс түсінген жөн. Ислам мал-дәулетке, билікке немесе күш-қуатқа қарсы шықпайды. Көптеген хадис мұсылманды еңбек етіп, табыс табуға ынталандырады. Парыз зекетті өтеу, мәндүп садақа беру және жиһад міндетін атқару үшін де мал-мүлік қажет. «Берген қол алған қолдан жоғары», «Күшті мүмін әлсіз мүміннен қайырлы әрі Аллаға сүйіктірек», «Тақуа адамға байлықтың зияны жоқ» деген хадистер мен «Дұшпанға қарсы қолдарыңнан келгенше күш-қуат сайлаңдар һәм соғыс үшін ат баптаңдар»3 деген аят мұсылманды еңбектеніп, қуатты болуға шақырады. Демек, хадистерде мал-дәулетке қатысты айтылған ескерту адамды дүниеқұмарлықтың мінез бен діни өмірге тигізер зардабынан сақтандыруға бағытталған.
Таршылық талай өрлеуге түрткі болса, шектен асқан молшылықтан туған босаңсу мен сауық-сайран көбіне тоқырауға бастайтынын ұмытпаған жөн. Бұған Алла елшісі (с.а.с.) іргесін қалаған Ислам мемлекеті мысал. Аштықтан есінен танған, кейде аштыққа шыдау үшін қарнына тас байлаған адамдар сол мемлекеттің негізін қалады. Көп ұзамай оның аумағы үш құрлыққа ұласты.
Сондықтан бастауы да, соңы да жоқ ақиқаттарды жеткізген Алла елшісінің (с.а.с.) дүние-мүлік жайындағы ескертулеріне ден қойған жөн. Ол былай деген: «Аллаға ант етемін, сендер үшін кедейліктен қорықпаймын. Бұрынғыларға дүние молынан берілгендей, сендерге де молынан беріліп, олар сияқты дүние үшін жарысқа түсесіңдер ме деп қорқамын. Сонда дүние оларды құрдымға жібергендей, сендерді де құрдымға жіберуі мүмкін».
Алла елшісінің (с.а.с.) дүние-мүлікке қатысты ұстанымын мына хадис айқын көрсетеді: «Бұл дүниеде адамдар төрт түрлі болады. Бір құлына Алла мал-дәулет пен ілім береді. Ол дәулетін жұмсағанда Раббысынан қорқады, туыстық байланысты нығайтады және мал-мүлкіндегі Алланың ақысын біліп, оны өтейді. Бұл кісі – ең жоғары дәрежедегі адам. Екінші құлына Алла ілім бергенімен, мал-дәулет бермейді. Ниеті түзу болғандықтан, ол: “Дәулетім болса, пәленше секілді ізгі істерге жұмсар едім”, – дейді. Ол ниетіне қарай сауап алады. Екеуінің сауабы тең болады.
Үшінші құлына Алла мал-дәулет бергенімен, ілім бермейді. Ол білместікпен мал-мүлкін орынсыз шашады. Раббысынан қорықпайды, туыстық байланысты нығайтпайды, мал-мүлкіндегі Алланың ақысын білмейді. Бұл – ең төмен дәреже.
Төртінші құлына Алла ілім де, мал-дәулет те бермейді. Сонда да ол: “Дәулетім болса, пәленше секілді жұмсар едім”, – дейді. Ол ниетіне қарай жауапқа тартылады, сөйтіп, екеуінің күнәсі тең болады».