Хадис

№ 2299–2302 хадистер

Кутуб ситтә, 6-том, 341-тарау · 4 хадис · № 2299–2302

Хадистер

2299
Кутуб ситтә, № 2299 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّ اللَّهَ يَقُولُ: أَنَا ثَالِثُ الشَّرِيكَيْنِ مَا لَمْ يَخُنْ أَحَدُهُمَا صَاحِبَهُ، فَإِذَا خَانَهُ خَرَجْتُ مِنْ بَيْنِهِمَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَزَادَ رَزِينٌ: «وَجَاءَ الشَّيْطَانُ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла тағала ‘Бірі екіншісіне қиянат жасамағанша, Мен екі серіктің үшіншісімін. Бірі серігіне қиянат жасаса, араларынан кетемін’ дейді”, – деді»1.

Разин осы риуаятқа: «Сонда шайтан келеді»2, – деген сөзді қосқан.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) серіктестіктің жалғасып, пайда әкелуінің бірінші шарты – серіктердің бір-біріне адал болуы екенін айтады. Хадисте бұл жағдай Алланың серіктестікке қосылуы арқылы бейнеленген. Мұның мәні – Алланың серіктердің ісін сақтап, береке беруі, саудасын қайырлы етіп, ризығын арттыруы.

2. Алланың араларынан кетуі – серіктердің Оның қорғауынан айырылып, берекенің кетуі. Берекесі кетіп, пайдасы тоқтаған серіктестік ұзаққа бармайды.

3. Шайтанның келуі – серіктердің арасына үшінші болып шайтанның қосылуы деген сөз. Шайтан араласқан іс қайырдан айырылады. Тиби былай түсіндіреді: «Серіктестік – бірнеше адамның мүлкі бір-бірінен ажыратқысыз дәрежеде араласқан ортақтық. Алланың оларға қосылуы – ауыспалы мағынадағы сөз. Алла береке, нығмет пен пайданы ортақ мүліктің бір үлесіндей көрсетіп, Өзін үшінші серік деп атаған. Ал шайтанның қиянатқа бастауы мен берекені кетіруі де ортақ іске араласқан үлеске теңеліп, шайтан үшінші серік ретінде аталған». Бұл хадис мүміндерді серіктесуге үндейді. Жеке адамға уәде етілмеген береке серіктестікке Алланың нығметі ретінде берілген. Мұны әр серіктің өз жолдасына көмектесуімен де түсіндіруге болады. Хадистерде мұсылман бауырына жәрдем етіп жүрген адамға Алланың жәрдем беретіні айтылған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 27 (3383).
  2. 2Разиннің қосымшасы «Тәйсирде» келтірілген. Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситте тәржүме ве шерһи», 8/174–175.
2300
Кутуб ситтә, № 2300 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «اشْتَرَكْتُ أَنَا وَعَمَّارٌ وَسَعْدٌ فِيمَا نُصِيبُ يَوْمَ بَدْرٍ، فَجَاءَ سَعْدٌ بِأَسِيرَيْنِ، وَلَمْ أَجِئْ أَنَا وَعَمَّارٌ بِشَيْءٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Аммар, Сағд және мен үшеуміз Бәдір күні еншімізге түсер олжаға ортақтасуға келістік. Сағд екі тұтқын алып келді. Аммар екеуіміз ештеңе әкелмедік»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 30 (3388). Нәсәи, «Буюғ», 109 (7/319).
2301
Кутуб ситтә, № 2301 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ زُهْرَةَ بْنِ مَعْبَدٍ، عَنْ جَدِّهِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ هِشَامٍ، وَكَانَ قَدْ أَدْرَكَ النَّبِيَّ ﷺ، وَذَهَبَتْ بِهِ أُمُّهُ زَيْنَبُ بِنْتُ حُمَيْدٍ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَتْ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، بَايِعْهُ». فَقَالَ: «هُوَ صَغِيرٌ»، فَمَسَحَ رَأْسَهُ وَدَعَا لَهُ. وَعَنْ زُهْرَةَ بْنِ مَعْبَدٍ أَنَّهُ كَانَ يَخْرُجُ بِهِ جَدُّهُ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ هِشَامٍ إِلَى السُّوقِ فَيَشْتَرِي الطَّعَامَ، فَيَلْقَاهُ ابْنُ عُمَرَ وَابْنُ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، فَيَقُولَانِ لَهُ: «أَشْرِكْنَا، فَإِنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَدْ دَعَا لَكَ بِالْبَرَكَةِ». فَيَشْرَكُهُمْ، فَرُبَّمَا أَصَابَ الرَّاحِلَةَ كَمَا هِيَ، فَيَبْعَثُ بِهَا إِلَى الْمَنْزِلِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Зуһра ибн Мағбад атасы Абдулла ибн Хишамның Алла елшісін (с.а.с.) көргенін жеткізеді. Анасы Зейнеп бинт Хумайд Абдулланы Алла елшісіне (с.а.с.) ертіп барып: «Уа, Алланың елшісі, мына баладан серт алыңыз», – дейді. Пайғамбар (с.а.с.): «Ол әлі кішкентай», – деп, басынан сипап, оған дұға етеді. Зуһра ибн Мағбадтың айтуынша, атасы Абдулла ибн Хишам оны базарға ертіп барып, азық-түлік сатып алатын. Оған Ибн Омар мен Ибн Зубәйр (р.а.) кездесіп: «Бізді де ортақ қыл, Алла елшісі (с.а.с.) саған береке тілеп дұға еткен», – дейтін. Абдулла оларды ортақ қылатын. Кейде бір түйеге тұтас жүк боларлық пайда тауып, соны үйіне жіберетін1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят – Алла елшісінің (с.а.с.) дұғасының берекесі көрінген мұғжизаның бір мысалы. Хадистің соңында Абдулланың кейде бір түйе жүгіне тең пайда тапқаны айтылады. Бұл – жүз пайыз пайда деген сөз. Дұғаның қабыл болғанын түсіндіру үшін Ибн Хажар Уруа әл-Бариқиге қатысты ұқсас оқиғаны мысалға келтіреді. Ол да Алла елшісінің (с.а.с.) береке тілеген дұғасына бөленіп, базарға саудамен барғанында бір жолы қырық мың дирхам таба алған. Алла елшісі (с.а.с.) оған бір динар беріп, құрбандыққа мал сатып алуға жібереді. Уруа бір динарға екі мал алып, біреуін қайта бір динарға сатады да, Алла елшісіне (с.а.с.) бір мал мен бір динар әкеледі. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) оның саудасына береке тілеп дұға етеді.

2. Бұл риуаяттан мынадай тұжырымдар жасалған:

• Баланың басынан сипауға болады.

• Балиғатқа толмаған баладан серт алынбайды.

• Нәпақа табу ниетімен базарға, жәрмеңкеге баруға болады.

• Адам қай жерде жүрсе де, берекеге ұмтылады.

• Риуаят адал дүниенің мол болуының өзін мәкрүһ санайтын шектен шыққан тақуалардың пікіріне жауап береді.

• Алла елшісінен (с.а.с.) естіген не көрген бір нәрсесін жадында сақтаған баланы сахаба санайтындар бар. Бұл жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі.

• Әйелдер балаларын әртүрлі себеппен Алла елшісіне (с.а.с.) апарған.

• Сауда жасауға және серіктес болуға ұсыныс айтуға рұқсат.

• Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) дұғасын Алла тағала қабыл еткен мұғжизаның бір мысалы.

• Кейбір ғалымның айтуынша, үлесті нақтыламай «Сені ортақ қылдым» деу серіктеске тең үлес, яғни пайданың жартысына құқық береді.

  1. 1Бұхари, «Ширка», 13 (2501), «Дағуат», 31, «Ахкам», 46.
2302
Кутуб ситтә, № 2302 · тараудағы реті: 4

وَعَنِ السَّائِبِ بْنِ أَبِي السَّائِبِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَتَيْتُ النَّبِيَّ ﷺ، فَجَعَلُوا يُثْنُونَ عَلَيَّ وَيَذْكُرُونَنِي، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَنَا أَعْلَمُكُمْ بِهِ. فَقُلْتُ: صَدَقْتَ، بِأَبِي أَنْتَ وَأُمِّي، كُنْتَ شَرِيكِي، فَنِعْمَ الشَّرِيكُ كُنْتَ، لَا تُدَارِي وَلَا تُمَارِي». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْمُدَارَاةُ» الْمُدَافَعَةُ، وَ«الْمُمَارَاةُ» الْمُجَادَلَةُ.

Қазақша аудармасы

Саиб ибн Әбу Саиб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) бардым. Айналасындағылар мені мақтап, мен жайында айта бастады. Алла елшісі (с.а.с.): “Оны бәріңнен жақсы танимын”, – деді. Мен: “Рас айттыңыз. Әкем де, анам да сізге құрбан болсын! Сіз менің саудадағы серігім едіңіз. Қандай жақсы серік едіңіз! Менімен ерегісіп, таласпайтын едіңіз”, – дедім».1

Түсіндірме

1. Осы риуаяттағы Саиб ибн Әбу Саиб Алла елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық келмей тұрып, Меккеде оның сауда серігі болған. Дегенмен серіктесінің нақты кім болғаны жөнінде түрлі пікір бар. Кейбіреулер оны Саибтың өзі десе, басқалары Қайс ибн Саиб немесе басқа кісі дейді. Риуаятта аты аталған Саибтың аттас адаммен шатастырылған-шатастырылмағаны туралы да ғалымдар әртүрлі пікір айтқан.

2. Ғалымдар хадиске сүйеніп, орынсыз талас-тартысты мәкрүһ санаған. Мысалы, Әбу Дәуіт оны таласудың мәкрүһтігі туралы тарауға енгізген.

3. Хадис саудада серік болған адамның мінезі мен мәмілесін жақыннан тануға болатынын көрсетеді.

4. Алла елшісінің (с.а.с.) пайғамбарлыққа дейінгі өмірі де үлгі. Өйткені сол кездегі амалдары да иләһи қорғауда болған.

Поэзия

Өлең-жыр – адам жанына әсер ететін сөз өнері. Алла елшісінің (с.а.с.) «Шешен сөзде сиқыр бар» дегені белгілі дәрежеде өлеңге де қатысты. Ол пайдалы өлеңді қолдап, кейбір жырда хикмет барын айтқан.

Жаһилият дәуірінде сиқыршылармен қатар шайырлар да көп болған. Олар өлеңді жақсылыққа да, жамандыққа да жұмсаған. Алайда автордың баяндауынша, шайырлар көбіне өнерін жаман жолға пайдаланған.

Пайғамбарлықтың қарсаңында бұрын бастан кешпеген оқиғалар мен өзгерістерге тап болған Алла елшісі (с.а.с.) үрейленеді. Кейбір риуаятта оның «Шайыр болып бара жатқан жоқпын ба?» деп алаңдағаны айтылады. Бұл оның сол кездегі шайырлықты құп көрмегенін аңғартса керек. Мүшріктердің оны «шайыр» деп кекетуі де сол кездегі көзқарасты көрсетеді. Құранның бірнеше аятында Алла елшісінің шайыр еместігі және уахидың өлең еместігі айтылған2. Ал шайырлар туралы мына аяттарда былай делінеді: «Ал шайырларға келсек, олардың соңынан тек тура жолдан тайған азғындар ғана ереді. Олардың сезімге беріліп, сай-салада бет-бетімен лағып жүргенін көрмеймісің. Һәм олар өздері істемейтін істерді сөз қылады. Тек иман келтіріп, сол иман негізінде игі істер істейтін, Алланы көп еске алатын Оған көп құлшылық ететін және қиянат-зұлымдық көргенде, есесін жібермейтін және қарап қалмайтын ақындардың жөні бөлек...»3

Жинақ авторының пайымынша, Құран мен сүннет жаһилият дәуіріндегі шайырлыққа бұрынғыдай биік орын бермеген. Алла елшісі (с.а.с.) бір жағынан мүшрік шайырлардың сөзін теріске шығарса, екінші жағынан мүмін шайырларды қорғап, өнерін қолдап, оларға ілтипат танытқан.

• Автор мұсылмандарды келемеждеп, мүшріктерді мадақтаған яһуди шайыры Кәғб ибн әл-Әшрафтың өлтірілуін осы тұрғыда мысалға келтіреді.

• Алла елшісі (с.а.с.) Бәдір тұтқындарының бір бөлігін өтеусіз босатып, кейбір теріс істерін кешірген. Алайда мұсылмандарды өлеңмен келемеждеген Уқба ибн Әбу Муайт пен Иран туралы хикаяларын Құраннан артық деп насихаттаған Надр ибн әл-Хариске Мәдинаға жетпей, жолда өлім жазасы қолданылғаны баяндалады.

• Бәдір тұтқындарының арасында шайыр Амр ибн Абдулла ибн Умәйр де болған. Ол мұсылмандарға қарсы жыр шығармауға уәде беріп, Алла елшісінен (с.а.с.) жанын сақтауды өтінеді. Пайғамбар (с.а.с.) жетім қалатын бес қызын ескеріп, оны кешіреді. Бірақ ол босаған соң бұрынғы ісіне қайта оралып, Ұхұдта тағы қолға түседі. Екінші рет ақтала бастағанда Алла елшісінің (с.а.с.) «Мүмін бір іннен екі рет шақтырмайды» дегені және оған өлім жазасы кесілгені баяндалады.

• Мекке алынғанда жұртқа жаппай кешірім берілген. Жинақта кешірімге ілікпегендердің қатарында шайыр Абдулла ибн Хатал мен оның өлеңдерін музыкалық аспаппен айтып, меккеліктер арасына таратқан Фертана мен Кәриба есімді екі күң аталады. Абдулла әуелі мұсылман болып, Мәдинаға қоныс аударған, кейін діннен шығып, Меккеге қашып, Алла елшісінің (с.а.с.) отбасын қорлайтын өлеңдер жазған. Осы үш адам туралы, тіпті Қағбаның жапқышына жармасып тұрса да, кешірім берілмейтіні айтылған.

Алла елшісінің (с.а.с.) өлең мен ақынға көзқарасын толық түсіну үшін оның мұсылман шайырларымен қарым-қатынасына да назар аударайық.

Ол мұсылман шайырларға құрмет көрсетіп, мүшрік ақындардың сөздеріне жауап беруге, мүміндерді рухтандыруға үндеген. Оған жақын үш атақты шайыр – Хассан ибн Сәбит, Абдулла ибн Рауаһа және Кәғб ибн Мәлик (р.а.).

Қажет кезде оларды шақырып: «Құрайышқа өлеңмен жауап беріңдер. Өлеңдерің оларға жебеден де өткір тиеді», – деген. Араларында бас шайыр Хассанның орны айрықша еді. Оған: «Уа, Хассан, Алла елшісінің атынан жауап бер», – деп, қолын жайып, Алладан оған рухани жәрдем тілейтін.

Айша (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Кәғб ибн Мәликтен кейін Хассанды шақыртады. Хассан кіргенде: «Міне, тілімен талқандайтын арыстан келді», – деп, не үшін шақырғанын түсіндіреді. Хассан тілін шығарып: «Сізді хақпен жіберген Алланың атымен ант етемін, оларды тіліммен теріні тілгендей тілгілеуге шамам жетеді», – дейді. Алла елшісі (с.а.с.): «Асықпа. Әбу Бәкір Құрайыштың шежіресін жақсы біледі. Мен де солардан тараймын. Ол саған менің тегімді ажыратып берсін», – дейді. Әбу Бәкірмен жолығып келген Хассан: «Сізді хақпен жіберген Алланың атымен ант етемін, сізді олардың арасынан қамырдан қыл суырғандай бөліп аламын», – дейді.

Алла елшісі (с.а.с.) үшін өлең жақсылыққа да, жамандыққа да жұмсалатын қылыш секілді еді. Риуаятта мүміннің малымен, жанымен күрескені сияқты, тілімен де күресетіні айтылған. Құрайза оқиғасында Алла елшісі (с.а.с.) Хассанға қарсы жаққа өлеңмен жауап беруді айтып, «Жәбірейіл сенімен бірге» деген сөзбен оны қолдаған. Бәдір шайқасының алдында екі жақ сөз сайысына да түскен. Ибн Хишам бұл айтыстың жырларын жиырма беттей көлемде келтірген. Ор қазу кезінде Алла елшісінің (с.а.с.) өзі де кейбір бәйітті айтып, өзге кісілерден жақсы өлең оқуын сұрағаны баяндалады.

Жинақ авторы осы риуаяттардан шариғатта өлеңнің қолданылуына қатысты өзіндік өлшем бар деген тұжырым жасайды. Алла елшісі (с.а.с.) өтірік пен жаладан тұратын өлеңге тыйым салып, хаққа қызмет ететін, әдепке сай жырды құптаған. Өлең қылыш секілді: жақсылыққа жұмсалса, елін қорғайды, жамандыққа жұмсалса, адамға зиян келтіреді. «Сөз сүйектен өтеді» деген мақал да соны аңғартады. Сондықтан ғалымдар өлеңге рұқсаттың шегі жайында әртүрлі пікір айтқан. Төменде осыған қатысты хадистер беріледі.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 20 (4836). Ибн Мәжа, «Тижарат», 63 (2287).
  2. 2«Ясин» сүресі, 69-аят. «Әнбия» сүресі, 5-аят. «Саффат» сүресі, 36-аят. «Тур» сүресі, 30-аят. «Хаққа» сүресі, 41-аят.
  3. 3«Шұғара» сүресі, 224–227-аяттар.