Хадис

Кутуб ситтә, № 245

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
34. Жеміс пен егін өнімін сату
Нөмірі
№ 245 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
245
Кутуб ситтә, № 245 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا تَبِيعُوا الثَّمَرَ حَتَّى يَبْدُوَ صَلَاحُهُ، وَلَا تَبِيعُوا الثَّمَرَ بِالتَّمْرِ». قَالَ سَالِمٌ: «وَأَخْبَرَنِي عَبْدُ اللَّهِ عَنْ زَيْدِ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ قَالَ: ثُمَّ رَخَّصَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ بَعْدَ ذَلِكَ فِي بَيْعِ الْعَرِيَّةِ بِالرُّطَبِ أَوْ بِالتَّمْرِ، وَلَمْ يُرَخِّصْ فِي غَيْرِهِ». وَكَانَ ابْنُ عُمَرَ إِذَا سُئِلَ عَنْ صَلَاحِهَا قَالَ: «حَتَّى تَذْهَبَ عَنْهَا الْعَاهَةُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): “Ағаштағы сол жылғы жемістің пісуге бет алғаны білінбейінше, оны сатпаңдар. Балауса құрманы кепкен құрмаға айырбастап сатпаңдар”, – деді».

Сәлим былай дейді: «Абдулла ибн Омар маған Зәйд ибн Сәбиттің былай дегенін жеткізді: “Осыдан кейін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) арияны, яғни белгілі бір ағаштың басындағы балауса құрманы, жиналған балауса не кепкен құрмаға айырбастауға рұқсат берді. Өзге мәмілеге мұндай рұқсат бермеді”».

Ибн Омардан «Жемістің пісуге бет алғаны қашан білінеді?» деп сұрағанда, ол: «Оған апаттан зақым келу қаупі сейілгенде», – деп жауап беретін.1

Түсіндірме

Хадисте ағаштағы жемісті белгілі шарттармен сатуға болатыны айтылған.

1. Жемістің пісетіні анық болуы керек. Үсік, бұршақ секілді апаттардың қаупі сейіліп, ағаштағы жемістің қалыпты жағдайда пісіп жетілетініне көз жетсе, оны жинамай тұрып та мөлшерін шамалап сатуға болады.

2. Мәміле рибаға апаратын шарттардан ада болуы керек. Жемістің құнын алтын не күміс ақшамен өтеуге немесе оны түрі басқа тауарға айырбастауға болады.

3. Ария саудасына рұқсат етілген. Ария – бақ иесінің жемісін сатуға бөліп қойған бір немесе бірнеше құрма ағашы. Иесі шұғыл қажетін өтеу үшін ағаштағы құрма кепкенде қанша шығатынын шамалайды да, сол мөлшер бойынша оны сатады немесе балауса құрмаға айырбастайды. Мұны «ария саудасы» дейді.

Қолында кепкен құрмасы бар, бірақ ақшасы жоқ кісілер балауса құрма жегісі келгенде, осы мәмілеге рұқсат сұраған. Негізінде, №251 хадисте айтылғандай, кепкен құрманы балауса құрмаға айырбастауға тыйым салынған. Бұл жағдай кепкен құрмасы барларға да, балауса құрма өсіретіндерге де қиындық туғызған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай айырбасқа белгілі шарттармен рұқсат берген. №252 хадисте айтылғандай, ария саудасындағы құрманың мөлшері бес уасқтан аспауға тиіс.

Бір уасқ – алпыс сағ, яғни шамамен бір түйенің жүгі.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 82–87, №2183–2184, «Мусақат», 17, «Сәләм», 4; Мүслим, «Буюғ», 51, 59, 79, №1534, 1535, 1539; Әбу Дәуіт, «Буюғ», 20, №3361; Нәсәи, «Буюғ», 28 (7-т., 262–263-б.), 40 (7-т., 270–271-б.), «Әйман», 45 (7-т., 33-б.); Ибн Мәжа, «Тижарат», 32, №2214–2215; Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 10, 2-т., 618-б.