وَعَنْ حَكِيمِ بْنِ حِزَامٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «الْبَيِّعَانِ بِالْخِيَارِ مَا لَمْ يَتَفَرَّقَا، فَإِنْ صَدَقَ الْبَيِّعَانِ وَبَيَّنَا بُورِكَ لَهُمَا فِي بَيْعِهِمَا، وَإِنْ كَذَبَا وَكَتَمَا فَعَسَى أَنْ يَرْبَحَا رِبْحًا مَا وَيُمْحَقَا بَرَكَةَ بَيْعِهِمَا». وَفِي رِوَايَةٍ: «مُحِقَتْ بَرَكَةُ بَيْعِهِمَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «الْيَمِينُ الْفَاجِرَةُ مَنْفَقَةٌ لِلسِّلْعَةِ مَمْحَقَةٌ لِلْكَسْبِ».
Хаким ибн Хизам (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген: «Сатушы мен сатып алушы бір-бірінен ажырағанға дейін келісімнен бас тартуға құқылы. Екеуі шындықты айтып, білуге тиісті жайттарды ашық білдірсе, екеуінің де саудасына береке беріледі. Ал өтірік айтып, кемшілікті жасырса, азды-көпті пайда табуы мүмкін, бірақ саудасының берекесі кетеді».
Басқа бір нұсқада: «Саудаларының берекесі жойылады», – делінген. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта: «Жалған ант тауарды өтімді етеді, бірақ табысты жояды», – делінген.1
Түсіндірме
1. Сауда келісімі қай кезде түпкілікті бекитінін анықтау үшін ғалымдар хадистегі «ажырау» сөзін үш түрлі түсіндірген.
а) Бірінші түсінік бойынша, сатушы «саттым», сатып алушы «алдым» деп келісімін білдіргенде, екеуі де одан өз бетінше бас тарта алмайды. Имам Мәлік, Әбу Ханифа және бірқатар ғалым хадисті осылай түсінген.
ә) Әбу Юсуф, имам Шафиғи және бірқатар ғалым мұны сатушы мен сатып алушының бір-бірінің жанынан кетуі деп түсіндірген.
б) Тағы бір топ ғалым мұны сауда келісілген мәжілістен кету деп ұққан.
Ханафи мәзһабында келісім екі жақтың сөзімен түпкілікті бекіп, тауар сатып алушының меншігіне өтеді. Алайда «хиярур-руя» (тауарды көрген соң таңдау құқығы), «хиярул-айб» (кемшілік анықталғанда келісімді бұзу құқығы) және «хияруш-шарт» (алдын ала қойылған шартқа сай келісімді бұзу құқығы) сияқты жағдайлар туындаса, келісімнен бас тартуға болады. Мұндай негіз болмаса, сөзбен бекітілген келісімді бұзуға болмайды.
2. Саудада жасырмай айту қажет жайттарды кейбір ғалымдар былай түсіндірген. Тауардың кемшілігі болса, оны сатушы хабарлауға тиіс. Төлемге қатысты ескертілуі керек жайт болса, сатып алушы да оны жасырмай айтуға тиіс. Енді бір ғалымдар екі жақ та өз тарапынан білуге қажет жайттарды ашық айтуы керек деп, жалпы қағиданы алға тартқан.
- 1Хаким ибн Хизамның риуаяты – Бұхари, «Буюғ», 19, 22, 44, 46 (2079, 2114); Мүслим, «Буюғ», 47 (1532); Әбу Дәуіт, «Буюғ», 53 (3459); Тирмизи, «Буюғ», 26 (1246); Нәсәи, «Буюғ», 3 (7-том, 244–245-беттер). Жалған ант туралы Әбу Һурайра риуаяты – Ибн Әбу Шәйба, «Мусаннаф» (22508).