Хадис

Кутуб ситтә, № 2301

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
341. № 2299–2302 хадистер
Нөмірі
№ 2301 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
2301
Кутуб ситтә, № 2301 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ زُهْرَةَ بْنِ مَعْبَدٍ، عَنْ جَدِّهِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ هِشَامٍ، وَكَانَ قَدْ أَدْرَكَ النَّبِيَّ ﷺ، وَذَهَبَتْ بِهِ أُمُّهُ زَيْنَبُ بِنْتُ حُمَيْدٍ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَتْ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، بَايِعْهُ». فَقَالَ: «هُوَ صَغِيرٌ»، فَمَسَحَ رَأْسَهُ وَدَعَا لَهُ. وَعَنْ زُهْرَةَ بْنِ مَعْبَدٍ أَنَّهُ كَانَ يَخْرُجُ بِهِ جَدُّهُ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ هِشَامٍ إِلَى السُّوقِ فَيَشْتَرِي الطَّعَامَ، فَيَلْقَاهُ ابْنُ عُمَرَ وَابْنُ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، فَيَقُولَانِ لَهُ: «أَشْرِكْنَا، فَإِنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَدْ دَعَا لَكَ بِالْبَرَكَةِ». فَيَشْرَكُهُمْ، فَرُبَّمَا أَصَابَ الرَّاحِلَةَ كَمَا هِيَ، فَيَبْعَثُ بِهَا إِلَى الْمَنْزِلِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Зуһра ибн Мағбад атасы Абдулла ибн Хишамның Алла елшісін (с.а.с.) көргенін жеткізеді. Анасы Зейнеп бинт Хумайд Абдулланы Алла елшісіне (с.а.с.) ертіп барып: «Уа, Алланың елшісі, мына баладан серт алыңыз», – дейді. Пайғамбар (с.а.с.): «Ол әлі кішкентай», – деп, басынан сипап, оған дұға етеді. Зуһра ибн Мағбадтың айтуынша, атасы Абдулла ибн Хишам оны базарға ертіп барып, азық-түлік сатып алатын. Оған Ибн Омар мен Ибн Зубәйр (р.а.) кездесіп: «Бізді де ортақ қыл, Алла елшісі (с.а.с.) саған береке тілеп дұға еткен», – дейтін. Абдулла оларды ортақ қылатын. Кейде бір түйеге тұтас жүк боларлық пайда тауып, соны үйіне жіберетін1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят – Алла елшісінің (с.а.с.) дұғасының берекесі көрінген мұғжизаның бір мысалы. Хадистің соңында Абдулланың кейде бір түйе жүгіне тең пайда тапқаны айтылады. Бұл – жүз пайыз пайда деген сөз. Дұғаның қабыл болғанын түсіндіру үшін Ибн Хажар Уруа әл-Бариқиге қатысты ұқсас оқиғаны мысалға келтіреді. Ол да Алла елшісінің (с.а.с.) береке тілеген дұғасына бөленіп, базарға саудамен барғанында бір жолы қырық мың дирхам таба алған. Алла елшісі (с.а.с.) оған бір динар беріп, құрбандыққа мал сатып алуға жібереді. Уруа бір динарға екі мал алып, біреуін қайта бір динарға сатады да, Алла елшісіне (с.а.с.) бір мал мен бір динар әкеледі. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) оның саудасына береке тілеп дұға етеді.

2. Бұл риуаяттан мынадай тұжырымдар жасалған:

• Баланың басынан сипауға болады.

• Балиғатқа толмаған баладан серт алынбайды.

• Нәпақа табу ниетімен базарға, жәрмеңкеге баруға болады.

• Адам қай жерде жүрсе де, берекеге ұмтылады.

• Риуаят адал дүниенің мол болуының өзін мәкрүһ санайтын шектен шыққан тақуалардың пікіріне жауап береді.

• Алла елшісінен (с.а.с.) естіген не көрген бір нәрсесін жадында сақтаған баланы сахаба санайтындар бар. Бұл жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі.

• Әйелдер балаларын әртүрлі себеппен Алла елшісіне (с.а.с.) апарған.

• Сауда жасауға және серіктес болуға ұсыныс айтуға рұқсат.

• Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) дұғасын Алла тағала қабыл еткен мұғжизаның бір мысалы.

• Кейбір ғалымның айтуынша, үлесті нақтыламай «Сені ортақ қылдым» деу серіктеске тең үлес, яғни пайданың жартысына құқық береді.

  1. 1Бұхари, «Ширка», 13 (2501), «Дағуат», 31, «Ахкам», 46.