Хадис

Жеміс пен егін өнімін сату

Кутуб ситтә, 2-том, 34-тарау · 14 хадис · № 245–258

САУДА-САТТЫҚ (БӘЙҒ) БӨЛІМІ

Хадистер

245
Кутуб ситтә, № 245 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا تَبِيعُوا الثَّمَرَ حَتَّى يَبْدُوَ صَلَاحُهُ، وَلَا تَبِيعُوا الثَّمَرَ بِالتَّمْرِ». قَالَ سَالِمٌ: «وَأَخْبَرَنِي عَبْدُ اللَّهِ عَنْ زَيْدِ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ قَالَ: ثُمَّ رَخَّصَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بَعْدَ ذَلِكَ فِي بَيْعِ الْعَرِيَّةِ بِالرُّطَبِ أَوْ بِالتَّمْرِ، وَلَمْ يُرَخِّصْ فِي غَيْرِهِ». وَكَانَ ابْنُ عُمَرَ إِذَا سُئِلَ عَنْ صَلَاحِهَا قَالَ: «حَتَّى تَذْهَبَ عَنْهَا الْعَاهَةُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Ағаштағы сол жылғы жемістің пісуге бет алғаны білінбейінше, оны сатпаңдар. Балауса құрманы кепкен құрмаға айырбастап сатпаңдар”, – деді».

Сәлим былай дейді: «Абдулла ибн Омар маған Зәйд ибн Сәбиттің былай дегенін жеткізді: “Осыдан кейін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) арияны, яғни белгілі бір ағаштың басындағы балауса құрманы, жиналған балауса не кепкен құрмаға айырбастауға рұқсат берді. Өзге мәмілеге мұндай рұқсат бермеді”».

Ибн Омардан «Жемістің пісуге бет алғаны қашан білінеді?» деп сұрағанда, ол: «Оған апаттан зақым келу қаупі сейілгенде», – деп жауап беретін.1

Түсіндірме

Хадисте ағаштағы жемісті белгілі шарттармен сатуға болатыны айтылған.

1. Жемістің пісетіні анық болуы керек. Үсік, бұршақ секілді апаттардың қаупі сейіліп, ағаштағы жемістің қалыпты жағдайда пісіп жетілетініне көз жетсе, оны жинамай тұрып та мөлшерін шамалап сатуға болады.

2. Мәміле рибаға апаратын шарттардан ада болуы керек. Жемістің құнын алтын не күміс ақшамен өтеуге немесе оны түрі басқа тауарға айырбастауға болады.

3. Ария саудасына рұқсат етілген. Ария – бақ иесінің жемісін сатуға бөліп қойған бір немесе бірнеше құрма ағашы. Иесі шұғыл қажетін өтеу үшін ағаштағы құрма кепкенде қанша шығатынын шамалайды да, сол мөлшер бойынша оны сатады немесе балауса құрмаға айырбастайды. Мұны «ария саудасы» дейді.

Қолында кепкен құрмасы бар, бірақ ақшасы жоқ кісілер балауса құрма жегісі келгенде, осы мәмілеге рұқсат сұраған. Негізінде, №251 хадисте айтылғандай, кепкен құрманы балауса құрмаға айырбастауға тыйым салынған. Бұл жағдай кепкен құрмасы барларға да, балауса құрма өсіретіндерге де қиындық туғызған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай айырбасқа белгілі шарттармен рұқсат берген. №252 хадисте айтылғандай, ария саудасындағы құрманың мөлшері бес уасқтан аспауға тиіс.

Бір уасқ – алпыс сағ, яғни шамамен бір түйенің жүгі.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 82–87, №2183–2184, «Мусақат», 17, «Сәләм», 4; Мүслим, «Буюғ», 51, 59, 79, №1534, 1535, 1539; Әбу Дәуіт, «Буюғ», 20, №3361; Нәсәи, «Буюғ», 28 (7-т., 262–263-б.), 40 (7-т., 270–271-б.), «Әйман», 45 (7-т., 33-б.); Ибн Мәжа, «Тижарат», 32, №2214–2215; Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 10, 2-т., 618-б.
246
Кутуб ситтә, № 246 · тараудағы реті: 2

وَفِي أُخْرَى لِلْخَمْسَةِ إِلَّا الْبُخَارِيَّ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ بَيْعِ النَّخْلِ حَتَّى يَزْهُوَ، وَعَنْ بَيْعِ السُّنْبُلِ حَتَّى يَبْيَضَّ وَيَأْمَنَ الْعَاهَةَ. نَهَى الْبَائِعَ وَالْمُشْتَرِيَ».

Қазақша аудармасы

Бұхариден өзге бес жинақтағы риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құрма ағашының жемісін пісуге бет алғанға дейін, ал дәнді дақылдың масағын дәні ағарып, зақымдану қаупі сейілгенге дейін сатуға тыйым салғаны айтылады. Бұл тыйым сатушыға да, сатып алушыға да қатысты.1

  1. 1Мүслим, «Буюғ», 50, №1535; Әбу Дәуіт, «Буюғ», 23, №3368; Тирмизи, «Буюғ», 15, №1226–1227; Нәсәи, «Буюғ», 40, 7-т., 270–271-б.; Ибн Мәжа, «Тижарат», 32, №2214–2215.
247
Кутуб ситтә, № 247 · тараудағы реті: 3

وَفِي أُخْرَى لِلثَّلَاثَةِ وَالنَّسَائِيِّ عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «نَهَى عَنْ بَيْعِ الثَّمَرِ حَتَّى يَزْهُوَ». قِيلَ لَهُ: «مَا زَهْوُهَا؟» قَالَ: «تَحْمَرُّ وَتَصْفَرُّ. أَرَأَيْتَ إِنْ مَنَعَ اللَّهُ تَعَالَى الثَّمَرَةَ، بِمَ تَسْتَحِلُّ مَالَ أَخِيكَ؟»

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ағаштағы жемісті пісуге бет алмай тұрып сатуға тыйым салды. Одан “Жемістің пісуге бет алғаны деген не?” деп сұралды. Ол: “Жемістің қызаруы мен сарғаюы”, – деп жауап берді де: “Айтшы, Алла Тағала жемістің пісуіне жол бермесе, бауырыңның ақшасын алуды қалай адал санайсың?” – деді».1

  1. 1Бұхари, «Буюғ», №2197–2198, «Сәләм», 4; Мүслим, «Мусақат», 15–17, №1555, «Буюғ», №1534; Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 11, 2-т., 618-б. Мағыналас риуаяттар: Әбу Дәуіт, №3367; Ибн Мәжа, №2284.
248
Кутуб ситтә, № 248 · тараудағы реті: 4

وَلِلشَّيْخَيْنِ وَأَبِي دَاوُدَ فِي أُخْرَى عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى النَّبِيُّ ﷺ أَنْ تُبَاعَ الثَّمَرَةُ حَتَّى تُشَقِّحَ». فَقِيلَ: «وَمَا تُشَقِّحُ؟» قَالَ: «تَحْمَارُّ وَتَصْفَارُّ وَيُؤْكَلُ مِنْهَا».

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жемістің түсі өзгеріп, пісуге бет алғанша оны сатуға тыйым салды». Одан: «Жемістің түсі қалай өзгереді?» – деп сұрағанда, ол: «Қызарып не сарғайып, жеуге жарайды», – деп жауап берді.1

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 83, 85 (2196), «Зекет», 58. Мүслим, «Буюғ», 53 (1536). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 23 (3370–3373). Нәсәи, «Буюғ», 28 (7/264).
249
Кутуб ситтә, № 249 · тараудағы реті: 5

وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيِّ عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «نَهَى عَنْ بَيْعِ الْعِنَبِ حَتَّى يَسْوَدَّ، وَعَنْ بَيْعِ الْحَبِّ حَتَّى يَشْتَدَّ».

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жүзім қарайғанша, ал дәнді дақылдың дәні қатайғанша оларды сатуға тыйым салды».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 23 (3371). Тирмизи, «Буюғ», 15 (1228). Ибн Мәжа, «Тижарат», 32 (2217).
250
Кутуб ситтә, № 250 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ خَارِجَةَ بْنِ زَيْدٍ: «أَنَّ أَبَاهُ كَانَ لَا يَبِيعُ ثِمَارَهُ حَتَّى تَطْلُعَ الثُّرَيَّا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Харижа ибн Зәйдтің айтуынша, әкесі Үркер тумағанша жемісін сатпайтын.1

Түсіндірме

Зурқани түсіндірмесінде Ибн Омардың (р.а.) Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеміс апатқа ұшырау қаупінен арылғанша оны сатуға тыйым салғанын жеткізгені айтылады. Одан: «Бұл қай кез?» – деп сұрағанда, ол: «Үркер көріне бастаған шақ», – деп жауап берген. Түсіндірмеде Үркер жаз кірген күні таң ата туады делінген. Бұл – аптап ыстық басталып, жеміс пісуге бет алатын шақ. Демек, мұндағы меже – Үркердің тууы. Ағаш басындағы жемісті осы кезден бастап сатуға болады.

  1. 1Имам Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 13 (2/619).
251
Кутуб ситтә, № 251 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Сәһл ибн Әбу Хасма (р.а.)

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ أَبِي حَثْمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ نَهَى عَنْ بَيْعِ الثَّمَرِ بِالتَّمْرِ، وَقَالَ: ذَلِكَ الرِّبَا، تِلْكَ الْمُزَابَنَةُ، إِلَّا أَنَّهُ رَخَّصَ فِي بَيْعِ الْعَرِيَّةِ: النَّخْلَةِ وَالنَّخْلَتَيْنِ يَأْخُذُهَا أَهْلُ الْبَيْتِ بِخَرْصِهَا تَمْرًا يَأْكُلُونَهَا رُطَبًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. وَزَادَ التِّرْمِذِيُّ فِي أُخْرَى: «وَعَنْ بَيْعِ الْعِنَبِ بِالزَّبِيبِ، وَعَنْ كُلِّ ثَمَرٍ بِخَرْصِهِ».

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Әбу Хәсмә (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балауса құрманы кепкен құрмаға айырбастап сатуға тыйым салып: “Бұл – риба, мұны мүзәбәнә дейді”, – деді. Ал ария саудасына рұқсат берді. Бір үйдің адамдары бір не екі құрма ағашының басындағы жемісті кепкенде қанша шығатынына қарай шамалап, сол мөлшерде кепкен құрма беріп алады да, алған жемісін балауса күйінде жейді».

Тирмизи келтірген тағы бір риуаятта мынадай қосымша бар: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балауса жүзімді мейізге, сондай-ақ кез келген жемісті шамалап өлшеп, сол тектес жеміске айырбастап сатуға тыйым салды».1

قَالَ يَحْيَى بْنُ سَعِيدٍ: «الْعَرِيَّةُ أَنْ يَشْتَرِيَ الرَّجُلُ ثَمَرَ النَّخَلَاتِ لِطَعَامِ أَهْلِهِ رُطَبًا بِخَرْصِهَا تَمْرًا».

Яхия ибн Сағид арияны былай түсіндірді: «Кісі отбасына жегізу үшін бірнеше ағаштағы балауса құрманы шамалап өлшейді де, сол мөлшерде кепкен құрма беріп сатып алады».2

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 83 (2191), «Шурб», 17. Мүслим, «Буюғ», 64 (1540). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 20 (3363). Тирмизи, «Буюғ», 64 (1303). Нәсәи, «Буюғ», 35 (7/268).
  2. 2Бұхари, «Буюғ», 83 (2191), «Шурб», 17. Мүслим, «Буюғ», 64 (1540). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 20 (3363). Тирмизи, «Буюғ», 64 (1303). Нәсәи, «Буюғ», 35 (7/268).
252
Кутуб ситтә, № 252 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَخَّصَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي بَيْعِ الْعَرَايَا بِخَرْصِهَا مِنَ التَّمْرِ فِيمَا دُونَ خَمْسَةِ أَوْسُقٍ أَوْ فِي خَمْسَةِ أَوْسُقٍ». شَكَّ بَعْضُ الرُّوَاةِ فِي خَمْسَةِ أَوْسُقٍ أَوْ دُونَ خَمْسَةِ أَوْسُقٍ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ария саудасында ағаш басындағы құрманы шамалап өлшеп, орнына кепкен құрма беруге рұқсат етті. Мөлшері бес уасқтан кем немесе бес уасқ еді».

Рауилердің бірі: «Бес уасқ деді ме, әлде бес уасқтан кем деді ме?» – деп, осы мөлшерді нақты айта алмаған.1

Түсіндірме

Ария саудасының мәні мен оған не себепті рұқсат етілгені №245 хадистің түсіндірмесінде айтылды. Бұл саудада маман ағаш басындағы балауса құрмадан кепкенде қанша құрма шығатынын алдын ала шамалайды. Сатып алушы балауса құрманың құнына сол мөлшерде кепкен құрма береді. Осылайша оның бергені мен алғаны кепкен құрма өлшемімен теңеседі.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 83 (2190), «Шурб», 17 (2382). Мүслим, «Буюғ», 71 (1541). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 21 (3364). Нәсәи, «Буюғ», 35 (7/268). Тирмизи, «Буюғ», 63 (1301). Имам Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 14 (2/620).
253
Кутуб ситтә, № 253 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْمُزَابَنَةِ وَالْمُحَاقَلَةِ. فَالْمُزَابَنَةُ: اشْتِرَاءُ الثَّمَرِ فِي رُؤُوسِ النَّخْلِ». زَادَ مَالِكٌ: «بِالتَّمْرِ». «وَالْمُحَاقَلَةُ: كِرَاءُ الْأَرْضِ بِالْحِنْطَةِ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүзәбәнә мен мұхақалаға тыйым салды». Мүзәбәнә – ағаш басындағы балауса құрманы сатып алу. Имам Мәлик осы анықтамаға «кепкен құрма беріп» деген сөзді қосқан.

Мұхақала – бидай беріп, егістік жерді жалға алу.1

Түсіндірме

Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) заманында егістік жерді жалға беру кең тараған. Тұқымды диқан өзі әкелетін. Егістіктің құнарлы бөлігінен бір телім жер иесіне белгіленіп, қалғаны диқанға тиетін. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұлай келісуге тыйым салды. Себебі жер иесіне белгіленген телімнің өнімі шықпай қалуы немесе зая кетуі мүмкін еді.

Имам Нәуәуидің түсіндіруінше, ғұламалар бұл мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Кейбірі хадистегі тыйымды жалпы мағынасында алып, егістікті өнімге де, алтын, күміс тәрізді заттарға да жалға беруге болмайды деген. Әбу Ханифа, Шафиғи және басқа да көптеген ғұлама егістікті алтын, күміс, азық қоры, киім-кешек және өзге де заттар есебінен жалға беруге болады деп санаған. Жалдау ақысы егінмен де өтелуі мүмкін. Алайда сол жерден жиналатын өнімнің үштен бірі не төрттен бірі секілді үлесін жалдау ақысына белгілеуге болмайды деген. Мұндай келісім мұхабара деп аталады. Белгілі бір телімге жер иесі үшін егін егу шартын қоюға да рұқсат жоқ деген. Ахмад ибн Ханбал, Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед және Мәлики мәзһабының кей ғұламаларының пікірі мынадай: «Жерді алтын мен күміске, сондай-ақ өнімнің үштен бірі не төрттен бірі секілді үлесіне жалға беруге болады. Басым пікір де осы». Әр пікірдің иелері өз ұстанымын риуаяттарға сүйеніп дәлелдеген.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 82. Мүслим, «Буюғ», 105 (1546). Имам Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 23–25 (2/625). Нәсәи, «Музараға», 45 (7/39).
254
Кутуб ситтә, № 254 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْمُزَابَنَةِ، وَالْمُزَابَنَةُ: بَيْعُ الثَّمَرِ بِالتَّمْرِ كَيْلًا، وَبَيْعُ الْكَرْمِ بِالزَّبِيبِ كَيْلًا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүзәбәнәға тыйым салды. Мүзәбәнә – балауса құрманы өлшеммен кепкен құрмаға, ал балауса жүзімді өлшеммен мейізге айырбастап сату».1

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 75, 82. Мүслим, «Буюғ», 72–74 (1542). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 18 (3361). Нәсәи, «Буюғ», 33 (7/266). Тирмизи, «Буюғ», 63 (1300). Имам Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 23 (2/624).
255
Кутуб ситтә, № 255 · тараудағы реті: 11

وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ: «نَهَى عَنْ بَيْعِ الزَّرْعِ بِالْحِنْطَةِ كَيْلًا».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің тағы бір риуаятында: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өсіп тұрған егінді белгілі бір көлем өлшемімен бидайға айырбастап сатуға тыйым салды», – делінген.1

Түсіндірме

Бұл сауда алдыңғы хадисте түсіндірілген мүзәбәнәға ұқсайды. Яғни белгілі бір жер теліміндегі егінді көлемі өлшенген бидайға айырбастайды. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай саудаға тыйым салған. Келесі хадисте бұл мәселе толығырақ түсіндіріледі.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 19 (3361).
256
Кутуб ситтә, № 256 · тараудағы реті: 12

وَفِي أُخْرَى لِلشَّيْخَيْنِ عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «نَهَى عَنِ الْمُخَابَرَةِ وَالْمُحَاقَلَةِ». قَالَ عَطَاءٌ: «فَسَّرَ لَنَا جَابِرٌ، قَالَ: أَمَّا الْمُخَابَرَةُ فَالْأَرْضُ الْبَيْضَاءُ يَدْفَعُهَا الرَّجُلُ إِلَى الرَّجُلِ فَيُنْفِقُ فِيهَا ثُمَّ يَأْخُذُ مِنَ الثَّمَرِ، وَزَعَمَ أَنَّ الْمُزَابَنَةَ بَيْعُ الرُّطَبِ فِي النَّخْلِ بِالتَّمْرِ كَيْلًا، وَالْمُحَاقَلَةُ فِي الزَّرْعِ عَلَى نَحْوِ ذَلِكَ: يَبِيعُ الزَّرْعَ الْقَائِمَ بِالْحَبِّ كَيْلًا».

Қазақша аудармасы

Бұхари мен Мүслимнің Жәбирден (р.а.) жеткізген риуаятында: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұхабара мен мұхақалаға тыйым салды», – делінген. Ата: «Жәбир мұны бізге былай түсіндірді:

Мұхабарада жер иесі бос жатқан жерін біреуге береді. Ол егін егіп, шығынын өзі көтереді. Өнім жиналғанда, жер иесі одан үлес алады.

Мүзәбәнә – ағаш басындағы балауса құрманы өлшеммен кепкен құрмаға айырбастап сату.

Мұхақала – егінге қатысты осыған ұқсас сауда. Өсіп тұрған егінді белгілі бір көлемдегі дәнге айырбастап сатады», – дейді.1

  1. 1Бұхари, «Шурб», 17. Мүслим, «Буюғ» (1536). Тирмизи, «Буюғ», 55 (1290), 72 (1313). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 24 (3374–3375). Нәсәи, «Буюғ», 39 (7/270).
257
Кутуб ситтә, № 257 · тараудағы реті: 13

وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ رَحِمَهُ اللَّهُ: «نَهَى عَنِ الْمُحَاقَلَةِ وَالْمُزَابَنَةِ وَالْمُعَاوَمَةِ وَالْمُخَابَرَةِ». قَالَ أَحَدُهُمَا: «بَيْعُ السِّنِينَ هِيَ الْمُعَاوَمَةُ». «وَعَنِ الثُّنْيَا». زَادَ أَصْحَابُ السُّنَنِ: «إِلَّا أَنْ تُعْلَمَ».

Қазақша аудармасы

Мүслимнің тағы бір риуаятында: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұхақалаға, мүзәбәнәға, мұғауамаға және мұхабараға тыйым салды», – делінген. Екі рауидің бірі: «Мұғауама – бірнеше жылдың өнімін алдын ала сату», – деп түсіндірген. Хадисте сүнәйяға да тыйым салынғаны айтылады.

«Сүнән» жинақтарының авторлары «саудадан тыс қалдырылатын бөлік белгілі болса, оған рұқсат» деген толықтыруды келтіреді.1

Түсіндірме

Бірнеше жылдың өнімін бірден сататын мұғауама келісімінде алдауға жол ашылады. Өйткені алдағы жылдары ағаштың жеміс беруі де, бақтың апатқа ұшырамауы да белгісіз.

Сүнәйя – бақтағы жемісті тұтастай сатып, соның нақты белгіленбеген бір бөлігін саудадан тыс қалдыру. «Сүнән» жинақтарындағы толықтыруға сай, саудадан тыс қалатын бөлік нақты көрсетілсе, мұндай келісімге рұқсат етіледі.

  1. 1Мүслим, «Буюғ», 85 (1536). Қосымша сөз үшін Тирмизи, «Буюғ», 55 (1290).
258
Кутуб ситтә, № 258 · тараудағы реті: 14

وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِيِّ: «نَهَى عَنِ الْمُزَابَنَةِ وَالْمُخَاضَرَةِ وَالْمُخَابَرَةِ». قَالَ: «وَالْمُخَاضَرَةُ بَيْعُ الثَّمَرِ قَبْلَ أَنْ يَزْهُوَ، وَالْمُخَابَرَةُ بَيْعُ الْكُدْسِ بِكَذَا وَكَذَا صَاعًا». زَادَ الْبُخَارِيُّ عَنْ أَنَسٍ: «وَالْمُلَامَسَةِ وَالْمُنَابَذَةِ».

Қазақша аудармасы

Нәсәидің тағы бір риуаятында: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүзәбәнәға, мұхадараға және мұхабараға тыйым салды», – делінген. Рауидің түсіндіруінше, мұхадара – жемісті түсі өзгеріп, пісуге бет алмай тұрып сату. Мұхабара – үйілген өнімді шамалап, пәлен сағқа сату.

Бұхари Әнәстан жеткен риуаятта «мұламаса мен мұнабазаға да тыйым салды» деген сөзді келтіреді.1

Түсіндірме

«الْكُدْسُ»: الطَّعَامُ الْمُجْتَمَعُ كَالصُّبْرَةِ.

Үйілген өнімді арабша «кудс» деп атайды.

Мұламаса – сауда кезінде екі жақтың бірінің: «Мен сенің киіміңе қол тигізсем немесе сен менің киіміме қол тигізсең, сауда бекіді», – деуі.

Мұнабаза да осыған ұқсайды. Саудаласушылар бір-бірінің киімін көріп тексерместен, оны бір-біріне лақтырған сәтте сауда бекіді деп келіседі.

Мұламаса мен мұнабазаның қалай жасалатыны жайында ғұламалар түрлі пікір айтқан. Көпшілігі бүктеулі күйінде немесе қараңғыда әкелінген матаны ашып көрместен, оған қол тигізумен бекитін сауданы мұламаса деп атаған. Мұндайда мата иесі: «Мына матаны саған осынша бағаға саттым. Қол тигізгенің көргеніңмен бірдей. Матаны ашып көрген соң оны қайтаруға құқығың болмайды», – дейді. Сатып алушы осы шартқа келісіп, матаға қол тигізгенде, сауда бекіген саналады. Мұнабазада лақтырылатын заттың тас па, мата ма екені жайында да түрлі пікір бар. Егер тас лақтырылса, сатушы: «Мына тас матаға тисе, мата сатылды деп есептейміз» немесе «Тасым жеткен жерге дейінгі телімді саған сатамын», – дейді.

Мұндай саудада алдану мен алдауға оңай жол ашылады. Сондықтан Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған тыйым салған.

  1. 1Нәсәи, «Музараға» (3883, «Дар ат-Тасил» басылымында 3917). «Кудс» (үйілген өнім) сөзі мен сауда түрлерінің тізімі қолжазба нұсқаларында әртүрлі берілген. Бұхари, «Буюғ», 93 (2207). Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситте аудармасы мен түсіндірмесі», 3-т., 42-б.