عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ كَانَ مَعَهُ فَضْلُ ظَهْرٍ فَلْيَعُدْ بِهِ عَلَى مَنْ لَا ظَهْرَ لَهُ، وَمَنْ كَانَ لَهُ فَضْلُ زَادٍ فَلْيَعُدْ بِهِ عَلَى مَنْ لَا زَادَ لَهُ. فَذَكَرَ أَصْنَافًا مِنَ الْمَالِ حَتَّى رَأَيْنَا أَنْ لَا حَقَّ لِأَحَدٍ مِنَّا فِي فَضْلٍ».
Әбу Сағид (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Кімнің артық мініс көлігі болса, көлігі жоққа берсін. Кімнің артық азығы болса, азығы жоқпен бөліссін».
Әбу Сағид (р.а.) сөзін жалғап: «Алла елшісі мүліктің басқа да түрлерін атап шықты. Сөйтіп, ешқайсымыздың артық дүниені өзімізге алып қалуға ақымыз жоқ деп түсіндік», – деді1.
Түсіндірме
1. Хадис сапарластарды бір-біріне жәрдем беріп, қолындағысын бөлісуге үндейді. Бірін-бірі қолдау – адам тіршілігінің тірегі әрі дініміздің ұстанымы. Оның қадірі ұзақ сапар мен қиын-қыстау шақта айрықша білінеді.
2. Мүслім мен Әбу Дәуіт нұсқаларында хадистің айтылу себебі де бар. «Тәйсирде» бұл бөлік келтірілмеген. Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла Елшісімен (с.а.с.) сапарға шықтық. Көлік мінген бір кісі келіп, оңына да, солына да қарай берді. Сонда Алла Елшісі “Кімнің артық мініс көлігі болса...” деп сөз бастады».
Риуаятта әлгі кісінің мұқтаждығы сөзінен емес, айналасына қарағанынан аңғарылған. Түсіндірмеде адамның қажеті түрінен, қимылынан байқалса, оны сұратпай жәрдем еткен абзал делінеді. Ғалымдардың пікірінше, мұндайда керуен басшысы мұқтажға көмектесуді тапсыруы керек.
Ғалымдар бұл хадисті мұқтаж жолаушыға зекет пен садақа беруге дәлел еткен. Ол елінде дәулетті болса да, сапарда мұқтаждыққа ұшырауы мүмкін. Астында мініс көлігінің, үстінде қымбат киімінің болуы оның көмек алуына кедергі емес.
- 1Мүслим, «Тауып алынған мүлік», № 1728. Әбу Дәуіт, «Зекет», № 1663.