Хадис

Кутуб ситтә, № 212

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
27. Үй құрылысы
Нөмірі
№ 212 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
212
Кутуб ситтә, № 212 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِذَا تَشَاجَرْتُمْ فِي الطَّرِيقِ فَاجْعَلُوهُ سَبْعَةَ أَذْرُعٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Жолға қатысты дау туса, енін жеті шынтақ етіңдер», – деген1.

Түсіндірме

Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) қала құрылысы мен қала тіршілігін реттеу ісіне көңіл бөлгенін көрсетеді. Алда оның қала шаруашылығына қатысты өзге мәселелермен де айналысқанын көреміз.

Ғалымдар бұл хадистегі жеті шынтақ өлшемді жұрт жүретін негізгі жолдарға қатысты түсіндіреді. Қосалқы және жеке жолдардың ені қажеттілікке сай белгіленеді. Ал негізгі жолдардың бұдан да кең болуына болады.

Исламдағы тұрғын үй мәселесі

Кітабымыздың тұрғын үйге арналған бұл бөлімінде сегіз хадис берілді. Алла елшісінен (с.а.с.) осы тақырыпта жүздеген риуаят жеткен.

Тұрғын үй – адамның негізгі қажеттіліктерінің бірі. Адам өмірінің көп бөлігін үйде өткізеді. Баспана қоғамның тұрмысын, мәдениеті мен тәрбие дәстүрін тоғыстыратын өркениеттік орта саналады.

Қазір тұрғын үйдің қоғамдық қыры өз алдына зерттеледі. Оның техникалық және инженерлік сипаты бөлек қарастырылады. Тұрғын үй әлеуметтануы әр жануардың өз ұясы болатыны секілді, әр сенім жүйесі мен әр мәдениетке де баспананың өзіндік үлгісі тән екенін айтады.

Мекен және мәдениет

Тәрбиеде адамның тұратын үйі маңызды орын алады. Өмірінің жартысынан астамы сонда өтетіндіктен, баспананың мәні тәрбиемен ғана шектелмейді.

Құран Кәрім бұрынғы қауымдардың күш-қуаты мен айбынын, зұлымдығы мен бүлігін солар мекендеген қоныстармен байланыстыра баяндайды. Олардың артында қалған жұртқа қарап, ғибрат алуға үндейді. Келесі аят Сәбә халқының өркендеуі қоныстарынан көрінгенін аңғартады.

«Расында, Сәбә халқы үшін өз қоныстарында айқын белгі бар болатын. Қоныстарының оң және сол қапталында көз жауын алатын екі бірдей ғаламат бау-бақша бар еді…» («Сәбә» сүресі, 15-аят).

Сәмуд қауымының қуатын сипаттағанда Құран олардың «Уади әл-Қурада биік жартастарды үңгіп» берік үйлер салғанын айтады2.

Зұлымдықтың салдарынан өркениет күйреп, үйлер қирап қалуы мүмкін. Келесі аят сондай қаңыраған жұртқа қарап, ғибрат алуға шақырады. «Әне, істеген зұлымдықтарының салдарынан, олардың асты-үстіне келіп, қирап, қаңырап қалған үйлері! Шүбәсіз, мұнда ақиқатты білгісі келетін қауым үшін зор ғибрат бар!»3

Келесі аяттарда материалдық өркендеу үйлердің сән-салтанаты арқылы суреттеледі. Сондай байлыққа қызығу адамдардың сенімі мен тұрмыс салтын өзгертіп, азғындыққа ұрындыруы мүмкін екені аңғартылады. «Егер адамдар бірыңғай кәпір үмбетке айналмайтын болғанда, Рахманға күпірлік қылған әрбір кәпірді мол байлыққа бөлер едік те, үйлерінің төбесі мен басатын баспалдақтары саф күмістен құйылған болар еді.

Һәм үйлерінің есіктері мен шалқая түсіп, жайғасып отыратын орынтақтары да күмістен болар еді.

Һәм саф алтыннан да құйылған болар еді. Дегенмен бұлардың бәрі де дүние тіршілігінің болмашы бұйым-боқшасы ғана…»4

Аяттарда сөз болған адам мен баспананың байланысы бүгінде дербес зерттеу тақырыбына айналды. Тұрғын үй әлеуметтануының мамандары зерттеулер жалғасқан сайын тәжірибелік ғылымдарға тән, жалпыға ортақ объективті заңдылықтар ашылады деп есептейді. Қазіргі зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, олар баспананы белгілі бір өркениет мәдениетінің көрінісі, қоғамның жер бетіне басқан таңбасы деп сипаттайды. Сол таңбадан қоғамның рухани ахуалын, экономикалық жағдайын, басынан өткерген қиындықтары мен түйткілдерін аңғаруға болады.

«Арыстан жатағынан танылады» деген сөздің аясын кеңейтіп, адамды да, қоғамды да, тұтас өркениетті де мекенінен тануға болады деуге келеді. Зерттеушілер баспана мен мәдениетті өзара тығыз байланыста қарастырады. Тұрғын үй адамның мәдениетіне үйлеспесе, адам не үйін өз қажетіне лайықтап өзгертеді, не үйдің өзі оның ой-сезіміне, түсінігі мен мінез-құлқына ықпал етеді. Мамандардың «Үйлерімізді өзіміз салдық деп ойлаймыз. Шын мәнінде, бізді қалыптастырған – үйлеріміз» деуі осыдан.

Кейбір зерттеушілер қоғамның экономикалық негізін «базис», ал дінін, құқығы мен саясатын «қондырма» деп атайды. Олардың пікірінше, экономикалық негіз өзгерсе, қондырма да өзгереді. Тұрғын үйге қатысты ұқсас пікір айтылады. Үй мен қызметтік баспананы тұрақты түрде өзгерту үшін отбасы мен қоғамның өзі өзгеруі керек. Жүйелі тәрбиенің ықпалымен мәдениет, техника және экономикалық тіршілік жаңарса, баспана да соған сай өзгереді.

Бұл пікірдің негізі бар. Байырғы жұрттың қарапайым баспанасын техникасы дамыған елдің құрылыстарымен салыстырсақ, соған көз жеткіземіз.

Үй адамды ыстық пен суықтан, қауіп-қатерден қорғайды. Мәдениет пен рухани құндылықтар да осы ортада сақталады. Осындай баспананың сүннеттегі орны қандай?

Тәрбие адамға қоғам мәдениетін сіңіреді әрі дүние мен ақырет бақытына жетуіне көмектеседі. Адамдарға осы бақыттың жолын көрсеткен ұстаз әрі тәрбиеші Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) олардың өмірінде маңызды орын алатын үйге қалай қараған? Ол жеткізген дін қандай баспананы қолайлы деп таныған?

Бұл сұрақтарға жауап іздеу үшін тәрбие мен әдепке арналған еңбектерге де үңілеміз. Көп еңбекте баспана негізгі қажеттіліктің бірі саналады. Мәселен, Қыналызаде үйді ұрпақтың жалғасуына қажет бес негізді – ата-ананы, баланы, қызметшіні және азық-түлікті – сақтайтын мекен деп сипаттайды. Үйдің тастан, жүннен, теріден және өзге материалдан жасалатынын айтады. «Ахлақ-и хамида» еңбегінде негізгі қажетіне керегін сақтайтын орын әзірлеу адамды жануардан ерекшелейтін қасиеттердің бірі ретінде аталады. Қари үй сала бастағанда ыстық пен суықтан қорғанумен қатар, онда ғибадат жасауға да ниет ету керегін айтады. Кей еңбектер құрылыс материалы мен салу тәсілін егжей-тегжейлі көрсетеді. Ал тәрбие тұрғысынан маңызды үйдің жоспары, өзге нысандармен байланысы және денсаулық сақтау шарттары жеткілікті талданбайды. Мысалы, баспананың кең, аласа болуы керегі айтылғанымен, себебі жан-жақты түсіндірілмейді. Үйдің жоспары мен адамның қажетіне сәйкестігі оның тәрбиеге ықпалын айқындайды. Сондықтан баспананы айналасындағы ортадан бөліп қарау жеткіліксіз.

Құран мен сүннетте үйдің тәрбиелік мәнімен қатар, оның өзге нысандармен байланысына көңіл бөлінеді. Сүннетте баспана жайы кеңінен сөз болады. Бірнеше риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) адамның бақытына негіз болатын үш нәрсені атаған. «Салиқалы жар, салиқалы үй, жайлы мініс». Мұндағы «салиқалы үй» ұғымының аясы кең. Кей хадисте үйдің кеңдігі, көршілерінің жақсы болуы, мешітке жақындығы аталады. Заманның жағдайы мен адамның қажеті өзгерген сайын бұл сипаттардың қатары да толыға береді.

Бұл бөлімде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) баспанаға қатысты насихаттарын екі бағытта қарастырамыз.

1. Баспанаға жеке қойылатын талаптар

Алдымен баспананы өз алдына қарастырамыз. Сүннетте аталған сипаттары мен бөліктеріне тоқталып, қолайлы үйдің негізгі жоспарын және Алла елшісінің (с.а.с.) тұрғын үйге қатысты ұстанымын баяндаймыз.

2. Қала құрылымындағы баспана

Бұл бөлімде үйді қаланың бір бөлігі ретінде қарастырамыз. Үйдің сырттағы жалғасы іспетті, тұрмысын толықтыратын қоғамдық нысандармен байланысын сөз етеміз.

Баспанаға жеке қойылатын талаптар

Үйдің тәрбиеге ықпалын зерделегенде алдымен оның ішкі құрылымына назар аударамыз. Тұрғындары өзін жайлы сезінуі үшін үй қандай болуы керек? Бөлмелердің саны мен көлемі, төсеніштері мен жиһазы қандай болғаны жөн? Сүннетте осыған қатысты өлшемдер бар ма? Ең әуелі осы талаптардың ішіндегі ең маңыздысы — үйдің кеңдігіне тоқталайық.

1) Үйдің кеңдігі

Сүннетте жайлы баспананың басты сипаты ретінде кеңдік аталады. Үйдің кеңдігі дегенде отбасының қажетіне жарайтын бөлмелерінің мол болуы меңзеледі.

Сүннетте үйдің кеңдігіне мән берілгенін аңғартатын риуаяттар көп. Уқба ибн Амир құтылудың жолын сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Тіліңе ие бол, баспанаң өзіңе жетерлік болсын, күнәң үшін көз жасыңды төк», — деп жауап берген. Сәубанның риуаятында да «Тіліне ие болып, баспанасы өзіне жеткен әрі күнәсі үшін жылаған жан қандай бақытты!» — делінген. Алла елшісінің (с.а.с.) «Уа, Раббым! Күнәмді кешір, үйімді кең, ризығымды берекелі ете гөр!» — деп дұға еткені де риуаят етілген.

Кейбір риуаяттарда үйдің кеңдігі адамның бақытына сеп болатын, ал тарлығы тұрмысын қиындататын сипат ретінде аталады.5 Сондай риуаяттардың бірінде «Адамның тұрмысын ауырлататын үш нәрсе бар. Олар — мінезі жаман әйел, жайсыз баспана және қолайсыз көлік», — делінген.

Хаким келтірген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) «Үйдің жайсыздығы — тарлығында», — деген. Мұнда пайдалануға жарайтын бөлмелердің аздығы меңзелген.

Ал Ибн Хажар Табараниден келтірген нұсқада үйдің тарлығы оның алып жатқан аумағына қатысты айтылады.

Һижреттен кейін мұһажир әйелдердің бірқатары үйлерінің тарлығын айтып шағымданған. Осы риуаяттардан Алла елшісінің (с.а.с.) бұл мәселеге айрықша мән бергенін байқаймыз. Ол мұһажирлерді әуелі ансарлардың үйлеріне орналастырып, кейін Мәдинадан өздеріне үй салуға жер бөлген. Әс-Сәмһуди жер телімі берілген сахабалардың бірқатарын атап, сол телімдердің көбі Пайғамбар мешітінің маңында болғанын айтады.

Кей риуаяттарда жайсыз баспананың белгілері ретінде тарлықпен қатар көршінің жамандығы және мешіттен азан мен қамат естілмейтіндей алыста орналасуы аталады. Ғурани бұларға ауасының қолайсыздығын да қосқан.

Сүннеттегі кей риуаяттар адамға тұрып жатқан үйі жайлы болғанын, қолайсыз болса, әуелі жағдайын түзеп көруді, бұл мүмкін болмаса, одан көшуді меңзейді. Әнәс (р.а.) жеткізген риуаятта бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) «Уа, Алла елшісі! Бұрынғы үйімізде адамымыз көп, мал-дүниеміз мол еді. Осы үйге көшкелі санымыз да, малымыз да азайды», — дейді. «Муаттадағы» нұсқада бұл сөзді әйел айтқаны баяндалады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Ол үйді жайсыз деп біліп, көшіңдер», — деп жауап береді.

Хаттабидің түсіндіруінше, көшуді ұсынудағы мақсат — үйді жамандықтың көзі санаған адамдарды сол күдік пен үрейден арылту.

Риуаятта тұратын жерінде оба күшейгенін айтқан йемендік кісіге Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Ол жерге барма, ауру жұқса, адам шығыны көп болуы мүмкін», — дегені баяндалады. Үйінің тарлығына шағымданған Халид ибн Уәлидке «Үйіңді биіктетіп сал да, Алладан кеңдік тілеп, соған қам қыл», — деп кеңес бергені де айтылады.

Бұл риуаяттардан үйдің аумағы да, бөлмелері де отбасының қажетіне сай болуы керегін ұғамыз. Үйдің аумағы мен бөлме санына ортақ нақты өлшем берілмеген. Өйткені кей отбасы көп балалы, кей үйде ерлі-зайыпты екеуі ғана тұрады.

2) Үйдің жоспары

Баспананың негізгі сипатын анықтаған соң, аяттар мен хадистерге сүйеніп, үйдің жалпы жоспарын жасауға бола ма деген сұрақ туады. Құрандағы тұрмысқа қатысты нұсқаулар отбасының ең аз дегендегі қажеті қандай екенін аңғартады. Оларды сүннеттегі деректермен сабақтастыра қарасақ, ислам тәрбиесіне және дүниетанымына сай баспананың жалпы сұлбасы көрінеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, баспананың көлемі отбасы мүшелерінің санына байланысты. Құранда суреттелген шағын отбасы қазіргі әлеуметтануда «нуклеар отбасы» деп аталатын үлгіге жақын. Мұндай шаңырақта ата-ана, балалары және қажетіне қарай қызметші тұрады. Жақын туыстардың үйі мен дастарқаны бөлек болады. Мұны мына аяттан ұғамыз. «…Әрі өздерің де жұбайларың мен балаларыңның үйлерінен, әкелерің мен аналарыңның үйлерінен, бауырларың мен әпке-қарындастарыңның үйлерінен, әкелеріңнің бауырлары мен әпке-қарындастарының үйлерінен, аналарыңның бауырлары мен әпке-сіңлілерінің үйлерінен және кілті қолдарыңда болған үйлерден немесе жақын дос-жарандарыңның үйлерінен ішіп-жегендерің үшін күнәға қалмайсыңдар. Әрі сендер үшін бірге отырып немесе бөлек отырып ішіп-жегеннің де айыбы жоқ…»6

Аяттың соңында бірге немесе бөлек ас ішудің айыбы жоқ екені айтылады. Осы аяттан туыстардың әдетте өз шаңырағында, өз дастарқанында ас ішетінін аңғарамыз.

Мына аяттан бала не қызметші бар үйде кемінде екі бөлме болғаны және тынығатын үш мезгілде әркімнің өз бөлмесінде болғаны, ал жеке бөлмеге рұқсатпен кіретіні аңғарылады. «Уа, иман келтіргендер! Қол астыларыңдағы құлдарың мен қызметшілерің һәм араларыңдағы балиғатқа толмаған жас балалар мына үш мезгілде жеке бөлмелеріңе кіру үшін рұқсат сұрасын: таң намазының алдында, түскі уақытта тынығып алу үшін киімдеріңді шешкендеріңде және құптан намазынан кейін. Міне, осы үш мезгіл сендердің ұятты шақтарың. Ал бұдан өзге уақыттарда сендер үшін де, олар үшін де бір-біріңе рұқсатсыз кіріп-шығудың айыбы жоқ. Өйткені олар сендерді айналсоқтап жүреді және біріңе-бірің кіріп-шықпауларың мүмкін емес. Міне, Алла сендерге аяттарын осылайша баяндайды… Балаларың балиғатқа толғанда, өздерінен үлкендердің рұқсат сұрағанындай, олар да жеке бөлмелеріңе кіру үшін рұқсат сұрасын…»7

Ибн Аббас аяттың түсу себебін былай түсіндіреді. Ол кезде үйлерде перде болмаған. Ерлі-зайыптылар оңаша қалғанда, бала, қызметші немесе үйдегі жетім бала рұқсатсыз кіріп кететін. Ибн Аббастың түсіндіруінше, осыдан кейін түскен аят оңаша бөлмені қалқалауды бұйырған.

Ибн Кәсирдің жазуынша, Ибн Аббас аяттың мағынасы анық әрі үкімі жойылмағанына қарамастан, жұрттың оны орындауға салғырт қарағанына қынжылған.

Осыдан бірінен екіншісіне өтуге болатын, арасы ағаш есікпен немесе мата пердемен бөлінген кемінде екі бөлме қажет деген тұжырымға келеміз.

Сәбра ибн Мағбад жеткізген риуаятта балалардың төсегін жеті жасынан бастап бөлу бұйырылған (Хаким, «Мустадрак», № 721). Хадисте төсекті қалай бөлу керегі нақты көрсетілмеген. Мұны әр отбасы өз жағдайына қарай шешеді. Балиғатқа жетпеген балалар бір бөлмеде, бөлек төсектерде жата алады. Ал балиғатқа толғанда ұлдар мен қыздарға бөлек бөлме қарастырған тәрбиелік тұрғыдан орынды. Хадис мәтіні мұндай тұжырымға қайшы келмейді.

Осы тұжырымға сай, үйде кемінде үш бөлме қарастырылғаны жөн.

1. Ата-анаға арналған бөлме.

2. Қыздарға арналған бөлме.

3. Ұлдарға арналған бөлме.

Мұсылман үйін жоспарлағанда қонақтың да жайын ойлайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаға және ақырет күніне иман келтірген жанды қонағына құрмет көрсетуге шақырған. Бір риуаятта қонақтың ерекше құрметке бөленер мерзімі бір күн, бір түн, ал жалпы қонақ күту мерзімі үш күн екені айтылады. Басқа хадисте ерге бір төсек, әйеліне бір төсек, қонаққа бір төсек тиесілі екені және төртінші төсек шайтанға тиесілі екені баяндалады. Хадис төсек кімдерге әзірленетінін аңғартады. Мұнда балалардың төсегі аталмайды. Бұдан ерлі-зайыптылардың төсегі, тіпті бөлмесі бөлек болуы мүмкін екенін және қонаққа да төсек пен орын қарастыру керегін аңғарамыз. Ғалымдар «төртінші төсек шайтанға тиесілі» дегенді қажеттіліктен тыс, жұртқа көрсету, мақтану үшін жиналған, ысырапқа айналған мүлікке қатысты түсіндірген. Ибн Зубайр әйелінің бөлмесінде үш төсек көргенде «Бірі маған, бірі әйеліме. Үшіншісі шайтанға тиесілі, оны шығарыңдар», — деген екен. Бұл сөзінде ол қонақтың төсегін атамаған.

Алғашқы мұсылмандар үй жоспарында қонақтың жайын ескергенін «Ширғатул-исламдағы» мына сөз де аңғартады. «Үй салудағы сүннеттердің бірі — қонаққа арнап бөлме әзірлеу. Өйткені бір риуаятта “Әр нәрсенің зекеті бар, үйдің зекеті — қонаққа ас беру” делінген».

Құранда қартайған ата-анаға қамқорлық көрсету бұйырылады. Үйді жоспарлағанда, оларға да бөлме қарастырған жөн. Мұсылман үйінде кемінде екі бөлме болғаны жөн деген тұжырымға келсек те, олардың санына жоғарғы шек қойылмаған. Бөлме саны отбасының қажеті мен тұрмыс мүмкіндігіне қарай белгіленеді. Үйдің аумағы мен бөлме саны отбасының өзгеріп отыратын қажетіне бейімдеуге мүмкіндік бергені жөн.

Үйді жоспарлағанда ауласы да ескеріледі. Алла елшісі (с.а.с.) тұрған үйдің жоспарынан да ауланың баспананың ажырамас бөлігі болғанын көреміз. Үйге қойылатын талаптар туралы риуаяттарда аула жиі аталады. Сондықтан мұсылмандар ауланы үйдің бір бөлігі деп біліп, бертінге дейін қалада да үйін бау-бақшасымен қоса салған. Қазіргі ірі қалаларда аула мен бау-бақшаға орын қалдыру дәстүрі сиреп барады.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үйінің жоспары

Алла елшісінің (с.а.с.) үйі әр қабырғасы шамамен жүз шынтақ болатын шаршы ауланы айнала орналасқан тоғыз бөлмеден тұрған. Оның екеуі Пайғамбар мешітімен бірге, қалғаны қажетіне қарай кейін салынған. Сыртқа жабық, есіктері ортақ аулаға ашылатын мұндай үйлер Мысыр, Сирия, Месопотамия және Арабия түбегінің кейбір қалаларында әлі де кездеседі. Риуаяттар бойынша Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бөлмелері шамамен он шынтаққа он шынтақ, ал қабырғаларының биіктігі жеті-сегіз шынтақ болған. Айша анамыздың (р.а.) бөлмесінің есігі тікенді аршадан немесе Үндістанда өсетін, эбен ағашы мен шынарға ұқсас «урур» ағашынан жасалғаны айтылады.

Есік бір қанатты болып, Шам жаққа қараған. Кейбір риуаяттарда бөлмеге екінті мезгілінде күн сәулесі түскені де айтылады.

Кәттани Алла елшісінің (с.а.с.) үйінің жоспары мен көлемін біршама әсірелеп сипаттайды. Оның болжамы дәлелге сүйенбегендіктен, мұнда келтіруді жөн көрмедік.

Соңғы кезеңде жазылған еңбектерде бөлменің жеткілікті биіктігі сүннетте алты шынтақ деп көрсетіледі. Бұл өлшем жоғарыдағы деректерден алынған болуы мүмкін. Ал бөлменің жеткілікті кеңдігі онда тұратын адамдардың саны мен жағдайына қарай белгіленеді.

3) Үй жоспарының икемділігі

Үй бір рет салынады, ал отбасының бөлме мен кеңістікке мұқтаждығы уақыт өте өзгереді. Балалар дүниеге келгенде отбасы ұлғаяды, есейіп, өз шаңырағын көтергенде қайта шағындалады. Сүннеттегі кей риуаяттардан үйдің ішкі кеңістігін осы өзгерістерге бейімдеу мүмкін болғанын аңғарамыз. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үйінің бір бұрышында бойжеткен қыздарға арнап «хидр» деп аталатын шағын шатыр тіккені баяндалады. Бір қызға сөз салынғанда, шатырдың алдына отырып, екеуінің есімін атап, кімнің оны айттырып келгенін жеткізетін. Қыз үн қатпаса, соны келісім санап, сөз салған кісіге ұзататын. Қаламаса, қыз тықылдатып белгі беретін. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұны қарсылық деп түсініп, қызды оған ұзатпайтын.

Кей риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) шиден тоқылған төсеніші болғаны айтылады. Күндіз оны жерге төсесе, түнде өзі мен өзгелердің арасын қалқалап, жеке орын жасаған.

Зәйд ибн Сәбит (р.а.) бұл қалқаның мешітте жасалғанын жеткізеді. Мұндай тәсілдің үйде де қолданылғанын Айша анамыздың (р.а.) «Мүснадта» келтірілген риуаяты аңғартады. «Біздің бір ши төсенішіміз бар еді. Күндіз оны төсеп, түнде онымен бөлменің бір бөлігін қалқалайтынбыз…»

Алла елшісінің (с.а.с.) бөлмелерінде шағын шатыр тігіліп, ішкі кеңістіктің бөлінгенін аңғартатын өзге риуаяттар да бар. Пайғамбарымыз (с.а.с.) азат еткен Рузәйна (р.а.) Айша анамыздың (р.а.) бөлмесінде қажет кезде ішіне кіріп оңашаланатын, құрма бұтақтарынан өрілген шағын шатыр болғанын айтады. Шатырдың ішіне шаң-тозаң жиналып, өрмекші тор құрғаны туралы дерек оның жиі пайдаланылмағанын аңғартады.

Сонымен, риуаяттардан Алла елшісінің (с.а.с.) үйінде оңашалықты сақтау үшін перде тартылғанын, шағын шатыр тігілгенін көреміз. Үйдің ішкі кеңістігі отбасының қажетіне осылайша бейімделген.

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларының әрқайсысына жеке бөлме қарастырылған. Балалары оның жанында тұрмаған. Мәдинада жүргенде Мысырдан келген Мариядан (р.а.) перзент сүйген. Мария өзге жұбайлар сияқты мешіт маңындағы бөлмелердің бірінде тұрмай, бөлек жерде тұрған.

Бұған дейін Алла елшісінің (с.а.с.) сүт анасының қолындағы баласын жиі барып көріп тұрғанын айтқан едік.

Үйге қажетті бөлмелер

Ас үй, әжетхана мен жуынатын бөлме күнделікті қажетке жарайды. Бұлардың бір бөлігі үйлерде ертеден бар еді, енді бір бөлігі ислам мәдениеті мен тұрмыс әдебіне сай кейін қосылды. Тұрғын үй әлеуметтануында баспананы мәдениеттің жер бетіне түскен ізі деуінің мәні осында. Үйдің әрбір бөлігі онда тұратын адамдардың нанымын, талғамы мен әдетін танытады. Исламға дейінгі үйлерде көршілерге ортақ пеш, жоқшылықтан кейде екі ай бойы от жағылмаған ас үй, баспалдақпен көтерілетін үстіңгі қойма болған. Үй ішіндегі зат қоятын ойықтың аузын пердемен жапқан. Затқа арнап сөре, жарық пен ауа кіретін саңылау, астына бұйым салынатын жабық қуыстар жасаған. Үлкен бөлменің ішіне тар бөлме де салынған. Жәһилият дәуірінде күйеуі қайтыс болған әйел аза тұтып, төбесі аласа, тар үйшікте бір жыл отырған. Кейін мұсылман үйлерінің көбіне әжетхана, жуынатын орын, қонақ бөлмесі мен намаз оқитын жер енді. Әдеп туралы еңбектердің «Үйге қатысты сүннеттер» бөлімінде әжетке, дәрет пен ғұсыл алуға, қонақ күтуге бөлек орын қарастыру айтылған. Онда «Әр нәрсенің өз зекеті бар. Үйдің зекеті – қонаққа дастархан жаю» деген риуаят келтіріледі. Мұндай жоспардың кең тарағанын осыдан да аңғаруға болады.

Ислам мәдениетімен орныққан үй бөліктері

Әжетхана

Бұхари, Мүслим және өзге жинақтардағы риуаяттарға қарағанда, исламға дейінгі араб үйлерінде әжетхана болмаған. Ибраһим Жанан Еуропаның үйлері мен сарайларында да бір кездері мұндай орын болмағанын мысалға келтіреді. Ол заманда адамдар қажеті туғанда қала сыртына шығатын. Алла елшісі (с.а.с.) мен жұбайлары да әуелде осы әдетті ұстанған. Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайлары түн қараңғылығын пайдаланып, Мәдина сыртындағы Мәнасиғ деп аталатын жерге баратын. Алла елшісі (с.а.с.) де ешкімнің көзіне түспейтіндей ұзап кететін. Риуаятта оның Тайыф жолындағы, Меккеден бір фарсахтың үштен екісіндей қашықтағы Муғаммиске дейін барғаны айтылады. Ибраһим Жананның түсіндіруінше, орану туралы аят түскен соң үйлерде әжетхана салына бастаған.

Сәмһуди келтірген риуаятқа қарағанда, әжетхана әзірет Айша (р.а.) мен Пайғамбардың қызы Фатиманың (р.а.) бөлмелері арасындағы бос жерде орналасқан.

Әжетхана үйдің жоспарын өзгертті. Оның бағытын белгілеуге де діни әдеп әсер етті. Алла елшісінің (с.а.с.) «Дәрет сындырғанда құбылаға бет бұрмаңдар, арқа да бермеңдер» деген хадисі мұсылман үйлерінде әжетхананың орналасу бағытын ескеруге негіз болды.

Алла елшісі (с.а.с.) бұл нұсқауды Мекке халқына жеткізу үшін Сәһл ибн Ханифті арнайы жіберген. Риуаяттарда Мысыр мен Шамға барған мұсылмандардың құбылаға қаратып салынған әжетханаларды пайдаланғанда да мүмкіндігінше осы әдепті сақтағаны айтылады. Ғалымдар түрлі риуаяттарға сүйеніп, бұл тыйым тек ашық жерге қатысты ма, жабық жерде құбылаға арқасын беруге бола ма деп талқылаған. Сондай-ақ тыйымның Құдыс бағытына да қатысы бар-жоғын сөз еткен. Әжетханада су ұстау, оны су пайдалануға ыңғайлап салу да сүннеттегі нұсқаулармен байланысты.

Жуынатын бөлме

Әжетханадан кейін үйге қажет орынның бірі – жуынатын бөлме. Исламға дейін де жуынатын орын болған. Ислам тараған соң дәрет пен ғұсыл алу үшін мұндай орынның маңызы артты. Риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) ауырған кезінде легенге отырып жуынғаны айтылады. Айша анамыздың (р.а.) Пайғамбармен (с.а.с.) бірге ғұсыл алғаны да жеткен. Бірде бауыры Алла елшісінің (с.а.с.) қалай ғұсыл алғанын сұрағанда, Айша анамыз (р.а.) аз судың жеткілікті екенін көрсету үшін перденің ар жағында шамамен бір сағ сумен жуынған. Бұл оның үйінде ғұсылға арналған бөлек орын болғанын аңғартады. Кейінірек тоқталатын бір риуаятта Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сапардан оралды. Ол жоқта қанатты аттар бейнеленген пердені іліп қойған едім. Оны түсіруді бұйырғанда, түсірдім. Алла елшісі екеуміз бір ыдыстан су алып, ғұсыл алатынбыз». Кирмани Айша анамыздың перде туралы айтып отырып, ғұсылға көшуіне назар аударады. Ол пердемен бөлінген орын жуынуға арналған болуы мүмкін деп пайымдайды.

Осы риуаяттарға сүйеніп, Айша анамыздың (р.а.) үйінде ғұсыл алатын бөлек орын болған деуге болады. Бұл пайымды Алла елшісінің (с.а.с.) ауырған кезде жуынған легені туралы хабар да қуаттайды. Риуаятта легеннің Хафса анамыздікі (р.а.) екені айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) Айша анамыздың бөлмесінде сырқаттанып жатқанда жуынатын жерге бармай, өзіне ыңғайлы болғандықтан, сол легенге отырып жуынған.

Тар үйдің балаға әсері

Хадисте жайсыз үй тұрмыстағы қиындықтардың бір себебі ретінде аталады. Ол үй ішіндегі әр адамға, әсіресе балаға әсер етеді. Сондықтан баспананы жоспарлап, салғанда баланың тәрбиесі мен денсаулығына қажет жағдай ескерілуі керек. Автор келтірген зерттеулерде тұрмысқа қолайсыз үйлерде бала өлімі жиірек болғаны айтылады. Ондай үйлерде өскен балалардың арасында құқық бұзғандар мен тәні немесе жан дүниесі сырқаттанып, ем іздегендер де көбірек болған.

Тар үй баланың тұлға болып қалыптасуына да бөгет келтіруі мүмкін. Алла елшісінің (с.а.с.) балалармен қарым-қатынасы жайында сөз еткенде, балаға еркіндік беруге мән бергенін айтқан едік. Ол балаларға ерекше мейірім танытып, олардың ісіне орынсыз араласпаған және тәрбие үшін қол көтермеген. Ал тар үйде бала қолы жеткен нәрсені ұстап көргісі келсе де, секіріп ойнап, дауыстаса да, үлкендер оны жиі тыйып, зекіп жатады. Бұл баланың еркін ойнауына кедергі келтіреді.

Алла елшісінің (с.а.с.) үйі қарапайым болған. Оның мұсылмандарға қарапайымдықты ұсынуын бала тәрбиесі тұрғысынан да бағалауға болады. Көз тартатын, тез сынатын бұйым баланың қолы жететін, күнде жүріп өтетін жерде тұрса, оған «ұстама», «сындырып аласың» деп қайта-қайта ескертуге тура келеді. Үй тар немесе бөлмелері сәтсіз жоспарланса, бұл үлкенге де, кішіге де қолайсыз. Осы тұрғыдан бұрынғы үйлердің қарапайымдығы көңілге қонымды. Бала бойына шақ, қауіпсіз жиһаз бен оның қолы жетпейтін биік сөреге қойылған әшекей ата-анаға баланы орынсыз шектемеуге көмектеседі.

Кең әрі ұтымды жоспарланған үй бұл қолайсыздықты азайтады. Экономикалық және әлеуметтік себептермен көп адам бір тар үйде тұруға мәжбүр болса, оны азайту әлдеқайда қиын.

Автор келтірген зерттеушілердің байқауынша, бір бөлмеге шаққандағы адам саны орта есеппен 2-ден 2,5-ке артқанда8, баланың тез ашуланып, заттарды сындыра беруі жиілейді.

Басқа зерттеушілер де адам басына шаққандағы алаң 8–10 м²-ден азайғанда, ата-ана мен баланың арасында кикілжің көбейіп, үлкендердің балаға жиі ұрысатынын айтады. Автор осы зерттеулерге сүйеніп, адам көп әрі тар үйде баланың мінез-құлқы мен психикалық дамуына кері әсер тиюі мүмкін екенін ескертеді. Тұрмыс жағдайы өзгермесе, дамудағы тежелісті еңсеру де қиынға соғады.

Тұрмысқа қолайсыз баспананың салдары отбасы шеңберінен асып, қоғамдық мәселелерге ұласуы мүмкін.

4) Үй жабдықтары

Алла елшісінің (с.а.с.) үйіндегі жабдықтар жайлы риуаяттар да оның қарапайым тұрмысын танытады. Пайғамбар (с.а.с.) жұбайларымен біраз уақыт бірге болмауға ант еткенде, әзірет Омар (р.а.) оның бөлмесіне кіріп, көргенін баяндаған. Алла елшісі басына құрма талшығы салынған жастық сүйеген екен. Астында денесінің бір бөлігіне ғана жететін, құрма жапырағынан тоқылған ши төсеніш жатыр. Жоғарыда үш иленбеген тері ілулі тұр, жанында тері илеуге қажет ағаш жапырақтары бар. Шидің ізі Пайғамбардың денесінде қалғанын көрген Омар көзіне жас алады. Алла елшісі (с.а.с.) себебін сұрағанда, Омар: «Мына ши денеңізге із түсірген, ал бөлмеде көзге ілінер өзге ештеңе жоқ. Кисра мен Қайсар молшылықта өмір сүріп жатыр. Алланың елшісі бола тұра осындай таршылық көріп отырсыз. Сізге де төсек салып берсек болмас па?» – дейді. Алла елшісінің (с.а.с.) басқа бір риуаяттағы жауабы былай: «Менің бұл дүниемен не байланысым бар? Бұл дүниеде ағаш саясына аялдап, артынан жолын жалғастырған жолаушы іспеттімін».

Төсеніш

Алла елшісінің (с.а.с.) үйінде көбіне құрма жапырағынан тоқылған ши төселетін. Күндіз оны еденге жайған, түнде бөлмені бөлу үшін перде етіп ұстаған.

Арабтар ол кезде кілемді білген. Дегенмен Алла елшісі (с.а.с.) мен мұсылмандардың көбі оны қолданбаған тәрізді. Пайғамбар (с.а.с.) кілем ұстамағандықтан, кейбір сахабалар оны мәкруһ санаған. Алайда мына риуаят кілемнің көбіне жоқшылықтан қолданылмағанын әрі оған рұқсат берілгенін аңғартады. Жәбир (р.а.) былай дейді: «Үйленгенімде Алла елшісі (с.а.с.) “Кілем алдың ба?” деп сұрады. Мен “Бізде кілем қайдан болсын?” дедім. Сонда ол “Кейін сендерде де кілем болады”, – деді».

Рұқсат көбіне еденге төселетін кілемге қатысты. Қабырғаға тек сән үшін кілем ілу құпталмаған. Мүслим келтірген риуаятта Айша анамыз (р.а.) есікке өрнекті жабу іледі. Алла елшісі (с.а.с.) оны жұлып түсіріп: «Алла бізге тас пен топырақты киіндіруді бұйырған жоқ», – дейді. Бұхари келтірген хабарда Ибн Омардың (р.а.) үйіне шақырылған Әбу Әйюб (р.а.) қабырғадағы жабуды көріп, кідіріп қалады. Ибн Омар: «Бұл істе әйелдер бізден басым түсті», – дейді. Әбу Әйюб: «Мұны өзгеден күтсем де, сенен күтпеп едім», – деп кері қайтады.

Ибн Хажар өзге риуаяттарға сүйеніп, Ибн Омардың (р.а.) ұлы Сәлімнің үйлену тойына қонақ шақырғанын айтады. Абдулла ибн Язид те шақырылған үйдің қабырғасына сән үшін жабу ілінгенін көріп, ішке кірмей, сыртта отырып жылайды. Себебін сұрағандарға: «Қалай жыламайын? Алла елшісінің (с.а.с.) “Дүние сендерден басым түседі. Үйден бір киіммен шығып, басқа киіммен қайтасыңдар. Үйлеріңді де Қағба секілді жабумен қаптайсыңдар” дегенін естіген едім», – дейді.

Ибн Хажар осы риуаяттарды келтіре отырып, қабырғаға кілем не жабу ілу жайында ғалымдардың ертеден әртүрлі пікір айтқанын көрсетеді. Шафиғи ғалымдарының көбі мұны мәкруһ санаған. Ханафи ғалымдары да үйді безендіруде шектен шығуды құптамаған.

Кереует

Алла елшісінің (с.а.с.) үйінде кереует те болған. Риуаяттарда немересі Хасан ойнайтын күшіктің кейде кереуеттің астына кіріп кететіні, кейін сол жерде өліп қалғаны айтылады. Кереуеттің асты ашық болғандықтан, қажет кезде оған леген мен қағаз-құжат сияқты ұсақ бұйымдар қойған.

Суһайлидің айтуынша, Алла елшісінің (с.а.с.) кереуеті талшықпен біріктірілген тақтайлардан жасалған. Үмәйя әулеті билік еткен тұста бір кісі оны 4 000 дирхамға сатып алған.

Әбу Рифағаның (р.а.) риуаятынан Алла елшісінің (с.а.с.) аяғы темірден жасалған орындығы болғанын білеміз. Әзірет Әлидің (р.а.) айтуынша, Пайғамбардың қызы Фатиманың қолы қолдиірмен айналдырудан жараланып, күстеніп кеткен.

Көрпе-төсек

Алла елшісі (с.а.с.) үйде қажеттен артық төсек ұстауға тыйым салған. Өзінің төсегі біреу болған. Сырты терімен қапталып, ішіне құрма талшығы толтырылған. Жастығы да осылай жасалған. Екеуі де едәуір қатты болған. Бұл оның қарапайым тұрмысын, дүние қызығына берілмегенін көрсетеді. Тәрбие кітаптарында баланың төсегі қатты болсын деген кеңес бар. Автор бұл кеңес ойшылдар мен дәрігерлерден алынған болуы мүмкін екенін айтады, өйткені осыған қатысты Пайғамбарға (с.а.с.) телінетін риуаят кездестірмеген.

Перде

Риуаяттарға қарағанда, Алла елшісінің (с.а.с.) бөлмелерінде қалқа үшін перде жиі қолданылған. Бұхари келтірген риуаяттағы «Бөлмесінің пердесін ашты» деген сөйлемде «әс-сижф» сөзі кездеседі. Бұл сөз ұзынынан ортасынан ашылатын пердені білдіреді. Осыған сүйенген автор терезеде екі қанатты перде болған шығар деп пайымдайды.

Леген

Кей риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) құрма ағашынан жасалған легенді түнде пайдаланып, кейін кереуетінің астына қойғаны айтылады. Кейбір ғалымдар мұны үй ішіндегі ыдыста зәр сақтаудан тыйған риуаяттармен салыстырған. Сол риуаяттардың бірінде періштелер зәр сақталған үйге кірмейді делінген. Суютидің пайымынша, ол тыйым зәрді үйде ұзақ ұстамауға қатысты болуы мүмкін. Алла елшісінің ауырған кезінде кіші дәретке леген сұратқаны, сондай-ақ легенге отырып жуынғаны да риуаят етілген. Жылжытып, қажетіне қарай қолдануға болатын легеннің үй жабдықтары арасында өз орны болған.

Шам

Айша анамыздың (р.а.) түнгі намаз жайындағы бір риуаятында «Ол кезде үйлерде шам болмайтын» делінеді. Осыдан Мәдинада майшамның әуелде қолданылмағанын аңғаруға болады. Кейбір риуаяттарда майшамды алғаш әкелген адам христиан дінінен исламға өткен Тәмим әд-Дари болғаны айтылады. Майшам Алла елшісінің (с.а.с.) заманында-ақ тұрмысқа енген. Бұхаридің «Әл-Әдәбул-муфрад» жинағындағы риуаятта бір тышқанның жанып тұрған білтені төбеге алып шыққаны баяндалады. Алла елшісі (с.а.с.) түнде оянып, мұны көрген. Хаким келтірген өзге риуаятта тышқанның білтені Алла елшісінің (с.а.с.) жанына тастағаны, содан төсеніштің дирхамдай жері күйгені айтылады. Алла елшісі (с.а.с.) жатарда шамды өшіруді ескерткен.

Үйдің оңашалығы

Баспана ыстық пен суықтан қорғайды әрі адамға оңаша өмір сүруге мүмкіндік береді. Сүннетте тұрғындардың осы табиғи қажетіне де мән берілген. Осы себепті үйдің ішкі кеңістігі «харам», яғни иесінің рұқсатынсыз кіруге болмайтын орын деп аталған.

Үй ішінің оңашалығын рұқсатсыз сығалау да бұзады. Сүннетте үй ішіне рұқсатсыз қараған адамның ісі рұқсатсыз кіргенмен бірдей саналатыны айтылған.

Үйге кіруге рұқсат сұраудың бір мәні – ішке рұқсатсыз көз түсірмеу. Сондықтан есік қаққанда есікке беттеп тұрмай, бір жағына ығысқан жөн. Алла елшісінің (с.а.с.) де осылай істегені айтылады. Өзге үйге рұқсатсыз сығалаған адамның көзі зақымданса, құн талап ете алмайтыны туралы риуаят та осы әдептің маңызын көрсетеді.

Бір адам Алла елшісінің (с.а.с.) үйіне есіктегі саңылаудан рұқсатсыз сығалаған. Алла елшісі оған қолындағы тарақты көрсетіп: «Ішке қарап тұрғаныңды білсем, осыны көзіңе сұғар едім», – деген. Ибн Аббасқа (р.а.) телінетін бір хабарда Алла елшісі (с.а.с.) үй ішіне сығалаған Хакам ибн Әбу әл-Асқа «Мен тірі тұрғанда Мәдинада тұрмайсың» деп, оны Тайыфқа жібергені айтылады. Тағы бір риуаятта есігі жабылмаған әрі кіреберісінде пердесі жоқ үйдің жанынан өтіп бара жатқан адамның көзі ішке түссе, мұның жауапкершілігі үй иесіне жүктелетіні айтылады. Үй ішінің оңашалығын сақтау үй иесінің де міндеті. Есік пен пердені орнымен пайдалану осыған көмектеседі.

Бұл хадис мұсылмандарды үйді жобалағанда оның ішіне сырт көз түспеуін ескеруге шақырады. Есік пен терезені осы мақсатқа лайықтап орналастырған жөн. Кіреберіс есіктің ар жағындағы шағын дәліз де осы қажеттен туған болуы мүмкін. Кейінгі кейбір үй жобаларында мұның ескерілмеуі – кемшілік.

Үй ішіндегі оңашалық

Үйді жобалағанда сырт көзден қорғанумен қатар, үй ішіндегі әр адамның оңашалығын да ескеру керек. Бұл талаптың жұбайы мен сол дәуірде иелігіндегі күңіне қатысты ерекшелігі болған. Бұхаридің «Әл-Әдәбул-муфрад» жинағында әзірет Жәбирдің мына сөзі келтірілген: «Кісі баласының, әкесінің, аға-інісі мен әпке-қарындасының алдына кірерде рұқсат сұрайды. Анасының жасы ұлғайған болса да, одан рұқсат сұрайды». Бір үйде тұратын отбасы мүшелері де кемінде Құранда айтылған үш мезгілде бір-бірінің бөлмесіне рұқсатпен кіретіндей үйдің жоспарын жасау қажет. Бұл әдеп бөлек үйде тұратын туыстарға ғана қатысты деуге келмейді. Ата ибн Ясардан (р.а.) жеткен риуаят бойынша, бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.) «Анамның алдына кірерде де рұқсат сұрайын ба?» деп сұрайды. Алла елшісі (с.а.с.) «Иә», – дейді. Әлгі кісі «Мен анаммен бір үйде тұрамын ғой», – дегенде, «Рұқсат сұра», – деп жауап береді. Ол «Мен анамның қызметіндемін», – дегенде, Пайғамбар (с.а.с.) «Анаңнан рұқсат сұра. Оны киімсіз көргің келе ме?» – дейді. Әлгі кісі «Жоқ», – деп жауап беріп еді, Алла елшісі (с.а.с.) «Ендеше, анаңнан рұқсат сұра», – дейді.

Соңғы риуаяттан адамның өмірінің көп бөлігі өтетін өз үйінде киінуіне де, көңіл қалауынша тынығуына да қолайлы жеке бөлмеге мұқтаж екенін аңғаруға болады. Мұсылман отбасының уақытша таршылықты есептемегенде, үнемі тар жерде тұрмағаны жөн. Ата-анаға да, балиғатқа жеткен немесе соған таяған балаларға да жеке бөлме қарастырылуы керек. Сүннетте көзделген мінсіз баспана үлгісі осындай.

Үйді безендіру

Сүннетте ерекше мән берілген тағы бір мәселе – үйді безендіру. Алла елшісі (с.а.с.) үйдегі әр затқа және оның ою-өрнегі мен бейнесі қандай ұғымды білдіретініне назар аударған. Өз үйінде немесе сахабалардың баспанасында ислам мәдениетіне қайшы, өзге мәдениеттің нышаны саналатын затты не суретті көрсе, оны құптамайтынын сөзімен, ісімен немесе қабағымен аңғартатын.

Бұхаридің әзірет Айшадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) үйіндегі айқыш таңбасы бар заттың сол таңбасын кетіргені айтылады. Тыйым айқышпен шектелмей, Алланың жарату ісіне еліктейтін бейнелерге де қатысты айтылған. Осыған орай Алла елшісінен (с.а.с.) «Бейне салынған үйге періштелер кірмейді», «Қиямет күні ең ауыр азапқа ұшырайтындар – бейне жасаушылар», «Осы дүниеде бейне жасаған адамға қиямет күні соған жан бітіру жүктеледі. Бірақ ол жан бітіре алмайды» деген ескертулер жеткен.9

Осы тақырыпқа қатысты бір риуаятта әзірет Айша (р.а.) Алла елшісі (с.а.с.) сапарда жүргенде қанатты аттар бейнеленген перде іліп қойғанын айтады. Ол сапардан оралып, пердені түсіруге бұйырғанда, Айша оны алып тастаған. Екінші нұсқада Айша суретті матамен қабырға қуысын жауып қойғанын баяндайды. Пайғамбар (с.а.с.) оны көргенде алып тастап, «Қиямет күні ең ауыр азапқа ұшырайтындар – Алланың жаратқанына еліктейтіндер», – деген. Айша сол матадан бір не екі жастық жасаған. Тағы бір нұсқада одан екі жастық жасап, Алла елшісінің (с.а.с.) соларды жастанғаны айтылады.

Ғалымдар осы риуаяттарға сүйеніп, көлемді мүсін түрінде жасалмаған бейненің отыратын немесе аяқ басатын кілем, төсеніш, жастық сияқты заттарда болуына рұқсат берген. Имам Нәуәуи мұны сахабалар мен табиғиндерден бастап ғалымдардың көпшілігі ұстанған пікір деп, Сәури, Мәлік, Әбу Ханифа мен Шафиғиді де солардың қатарында атайды. Нәсәи жеткізген риуаятта Жәбірейілдің Пайғамбарға (с.а.с.) «Үйіңде суретті перде ілулі тұрғанда қалай кіремін? Не бейнелердің басын алып таста, не пердені аяқ басатын төсеніш ет. Біз, періштелер, сурет бар үйге кірмейміз», – дегені айтылады.

Абдулла ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) қызы Фатиманы (р.а.) көрмек болып барғанын баяндайды. Сафина Әбу Абдуррахманның риуаятында оның асқа шақырумен барғаны айтылады. Екі риуаятта да Алла елшісінің (с.а.с.) сәнді пердені көрген соң, үйге кірмей қайтқаны баяндалады.

Абдурраззақ келтірген бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) асқа шақырылған үйдің түрлі түспен безендірілгенін көреді. Ол есік алдында түстерін санап шығып, «Бір түсті болғанда ғой», – дейді де, ішке кірмей қайтады.

Кейінгі мысалдар да Алла елшісінің (с.а.с.) үйді безендіруде қарапайымдықты құптағанын көрсетеді.

Ғалымдар осы риуаяттардан тыйым салынған нәрсе бар үйге кірерде немесе шақыруды қабылдарда әуелі сол нәрсені алып тастауға тырысу керек деген тұжырым жасаған. Оған шамасы келмесе, үйге кірмейді және шақыруды қабылдамайды. Жоғарыдағы оқиғалардың бірінде Алла елшісі (с.а.с.) үйдің бір түспен безендірілгенін қалаған. Ал неге бұрылып кеткенін сұраған әзірет Әлиге (р.а.) «Маған дүниенің де, сәннің де не керегі бар?» – деген. Айшаға (р.а.) суретті пердені алып тастауды бұйыруының себебі әр риуаятта әр қырынан айтылады. Бірінде перденің дүниені еске түсіретіні, екіншісінде суреттердің намазда ойын бөлетіні, үшіншісінде үйге кірген сайын көзіне түсіп, дүниені ойлататыны айтылады. Бұл мысалдар Алла елшісінің (с.а.с.) өзі жеткізген діннің орнығуына кедергі келтіретін нәрселерге қаншалықты мұқият қарағанын аңғартады. Ол жұрттың бар ынтасымен Құранға бет бұрып, ондағы ақиқатты ұғып, соған сай өмір сүруін қалады. Сол себептен өзінен Құраннан өзге ештеңе жазып алмауды тапсырған кезі болған. Жәһилия дәуірінен қалған ғұрыптарға байланысты қабір зияратына да әуелде тыйым салған.

«Адам баласының күллі жүрегі Рахманның екі саусағының арасында бір жүректей. Ол оны қалаған жағына бұрады» деген хадис адам табиғатының құбылмалы екенін аңғартады. Алла елшісі (с.а.с.) жұрттың иманы мен амалдарына қарамастан, мүшріктік дәуірді еске салатын нышандар оларды бұрынғы қылықтарына қайта итермелеуі мүмкін деп қауіптенген. Сондықтан мұндай нәрселерге жол бермеуге тырысқан. Мәселен, Қағбаны бұрынғы іргетасының үстіне қайта тұрғызбауының себебін әзірет Айшаға (р.а.) былай түсіндірген: «Сенің қауымың жәһилия дәуірінен жуырда ғана шықты. Өзгеріс олардың жүректерінде қарсылық туғыза ма деп қорқамын». Сол дәуірден енді шыққан жұрттың көңіл күйін ескерген Алла елшісі (с.а.с.) пұттар мен олардың бейнелері, сол дәуірден қалған кейбір ант беру және сәлемдесу түрлері сияқты ширк нышандарына тыйым салған.

Хадис түсіндірушілерінің пікірінше, ғибадат етілетін жан иесінің бейнесін құрметтеп қоюға тыйым салынған, ал оны аяқ басатын төсеніш ретінде қолдануға рұқсат берілген. Бұл тұжырым сүннеттегі тыйымның тәрбиелік мәнін ашады. Ағаш бейнесі бұл тыйымға жатқызылмаған. Ал сол дәуірде арабтар қасиет тұтқан ағаштарды Алла елшісінің (с.а.с.) алдыртқаны туралы риуаяттар бар.

Үйлерді қадағалау

Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдинаны аралатып, пұттарды қиратуға, биік қабірлерді тегістеуге және бейнелерді өшіруге тапсырма бергені айтылады. Кей риуаятта осы іске жіберілген ансарлық бір кісі «Уа, Алла елшісі! Өз қауымымның үйлеріне кіргім келмейді», – деген соң, оның орнына әзірет Әли (р.а.) жіберілгені баяндалады. Автор бұл оқиғаларды сол тыйымдардың орындалуы қадағаланғанының мысалы ретінде келтіреді.

Үйдегі әшекей мен бұйымның өзі де адамға белгілі бір ұғымды сіңіреді. Сондықтан үй ішін безендіргенде мұсылманның өмірлік ұстанымына қайшы нышандардан сақтанған жөн. Дәһләуи қабырға мен киімдегі суреттерге тыйым салынуының екі себебін атайды.

1. Ысырап пен мақтанның алдын алу.

2. Пұтқа табынушылыққа жол бермеу.

Үйдің рухани ахуалы

Баланың тәрбиесіне алдымен әкесі, одан кейін анасы жауапты болғандықтан, оның рухани жетілуінде үйдің орны ерекше. Сол себепті үйдің іргесі қаланғаннан бастап материалдық және рухани кірден таза болуы көзделеді. «Үйлеріңе харам тас қаламаңдар. Оның ақыры – күйреу» деген ескерту бар. Уәһб ибн Мунәббиһ те «Тәураттан оқыдым» деп, әлсіздерді мәжбүрлеп, олардың күшімен салынған үйдің ақыры күйреуге, харамнан жиған дүниенің ақыры кедейлікке апаратынын айтқан.

Мұндай насихат көркем мінез туралы еңбектердің тиісті бөлімдерінде кездеседі.

Үйді адал табыспен салу немесе жалдау ақысын адал табыстан төлеу – істің басы. Үй тәрбие ошағы болуы үшін онда тыйым салынған нәрселерден сақтанып, парыз бен уәжіпті орындап, ислам талаптарына сай өмір сүрген жөн. Осыған орай тыйым салынған ойын құралдарын, жібектен тоқылған төсеніш пен жастық, кілем мен пердені, сондай-ақ алтын-күміс ыдыс-аяқты үйде ұстауға тыйым салынғаны айтылады.

Үйдің қызметі ішіп-жеу, ұйықтау, тынығу мен қауіпсіздікпен шектелмейді. «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар» деген ескерту де соны аңғартады. Үйдің рухын тірілтетін амалдар – намаз, Құран оқу, зікір, ой жүгірту және өз нәпсіңді бақылау. Бір хадисте шайтанның «Бақара» сүресі оқылған үйден қашатыны айтылады. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен сөзде Құран оқылған үйдің берекесі артып, иелеріне кең болатыны, оған періштелер келіп, шайтандар алыстайтыны, ал Құран оқылмаған үйде мұның керісінше болатыны баяндалады. Басқа риуаяттарда «Нәпіл намаздарыңды үйлеріңде оқыңдар, үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар», «Кісінің үйінде оқыған намазы – нұр. Ендеше үйлеріңді намазбен нұрландырыңдар» делінген. Мешітте намаз оқып болған соң, үйге де намаздан үлес беру ұсынылған, өйткені Алла сол намаз арқылы үйге игілік береді. Парыз намаздардан өзге намаздың ең абзалы – үйде оқылған намаз. Осы риуаяттар мұсылманды үйінде де намаз оқуға үндейді.

Кей риуаятқа қарағанда, осы ынталандырудан кейін үйлерде намаз оқитын орындар белгілене бастаған. Бұхаридің бір риуаятынан бұл әдеттің Мекке кезеңінде басталғанын аңғарамыз. Әзірет Әбу Бәкір (р.а.) ауласының бір бұрышын намаз оқитын орынға айналдырған. Бәлкім, алғашқылардың бірі сол кісі болған шығар. Мәдинада да сахабалар түрлі себеппен Алла елшісіне (с.а.с.) жүгініп, үйінде намаз оқитын орын белгілеуге рұқсат сұраған. Пайғамбар (с.а.с.) өтініштерін қабыл алып, үйлеріне барып, олар намазхана еткісі келген жерде намаз оқыған. Ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткен ұзақ риуаяттың соңғы бөлігі намазхананың үй ішіндегі жеке шағын бөлме болуы да мүмкін екенін аңғартады.

Ибн Мәсғуд (р.а.) бүлік кезінде не істеу керегін сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.) «Руластарың тұратын жерге бар», – деген. «Бүлік сол жерге де жетсе ше?» – деп сұрағанда, «Отбасың тұратын үйге кір», – деп жауап берген. Ибн Мәсғуд «Үйге де жетсе ше?» – дегенде, Пайғамбар (с.а.с.) «Онда намазханаңа кір», – деген.

Тағы бір риуаятта Зейнеп бинт Жахштың (р.а.) Алла елшісімен (с.а.с.) шаңырақ көтергенге дейін өз үйінде намазханасы болғаны айтылады.

Алла елшісінің (с.а.с.) осы кеңесінен кейін оның көзі тірісінде-ақ кей мұсылмандар үйінен намаз оқитын орын белгілеген. Ғалымдар да бұған рұқсат берген. Үйде тыйым салынған заттарды ұстамау, Құран мен намаз оқу, тіпті намазхана белгілеу туралы кеңестер бала тәрбиесіне де қызмет етеді. Осындай ортада бала дін жайын үлкендерден естіп, құлшылықты көзімен көріп, өзі де соған машықтанып өседі.

7) Тұрғын үй саясаты

Тұрғын үйге қатысты риуаяттар Алла елшісінің (с.а.с.) үй құрылысына қатысты ұстаным қалыптастырғанын, кейінгі халифалардың оны қадағалағанын аңғартады. Тұрғын үй мәдениетпен тығыз байланысты болғандықтан, билік кей мәдени құндылықтарды сақтау үшін құрылысты бақылап, талапқа сай келмеген құрылыстарға араласқан. Төмендегі мысалдар жеке адамдар мен отбасылардың үй салудағы еркіндігі шексіз болмағанын және билік бұл іске қандай жағдайда араласқанын көрсетеді.

1. Қажетсіз құрылысқа тыйым

Үйді кең салу құпталғанымен, ысыраптан және қажетсіз құрылыстан сақтану да ескертілген. Алла елшісінен (с.а.с.) «Жұмсалған нәпақаның бәрі Алла жолында. Бұған құрылысқа жұмсалғаны жатпайды, онда қайыр жоқ» деген риуаят жеткен.

Басқа риуаяттарда қажеттіліктен артық салынған үй адамға ауыртпалық болатыны ескертіледі. «Өздерің тұрмайтын үйді салмаңдар» деген сөз де осыған меңзейді. Тағы бір риуаятта қиямет күні кісіге қажеттен артық салған құрылысы мойнына жүктелетіні айтылады.

Бұхари осы тақырыптағы тарауын «Үй салу туралы жеткен риуаяттар» деп жалпы атаған. Жоғарыдағы хадистерге сүйенген кей ғалымдар үй салуды және оған қаражат жұмсауды мәкруһ санаған. Осы пікірге бейім Ибраһим Нәхағи қажеттілік үшін салынған үйге «сауап та, күнә да жазылмайды» деген.

Бұл жердегі мәкруһ деген баға қажеттен артық, мақтан үшін немесе байлығын көрсету үшін салынған үйлерге қатысты. Тұруға, ыстық пен суықтан қорғануға арнап салынған баспана мұның аясына кірмейді. Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен бір риуаятта «Кім ешкімге зұлымдық жасамай, шектен шықпай үй салса, Алланың жаратқандары сол үйдің игілігін көргенше, оған сауап үздіксіз жазылады» делінген.

Үй салуға қаражат пен еңбек жұмсауды мәкруһ санағандар Абдулла ибн Амрдың (р.а.) хадисіне сүйенген. Бірақ бұл риуаяттың өзі түпкілікті үкімге негіз бола алмайды. Үйін балшықпен сылап, жөндеп жатқан Абдулла ибн Амрға Алла елшісі (с.а.с.) «Ажал осы үйдің құлауынан да тез келеді», – деп ескерткен. Дегенмен Хабба ибн Халид пен Сәуа ибн Халидтің (р.а.) риуаятында Алла елшісінің (с.а.с.) өзі де құрылысын жөндеп жатқаны айтылады. Әзірет Омардың (р.а.) мінберден «Уа, халайық! Үйлеріңді жөндеңдер!» деп ескерткені де риуаят етілген. Сондықтан жекелеген хадистің сыртқы мағынасына қарап, сүннет үй салуға қаражат жұмсауды мәкруһ санайды деген тұжырым жасауға негіз жоқ.

Самарқанди үй салуды әбестік санамағандардың мына аяттарға сүйенгенін айтады: «Өздеріңді Ад қауымынан кейін халифа қылғанын, жер бетінде жағдай жасағанын еске алыңдар. Алқаптарға сарайлар тұрғызып, тауларды қашап үй салудасыңдар»10 және «Алланың құлдары үшін жаратқан киім-кешекті және адал ризықтарды кім харам ете алады?»11. Олар сондай-ақ Алла елшісінің (с.а.с.) «Алла құлына нығмет берсе, сол нығметтің ізін оның бойынан көргенді ұнатады» деген сөзін дәлелге келтірген. Осыны айтқаннан кейін Самарқанди өз тұжырымын білдіреді: «Мал-дүниені ақырет үшін жұмсап, дүние үшін сарп етпеген абзал. Дегенмен мына шарттар сақталса:

1. Мал-дүниені харам жолмен таппау.

2. Үй салу кезінде мұсылманға немесе зыммиға (мұсылман билігінің қорғауындағы өзге дін өкіліне) зұлымдық жасамау.

3. Құрылысқа бола Алла алдындағы парыздардың ешбірін тәрк етпеу шарт. Осы талаптар сақталса, үй салу харам емес», – деп түйіндейді.

Әл-Хаким әт-Тирмизи әзірет Омардың (р.а.) үй құрылысына араласқанын баяндап, былай дейді: «Үйді қажетін өтейтіндей етіп салған адам Алладан сауап үміт ете алады. Өйткені баспана да азық-түлік, киім мен көлік сияқты адамның негізгі қажетіне жатады».

Үй салу туралы кейбір хадистерде айтылған құптамаушылықтың ысырапқа қатысты екені аңғарылады. Һарун әр-Рашид зәулім сарай салдырғанда, Мұхаммед ибн әс-Саммак оған қаймықпай былай деген: «Жерді биіктеттің, дінді тәрк еттің. Бұл сарайды өз қаражатыңа салдырсаң, ысырапшылсың. Алла ысырапшылдарды жақсы көрмейді. Өзгенің мал-мүлкіне салдырсаң, залымсың. Алла залымдарды жақсы көрмейді».

«Ахлақ-и Алаийя» еңбегінде үй салуда ысырапқа жол бермеу жөнінде былай делінеді: «Үйді биіктетуден, сәндеуден, төбесі мен қабырғасын әшекейлеп, жалт-жұлт еткізуден аулақ бол. Бір риуаятта үйін алты шынтақтан асырып салған адамға періштелердің “Әй, лағынетке ұшыраған, қайда барасың?” дейтіні айтылады. Шамадан шығып, қажеттен артық жұмсау құпталмайды. Әсіресе, бір үлгіден жалығып, үйді қайта-қайта бұзып, жаңаша салуға әуестену – ауыр дерт әрі жаман мінез».

2. Әркімге бір баспана

Осы мысалдарға қарап, Алла елшісі (с.а.с.) әр адамның қажетіне сай баспана иеленуін құптамаған деп ұғу қате. Оның ұстанымы әр отбасының кең баспаналы болуын көздеді. Алла елшісі (с.а.с.) өзі тағайындаған қызметкерлерді баспанамен қамту міндетін мемлекетке жүктеген. Сондай-ақ мұсылманның үйін не өзге жылжымайтын мүлкін сатып, түскен ақшаға сондай мүлік алуын қалаған. «Орнына жаңасы алынбаса, бұл ақшаның берекесі болмайды» деген риуаят та бар. Осындай деректер Алла елшісінің (с.а.с.) әр мұсылманға қажетіне сай баспана болуын көздегенін көрсетеді.

3. Үйдің биіктігі

Алла елшісі (с.а.с.) үйдің шамадан тыс биік салынуын құптамаған. Риуаяттарға қарағанда, үй құрылысына араласқанда назар аударған тұстарының бірі де осы биіктік еді. Мәдинаға қоныс аударған соң, ол Әбу Әйюб әл-Ансаридің (р.а.) үйінде жеті ай қонақ болып, төменгі қабатқа жайғасады. Бұған ыңғайсызданған үй иесі біраз уақыттан соң оның жоғарғы қабатқа көшуін өтінеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Төменгі қабат қолайлы. Өзімізге де, бізге келетіндерге де төменде тұрған ыңғайлы», – дейді. Алайда Әбу Әйюб (р.а.): «Сіз төменде тұрғанда, мен Сіздің үстіңізде тұра алмаймын», – деп қайта өтінеді. Ақыры Алла елшісі (с.а.с.) өзі қаламаса да, үй иесінің көңілі үшін жоғарғы қабатқа көшеді, ал Әбу Әйюб (р.а.) төменгі қабатқа түседі.

Алла елшісі (с.а.с.) өзі басшылық жасап, құрылысына да қатысқан алғашқы мешіттің төбесі қол жетердей аласа болған. Мешіт жанынан отбасына арнап салған құжыраларының төбесі де сондай еді.

Алла елшісі (с.а.с.) үйді шамадан тыс биіктетуді құптамағанын әр орайда білдіріп, биік ғимараттар салуда жарысуды қиямет белгілерінің бірі ретінде атаған. Мәшһүр Жәбірейіл хадисінде қияметтің қашан болатынын сұрағанда: «Сұралған кісі сұрағаннан артық білмейді», – деп жауап береді. Оның белгілерінің бірін: «Жалаңаяқ, жалаңаш, жоқ-жітік қойшылардың биік ғимарат салуда жарысқанын көресің», – деп сипаттайды12.

Басқа бір риуаятта «Үйлер бой көтеріп, биіктей бастағанда, қияметті күт» делінеді. Осы орайда қиямет жақындағанда үйлердің түрлі түсті, жолақты, әшекейлі киімдерге ұқсатылып безендірілетіні де айтылады. Автор үйдің сыртын сәндеуде ысырапқа баруды осы ескертумен байланыстырып, оны мәкруһ деп түсіндіреді.

Үйді шамадан тыс биіктетуге қатысты бір риуаятта мынадай өлшем келтіріледі: «Кімде-кім үйін жеті шынтақтан (басқа бір нұсқада он шынтақтан) биік етіп салса, оған көктен “Әй, пасық! Әй, Алланың дұшпаны, қайда барасың?” деген үн келеді».

Ибн әл-Араби «Раббыңның Ад қауымына не істегенін көрмейсің бе?! Биік ғимараттар салған Ирам халқына (не істеді)?!»13 деген аятты тәпсірлегенде, одан ғимараттарды шамадан тыс биік әрі ірі етіп салудан сақтандыратын мағына да аңғарылатынын айтады.

Хадисте құрылыстың биіктігіне қойылған шектеудің себебі ашық айтылмаған. Кейбір ғалымдар мұны ысыраппен, мақтанқұмарлықпен және өзгенің үй ішіне көз салу қаупімен байланыстырады. Хадистің жалпы мағынасынан басқа да себептерді аңғаруға болады. Автор қазіргі заманда адамға шақ келмейтін алып құрылыстардың рухани және қоғамдық зардаптарын да осы тұрғыдан қарастырады.

Зәулім ғимараттар айбарымен адамның мысын басып, тұрғындардың табиғатпен байланысын әлсіретеді. Әсіресе, адамдардың өзара қарым-қатынасына сызат түсіреді. Көпқабатты үйлердегі мазасыз тіршілікті, көршіні таңдай алмайтыныңды ескерсек, халқы тығыз үлкен қаланың адамды қалайша жалғыздыққа итермелейтінін түсінеміз. Әлеуметтанушылардың айтуынша, қарым-қатынас үстірт күйінде қалса, араласу жиілегенімен, адам көптің ішінде жалғызсырайды. Жалғыздықты сейілту үшін өзгені көріп, тыңдай білу де, өзіңнің көрініп, сөзіңнің тыңдалуы да маңызды. Осы ойды ислам философы әл-Фараби де өзге сөздермен жеткізген. Ол «Қайырымды қала тұрғындары» еңбегінде кемел қаланы адамдары бақытқа жету үшін бір-біріне көмектесетін орта деп түсіндіреді. Ауызбіршілік пен өзара жәрдемге ұйыстырмайтын, бүгінгі тілмен айтқанда, адамды жалғыздыққа итермелейтін қала кемел қала бола алмайды. Әл-Фарабидің пайымдауынша, кемел қала – ағзалары ортақ мақсатқа жету үшін бір-біріне жәрдемдесетін сау әрі тұтас дене тәрізді.

Қысқасы, үй тарлық етсе, оны қажетке қарай биіктетуге рұқсат берілгені аңғарылады. Үйінің тарлығын айтқан Халид ибн Уәлидке Алла елшісі (с.а.с.): «Үйіңді биіктет те, Алладан кеңшілік сұра», – деген.

4. Үй құрылысына араласу

Кейбір риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) баспана жөнінде кеңес берумен қатар, қажетсіз салынған құрылыстарға да араласқаны айтылады. Әнастың риуаят етуінше, бір күні Алла елшісі (с.а.с.) көшеде келе жатып, айналасындағы үйлерден биік күмбезді көріп: «Мынау не?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Бұл – пәлен ансардың үйі», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) сонда ештеңе айтпайды. Кейін үй иесі келіп сәлем бергенде, ол жүзін бұрады. Үй иесі бірнеше рет сәлем беріп, жауап ала алмаған соң, Алла елшісінің (с.а.с.) өзіне ренжігенін аңғарып, алаң көңілін жолдастарына білдіреді. Олар: «Алла елшісі (с.а.с.) көшеде келе жатып, сенің күмбезіңді көрді», – дейді. Үй иесі барып, күмбезді өзі бұзады. Алла елшісі (с.а.с.) бір күні сол жерден тағы өтіп бара жатып: «Күмбезге не болды?» – деп сұрайды. Сахабалар болған жайды баяндағанда, ол: «Қажеттен артық әрбір құрылыс иесіне ауыртпалық», – дейді.

Осыған ұқсас оқиға Алла елшісінің (с.а.с.) көкесі Аббас (р.а.) үйінің үстіне салдырған бөлмеге қатысты да болған. Аббас (р.а.) бөлмені бұзбай, оның құнына тең садақа беруді ұсынады. Алла елшісі (с.а.с.) бұл ұсынысты қабылдамайды. Аббас (р.а.) өтінішін қайталаса да, Алла елшісі (с.а.с.): «Оны бұз», – дейді. Сөйтіп, үстіңгі бөлме бұзылады.

Яһуди Суәйлімнің үйіне қатысты оқиға – Алла елшісінің (с.а.с.) құрылысқа араласуының тағы бір мысалы. Ибн Һишамның баяндауынша, Тәбук жорығына әзірлік жүріп жатқанда, мұнафықтар Суәйлімнің үйіне жиналып, жұртты жорыққа қатыстырмаудың амалын қарастырады. Мұны білген Алла елшісі (с.а.с.) Талха ибн Убәйдулланың (р.а.) бастауымен бір топ адам жіберіп, Суәйлімнің үйін өртеуді бұйырады. Талха (р.а.) бұйрықты орындайды.

Автор бұл араласуды билікке қарсы әрекеттің сол үйде ұйымдастырылуымен байланыстырады. Төменде Алла елшісінен (с.а.с.) кейінгі дәуірлерден де осыған ұқсас мысалдар келтіріледі.

Алла елшісі (с.а.с.) кейде құлшылыққа арналған ғимараттарға да араласқан. Бұған Құранда баяндалған Дирар мешітінің оқиғасы мысал. Дереккөздерге қарағанда, мәдиналық он екі мұнафық Тәбук жорығы қарсаңында мешіт салып, сол жерде бас қосып, Исламға қарсы әрекеттерін жоспарлауды көздеген. Өйткені Алла елшісінің (с.а.с.) қадағалауына байланысты олардың бас қосуы қиын болған. Жорыққа аттанар алдында олар Алла елшісіне (с.а.с.): «Уа, Расулалла! Науқастар мен мұқтаждарға және қараңғы, жаңбырлы түндерде намаз оқуға арнап мешіт салдық. Келіп, сол жерде бізге намаз оқытып берсеңіз», – дейді.

Алла елшісі (с.а.с.): «Қазір сапарға шыққалы тұрмын, қолым бос емес. Алла қаласа, оралған соң келіп, сендермен бірге намаз оқырмыз», – деп жауап береді.

Жорықтан қайтып келе жатып, Мәдинаға жақын Зу Ауан деген жерге жеткенде, Алла елшісіне (с.а.с.) мұнафықтардың шын мақсатын әшкерелеген мына аяттар түседі: «Һәм бір топ мұнафық Исламға және мұсылмандарға зиян келтіру, күпірлікті қолдау, мүміндердің арасына жік салу һәм бұрынырақта Аллаға және Елшісіне қарсы соғыс ашқан кісінің өздеріне қосылуын күту мақсатында бір мешіт салды. Бірақ олар мүміндерге: “Күмәндарың болмасын, біз жақсылықтан басқа еш нәрсе көздеген емеспіз”, – деп ант-су ішеді. Алайда олардың өтірікші кәззап екендігіне бір Алланың өзі куә! Ол мешітте әсте намаз оқушы болма. […] Мұнафықтардың салған бүкіл құрылыстары жүректері жарылып өліп кетпейінше, көкіректерінде уайым мен үрей себебі болып қала береді»14. Уахи түскен соң Алла елшісі (с.а.с.) осы құрылысты бұзып, өртетеді.

Кей риуаяттарда Дирар мешітінің орны қоқыс тастайтын жерге айналғаны, Алла елшісінің (с.а.с.) сол жерге апаратын жолмен жүрмегені айтылады. Ал Тайфта ол жаңа мешітті бұрынғы ғибадат үйінің орнына салуды бұйырған. Осы екі оқиғаны салыстырғанда, араласуға ғимараттың қоғамға зиян келтіру үшін пайдаланылғаны себеп болғаны аңғарылады.

Риуаяттарға қарағанда, кейінгі халифалар да Алла елшісінің (с.а.с.) осы өнегесіне сүйеніп, жекеменшік үйлер мен жұртқа арналған ғимараттардың құрылысына араласқан.

Мүләйх ибн Ауф әс-Сүләмидің (р.а.) риуаят етуінше, бірде әзірет Омарға (р.а.) Сағд ибн Әбу Уаққастың (р.а.) үйіне оюлы ағаш есік орнатып, төбесіне қамыстан шағын бөлме салдырғаны жөнінде хабар жетеді. Омар (р.а.) дереу Мұхаммед ибн Мәсләманы (р.а.) жіберіп, сол есік пен бөлмені бұзуды бұйырады. Әл-Хаким әт-Тирмизи келтірген басқа бір риуаятта Омардың (р.а.) Әбу әд-Дарда Хомстағы үйіне дәретхана салдырғанын естіп, оған мынадай хат жазғаны айтылады: «Уа, Уәймир! Үйді сәндеу жайында Парсы мен Румның ғимараттары саған үлгі болуға жарар еді. Алла оларды ысырап жасағаны үшін жермен-жексен етті. Хатым қолыңа тиген бойда Хомстан шығып, Дамаскіге бар!» Осылайша Омар (р.а.) оны тұрған қаласынан басқа жерге жіберген.

Әзірет Омар (р.а.) Хомс әкімінің үйінің үстіне «иллийя» деп аталатын демалыс бөлмесін салдырғанын естіп, дереу оған хат жазады. Хатта отын жинап, бөлмені өртеп жіберуді бұйырады. Харижа ибн Хузафаның (р.а.) Мысырда да осындай бөлме салдырғанын білгенде, Мысыр әкімі Амр ибн әл-Асқа (р.а.): «Харижа көршілерінің үй ішіне көз салмақ па? Хатым қолыңа тиген бойда сол бөлмені бұз», – деп жазады.

Тәмим әд-Даридің (р.а.) риуаятынан әзірет Омардың (р.а.) тұсында адамдардың биік үй сала бастағанын білеміз. Абдулла әр-Румидің айтуынша, Омар (р.а.) әкімдеріне «Үйлеріңді тым биіктетпеңдер» деген жалпы нұсқау берген. Бұл нұсқау биік үйлер салына бастағаннан кейін берілген болуы мүмкін. Омардың (р.а.) осы ұстанымы үй ішін сәндеуге де қатысты болған.

Абдурраззақ жеткізген бір риуаят бойынша, әзірет Омар (р.а.) Хадра есімді басралық әйелдің үй қабырғаларына сәндік перде ілгенін естиді. Сонда Басраның әкімі Әбу Мұса әл-Ашғариге (р.а.) хат жазып, перделерді жыртуды бұйырады. Ирандық диқан қонаққа шақырса, Омар (р.а.) әуелі оның үйінде суреті бар бұйымдардың бар-жоғын сұрайтын. Бар десе, ол үйге бармайтын.

Әзірет Омар (р.а.) жұрттың мінез-құлқына теріс ықпал ететін үйлерді де бұздырған. Мәселен, ішімдік әзірленіп, сатылатын Руәйшид әс-Сақафидің үйін өртеуді бұйырған. Сағд ибн Ибраһим сол үйді отқа оранып, шоқ болып жатқанда көргенін айтады.

Алла елшісі (с.а.с.) мен әзірет Омар (р.а.) дәуірінен келтірілген осы мысалдар ғимараттардың биіктігін, көлемін, безендірілуін және қандай мақсатқа пайдаланылатынын билік қадағалағанын көрсетеді.

Ислам тарихының алғашқы дәуірлерінде мұндай қадағалауға айрықша мән берілген. Суютидің баяндауынша, Бараса мешітіне жиналған рафидилердің бір тобы сахабаларға тіл тигізіп, жұма намазын оқымай, қарматтармен хат алыса бастаған. Халифа әл-Мұқтадир биллаһ осы мәселе жөнінде ғұламаларға жүгінеді. Олар бұл мешітті Дирар мешітіне ұқсатып пәтуа берген соң, халифа оны бұздырып, орнын зиратқа айналдырады.

Суюти қоғамға зиян келтіретін істерге пайдаланылған немесе ісімен, тұрмыс салтымен жұртқа жаман үлгі көрсеткен адамдарға пана болған ғимаратты бұзуға пәтуа берген. Ол осы мәселеге «Рафғу манарид-дин уә һадму бинаил-муфсидин» атты жеке еңбек арнаған.

5. Баспана жайлы түсінік

Алла елшісінің (с.а.с.) баспанаға қатысты ұстанымы жөнінде келтірген деректерге сүйеніп, мұсылманның үй туралы түсінігін былай түйіндеуге болады.

1. Баспана – дүние мен ақырет бақытына ықпал ететін басты шарттардың бірі.

2. Үйдің жайлылығы оның кеңдігіне, көршісінің жақсылығына, қоғамдық нысандарға жақындығына, орналасқан жерінің ауасы таза әрі күншуақты болуына байланысты. Мешіт, мектеп, базар секілді мәдени және сауда орындарының маңайда болғаны да маңызды.

3. Үйдің кеңдігі онда тұратын адам санына қарай бағаланады. Бұл орайда бөлмелердің саны да, әр бөлменің көлемі де ескеріледі.

4. Үйді қарапайым ұстаған жөн. Жат мәдениетті танытатын, сенім мен көркем мінезге қайшы түсінік сіңіретін әшекейлерге үйде орын берілмеуі керек.

5. Үйдің көлемі де, жабдығы да қажетке сай болып, ысырапқа жол берілмеуге тиіс.

6. Үйдің биік болмағаны жөн.

7. Әр үйде ғұсыл құйынатын бөлме, әжетхана мен асүй болуы тиіс.

8. Заң талаптарына сай келмейтін үйдің құрылысына билік араласа алады. Бұл сипаттардың тәрбие жөніндегі еңбектерде де аздаған айырмашылықпен қысқаша берілуінен мұсылманның баспанаға осылай қарауы құпталғанын аңғарамыз.

6. Шариғатқа сай баспана

Сүннет бойынша үйде қандай шарттар сақталуы керек екенін және мұсылманның баспана туралы ұстанымын баяндадық. Енді ер адам жұбайына әзірлеуге міндетті баспана жөніндегі фақиһтардың пікіріне тоқталайық. Мұны шариғатқа сай баспана деуге болады. Фақиһтар мұсылманша тұрмыс кешуге қажетті ең төменгі талаптарды атаған. Мұнда бала жайы сөз болмайды. Әңгіме некеге тұрған кезде баласы жоқ деп есептелген әйелге әзірленетін баспана жөнінде. Балалар дүниеге келсе, бұл шарттар қалай өзгереді? Фиқһ еңбектерінде бұл сұраққа айқын жауап берілмеген.

  1. 1Бұхари, Мәзалим, 29-бап (№2473). Мүслим, Мусақат, 243 (№1613). Тирмизи, Ахкам, 20-бап (№1356, ықшам нұсқасы №1355). Әбу Дәуіт, Ақдия, 31-бап (№3633). Ибн Мәжа, Ахкам, 16-бап (№2338).
  2. 2«Фәжр» сүресі, 8–9-аяттар.
  3. 3«Нәміл» сүресі, 52-аят.
  4. 4«Зуһруф» сүресі, 33–35-аяттар.
  5. 5Пайғамбарымыз (с.а.с.) жаман ырымға сенуді терістеген (Мүслим, «Сәлам», 110–114, № 2223–2224, 4/1745–1746). Сондықтан осы риуаяттағы «жайсыздық» сөзінің мәні ғалымдар арасында талқыланған. Хаттаби мен бірқатар ғалым мұны аталған үш нәрсені жамандыққа жоруға тыйым салу деп түсіндірген («Мағалим әс-сунан», 4/236). Олардың пікірінше, риуаятта адамның осы үш нәрсенің біріне көңілі толмайтын жағдайы меңзелуі мүмкін. Ондайда жұбайынан ажырасуға, баспанасын не көлігін сатуға болады. Кей ғалымдар мұндағы «жайсыздыққа» жұбайының бала көтермеуін не тілінің ащылығын, көліктің асаулығын немесе жорыққа мінуге жарамауын мысал еткен.
  6. 6«Нұр» сүресі, 61-аят.
  7. 7«Нұр» сүресі, 58–59-аяттар.
  8. 8Тұрғын үйдің тарлығын бағалауға қатысты дереккөзде екі өлшем келтірілген. 1. Алаңы бойынша. Адам басына 8–10 м² келетін баспана тұрмысқа қолайсыз деп бағаланған. 12–14 м² келетін баспана да қауіпті саналып, денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін делінген. 2. Тығыздығы бойынша. Бір бөлмеге орта есеппен 2,5 адамнан келсе, жағдай тұрмысқа қолайсыз саналған. Екі адамнан келуі де қауіп тудыруы мүмкін делінген (Famille et Habitation, 1-том, 121-б.). Францияда отбасы мүшелерінің санына қарай белгіленген тұрғын үй өлшемдерінің кестесін Ж.-Э. Авельдің еңбегінен қараңыз (J.-E. Havel, Habitat et Logement, PUF, Paris, 1974, 34-б.).
  9. 9Бұхари, «Киім», 89–90 (№5950, 5952), 97 (№5963). Айни тыйымы қатаң және жеңілдік білдіретін хадистерді былайша ұштастырады. Исламның алғашқы кезеңінде халық пұтқа табынудан енді арылғандықтан, әшекейге салынған бейнелерге де тыйым салынды. Тыйым орныққаннан кейін адамның бейнені құрмет тұтуынан қауіп жоқ жерде, яғни жоғарыға ілінбеген заттардағы бейнелерге рұқсат берілген. Қараңыз: Айни, «Ғумдат әл-қари», 22/74.
  10. 10«Ағраф» сүресі, 74-аят.
  11. 11«Ағраф» сүресі, 32-аят.
  12. 12Ибн Хажар Қуртубидің «Набат жұртының беделі өсіп, қалаларда сарай салуы – діннің өзгеріске ұшырауының белгісі» деген түсіндірмесін келтіреді. Қуртубидің пайымдауынша, хадисте дала жұртының билікке келіп, елді күшпен басқаруы, байлығы артқан соң биік ғимараттар салуда жарысып, бір-біріне мақтануы меңзелген. Ол өз дәуірінде осының куәсі болғанын айтады («Фатх әл-Бари», 1/131). Профессор Хамди Рағыб Атадемир Жәбірейіл хадисіндегі «татауул әл-буньян» тіркесін бүгінгі демократиялық жүйемен және оның келеңсіз салдарымен байланыстыра түсіндірген. Мүбәракфуридің пікірінше, хадисте бұрын мұқтаждықта өмір сүрген дала жұрты мен соларға ұқсас адамдардың байып, салған үйлерімен бір-біріне мақтанатыны айтылған.
  13. 13«Фәжр» сүресі, 6–7-аяттар.
  14. 14«Тәубе» сүресінің 107, 108 және 110-аяттарынан үзінді.