وَعَنْ بُهَيْسَةَ الْفَزَارِيَّةِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «اسْتَأْذَنَ أَبِي النَّبِيَّ ﷺ فَدَخَلَ بَيْنَهُ وَبَيْنَ قَمِيصِهِ، فَجَعَلَ يُقَبِّلُ وَيَلْتَزِمُ. ثُمَّ قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، حَدِّثْنِي مَا الشَّيْءُ الَّذِي لَا يَحِلُّ مَنْعُهُ؟ قَالَ: الْمَاءُ. ثُمَّ قَالَ: مَا الشَّيْءُ الَّذِي لَا يَحِلُّ مَنْعُهُ؟ قَالَ: الْمِلْحُ. ثُمَّ قَالَ: مَاذَا؟ قَالَ: النَّارُ. ثُمَّ قَالَ: يَا نَبِيَّ اللَّهِ، مَا الشَّيْءُ الَّذِي لَا يَحِلُّ مَنْعُهُ؟ قَالَ: أَنْ تَفْعَلَ الْخَيْرَ خَيْرٌ لَكَ». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ.
Бүһәйсә әл-Фазария (р.а.) былай дейді: «Әкем Пайғамбардан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рұқсат сұрап, оның көйлегі мен денесінің арасына кіріп, сүйіп, құшақтай берді. Содан соң: “Уа, Алланың елшісі, жұрт сұрағанда нені бермей қоюға болмайтынын айтыңызшы”, – деді. Алла елшісі: “Суды”, – деп жауап берді. Әкем сол сауалды тағы қойғанда: “Тұзды”, – деді. Әкем: “Тағы нені?” – деп сұрағанда: “Отты”, – деді. Сонда әкем: “Уа, Алланың пайғамбары, нені бермей қоюға болмайды?” – деп қайта сұрады. Алла елшісі: “Жақсылық жасағаның – өзіңе қайыр”, – деді».1
Түсіндірме
Мұнда жайылым шөбі мен суға қатысты айтылған үкім тұзға да қолданылған. Иесіз жерде, тау ішінде не кен орнында жатқан тұзды пайдалануға жұрттың құқығы бірдей. Ал тұз жеке меншік жерден шықса, оны пайдалану құқығы сол жердің иесіне тиесілі. Сату, сатпау немесе өзгенің пайдалануына рұқсат беру ісін иесі өзі шешеді.
- 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 62 (3476). Мұнда су мен тұз аталады. «От» сөзі Ибн әд-Дәйбағтың «Тәйсир әл-усул» жинағында (1-т., 64-б.) және Ибраһим Жананның «Кутуб-и ситте» еңбегінде (3-т., 48-б.) берілген.