Ғалымдар бұл хадистегі сөз туралы әртүрлі пікір айтқан. Алла елшісі (с.а.с.) бұрын естіген өлең жолын айтты ма, әлде бұл сөз сол сәтте еріксіз өлең ырғағымен шықты ма? Табари және бірқатар ғалым алғашқы пікірді ұстанған. Олар Ибн Әбид-Дүнияның «Мухасабатун-нафс» еңбегіндегі Абдулла ибн Рауаһаның осыған ұқсас бәйітті кей сөзін өзгертіп оқығаны туралы деректі алға тартады. Уақиди әл-Уәлид ибн әл-Муғира Худайбия келісімі тұсында Мәдинаға қайтып келе жатып сүрініп, саусағын жаралағанда, осы сөздерді айтқанын келтіреді.
Алла елшісінің (с.а.с.) өзге біреуден естіген өлеңді айтуына бола ма деген мәселе де талқыланған. Алдыңғы № 2316 сахих хадисте әзірет Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Ибн Рауаһаның өлеңінен үзінді айтқанын жеткізеді. Ибн Аббас та Алла елшісінің (с.а.с.) кей өлеңді мысал ретінде келтіргенін айтады.
Екінші пікірді ұстанған ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) бұл сөздерін өлеңге жатқызбаған. Ибн Хажар оларды өлеңнің бір немесе екі тармағының ырғағына ұқсайтын сөздер ретінде қарастырады. Осыған мысал ретінде Құраннан да кей үзіндіні келтіріп, олардың көбі бәйіттің жартысының ғана, аз бөлігі толық бәйіттің өлшеміне сәйкес келетінін айтады. Толық бәйіттің өлшеміне сай келетін мысалдардың бірқатары мынадай:
1. الْحَامِدُونَ السَّائِحُونَ الرَّاكِعُونَ السَّاجِدُونَ («Тәубе», 112-аят).
2. أُوتِيَتْ مِنْ كُلِّ شَيْءٍ وَلَهَا عَرْشٌ عَظِيمٌ («Нәмл», 23-аят).
3. مُسْلِمَاتٍ مُؤْمِنَاتٍ قَانِتَاتٍ تَائِبَاتٍ عَابِدَاتٍ سَائِحَاتٍ («Тахрим», 5-аят).
4. فَرَاغَ إِلَىٰ أَهْلِهِ فَجَاءَ بِعِجْلٍ سَمِينٍ («Зәрият», 26-аят).
5. نَبِّئْ عِبَادِي أَنِّي أَنَا الْغَفُورُ الرَّحِيمُ («Хижр», 49-аят).
6. لَنْ تَنَالُوا الْبِرَّ حَتَّىٰ تُنْفِقُوا مِمَّا تُحِبُّونَ («Әли Имран», 92-аят).
7. قُلْ لِلَّذِينَ كَفَرُوا إِنْ يَنْتَهُوا يُغْفَرْ لَهُمْ («Әнфәл», 38-аят).
8. وَجِفَانٍ كَالْجَوَابِ وَقُدُورٍ رَاسِيَاتٍ («Сәбә», 13-аят).
9. وَاتَّقُونِ يَا أُولِي الْأَلْبَابِ («Бақара», 197-аят).
10. إِنَّ هَٰذَا لَرِزْقُنَا مَا لَهُ مِنْ نَفَادٍ («Сад», 54-аят).
11. تَظَاهَرُونَ عَلَيْهِمْ بِالْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ («Бақара», 85-аят).
12. فَأَقِمْ وَجْهَكَ لِلدِّينِ حَنِيفًا فِطْرَتَ اللَّهِ («Рум», 30-аят).
13. وَمِنَ اللَّيْلِ فَسَبِّحْهُ وَإِدْبَارَ النُّجُومِ («Тур», 49-аят).
14. فَمَنْ شَاءَ فَلْيُؤْمِنْ وَمَنْ شَاءَ فَلْيَكْفُرْ («Кәһф», 29-аят).
15. لِيَقْضِيَ اللَّهُ أَمْرًا كَانَ مَفْعُولًا («Әнфәл», 42-аят).
16. فَأَصْبَحُوا لَا يُرَىٰ إِلَّا مَسَاكِنُهُمْ («Ахқаф», 25-аят).
17. فِي أُمَّةٍ قَدْ خَلَتْ مِنْ قَبْلِهَا أُمَمٌ («Рағыд», 30-аят).
18. فَانْبِذْ إِلَيْهِمْ عَلَىٰ سَوَاءٍ («Әнфәл», 58-аят).
19. ادْخُلُوهَا بِسَلَامٍ آمِنِينَ («Хижр», 46-аят).
20. بِهِ كَانَ وَعْدُهُ مَفْعُولًا («Муззәммил», 18-аят).
21. أَلَا بُعْدًا لِعَادٍ قَوْمِ هُودٍ («Һуд», 60-аят).
22. ثَمَرَاتِ النَّخِيلِ وَالْأَعْنَابِ («Нахыл», 67-аят).
23. ذَٰلِكَ الْكِتَابُ لَا رَيْبَ فِيهِ («Бақара», 2-аят).
Ибн Хажар осы хадистегі сөзді өлеңге жатқызғандарға айтылған мына жауапты келтіреді: «Сөзге шешен кісінің аузынан бір бәйіт шығуы поэзия саналмайды. Сол бәйітті айтқан кісі де шайыр аталмайды».
Намаз бөлімі
Тілімізге «намаз» деп аударылатын «салат» сөзі араб тілінде «дұға» дегенді білдіреді. Діни мәтіндерде оның «дұға», «намаз», «рақым», тіпті «ғибадат» деген мағыналары бар. Намаз дегенде мұсылманның белгілі уақытта, тазалық шарттарын сақтап, қиям, қырағат, рүкуғ және сәжде арқылы өтейтін құлшылығын айтамыз. Ал ғибадат пен дұға деп белгілі бір қалыппен шектелмейтін, әр дін өкілі білдіре алатын тағзым мен құлшылықты да айтамыз. Осы мағынада намаз – мұсылманға тән құлшылық, оны өзгеден айыратын белгі. Мұсылман шәһадат айтып, Аллаға құлшылық ету міндетін мойнына алады. Осы міндеттің ең маңыздысы – намаз. Өзге құлшылықтардың қабыл болуы да соған байланысты. Салат – Исламның нышаны, діннің тірегі, пенденің Аллаға арнайтын ең биік құлшылығы. Парыз намазын өтеу – Аллаға құлшылық етудің айғағы. Басқа құлшылықтардың қабыл болуы мен ықыласы да осыған байланысты. Парыз намазын өтемеген кісінің құлшылығының ықыласы кеміп, нәпіл ғибадаты көздеген мұратына жетпейді.
Адам баласы ажалы жеткенге дейін2, мейлі тік тұрсын, мейлі отырсын, мейлі жатсын3, құлшылық етуге міндетті. Басқаша айтқанда, балиғатқа толғаннан өмірінің соңына дейін Аллаға құлшылық етіп өмір сүруге тиіс. Осы міндетті ең жоғары дәрежеде орындаудың ажырамас шарты – намаз. Сондықтан Алла елшісі (с.а.с.): «Намаз – діннің тірегі. Оны орнатқан кісі дінін орнықтырады, оны құлатқан кісі дінін құлатады», – деген.
Төмендегі № 2324 хадисте Алла елшісі (с.а.с.) намазды амалдардың ең қайырлысы деп атайды. Өйткені Аллаға құлшылық етудің алуан түрі намазда тоғысқан.
Ислам дінінде намаздың алатын орнын әзірет Омардың (р.а.) Ислам мемлекетінің басшысы ретінде уәлилеріне жолдаған мына өсиетінен де аңғаруға болады: «Меніңше, істеріңнің ең маңыздысы – намаз. Кім оны сақтап, үзбей өтесе, дінін сақтағаны. Кім оны зая қылса, өзгесін одан да көп зая қылады» (№ 2369 хадис).
Алла елшісінен (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі, Исламда Аллаға ең сүйікті амал қайсы?» – деп сұрайды. Ол: «Уақытында оқылған намаз. Намазды тастағанның діні жоқ. Намаз – діннің тірегі», – дейді. Табаранидің «Әл-Муғжам әл-аусатында» жеткен бір хадисте: «Үш нәрсе бар. Кім оларды сақтаса, шын дос сол. Кім оларды зая қылса, нағыз дұшпан сол. Олар – намаз, ораза және жүніптіктен тазару», – делінеді.
Намаздың маңызы туралы риуаяттар көп. Осы бөлімде намазға қатысты әртүрлі мәселелерді қозғайтын сол риуаяттардың бірқатары беріледі.