وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «الْحَلِفُ مَنْفَقَةٌ لِلسِّلْعَةِ مَمْحَقَةٌ لِلْكَسْبِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ بِأَلْفَاظٍ مُتَقَارِبَةٍ، وَأَبُو دَاوُدَ، وَفِي رِوَايَةٍ لَهُ: «مَمْحَقَةٌ لِلْبَرَكَةِ».
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) “Ант ішу тауардың өтуін тездетеді, бірақ табысты жояды” дегенін естідім». Әбу Дәуіт жеткізген бір нұсқада «берекені жояды» делінген.1
Түсіндірме
Дініміз тауарды өтімді ету үшін ант ішуді құптамайды. Хадистерде ант «әл-халф» не «әл-йәмин» деп, ақиқат немесе жалған екені нақтыланбай аталады. Хадиске түсініктеме берген ғалымдар мұны көбіне жалған ант деп ұққан. Бұхари да осы тақырыптағы тарауына «Саудада ант ішудің мәкрүһтігі» деп ат қойған. Сатушының жалған ант ішуі – тахримән мәкрүһ, яғни харамға жақын. Шындықты айтып тұрса да ант ішуі – тәнзиһән мәкрүһ, яғни одан тыйылған жөн.
Сатушының анты тауарға сұранысты арттырғанымен, табыстың берекесін жояды. Тақуа саудагер ант ішуден бой тартып, оны әдетке айналдырмауға тиіс.
Табыстың берекесі түрлі жолмен кетеді. Оның кейбірін түсіндіру қиын болса, кейбірі көзге бірден түседі. Айталық, өтірікпен сатылған тауардың кемшілігі ерте ме, кеш пе ашылады. Сатып алушы әлгі саудагерге қайта бармайды, өзгелерге де одан тауар алмауды айтады. Сөйтіп, табыстың берекесі қашады. Арам жолмен келген табыстың арам іске жұмсалып, иесін күнәға батырғанын да жиі көреміз. Астамшылық пен нәпсіге ерген адам денсаулығынан, тыныштығынан айырылады. Соның соңы кейде түрмеге, ауруханаға, тіпті көрге апарады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан берекесіздік бүгін болмаса, ертең осылай бір көрініс береді.
- 1Бұхари, «Буюғ», 26 (2087); Мүслим, «Мусақат» (1606); Әбу Дәуіт, «Буюғ», 6 (3335); Нәсәи, «Буюғ», 5 (7-том, 246-бет). Бұхари нұсқасында «берекені», Мүслимде «пайданы» жоятыны айтылған. Әбу Дәуітте «берекені» және «табысты» деген екі нұсқа берілген.