وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ تَعَوَّذُوا بِاللَّهِ مِنْ جُبِّ الْحُزْنِ. فَقَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ: وَمَا جُبُّ الْحُزْنِ؟ قَالَ: وَادٍ فِي جَهَنَّمَ تَتَعَوَّذُ مِنْهُ جَهَنَّمُ كُلَّ يَوْمٍ مِائَةَ مَرَّةٍ. قِيلَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: وَمَنْ يَدْخُلُهُ؟ قَالَ: الْقُرَّاءُ الْمُرَاءُونَ بِأَعْمَالِهِمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қайғы құдығынан Аллаға сыйыныңдар!” – деді. Жанындағылар: “Уа, Алланың елшісі, Қайғы құдығы деген не?” – деп сұрады. Ол: “Ол – жаһаннамдағы бір аңғар. Жаһаннамның өзі одан күніне жүз рет Аллаға сыйынады”, – деді. “Уа, Алланың елшісі, оған кімдер кіреді?” – деп сұралғанда, ол: “Амалын жұртқа көрсету үшін жасайтын қарилар”, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
«Қарраун» – «қарра» сөзінің көпше түрі. «Қарра» деп қирағаты көркем адамды атайды. «Қирағат» сөзі «оқу» мағынасында қолданылғанымен, «Ниһаяда» айтылғандай, түпкі мағынасы «жинау» дегенге саяды.
Бұл сөз хадистерде «қарра» және «қурра» түрінде ұшырасады. «Қурра» «қари» сөзінің көпше түрі ретінде де, жекеше түрде де қолданылады. Жекеше «қурраның» көпшесі – «қурраун». Бұл атаулар құлшылыққа берілген, діндар, күнәдан сақтанатын адамды білдіреді. «Мутақарри» сөзі де осы мағынада айтылады.
Түсіндірме бойынша, тозақтың өзі күніне жүз рет Аллаға сыйынатын бұл аңғар діндарлықты бүркеніп, дінді бұзуды көксегендерге арналған. Алла елшісінің (с.а.с.) басқа бір хадисінде أَكْثَرُ مُنَافِقِي أُمَّتِي قُرَّاؤُهَا. «Үмбетімдегі мұнафықтардың көбі – қарилар», – делінеді. Ибн әл-Әсир мұны былай түсіндіреді: «Мұнафықтар жұрттың сеніміне кіріп, іріткі салатын ойлары мен әрекеттерінен күдік тумауы үшін Құранды жаттайды. Осылайша өздерінен күдікті сейілтіп, Құранға зиян келтіреміз деп ойлайды. Алла елшісінің (с.а.с.) дәуіріндегі мұнафықтар осындай сипатта болған».
Ескерту. Бұл хадисте де, кейінгі риуаяттарда да ескерту айтылған қарилар, хафыздар мен діндарлар жайында автор мынадай пікір білдіреді. Шынайы мұсылманның кейде жаңылысуы мүмкін. Мұнда дінді құлату үшін әдейі даярланған мұнафықтар меңзелсе керек.
Мұсылман дұшпанын тани білуі керек. Әйтпесе дұшпаны қаралай берген шынайы діндарларға жаңсақ пайыммен тіл тигізіп, соларды қаралағандардың жағына шығып кетуі мүмкін. يَكُونُ فِي آخِرِ الزَّمَانِ عُبَّادٌ جُهَّالٌ وَقُرَّاءٌ فَسَقَةٌ. «Ақырзаманда надан құлшылық иелері мен пасық қарилар шығады» деген мазмұндағы риуаяттар шынайы діндарларды да сақ болуға шақырады. Парасат жетіспей, надандық билесе, ықыласты кісі де шайтанның тұзағына түсіп, қас түзетемін деп көз шығаруы мүмкін. Мәкхул (Алла оны рақымына бөлесін) осындай риуаяттарға сүйеніп: «Адамдар ғалымдарының иісі есектің өлексесінен де жаман шығатын заманға кезігеді», – деген.
- 1Тирмизи, «Зүһд», 48 (№ 2383, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2384).