Хадис

Кутуб ситтә, № 2239

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
326. Сиқырдың әсері
Нөмірі
№ 2239 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
2239
Кутуб ситтә, № 2239 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سُحِرَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ حَتَّى إِنَّهُ لَيُخَيَّلُ إِلَيْهِ أَنَّهُ فَعَلَ الشَّيْءَ وَمَا فَعَلَهُ. حَتَّى إِذَا كَانَ ذَاتَ يَوْمٍ وَهُوَ عِنْدِي دَعَا اللَّهَ ثُمَّ دَعَاهُ. ثُمَّ قَالَ: أَشَعَرْتِ يَا عَائِشَةُ أَنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَدْ أَفْتَانِي فِيمَا اسْتَفْتَيْتُهُ فِيهِ؟ قُلْتُ: وَمَا ذَاكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: جَاءَنِي رَجُلَانِ، فَقَعَدَ أَحَدُهُمَا عِنْدَ رَأْسِي وَالْآخَرُ عِنْدَ رِجْلَيَّ، فَقَالَ أَحَدُهُمَا لِصَاحِبِهِ: مَا وَجَعُ الرَّجُلِ؟ قَالَ: مَطْبُوبٌ. قَالَ: وَمَنْ طَبَّهُ؟ قَالَ: لَبِيدُ بْنُ الْأَعْصَمِ الْيَهُودِيُّ مِنْ بَنِي زُرَيْقٍ. قَالَ: فِيمَاذَا؟ قَالَ: فِي مُشْطٍ وَمُشَاطَةٍ وَجُفِّ طَلْعَةِ ذَكَرٍ. قَالَ: فَأَيْنَ هُوَ؟ قَالَ: فِي بِئْرِ ذَرْوَانَ. فَذَهَبَ ﷺ فِي أُنَاسٍ مِنْ أَصْحَابِهِ إِلَى الْبِئْرِ فَنَظَرَ إِلَيْهَا وَعَلَيْهَا نَخْلٌ، ثُمَّ رَجَعَ إِلَى عَائِشَةَ فَقَالَ: وَاللَّهِ لَكَأَنَّ مَاءَهَا نُقَاعَةُ الْحِنَّاءِ، وَلَكَأَنَّ نَخْلَهَا رُؤُوسُ الشَّيَاطِينِ. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَفَأَخْرَجْتَهُ؟ قَالَ: لَا. أَمَّا أَنَا فَقَدْ عَافَانِي اللَّهُ تَعَالَى وَشَفَانِي، وَخَشِيتُ أَنْ أُثِيرَ عَلَى النَّاسِ مِنْهُ شَرًّا. وَأَمَرَ بِهَا فَدُفِنَتْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «الْمَطْبُوبُ»: الْمَسْحُورُ. وَ«الْمُشَاطَةُ»: مَا يَخْرُجُ مِنَ الشَّعْرِ إِذَا مُشِطَ. وَ«الْجُفُّ»: وِعَاءُ الطَّلْعِ وَغِشَاؤُهُ الَّذِي يَكُنُّهُ. وَ«ذَرْوَانُ»: بِئْرٌ فِي بَنِي زُرَيْقٍ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) сиқыр жасалды. Сонда ол істемеген ісін істегендей көретін болды. Бір күні менің қасымда отырғанда, Аллаға қайта-қайта дұға етті де: “Уа, Айша! Алладан сұраған мәселемнің жауабы келгенін білесің бе?” – деді. “Ол не мәселе, уа, Алланың елшісі?” – деп сұрадым. Ол: “Маған екі кісі келді. Бірі бас жағымда, бірі аяқ жағымда отырды. Бірі екіншісінен: ‘Бұл кісіге не болған?’ – деп сұрады. ‘Сиқырланған’, – деді екіншісі. ‘Кім сиқырлаған?’ – деді әлгі кісі. ‘Бәну Зурайқ руынан шыққан Ләбид ибн әл-Ағсам деген яһуди’, – деді серігі. ‘Сиқырды немен жасаған?’ – деді. ‘Тарақпен, тарағанда түскен шашпен және аталық құрманың гүлшоғы оралған қабықпен’, – деді. ‘Ол қайда?’ – деп сұрады. ‘Зәруан құдығында’, – деді”, – деп жауап берді. Содан соң Алла елшісі (с.а.с.) бір топ сахабамен құдыққа барып қарады. Құдық басында құрма ағаштары тұр екен. Ол маған қайтып келіп: “Аллаға ант етемін, оның суы қына тұнбасына, ал құрма ағаштарының ұшар басы шайтандардың басына ұқсайды”, – деді. Мен: “Уа, Алланың елшісі, оны құдықтан шығардыңыз ба?” – деп сұрадым. Ол: “Жоқ. Алла маған амандық пен шипа берді. Оның кесірінен жұртқа жамандық жайылып кетер деп қорықтым”, – деді. Содан соң құдықты көмуге бұйырды да, құдық көмілді».1

Түсіндірме

1. Бұл оқиға һижраның жетінші жылы Мәдинада болған. Оқиғаны бірнеше жолмен жеткізген риуаяттардың егжей-тегжейінде айырма бар. Олар Бұхари мен Мүслимнің жинақтарынан өзге дереккөздерде де кездеседі. «Жамиғ Мағмардағы» сенімді риуаятқа қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) сиқырдың зардабын алты айдай тартқан.

2. Бидғатты ұстанғандардың кейбірі бұл хадисті мойындамай, мына уәжді алға тартады: «Мұндай жағдай пайғамбарлық дәрежеге сай келмейді. Алла елшісі (с.а.с.) сиқырланды деу – ол жеткізген шариғатқа күмән келтіру. Бұл туралы риуаяттардың бәрі жалған. Оған сиқырдың әсері тиді десек, Жәбірейілді көрмесе де көрдім деп, уахи келмесе де келді деп ойлауы мүмкін». Мәзыри бұл уәжді негізсіз деп санап, былай жауап береді: «Алла елшісінің (с.а.с.) Алладан жеткізген сөзінде шыншыл болғаны және дінді жеткізуде Алланың қорғауына алынғаны дәлелденген. Оны растаған көптеген мұғжиза – соның айқын дәлелі. Бұған қарсы жорамалдың негізі жоқ. Ал пайғамбарлық міндетіне қатысы жоқ дүниелік істерде ол да адам болғандықтан ауырады және өзге адамдардың басына түсетін жағдайларды бастан кешеді. Сондықтан дүниелік бір мәселеде болған істі басқаша пайымдауы ықтимал».

Мәзыри тағы былай дейді: «Кей риуаятқа қарағанда, Алла елшісінің (с.а.с.) болмаған істі болды деп ойлағаны – жұбайларымен жақындаспаса да жақындастым деп ойлауы».

Адам мұндай күйді көбіне түсінде бастан кешіреді. Ояу кезінде де мұндай жайттың болуы мүмкін.

3. Алла елшісіне (с.а.с.) адам кейпінде келген екеуі – Жәбірейіл мен Микаил (а.с.). Риуаяттарға қарағанда, бас жағында Жәбірейіл, аяқ жағында Микаил отырған.

4. Кей риуаятта оқиға толығырақ баяндалады: «Құрманың гүлшоғы оралған қабықтың ішінде Алла елшісінің (с.а.с.) балауыздан жасалған бейнесі, оған қадалған инелер және он бір түйін түйілген жіп бар еді. Сонда Жәбірейіл “Фәлақ” пен “Нас” сүрелерін жеткізді. Әр аят оқылған сайын бір түйін шешіліп, әр ине суырылғанда Пайғамбар (с.а.с.) ауырсынды. Бәрі біткенде бойы жеңілдеді». Басқа бір риуаятта Жәбірейіл әр түйінді шешкенде бір аят оқуды бұйырғаны, Алла елшісі (с.а.с.) оқып болып, байлаудан босағандай орнынан тұрғаны айтылады.

5. Құдық суын кей риуаятта қызыл, кейбірінде жасыл деп сипаттаған. Құртуби судың түсі ұзақ тұрып қалуынан немесе құдыққа тасталған сиқыр заттарының әсерінен өзгеруі мүмкін деп түсіндіреді.

6. Құрма ағаштарының ұшар басын шайтанның басына теңеу олардың ұсқынсыздығын білдіреді. Құранда тозақтағы заққұм ағашының жемісі де шайтандардың басына ұқсатылады. Тіл мамандарының айтуынша, арабтар бір нәрсенің ұсқынсыздығын білдіру үшін оны шайтанға теңеген.

7. Сиқыр заттарын құдықтан шығару жайында Алла елшісі (с.а.с.): «Оның кесірінен жұртқа жамандық жайылып кетер деп қорықтым», – деген. Нәуәуи мұны «адамдар әлгі заттарға қызығып, сиқыр үйренуге әуес бола ма деген қауіп» деп түсіндіреді. Бұл – бүлікке жол бермеу үшін бір істен бас тартудың мысалы.

8. Алла елшісінің (с.а.с.) өзіне сиқыр жасаған кісіні неліктен жазаламағаны да түсіндіріледі. Бір риуаятта Пайғамбардың (с.а.с.) Ләбидті шақыртқаны, оның кінәсін мойындағаны және кешірім алғаны айтылады. Басқа бір риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Мұны не үшін жасадың?» – дегенде, ол: «Ақша табу үшін», – деп жауап берген. Кей риуаятта оған өлім жазасы кесілгені айтылса да, Құртуби: «Оны өлтіру бүлік тудырып, адамдарды Исламнан үркітер еді», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) жұрт «Мұхаммед өз серіктерін өлтіріп жатыр» деп үрікпесін деген оймен мұнафықтарды да өлтірмеген.

9. Айша (р.а.) бұл оқиғаны баяндағанда, Алла елшісінің (с.а.с.) сырқатын сезгеннен-ақ дұғасын көбейткенін, дереу ем іздеуге кіріспей, дұға арқылы құтылуды қалағанын айтады. Нәуәуи осыған сүйеніп, «Адамның басына қиындық түссе, қайта-қайта дұға етуі – мұстахап» деген қорытынды шығарған. Ибн Хажар: «Алла елшісі (с.а.с.) әуелі Аллаға тәуекел етіп, істің ақырын Оған тапсырды. Басына түскен қиындыққа сабыр етті. Сырқаты басылмай, ғибадат етуге шамасы жетпей қала ма деп қауіптенгенде, ем іздеп, содан соң дұғаға ден қойды. Осы әрекеттерінің әрқайсысы – бізге үлгі», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Тыб», 47, 49–50 (5763); Мүслим, «Сәләм», 43 (2189). Сондай-ақ Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», 8/98.