وَعَنْ صَفِيَّةَ بِنْتِ أَبِي عُبَيْدٍ، عَنْ بَعْضِ أَزْوَاجِ النَّبِيِّ ﷺ، قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنْ أَتَى عَرَّافًا فَسَأَلَهُ عَنْ شَيْءٍ فَصَدَّقَهُ، لَمْ تُقْبَلْ لَهُ صَلَاةُ أَرْبَعِينَ يَوْمًا». أَخْرَجَ مُسْلِمٌ أَصْلَهُ.
Сафия бинт Әбу Убайд Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайларының бірінен мына хадисті жеткізеді: «Кім көріпкелге барып, одан бір нәрсе сұраса әрі жауабына сенсе, қырық күндік намазы қабыл болмайды»1.
Түсіндірме
Бақсы, балгер, көріпкел, сәуегей мен жұлдызшы – бәрі ғайыптан хабар беруге тырысатындар. Атаулары әртүрлі болғанымен, үкімі бір. Ұрланған не жоғалған заттың қайда екенін ғайыптан білемін дейтіндер де осы қатарға кіреді. Кейбіреулер оларды «жыншы» деп атайды.
Құран аяттары ғайыпты білу Аллаға ғана тән екенін айқындайды. Олай болса, ғайыпты білемін деу – Құранға қарсы шығу. Сәуегейге барып, айтқанын рас деп қабылдау мүміннің иманына нұқсан келтіреді.
Ғалымдардың түсіндіруінше, көріпкелге барған кісі намазының сауабынан айырылады. Бұл хадистің үкімі бойынша ондай кісі кәпір саналмайды. Қырық күн бойы намазын оқып, парызын өтеуге міндетті, бірақ намазының сауабы берілмейді. Ғалымдар осыған бірауыздан келіскен. Мұндай кісінің намазын мәкрүһ деуге немесе оған намазын қойғызуға болмайды.
Кей риуаятта мұндай адамның қырық күндік намазы қабыл болмайтыны айтылса, енді бірінде бұл әрекет күпірлікке жатқызылады. Табарани жеткізген бір риуаятта: «Кім сәуегейге барып, айтқанын растаса, Мұхаммедке түсірілгенге күпірлік еткені. Ал кім сәуегейге барып, айтқанына сенбесе, барғаны үшін қырық күндік намазы қабыл болмайды», – делінген.
- 1Мүслим, «Сәләм», 125 (2230). Мүслимдегі нұсқада «айтқанына сенсе» деген тіркес жоқ және «қырық түн» делінген. «Айтқанына сенсе» деген тіркес Ахмад ибн Ханбал жеткізген нұсқада бар («Муснәд», 23636).