Хадис

Сатып алуға және сатуға рұқсат етілмеген заттар

Кутуб ситтә, 2-том, 35-тарау · 17 хадис · № 259–275

САУДА-САТТЫҚ (БӘЙҒ) БӨЛІМІ

Хадистер

259
Кутуб ситтә, № 259 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَيُّمَا وَلِيدَةٍ وَلَدَتْ مِنْ سَيِّدِهَا فَإِنَّهُ لَا يَبِيعُهَا، وَلَا يَهَبُهَا، وَلَا يُوَرِّثُهَا، وَيَسْتَمْتِعُ بِهَا مَا عَاشَ، فَإِذَا مَاتَ فَهِيَ حُرَّةٌ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Омардың (р.а.) мына сөзін жеткізген: «Қожайынынан бала туған күңді иесі сата алмайды, сыйға да бере алмайды, мұраға да қалдыра алмайды. Иесі оны көзі тірісінде пайдалана алады. Иесі қайтыс болса, күң азат болады».1

Түсіндірме

Омардың (р.а.) осы сөзінде айтылғандай, қожайынынан бала туған күңді сатуға болмайтынына ислам фиқһшылары бірауыздан келіскен. Бұдан кейін келетін Жәбир риуаяты бұл үкімге қайшы келмейді. Ғалымдар Омардың іс жүзінде қолданған үкіміне қайшы кейбір риуаяттарды негізге алмаған. Қожайынынан бала туған күң «үммі уәләд» аталып, жартылай азат мәртебесіне ие болған. Қожайыны қайтыс болған сәтте ол толық азаттық алады.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Итқ», 6 (2-т., 776-б.).
260
Кутуб ситтә, № 260 · тараудағы реті: 2

وَلِرَزِينٍ عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بِعْنَا أُمَّهَاتِ الْأَوْلَادِ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَأَبِي بَكْرٍ، فَلَمَّا كَانَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ نَهَانَا فَانْتَهَيْنَا».

Қазақша аудармасы

Разин Жәбирдің (р.а.) мына сөзін жеткізген: «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) және Әбу Бәкірдің (р.а.) кезінде қожайынынан бала туған күңдерді сататынбыз. Омар бізге тыйым салған соң, бұл сауданы доғардық».1

قَالَ ابْنُ الْأَثِيرِ: وَلَمْ أَجِدْهُ فِي الْأُصُولِ.

Ибн әл-Әсир: «Бұл риуаятты негізгі хадис жинақтарынан таппадым», – дейді.2

  1. 1Әбу Дәуіт, «Итқ», 8 (3954). Ибн Мәжадағы (2517) риуаят тақырыптас.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Итқ», 8 (3954). Ибн Мәжадағы (2517) риуаят тақырыптас.
261
Кутуб ситтә, № 261 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ «نَهَى عَنْ بَيْعِ الْوَلَاءِ وَعَنْ هِبَتِهِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омардың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) уәләні сатуға да, сыйға тартуға да тыйым салған.1

Түсіндірме

«Уәлә» сөзі «билік ету», «жәрдемдесу», «сүйіспеншілік» деген мағыналарды білдіреді. Ол «жақындық» ұғымын білдіретін «уәли» сөзінен тараған. Фиқһта уәлә деп мұрагерлікке негіз болатын құқықтық туыстықты айтады. Құл азат етілгенде бұрынғы қожайыны мен азат болған адамның арасында орнайтын мұндай қатынас «уәлә әл-иғтақ» деп аталады. Ол мұра алу мен диятты (адам өлімі үшін төленетін құнды) өтеуге ортақтасу сияқты өзара құқықтар мен міндеттер жүктейді. Уәлә келісім арқылы да орнауы мүмкін. Оның бұл түрін «уәлә әл-мууалат» дейді. Хадисте осы құқықтық туыстықты сату немесе сыйға тарту арқылы басқаға беруге тыйым салынған.

Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дәуірінде уәлә сыйға берілгені туралы риуаяттарды негізге алған кей ғалымдар «сыйға тартуға» деген тіркес Пайғамбардың өз сөзі болмауы мүмкін деп есептеген. Ғалымдар хадистің үкіміне бірауыздан келіскен.

  1. 1Бұхари, «Итқ», 10 (2535), «Фараид», 21; Мүслим, «Итқ», 16 (1506); Әбу Дәуіт, «Фараид», 14 (2919); Тирмизи, «Буюғ», 20 (1236); Мәлик, «Муатта», «Итқ», 10 (2-т., 782-б.); Ибн Мәжа, «Фараид», 15 (2747); Нәсәи, «Буюғ», 87 (7-т., 306-б.).
262
Кутуб ситтә, № 262 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ إِيَاسِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ بَيْعِ الْمَاءِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Ияс ибн Абдулла (р.а.) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) су сатуға тыйым салғанын жеткізген.1

Түсіндірме

Ғалымдардың көбі мұндағы суды жаңбыр, бұлақ немесе өзен суы деп түсінген. Ал адамның өз ыдысына құйып алған суын сатуына болады деген.

Тирмизи жұрт суға мұқтаж кезде адамның өз қажетінен артылған суды сатуын мәкрүһ санаған ғалымдардың да барын айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 63 (3478); Тирмизи, «Буюғ», 44 (1271); Нәсәи, «Буюғ», 88 (7-т., 307-б.). Тирмизи мен Әбу Дәуіт риуаяттарында жеткізуші Ияс ибн Абд деп аталады. Ибн Мәжадағы (2477) тақырыптас риуаят Жәбирден жеткен.
263
Кутуб ситтә, № 263 · тараудағы реті: 5

وَلِمُسْلِمٍ وَالنَّسَائِيِّ عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ نَهَى عَنْ بَيْعِ فَضْلِ الْمَاءِ».

Қазақша аудармасы

Жәбирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қажеттіліктен артылған суды сатуға тыйым салған.1

  1. 1Мүслим, «Мусақат», 34 (1565); Нәсәи, «Буюғ», 89 (7-т., 307-б.); Ибн Мәжа, «Руһун», 18 (2477).
264
Кутуб ситтә, № 264 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا يُبَاعُ فَضْلُ الْمَاءِ لِيُبَاعَ بِهِ الْكَلَأُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына сөзін жеткізген: «Жайылымның шөбін сату үшін қажеттіліктен артылған суды сатуға болмайды».1

Түсіндірме

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамның өз қажетінен артылған суды ішуге немесе мал суаруға сұрағандарға бермей қоюына да, ақшаға сатуына да тыйым салған. Ал егін суаруға сұралған суды сатуға болатынына ғалымдар бірауыздан келіскен.

Хадисті түсіндірушілердің айтуынша, мұнда ыдысқа құйып алынған су туралы сөз болып тұрған жоқ. Мәселен, біреудің жайылым маңында құдығы бар делік. Төңіректе одан басқа су көзі жоқ. Жұрт сол құдықтың суын пайдалана алса, малын осы жайылымға әкеп жаяды. Құдық суы берілмесе, мал шөлдеп қалады деп, бұл жерге оны ешкім әкелмейді. Мұндай жағдайда суды ақшаға сату іс жүзінде жайылымның шөбін сатумен бірдей.

Хадистегі «кәлә» сөзі көк шөпті де, қураған шөпті де қамтиды. Малын сол маңға жаюға мәжбүр болған адам су үшін де, жайылымның шөбі үшін де ақы төлеуі мүмкін. Сонда су иесі бір қиянаттың үстіне екіншісін қосқан болады. Қиналған жұрттың мұқтаждығы пайда табудың құралына айналмауы үшін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құдық иесіне өз қажетінен артылған суды сатуға тыйым салған. Хадисте бұл тыйымды күшейте түсу үшін суды сату қырдың шөбін сатумен теңестірілген.

Ғалымдар мұны «танзиһан мәкрүһ» пе, әлде «тахриман мәкрүһ» пе деп, әртүрлі пікір айтқан. Тахриман мәкрүһ деген пікір негіздірек саналады. Имам Нәуәуидің айтуынша, қырдағы құдықтан қажеттіліктен артылған суды тегін беру үш шарт орындалғанда уәжіп болады:

1. Мұқтаждықты өтейтін өзге су көзі болмаса;

2. Су егінге емес, мал суаруға қажет болса;

3. Сұралған су иесінің өз қажетінен артылса.

Артылған суды мұқтаждарға бермеуді үлкен күнә санаған ғалымдар да бар.

Жолаушыға су беру және малын суаруына мүмкіндік жасау уәжіп екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен. Құдықтың маңына қоныстанғысы келгендерге су беру туралы пікірлері әртүрлі. Кейбірі ол жерге қоныстануға мәжбүрлік жоқ болғандықтан, оларға су беру уәжіп емес деген. Енді бірі су беруді уәжіп санаған. Осы екінші пікір негіздірек деп қабылданған. Олардан су үшін ақы алу мәселесінде де пікір алшақтығы бар. Ақы алуға болмайды деген пікір басым түскен.

  1. 1Мүслим, «Мусақат», 38 (1566c). Бұхари, «Шурб», 2 (2353), «Хиял», 5 және Ибн Мәжа, «Руһун», 19 (2478) жеткізген нұсқаларда суды бермей қоюға тыйым салынған.
265
Кутуб ситтә, № 265 · тараудағы реті: 7

وَفِي أُخْرَى لِلسِّتَّةِ إِلَّا النَّسَائِيَّ: «لَا تَمْنَعُوا فَضْلَ الْمَاءِ لِتَمْنَعُوا بِهِ الْكَلَأَ».

Қазақша аудармасы

Нәсәиден өзге бес жинақта келген нұсқада Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жұртты жайылымнан шеттету үшін қажеттіліктен артылған суды бермей қоймаңдар», – деген.1

Түсіндірме

Хадисті түсіндірушілердің айтуынша, жайылымға жақын маңда біреудің құдығынан басқа су көзі болмаса, жұрт сол құдықтың суын пайдалана алмай қалған жағдайда, малын шөлден қауіптеніп жайылымға әкелмейді. Сонда құдық иесі өзіне қажеттен артылған суды бермей, жайылымды да жалғыз өзі иеленіп шығады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы ниетпен суды бермей қоюды харам еткен. Алдыңғы хадистің түсіндірмесін қараңыз.

  1. 1Бұхари, «Шурб», 2 (2353–2354), «Хиял», 5; Мүслим, «Мусақат», 37 (1566); Мәлик, «Муатта», «Ақдия», 29 (2-т., 744-б.); Әбу Дәуіт, «Буюғ», 62 (3473); Тирмизи, «Буюғ», 44 (1272); Ибн Мәжа, «Руһун», 19 (2478).
266
Кутуб ситтә, № 266 · тараудағы реті: 8

وَفِي أُخْرَى لِمَالِكٍ عَنْ عَمْرَةَ بِنْتِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ: «لَا يُمْنَعُ نَقْعُ الْبِئْرِ».

Қазақша аудармасы

Әмра бинт Абдуррахманның жеткізуінше, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жұрттың құдықтағы артылған суды пайдалануына бөгет жасамау керек», – деген.1

Түсіндірме

Хадистегі сөзді «құдыққа жиналған су» немесе «қажеттіліктен артылған су» деп түсінгендер бар. Құдыққа ортақ иелік ететіндер суды кезекпен пайдаланса, өз кезегінде суға мұқтаж болмаған адам, өзіне зиян келмеген жағдайда, басқа иенің су алуына бөгет жасамауы керек деген түсінік те бар.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Ақдия», 30 (2-т., 745-б.); Ибн Мәжа, «Руһун», 19 (2479). «Муаттада» Әмрадан мурсал түрде жеткен, Ибн Мәжа нұсқасында Айша аталады.
267
Кутуб ситтә, № 267 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ رَجُلٍ مِنَ الْمُهَاجِرِينَ قَالَ: «غَزَوْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ ثَلَاثًا أَسْمَعُهُ يَقُولُ: الْمُسْلِمُونَ شُرَكَاءُ فِي ثَلَاثٍ: فِي الْمَاءِ، وَالْكَلَإِ، وَالنَّارِ».

Қазақша аудармасы

Мұһажирлердің бірі былай дейді: «Алла елшісімен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге үш рет жорыққа қатыстым. Оның “Су, жайылым шөбі және от – мұсылмандарға ортақ үш нәрсе” дегенін естідім».1

Түсіндірме

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы үкім арқылы жаһилия дәуірінде кең тараған әдетті тоқтатты. Ол кезде біреу белгілі бір жайылымды өз малына ғана бөліп алып, өзгелердің ол жерге мал жаюына тыйым сала алатын. Алла елшісі иесіз жердің шөбін пайдалануға ешкім бөгет бола алмайтынын айтты. Ал біреудің жеріндегі шөпті немесе оның ыдысқа құйып алған суын иесінің рұқсатынсыз алуға болмайды.

Кей ғалымдар от дегенде тұтатуға жарайтын тас пен отын сияқты заттарды да түсінген. Олардың пікірінше, мұндай заттарды иен даладан алуға ешкім бөгет жасай алмайды. От тұтату үшін шоқ не соған ұқсас нәрсе сұраған адамды бос қайтаруға болмайды дегендер де бар.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 62 (3477); Ибн Мәжа, «Руһун», 16 (2473).
268
Кутуб ситтә, № 268 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ بُهَيْسَةَ الْفَزَارِيَّةِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «اسْتَأْذَنَ أَبِي النَّبِيَّ ﷺ فَدَخَلَ بَيْنَهُ وَبَيْنَ قَمِيصِهِ، فَجَعَلَ يُقَبِّلُ وَيَلْتَزِمُ. ثُمَّ قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، حَدِّثْنِي مَا الشَّيْءُ الَّذِي لَا يَحِلُّ مَنْعُهُ؟ قَالَ: الْمَاءُ. ثُمَّ قَالَ: مَا الشَّيْءُ الَّذِي لَا يَحِلُّ مَنْعُهُ؟ قَالَ: الْمِلْحُ. ثُمَّ قَالَ: مَاذَا؟ قَالَ: النَّارُ. ثُمَّ قَالَ: يَا نَبِيَّ اللَّهِ، مَا الشَّيْءُ الَّذِي لَا يَحِلُّ مَنْعُهُ؟ قَالَ: أَنْ تَفْعَلَ الْخَيْرَ خَيْرٌ لَكَ». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Бүһәйсә әл-Фазария (р.а.) былай дейді: «Әкем Пайғамбардан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рұқсат сұрап, оның көйлегі мен денесінің арасына кіріп, сүйіп, құшақтай берді. Содан соң: “Уа, Алланың елшісі, жұрт сұрағанда нені бермей қоюға болмайтынын айтыңызшы”, – деді. Алла елшісі: “Суды”, – деп жауап берді. Әкем сол сауалды тағы қойғанда: “Тұзды”, – деді. Әкем: “Тағы нені?” – деп сұрағанда: “Отты”, – деді. Сонда әкем: “Уа, Алланың пайғамбары, нені бермей қоюға болмайды?” – деп қайта сұрады. Алла елшісі: “Жақсылық жасағаның – өзіңе қайыр”, – деді».1

Түсіндірме

Мұнда жайылым шөбі мен суға қатысты айтылған үкім тұзға да қолданылған. Иесіз жерде, тау ішінде не кен орнында жатқан тұзды пайдалануға жұрттың құқығы бірдей. Ал тұз жеке меншік жерден шықса, оны пайдалану құқығы сол жердің иесіне тиесілі. Сату, сатпау немесе өзгенің пайдалануына рұқсат беру ісін иесі өзі шешеді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 62 (3476). Мұнда су мен тұз аталады. «От» сөзі Ибн әд-Дәйбағтың «Тәйсир әл-усул» жинағында (1-т., 64-б.) және Ибраһим Жананның «Кутуб-и ситте» еңбегінде (3-т., 48-б.) берілген.
269
Кутуб ситтә, № 269 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Умама (р.а.)

وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «لَا تَبِيعُوا الْقَيْنَاتِ الْمُغَنِّيَاتِ، وَلَا تَشْتَرُوهُنَّ، وَلَا تُعَلِّمُوهُنَّ، وَلَا خَيْرَ فِي تِجَارَةٍ فِيهِنَّ، وَثَمَنُهُنَّ حَرَامٌ». قَالَ: «وَفِي مِثْلِ هَذَا أُنْزِلَتْ ﴿وَمِنَ النَّاسِ مَنْ يَشْتَرِي لَهْوَ الْحَدِيثِ﴾».

Қазақша аудармасы

Әбу Умамадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әнші күңдерді сатпаңдар, сатып та алмаңдар. Оларға ән-күй үйретпеңдер. Оларды саудалауда қайыр жоқ. Олар үшін төленетін ақша – харам», – деген. Содан кейін «Осы аят осындай істерге қатысты түскен» деп, ﴿وَمِنَ ٱلنَّاسِ مَن يَشْتَرِي لَهْوَ ٱلْحَدِيثِ لِيُضِلَّ عَن سَبِيلِ ٱللَّهِ بِغَيْرِ عِلْمٍۢ وَيَتَّخِذَهَا هُزُوًا ۚ أُو۟لَـٰٓئِكَ لَهُمْ عَذَابٌۭ مُّهِينٌۭ﴾ «Адамдар арасында ешқандай ілімге сүйенбестен, ел-жұртты Алланың жолынан адастыру әрі аяттарын мазаққа айналдыру үшін алдандыратын арзан сөздерді сатып алатындар бар. Міне, соларға қор қылатын ауыр азап бар»1 деген аятты оқыған.2

Түсіндірме

Мұнда күңді ән-күй өнері үшін сатып алуға тыйым салынған. Кей ғалымдар мұндай мәмілені жарамсыз деп есептеген. Көпшілік ғалым мәмілені жарамды санаса да, одан түскен ақшаны харам деген. Олар мұны шарап жасайтын адамға жүзім сатып, ақы алуға ұқсатқан. Өйткені мұндай сауда харам іске жәрдемдесуге жатады.

Ғалымдар аяттағы сөзді Алланы еске алудан тосатын, тыйым салынған әнді сатып алу деп түсіндірген. Олар «ләһу әл-хадис», яғни «бос сөз» ұғымына зиянды, пайдасыз әрі ақиқаттан жұрдай нәрсенің бәрін жатқызған. Әншілікті харам санаған ғалымдар да осы хадис пен аятқа сүйенген.

  1. 1«Лұқман» сүресі, 6-аят.
  2. 2Тирмизи, «Буюғ», 51 (1282), «Тәфсир әл-Құран», «Лұқман» (3193); Ибн Мәжа, «Тижарат», 11 (2168).
270
Кутуб ситтә, № 270 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ شِرَاءِ الْغَنَائِمِ حَتَّى تُقْسَمَ». أَخْرَجَهُمَا التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олжаны үлестірмей тұрып сатып алуға тыйым салды».1

Түсіндірме

Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеткен сахих риуаяттарда соғыс олжасының бір бөлігін де үлестірілгенге дейін иемденуге немесе сатуға қатаң тыйым салынған. Бұл іс «ғулул», яғни мемлекет қазынасынан ұрлау деп аталады. Олжадан ине не аяқкиімнің бауын ұрлаған адам да соғыста қаза тапса, шейіттік мәртебесінен айырылып, тозаққа түсетіні анық айтылған.

Ғалымдар олжаға түскен ат-көлік, қару-жарақ, киім-кешек пен азық-түлік соғыс үстінде қажет болса, оларды үлестірілмей тұрып соғыс мақсатына сай пайдалануға рұқсат берген. Бұларды соғыс қажетіне қатысы жоқ іске жұмсауға немесе сыйға беруге болмайды.

  1. 1Тирмизи, «Сияр», 14 (1563). Әбу Дәуіттің (3369) Әбу Һурайрадан жеткізген нұсқасында олжаны үлестірмей тұрып сатуға тыйым салынған.
271
Кутуб ситтә, № 271 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ أَهْلُ الْجَاهِلِيَّةِ يَتَبَايَعُونَ لَحْمَ الْجَزُورِ إِلَى حَبَلِ الْحَبَلَةِ، وَحَبَلُ الْحَبَلَةِ أَنْ تُنْتِجَ النَّاقَةُ مَا فِي بَطْنِهَا ثُمَّ تَحْمِلُ الَّتِي تُنْتَجُ؛ فَنَهَاهُمْ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ: «ثُمَّ تُنْتَجَ الَّتِي فِي بَطْنِهَا».

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Жаһилия дәуірінде жұрт түйе етін ақысын “хабл әл-хабала” кезінде төлеуге келісіп сататын. “Хабл әл-хабала” – түйе ішіндегі ботасын туып, сол бота ержетіп, буаз болатын кез. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұндай саудаға тыйым салды».

Бұхаридің бір нұсқасында «…содан кейін оның құрсағындағы ұрғашы бота да төлдейді» делінген.1

Түсіндірме

Бұл хадисті екі түрлі түсіндірген:

1. Түйе етін несиеге сатып, ақысын сол түйенің ботасы өзі боталаған кезде төлеуге келісу.

2. Қазір буаз түйенің құрсағындағы ботаны сату. Рауи Ибн Омардың (р.а.) түсіндіруіне сүйенгенде, бірінші мағына негізге алынады.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сауданың екі түріне де тыйым салған. Біріншісінде ақының қашан төленері белгісіз мерзімге байланған. Екіншісінде әлі дүниеге келмеген, қандай болары белгісіз әрі сатушының қолында жоқ төл сатылады. Оны сатып алушыға тапсырудың өзі де анық емес.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 61 (2143), «Мәнәқиб әл-ансар», 26, «Сәләм», 8; Мүслим, «Буюғ», 5–6 (1514); Тирмизи, «Буюғ», 16 (1229); Әбу Дәуіт, «Буюғ», 25 (3380–3381); Нәсәи, «Буюғ», 67–68 (7-т., 293–294-б.); Ибн Мәжа, «Тижарат», 24 (2197); Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 62 (2-т., 653–654-б.).
272
Кутуб ситтә, № 272 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «السَّلَفُ إِلَى حَبَلِ الْحَبَلَةِ رِبًا». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Буаз малдың төлі туып, ол да төлдегенше мерзім белгілеп, алдын ала ақы төлеу – риба», – деген.1

Түсіндірме

Буаз түйесі бар сатушыға сатып алушы алдын ала ақысын беріп: «Осы түйе боталап, оның ботасы да төлдегенде, сол төлді сенен мына бағаға сатып аламын», – дейді. Мұндай мәміле рибаға ұқсас болғандықтан, риба секілді харам саналады. Өйткені дүниеге әлі келмеген малды сату – анық алдау.

  1. 1Нәсәи, «Буюғ», 67 (7/293, №4622). Нәсәи нұсқасында «إِلَى حَبَلِ الْحَبَلَةِ» тіркесі «فِي حَبَلِ الْحَبَلَةِ» деп берілген.
273
Кутуб ситтә, № 273 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ ضِرَابِ الْجَمَلِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бураны ақылы түрде ұрғашы түйеге қосуға тыйым салды».1

Түсіндірме

Хадисте бураны ұрғашы түйеге қосуға тыйым салынғаны айтылғанымен, ғалымдардың көбі мұны ақы алып шағылыстыруға қатысты деп түсінген. Сондықтан олар бұл істен түскен ақыны харам санаған. Кей риуаяттарда бураның «суын», яғни ұрығын сатуға тыйым салынғаны анығырақ айтылады. Тұқым алу үшін малды ақысыз шағылыстыруға тыйым салынбаған. Ғалымдардың таласы ақы алудың үкіміне қатысты.

  1. 1Мүслим, «Мусақат», 35 (1565); Нәсәи, «Буюғ», 94 (7/310, №4671).
274
Кутуб ситтә, № 274 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَاعَ حَسَّانُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حِصَّتَهُ مِنْ بَيْرُحَاءَ مِنْ صَدَقَةِ أَبِي طَلْحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَقِيلَ لَهُ: أَتَبِيعُ صَدَقَةَ أَبِي طَلْحَةَ؟ فَقَالَ: أَلَا أَبِيعُ صَاعًا مِنْ تَمْرٍ بِصَاعٍ مِنْ دَرَاهِمَ؟». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Хассан (р.а.) Әбу Талханың (р.а.) садақаға берген Бәйруха бағынан өзіне тиген үлесті Мұғауияға жүз мың дирһамға сатты. Одан “Әбу Талханың садақасын сатып жатырсың ба?” деп сұрағанда, ол: “Бір сағ құрманы бір сағ дирһамға сатпас па едім?” – деді».1

Түсіндірме

Риуаяттарда айтылғандай, ﴿لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ﴾ «Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар»2 деген аят түскенде, сахабалар өздері жақсы көретін дүниелерінен садақа бере бастады. Әбу Талха суы тәтті, көлеңкесі саялы, көркімен Мәдинаға танылған Бәйруха бағын садақа етті. Көркі келіскен бұл баққа Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) де ара-тұра келіп тұратын. Әбу Талха аятта уәде етілген ізгілікке (биррге) жетуді қалап, ең жақсы көретін, ең құнды осы мүлкін Алла елшісінің жөн сілтеуімен туыстарына бөліп берді. Риуаятта сол бақтан Пайғамбарымыздың ақыны Хассанға (р.а.) да үлес тигені айтылады.

Кей деректерде Әбу Талха бақты уақыпқа берген делінеді. Алайда Хассанның өз үлесін сатуы бақтың туыстарына меншікке берілгенін аңғартады. Уақып мүлкін Хассанның (р.а.) сатуына рұқсат болмас еді. Дегенмен Әбу Талха бақты уақыпқа берерде «Үлесін сатуға мұқтаж болған адам сата алады» деп шарт қойған болса, кей ғалымдар мұндай шартты жарамды деп санайды. Әли (р.а.) және тағы бірқатар ғалым уақыпта мұндай шарт қоюға болады деген. Мұхаммед ибн әл-Хасан әл-Махзуми «Ахбар әл-Мәдина» еңбегінде Мұғауияның бақтағы сол үлеске жүз мың дирһам төлегенін жазады. Мұғауия (р.а.) сол жерге «Қасру Бәни Һудайла» деген атпен белгілі сарай салдырған.

  1. 1Бұхари, «Уасыйя», 17 (№2758).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 92-аят.
275
Кутуб ситтә, № 275 · тараудағы реті: 17

وَعَنِ ابْنِ الْمُسَيَّبِ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ بَيْعِ الْحَيَوَانِ بِاللَّحْمِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн әл-Мусәйяб: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тірі малды етке айырбастап сатуға тыйым салды», – деген.1

Түсіндірме

Тірі малды белгілі бір мөлшердегі етке айырбастауға тыйым салынған. Екі жақтың тауары бір текті болғандықтан, мөлшері тең болмаса, мәміле мүзәбәнәға жатады. Ал малды соймайынша, одан қанша ет шығатыны белгісіз.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 64, 66.