Хадис

Намаздың артықшылығы

Кутуб ситтә, 6-том, 343-тарау · 12 хадис · № 2318–2329

Хадистер

2318
Кутуб ситтә, № 2318 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: أَرَأَيْتُمْ لَوْ أَنَّ نَهْرًا بِبَابِ أَحَدِكُمْ يَغْتَسِلُ فِيهِ كُلَّ يَوْمٍ خَمْسَ مَرَّاتٍ، مَا تَقُولُونَ يُبْقِي ذَلِكَ مِنْ دَرَنِهِ شَيْئًا؟ قَالُوا: لَا يُبْقِي ذَلِكَ مِنْ دَرَنِهِ شَيْئًا. قَالَ: فَذَلِكَ مَثَلُ الصَّلَوَاتِ الْخَمْسِ، يَمْحُو اللَّهُ بِهَا الْخَطَايَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ. «الدَّرَنُ» الْوَسَخُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Араларыңдағы біреудің есігінің алдында өзен ағып жатса, ол сол өзенге күн сайын бес рет жуынатын болса, бойында кір қала ма?” – деп сұрағанын естідім. Олар: “Бойында еш кір қалмайды”, – деп жауап берді. Алла елшісі: “Бес уақыт намаздың мысалы да солай. Алла сол намаздар арқылы күнәларды өшіреді”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Мауақит», 6 (528). Мүслим, «Мәсәжид», 282 (666). Тирмизи, «Әмсал», 5 (2872). Нәсәи, «Салат», 7 (1/231). Мәлик, «Муатта», «Қасрус-салат», 91 (1/174, мағыналас риуаят).
2319
Кутуб ситтә, № 2319 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَجُلَانِ أَخَوَانِ، فَهَلَكَ أَحَدُهُمَا قَبْلَ صَاحِبِهِ بِأَرْبَعِينَ لَيْلَةً، فَذُكِرَتْ فَضِيلَةُ الْأَوَّلِ مِنْهُمَا عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: أَلَمْ يَكُنِ الْآخَرُ مُسْلِمًا؟ قَالُوا: بَلَى، وَكَانَ لَا بَأْسَ بِهِ. فَقَالَ ﷺ: وَمَا يُدْرِيكُمْ مَا بَلَغَتْ بِهِ صَلَاتُهُ بَعْدَهُ؟ إِنَّمَا مَثَلُ الصَّلَاةِ كَمَثَلِ نَهْرٍ عَذْبٍ غَمْرٍ بِبَابِ أَحَدِكُمْ، يَقْتَحِمُ فِيهِ كُلَّ يَوْمٍ خَمْسَ مَرَّاتٍ، فَمَا تَرَوْنَ ذَلِكَ يُبْقِي مِنْ دَرَنِهِ؟ فَإِنَّكُمْ لَا تَدْرُونَ مَا بَلَغَتْ بِهِ صَلَاتُهُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. «الْغَمْرُ» بِفَتْحِ الْغَيْنِ الْمُعْجَمَةِ: الْكَثِيرُ. وَ«يَقْتَحِمُ فِيهِ»: يَدْخُلُهُ وَيُلْقِي نَفْسَهُ فِيهِ.

Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) былай дейді: «Ағайынды екі кісі бар еді. Бірі екіншісінен қырық түн бұрын дүние салды. Алла елшісінің (с.а.с.) алдында біріншісінің артықшылығы сөз болды. Сонда ол: “Екіншісі де мұсылман емес пе еді?” – деп сұрады. Олар: “Иә, мұсылман еді, оның да жамандығы жоқ еді”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бауырынан кейін оқыған намазы оны қандай дәрежеге жеткізгенін қайдан білесіңдер? Намаз – араларыңдағы біреудің есігінің алдында ағып жатқан мол сулы тұщы өзен секілді. Кісі сол өзенге күн сайын бес рет сүңгісе, бойында қанша кір қалады деп ойлайсыңдар? Сендер оның намазы оны қандай дәрежеге жеткізгенін білмейсіңдер”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Тыбидің айтуынша, алдыңғы хадисте намаздың күнәларды жуып кетіретіні айрықша екпінмен айтылған. Сахабалар бір ауыз «Жоқ» деумен шектелмей, сұрақтағы сөзді қайталап, кісінің бойында кір қалмайтынын нақтылайды.

Ибн әл-Араби бұл теңеуді былай түсіндіреді: «Кісі киімі мен денесіне жұққан кірді мол сумен кетіргені секілді, намаз да адамды күнәнің кірінен тазартады. Ешқандай дақ қалдырмай, адамды пәк етеді».

2. Хадистерді сырттай оқығанда, үкімі үлкен күнәға да, кіші күнәға да қатысты көрінеді. Ибн Баттал: «Кіші күнәлар меңзелгенін хадистің өзінен аңғаруға болады. Өйткені онда қателіктер денедегі кірге теңелген. “Даран” деп жара мен іріңдікке қарағанда жеңіл кірді айтады», – дейді.

Кейбір түсіндірмешілер: «Намаз жуып кетіретін күнәлардың суға шайылатын кірге теңелуі олардың кіші күнәлар екенін көрсетеді. Терең жараны ондай кір секілді сумен шайып кетіре алмайсың», – деген. Мүслимнің риуаяты мұны нақтылай түседі: «Үлкен күнәлардан сақтанса, бес уақыт намаз аралықтағы күнәларға кәффарат болады». Бұлқини адамдарды үлкен және кіші күнә істеуіне қарай бес топқа бөледі:

1) Ешбір күнә істемеген кісінің дәрежесін намаз көтереді.

2) Кіші күнәні қайталап істемеген кісінің күнәсі намаз арқылы сөзсіз кешіріледі.

3) Кіші күнәні қайталап істей берсе, ол үлкен күнәға айналады. Намаз кіші күнәларға кәффарат болғандықтан, мұндай күнә намаз арқылы кешірілмейді.

4) Бір үлкен күнә және бірнеше кіші күнә істеген кісі.

5) Бірнеше үлкен және кіші күнә істеген кісі. Үлкен күнәлардан тыйылмаса, үлкендері кешірілмей, кішілері кешірілуі мүмкін. Екі түрі де кешірілмеуі мүмкін. Соңғы болжамның негізі басым.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Қасрус-салат», 91 (1/174).
2320
Кутуб ситтә, № 2320 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Умама (р.а.)

وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الْمَسْجِدِ، وَنَحْنُ مَعَهُ، إِذْ جَاءَ رَجُلٌ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي أَصَبْتُ حَدًّا فَأَقِمْهُ عَلَيَّ. فَسَكَتَ عَنْهُ، ثُمَّ أَعَادَ فَسَكَتَ، وَأُقِيمَتِ الصَّلَاةُ. فَلَمَّا انْصَرَفَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ تَبِعَهُ الرَّجُلُ، وَاتَّبَعْتُهُ أَنْظُرُ مَاذَا يَرُدُّ عَلَيْهِ، فَقَالَ لَهُ: أَرَأَيْتَ حِينَ خَرَجْتَ مِنْ بَيْتِكَ، أَلَيْسَ قَدْ تَوَضَّأْتَ فَأَحْسَنْتَ الْوُضُوءَ؟ قَالَ: بَلَى يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: ثُمَّ شَهِدْتَ الصَّلَاةَ مَعَنَا؟ قَالَ: نَعَمْ يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَدْ غَفَرَ لَكَ حَدَّكَ، أَوْ قَالَ: ذَنْبَكَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Умама (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге мешітте едік. Бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі, хадд жазасына тартылатын күнә істедім, жазамды беріңіз”, – деді. Алла елшісі үндемеді. Кісі сөзін қайталады. Алла елшісі тағы үндемеді. Намаз басталды. Алла елшісі (с.а.с.) намаздан шыққан соң, әлгі кісі соңынан ерді. Не жауап беретінін білгім келіп, мен де ілестім. Алла елшісі оған: “Үйден шыққанда, дәретіңді дұрыстап алдың ба?” – деді. Ол: “Иә, уа, Алланың елшісі”, – деді. “Содан кейін бізбен бірге намаз оқыдың ба?” – деп сұрады. Кісі: “Иә, уа, Алланың елшісі”, – деді. Сонда ол: “Алла тағала хаддыңды кешірді”, – деді немесе “күнәңді кешірді” деген еді»1.

Түсіндірме

Бұл хадиске қатысты ғалымдар «Басшы шариғатта белгіленген хадд жазасын кешіре ала ма?» деген мәселені талқылаған. Бұхари мағыналас риуаятты «Кісі хадд жазасына себеп болатын іс істегенін мойындап, оның түрін айтпаса, имам оны жасырын қалдыра ала ма?» деген тарауға енгізген. Риуаят Бұхари мен Мүслим жинақтарында жеткенімен, Әбу Бәкір әл-Бәрзәнжи оның сахихтығына күмән келтірген. Мағыналас риуаяттар болғандықтан, ғалымдар хадистің мағынасын анықтауға ден қойған. Негізгі қағида бойынша, хадд жазасын талап ететін іс дәлелденсе, жаза қолданылады. Осы хадиске ғалымдар бірнеше түсіндірме берген.

• Кісі хадд жазасын талап етпейтін күнә жасап, оны өз ұғымында ауырлатып, хадд жазасы қолданылатын іс деп ойлаған болуы мүмкін.

• Бұхари қойған тарау атауынан шығатын тұжырым бойынша, кісі істегенін мойындап, оның түрін айтпаса және тәубе етсе, имамның хадд жазасын қолдануы уәжіп болмайды.

• Хаттаби: «Алла елшісі (с.а.с.) ол кісінің кешірілгенін уахи арқылы білген болуы мүмкін. Әйтпесе, істің түрін анықтап, соған тиісті жазаны қолданар еді», – дейді.

Хаттаби тағы былай дейді: «Бұл хадис хадд жазасын талап ететін істі қазбаламай, мүмкіндігінше оны ашпай қою керегін аңғартады. Риуаяттағы кісі қандай іс істегенін нақты айтқан жоқ. Бәлкім, кіші күнә істеп, оны хадд жазасы белгіленген ауыр күнә деп ойлаған болар. Алла елшісі (с.а.с.) оны қазбаламаған. Өйткені күмәнді істе хадд жазасы қолданылмайды. Оның мән-жайын сұрамауы аятта тыйым салынған тіміскілеуден сақтану, күнәні жария етпеуді жөн көру және әлгі кісінің жаза сұрауынан өкініп, тәубеге келгенін аңғару себептерінен болуы мүмкін».

Осы хадиске сүйенген ғалымдар хадд жазасын талап ететін істі мойындаған кісіге, жаза қолданылмауы үшін, мойындаған сөзінен қайтуға тұспалдап не ашық ишара етуді мұстахаб санаған.

Нәуәуи мен бірқатар ғалым риуаяттағы кісінің ісін кіші күнәға жатқызған. Бұған намаздың әлгі күнәға кәффарат болғанын дәлел етеді. Көпшілік ұстанған қағида бойынша, намаз кіші күнәларға кәффарат. Кейде намаздың арқасында үлкен күнә да кешірілуі мүмкін. Мысалы, бір кісі көптеген кіші күнәсінің кешірілуіне жетерлік нәпіл амал атқарса, кіші күнәлары болмаса немесе аз болса, бірақ бір үлкен күнәсі болса, сол көп нәпіл амалы үлкен күнәсінің де кешірілуіне себеп болуы мүмкін. Өйткені Алла ізгі іс істегеннің амалын зая етпейді.

• Риуаяттың бір нұсқасында Алла елшісіне (с.а.с.) келген кісі: «Уа, Алланың елшісі, зина істедім, хадд жазасын қолданыңыз», – деген. Кісінің ашық мойындауына қарамастан, Алла елшісінің (с.а.с.) жаза қолданбағанына сүйенген кей ғалым оның шариғат бойынша зина саналмайтын істі зина деп ойлаған болуы мүмкін деген.

• Кей ғалым осы хадистен «Кісі тәубе етіп келіп, күнәсін мойындаса, оған хадд жазасы қолданылмайды» деген үкім шығарған. Сонымен бірге рауилердің бірі «хадд жазасына тартылатын іс істедім» деген сөзді «зина істедім» деп түсініп, солай жеткізуі де мүмкін. Ғалымдардың көбі осы тұста Бұхариде келген нұсқаны негізге алады.

• Бұл үкім риуаятта айтылған кісіге ғана қатысты болуы да мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) оның күнәсін Алла намазының арқасында кешіргенін хабарлады. Мұны тек уахи арқылы білуге болады. Алла елшісінен (с.а.с.) кейін уахи тоқтағандықтан, мұндай үкімге негіз болған хабар да тоқтады. Кей ғалымдар Әбу Умама хадисінің сыртқы мағынасынан үш тұжырым шығарған:

1. Кісі мойындаған сөзінен қайтпай, істің түрі анықталғанда, хадд жазасы қолданылады.

2. Бұл үкім оқиғада айтылған кісіге ғана қатысты.

3. Тәубе арқылы хадд жазасы түседі.

Осы үш тұжырымды келтірген ғалым үшіншісін ең негізді деп санаған.

  1. 1Мүслим, «Тәубе», 45 (2765). Әбу Дәуіт, «Худуд», 9 (4381). Мағыналас Әнәс риуаяты төменде № 2321-де берілген.
2321
Кутуб ситтә, № 2321 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ عِنْدَ النَّبِيِّ ﷺ، فَجَاءَهُ رَجُلٌ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي أَصَبْتُ حَدًّا فَأَقِمْهُ عَلَيَّ. وَلَمْ يَسْأَلْهُ. وَحَضَرَتِ الصَّلَاةُ فَصَلَّى مَعَ النَّبِيِّ ﷺ، فَلَمَّا قَضَى النَّبِيُّ ﷺ الصَّلَاةَ قَامَ إِلَيْهِ الرَّجُلُ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي أَصَبْتُ حَدًّا فَأَقِمْ فِيَّ كِتَابَ اللَّهِ تَعَالَى. قَالَ: أَلَيْسَ قَدْ صَلَّيْتَ مَعَنَا؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: اذْهَبْ فَإِنَّ اللَّهَ قَدْ غَفَرَ لَكَ ذَنْبَكَ، أَوْ قَالَ: حَدَّكَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) қасында едім. Бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі, хадд жазасына тартылатын іс істедім. Жазамды беріңіз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) одан ештеңе сұрамады. Намаз уақыты кіріп, кісі Алла елшісімен (с.а.с.) бірге намаз оқыды. Ол намазын аяқтаған соң, әлгі кісі қайта келіп: “Уа, Алланың елшісі, хадд жазасына тартылатын іс істедім. Маған Алланың кітабындағы үкімді қолданыңыз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бізбен бірге намаз оқымадың ба?” – деп сұрады. Ол: “Иә, оқыдым”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бара бер. Алла күнәңді кешірді”, – деді немесе “хаддыңды кешірді” деген еді»1.

Түсіндірме

Бұл риуаятта да күнә істеп, артынан өкініп, тәубеге келген кісіге Алла елшісі (с.а.с.) күнәсінің кешірілгенін хабарлаған. Мұндай хабар уахи келген Алла елшісіне ғана тән. Екі риуаятты екі сахаба жеткізгенімен, екеуі бір оқиғаны баяндауы да мүмкін. Хадистің түсіндірмесі жоғарыда берілді.

  1. 1Бұхари, «Худуд», 27 (6823). Мүслим, «Тәубе», 44 (2764).
2322
Кутуб ситтә, № 2322 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ عَاصِمِ بْنِ سُفْيَانَ الثَّقَفِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُمْ غَزَوْا غَزَاةَ السَّلَاسِلِ فَفَاتَهُمُ الْغَزْوُ فَرَابَطُوا، ثُمَّ رَجَعُوا إِلَى مُعَاوِيَةَ، وَعِنْدَهُ أَبُو أَيُّوبَ وَعُقْبَةُ بْنُ عَامِرٍ. فَقَالَ عَاصِمٌ: يَا أَبَا أَيُّوبَ، فَاتَنَا الْغَزْوُ الْعَامَ، وَقَدْ أُخْبِرْنَا أَنَّهُ مَنْ صَلَّى فِي الْمَسَاجِدِ الْأَرْبَعَةِ غُفِرَ لَهُ ذَنْبُهُ. فَقَالَ: يَا ابْنَ أَخِي، أَدُلُّكَ عَلَى أَيْسَرَ مِنْ ذَلِكَ؟ إِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: مَنْ تَوَضَّأَ كَمَا أُمِرَ، وَصَلَّى كَمَا أُمِرَ، غُفِرَ لَهُ مَا قَدَّمَ مِنْ عَمَلٍ. أَكَذَلِكَ يَا عُقْبَةُ؟ قَالَ: نَعَمْ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Асым ибн Суфиян әс-Сақафидің (р.а.) айтуынша, олар Сәләсил жорығына шығып, шайқасқа үлгермеген соң, шекарада күзетте қалады. Кейін әзірет Мұғауияға қайтып келеді. Оның жанында Әбу Әйюб пен Уқба ибн Амир бар еді. Асым: «Уа, Әбу Әйюб, биыл шайқасқа үлгермедік. “Кім төрт мешітте намаз оқыса, күнәсі кешіріледі” деген хабар естідік», – дейді. Әбу Әйюб: «Бауырымның баласы, бұдан оңайын айтайын ба? Алла елшісінің (с.а.с.): “Кім бұйырылғандай дәрет алып, бұйырылғандай намаз оқыса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі”, – дегенін естідім. Уа, Уқба, солай еді ғой?» – дейді. Уқба: «Иә», – деп жауап береді1.

Түсіндірме

1. Хадисте дәретті толық алып, намазды тиісінше өтеу жорыққа қатыса алмаған кісінің рухани шығынының орнын толтыруға себеп болуы мүмкін екені айтылады. Асым не себепті Сәләсил жорығына үлгермегенін нақтыламайды. Ол орнын толтырар амал іздеп, төрт мешітте намаз оқу туралы кеңес естиді. Соған көңілі орнықпай, әзірет Мұғауияның жанындағы Әбу Әйюб әл-Ансариге жүгінеді. Әбу Әйюб дәретті толық алып, намазды тиісінше өтеу бұрынғы күнәларға кәффарат болатыны жайлы сүйінші хабарды жеткізеді. Оны Солтүстік Африка жорықтарына қатысқан Уқба ибн Амир (р.а.) да растайды.

2. Бұл риуаят сахабалардың Алла жолындағы күреске және күнәларын кешіртетін амалдарды іздеуге қаншалықты құлшынғанын көрсетеді.

3. Хадистегі «фарабату» сөзін «шекарада күзетте қалды» деп аудардық. Түбірлес «рибат» сөзі бірнеше мағынада қолданылады. «Рабт» түбірі «байлау» дегенді білдіреді. «Рибат» байлау құралын, Алла жолына байланған атты немесе Алла жолында тұрақтайтын әскери бекет, зікірхана секілді орынды да білдіреді. Алғашқы дәуірлерде шекара бойына салынған шағын бекіністер де «рибат» аталған. Оларда мешіт, кітапхана, монша, ат байлайтын орын, сарбаздар жататын жай болған. Сарбаздар жорықтан тыс уақытын зікір мен ілімге арнаған. Осылайша бұл сөз діни істер мен жауынгерлік міндетті де қамтиды. «Рибат» дүние мен ақыретке қатысты міндетті бір істе тоғыстырған мекеме де болған. Сопылық қолданыста тәккені де осылай атаған.

Сөздің мағына аясының кеңеюіне Құран кәрім де ықпал еткен: «Уа, иман келтіргендер! Алла жолында ауыртпалықтарға сабырлылық танытыңдар! Жаумен бетпе-бет келгенде барынша табандылық танытыңдар, табанды болуда олардан асып түсіңдер. Аллаға құлшылық етуге һәм Оның жолында күресуге келгенде, әрдайым сақадай сай болып дайын тұрыңдар, әрі бір-біріңе сүйеу болыңдар. Аллаға қарсы келуден сақтанып, әрдайым тақуалық шеңберінде өмір сүріңдер. Міне, осылайша азаптан құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер»2. Кей ғалым аяттағы «уә рабиту» сөзін «шекарада күзетіңдер» деп түсіндіреді. Алла елшісі (с.а.с.) кей хадистерінде «рибат» сөзін құлшылықтағы ыждағаттылық мағынасында қолданған. Әбу Һурайраның жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алла күнәларды өшіріп, дәрежелерді көтеретін амалдарды айтайын ба? Олар – қиындыққа қарамастан дәретті толық алу, мешіттерге жиі бару және бір намаздан кейін келесі намазды күту. Міне, рибат деген осы. Міне, рибат деген осы».3 Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, «рибат» мешітте отырып немесе келесі намазды ойдан шығармай, оның уақытын күтуді де білдіреді дейді.

Осы түсіндірмеге сүйенсек, Әбу Әйюб әл-Ансари (р.а.) «рибат» сөзін осы мағынада түсінген. Жорыққа қатыса алмаған Асым ибн Суфиянға дәретті толық алып, намазды тиісінше өтеу де рибатқа, яғни Алла жолындағы күреске жататынын айтқан.

Кей ғалым аяттағы әмірді «нәпсі мен тәнді құлшылыққа байлау» деп түсіндіреді. Оны «шекарада дұшпанға қарсы күзетке тұрып, шабуылына тойтарыс беру» деп ұққандар да сөздің түпкі мағынасынан алшақтамайды. Жағдайға қарай бұл амалдардың бірі екіншісінен абзал болуы мүмкін. Синди: «Бұл амалдар шайтанның адамға азғыру салатын жолын бөгейді, нәпсіні құмарлықтан тыяды. Нәпсі мен шайтанға қарсы күрес – ең үлкен жиһад. Өйткені кісі сол күресте өзінің ең үлкен дұшпаны – нәпсісін жеңеді. Алла елшісі (с.а.с.) осы күрестің маңызын аңғарту үшін “рибат” сөзін қолданып, оны үш рет айтқан», – дейді.

  1. 1Нәсәи, «Таһарат», 108 (144, 1/90–91).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 200-аят.
  3. 3Мүслим, «Таһарат», 41 (251).
2323
Кутуб ситтә, № 2323 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Уқба ибн Амир (р.а.)

وَعَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: يَعْجَبُ رَبُّكَ مِنْ رَاعِي غَنَمٍ فِي رَأْسِ شَظِيَّةِ الْجَبَلِ، يُؤَذِّنُ بِالصَّلَاةِ وَيُصَلِّي، فَيَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى: انْظُرُوا إِلَى عَبْدِي هَذَا، يُؤَذِّنُ وَيُقِيمُ الصَّلَاةَ، يَخَافُ مِنِّي، قَدْ غَفَرْتُ لِعَبْدِي وَأَدْخَلْتُهُ الْجَنَّةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Уқба ибн Амир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естідім: “Таудың құзар басында қой бағып жүріп, азан шақырып, намаз оқыған шопанға Раббың разы болады. Алла тағала: ‘Мына құлыма қараңдар. Азан шақырып, намаз оқып тұр. Ол Менен қорқады. Құлымды кешіріп, жаннатқа кіргіздім’, – дейді”»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 272 (1203). Нәсәи, «Азан», 26 (2/20).
2324
Кутуб ситтә, № 2324 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: اسْتَقِيمُوا وَلَنْ تُحْصُوا، وَاعْلَمُوا أَنَّ خَيْرَ أَعْمَالِكُمُ الصَّلَاةُ، وَلَا يُحَافِظُ عَلَى الْوُضُوءِ إِلَّا مُؤْمِنٌ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Тура жолды ұстаныңдар. Оның сауабын санап тауыса алмайсыңдар. Біліңдер, ең қайырлы амалдарың – намаз. Үнемі дәретті жүруге мүмін ғана ұқыптылық танытады».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис «Муаттада» толық сәнадсыз берілген. Басқа дереккөздерде оның сәнады үзілмей жеткен.

2. Ғалымдар «Тура жолды ұстаныңдар» деген әмірді «Парыз бен сүннет белгілеген жолдан таймаңдар, оған шамаларың жетеді» деп түсіндірген. Екінші түсіндірмесі – Алланың ақысын өтеп, тыйымдарын сақтап, жазған тағдырына разы болып, тура жолдан айнымау.

Хадистің жалғасы тура жолды ұстанған жанға Алла беретін сауапты санап тауыса алмайтынын білдіреді. Құранда да: «Тіпті егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар»2, – делінген.

Зурқани хадисті былай түсіндіреді: «Бар күш-қайратыңды жұмсасаң да, діндегі барлық ізгі амалды орындай алмайсың. Оған Алланың жәрдемі арқылы ғана жете аласың». Тағы бір түсіндірмесі: «Ізгі жолдан таймаңдар, шектен шықпай, ең дұрысына жақындауға ұмтылыңдар. Барлық ізгі амалды түгел қамтуға шамаларың жетпейді. Жаратылған пенденің кем-кетігі болмай тұрмайды».

Зурқани одан әрі: «Мұндағы мақсат – пендеге кемшілігін аңғартып, жасаған амалдарына сеніп қалмай, одан да жақсысына ұмтылуға жігерлендіру», – дейді. Бәйдауи де былай түсіндіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) тура жолды ұстануды бұйырған соң, пенденің Алланың ақысын түгел өтеп, дін көрсеткен мұратқа толық жетуге шамасы келмейтінін хабарлады. Мұны адамдар үнемі ескерсін деді. Ол бейне бір: “Істеген жақсылықтарыңды жеткілікті санап, соған сеніп қалмаңдар. Әлсіздіктерің себепті орындай алмаған істерің үшін Алланың рақымынан үміт үзбеңдер”, – дегендей».

3. Кей ғалым «Ең қайырлы амалдарың – намаз» деген сөзді былай түсіндіреді: «Намаздың сыйы мен сауабы мол. Ол құлшылықтың алуан түрін қамтиды. Атап айтқанда, қырағат, тәсбих, тәкбір, тәһлил, қиям, рүкуғ, сәжде, сондай-ақ күнделікті сөзден және намазды бұзатын қимылдан тыйылу бар. Осыларды қамтығандықтан, намаз мүміннің миғражы әрі Аллаға жақындаудың жолы болған».

4. Хадистің соңында үнемі дәретті жүру және намаз алдында дәретті жаңарту мұстахаб екені аңғартылады. Намаз алдында дәретті жаңарту оны кемел түрде сақтауға жәрдемдеседі.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 36 (1/34). Ибн Мәжа, «Таһарат», 4 (277).
  2. 2«Ибраһим» сүресі, 34-аят.
2325
Кутуб ситтә, № 2325 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Хузайфа (р.а.)

وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا حَزَبَهُ أَمْرٌ صَلَّىٰ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «حَزَبَهُ»: بِالْبَاءِ، وَرُوِيَ بِالنُّونِ، أَيْ: نَزَلَ بِهِ وَأَوْقَعَهُ فِي الْحُزْنِ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) басына ауыр іс түскенде намаз оқитын»1.

Түсіндірме

Ибн әл-Әсир «ән-Ниһаяда» бұл тіркесті «Басына ауыр іс түскенде немесе қайғыға душар болғанда» деп түсіндіреді. Алла елшісінің (с.а.с.) осы амалы оқыс жағдайға тап болып, қайғыдан есеңгірегенде намазға жүгінуге үндейді. Мұндайда асығыс шешім қабылдау не бірден әрекет ету адамның өзіне де, айналасына да зиян келтіруі мүмкін. Ал намаз көңілді орнықтырып, ойды жинақтауға мұрсат береді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 312 (1319). Нәсәи, «Мауақит», 46 (1/289).
2326
Кутуб ситтә, № 2326 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ سَلْمَانَ، عَنْ رَجُلٍ مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ يَوْمَ خَيْبَرَ إِلَى النَّبِيِّ ﷺ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَقَدْ رَبِحْتُ الْيَوْمَ رِبْحًا مَا رَبِحَهُ أَحَدٌ مِنْ هَذَا الْوَادِي. قَالَ: وَيْحَكَ، وَمَا رَبِحْتَ؟ قَالَ: مَا زِلْتُ أَبِيعُ وَأَبْتَاعُ حَتَّىٰ رَبِحْتُ ثَلَاثَمِائَةِ أُوقِيَّةٍ. فَقَالَ لَهُ ﷺ: أَفَلَا أُنَبِّئُكَ بِخَيْرِ رِبْحٍ؟ فَقَالَ: مَا هُوَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: رَكْعَتَيْنِ بَعْدَ الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Салман Пайғамбардың (с.а.с.) бір сахабасынан жеткізеді: «Хайбар алынған күні бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі! Бүгін мен осы алқаптағы ешкім таппаған пайдаға кенелдім”, – деді. Пайғамбар: “Қане, қандай пайда таптың?” – деп сұрады. Ол: “Тынбай алып-сатып, үш жүз уқия пайда таптым”, – деді. Сонда Алла елшісі: “Саған бұдан да қайырлы пайданы айтайын ба?” – деді. “Ол не, уа, Алланың елшісі?” – дегенде, Пайғамбар: “Намаздан кейін оқылатын екі рәкат”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

1. Әбу Дәуіттегі нұсқа ұзағырақ. Онда риуаят былай басталады: «Хайбарды алғанымызда сарбаздар олжадан үлестеріне тиген дүние-мүлік пен құлдарды ортаға шығарып, сауда жасай бастады. Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқып тұрғанда бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі! Бүгін мен осы алқаптағы ешкім таппаған пайдаға кенелдім”, – деді».

2. Бір уқия қырық дирхамға тең.

3. Хадис жорық кезінде сауда жасауға, әсіресе, олжа бөлінген соң өз үлесін сатуға болатынын білдіреді. Сауда жорықтың сауабын кемітсе, Алла елшісі (с.а.с.) мұны ескертер еді. Ескерту айтпауы сауданы құптағанын аңғартады. Демек, дүние табу рухани сауапты кемітпейді. Қажылықта сауда жасаған сахабалардың амалына да нұқсан келмейтінін білдірген аятта: «Раббыларыңнан ризық-несібе тілегендерің үшін күнә арқаламайсыңдар»2, – делінеді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Жиһад», 180 (2785).
  2. 2«Бақара» сүресі, 198-аят (үзінді).
2327
Кутуб ситтә, № 2327 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «حُبِّبَ إِلَيَّ النِّسَاءُ وَالطِّيبُ، وَجُعِلَتْ قُرَّةُ عَيْنِي فِي الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Маған әйелдер мен хош иіс сүйкімді етілді, ал көзімнің нұры намазда болды», – дейді1.

Түсіндірме

Хадистің әйелдер мен хош иіске қатысты бөлігі № 2137 хадисте түсіндірілген. Алла елшісі (с.а.с.) мұнда екі қайырлы нәрсені, әйел мен намазды, қатар атаған. Бір хадисте: «Дүние – игілік. Дүниенің ең қайырлы игілігі – салиқалы әйел», – делінеді. Жоғарыда айтылғандай, діни міндеттердің ең қайырлысы – намаз. Сондықтан екеуін қатар атау орынды. «Көзімнің нұры намазда болды» деген сөз намаздың қадірін айшықтайды. Имам Ғазали намаздың осы дүниедегі нәрселермен қатар аталуын былай түсіндіреді: «Сезіммен қабылдап, көзбен көретін нәрсенің бәрі осы дүниеге жатады. Рукуғ пен сәжде кезінде дене мүшелерінің қимылынан сезілетін ләззат та осы дүниенің сезімі болғандықтан, намазды сол тұрғыдан атаған. Құл кейбір ғибадаттан соншалық рақат табады, одан айрылуды ең ауыр жаза санайды». Кейбір ғибадатшыл жандар: «Өлімнен қорықпас едім, тек ол мені түнгі намазымнан айырады», – деген. Енді бірі: «Уа, Алла, қабірде де намаз оқуға күш бере көр!» – деп дұға еткен.

  1. 1Нәсәи, «Ишратун-ниса», 1 (3939; 7/61).
2328
Кутуб ситтә, № 2328 · тараудағы реті: 11

وَعَنْ رَبِيعَةَ بْنِ كَعْبٍ الْأَسْلَمِيِّ قَالَ: «كُنْتُ أَبِيتُ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فَآتِيهِ بِوَضُوئِهِ وَحَاجَتِهِ، فَقَالَ لِي: سَلْنِي. قُلْتُ: فَإِنِّي أَسْأَلُكَ مُرَافَقَتَكَ فِي الْجَنَّةِ. فَقَالَ: أَوَغَيْرَ ذَلِكَ؟ قُلْتُ: هُوَ ذَاكَ. قَالَ: فَأَعِنِّي عَلَى نَفْسِكَ بِكَثْرَةِ السُّجُودِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Рабиға ибн Кәғб әл-Әсләми (р.а.) былай дейді: «Мен түнде Алла елшісінің (с.а.с.) қасында қалып, дәрет алатын суын және өзге қажеттерін әкеліп беретінмін. Ол маған: “Менен қалағаныңды сұра”, – деді. Мен: “Жәннатта сізбен бірге болуды сұраймын”, – дедім. Ол: “Басқа тілегің бар ма?” – деп сұрады. “Осыны ғана қалаймын”, – дедім. Сонда ол: “Олай болса, көп сәжде етіп, өзің үшін маған жәрдемдес”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадис жәннатта Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болу оңай емес екенін аңғартады. Пайғамбардың басқа тілек сұрауы соны білдіреді. Жинақ авторының пайымынша, өзге тілекті орындау жеңілірек болғандықтан, Алла елшісі Рабиғаға тілегін өзгертуге мүмкіндік берген.

2. Кей түсіндірушілер Рабиға (р.а.) осы тілегі арқылы ақыретте Алла елшісімен (с.а.с.) тең болуды сұраған деуі мүмкін. Алайда бұл жорамалдың қисыны аз. Ақыретте Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болу – әр мүміннің асыл мұраты. Пайғамбармен бірге болуды тілеу оның дәрежесіне жетуді білдірмейді. Алла елшісі (с.а.с.): «Адам сүйгенімен бірге болады», – деп, өзін жақсы көрген мүміндердің көңіліне үміт ұялатқан.

3. Мұнда «көп сәжде» дегені – көп намаз оқу. Жәннатта Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болу секілді ақыреттің биік дәрежесіне намаз тәрізді қадірлі ғибадатты көп орындау арқылы жетеді. Осы хадис намаздың маңызын әрі Алла алдындағы қадірін аңғартады. «Алақ» сүресінің соңғы аятында сәжденің пендені Аллаға жақындататыны анық айтылған.

4. Хадис ұлы мұратқа жету үшін дұғамен бірге соған жеткізетін амал да қажет екенін үйретеді.

5. Қызмет еткен адамға «Менен қалағаныңды сұра» деу – ұлықтарға тән кеңдік.

6. Автордың түсіндіруінше, Алла елшісіне (с.а.с.) Алланың қазынасындағы нығметті беруге немесе соны уәде етуге өкілет берілген.

  1. 1Мүслим, «Салат», 226 (489). Әбу Дәуіт, «Салат», 312 (1320).
2329
Кутуб ситтә, № 2329 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ مَعْدَانَ بْنِ أَبِي طَلْحَةَ الْيَعْمَرِيِّ قَالَ: «لَقِيتُ ثَوْبَانَ مَوْلَىٰ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقُلْتُ: أَخْبِرْنِي بِعَمَلٍ أَعْمَلُهُ يُدْخِلُنِي اللَّهُ بِهِ الْجَنَّةَ، أَوْ قَالَ: قُلْتُ بِأَحَبِّ الْأَعْمَالِ إِلَى اللَّهِ. فَسَكَتَ، ثُمَّ سَأَلْتُهُ فَسَكَتَ، ثُمَّ سَأَلْتُهُ الثَّالِثَةَ فَقَالَ: سَأَلْتُ عَنْ ذَلِكَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: عَلَيْكَ بِكَثْرَةِ السُّجُودِ لِلَّهِ، فَإِنَّكَ لَا تَسْجُدُ لِلَّهِ سَجْدَةً إِلَّا رَفَعَكَ اللَّهُ بِهَا دَرَجَةً وَحَطَّ عَنْكَ بِهَا خَطِيئَةً. قَالَ مَعْدَانُ: ثُمَّ أَتَيْتُ أَبَا الدَّرْدَاءِ فَسَأَلْتُهُ فَقَالَ لِي مِثْلَ مَا قَالَ لِي ثَوْبَانُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мағдан ибн Әбу Талха әл-Яғмари былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) азат еткен Сәубанға (р.а.) жолығып: “Орындағанымда Алла мені жәннатқа кіргізетін бір амал айтшы”, – дедім». Басқа нұсқада: «Аллаға ең сүйікті амалды айтшы», – деген. Мағдан сөзін жалғап былай дейді: «Сәубан үндемеді. Қайта сұрадым. Ол тағы үндемеді. Үшінші рет сұрағанымда: “Мен де Алла елшісінен (с.а.с.) осыны сұрағанмын. Ол: ‘Алла үшін көп сәжде ет. Сен Аллаға әр сәжде еткен сайын, Ол дәрежеңді бір саты көтеріп, бір күнәңді өшіреді’, – деді”, – деп жауап берді. Кейін Әбу Дәрдаға барып, одан да сұрадым. Ол маған Сәубанның айтқанын айтты»1.

Түсіндірме

1. Хадис алғашқы буын мұсылмандарының Алланың разылығына жетуді ең басты мұрат санағанын көрсетеді. Сәубан Алла елшісіне (с.а.с.) жақын кісі болғандықтан, Мағдан ибн Әбу Талха Алланың разылығына жеткізетін амалды әуелі содан сұраған.

2. Сәубан бірден жауап бермейді. Алла елшісі (с.а.с.) де сұрақ қойған адамның ынтасын ояту үшін кейде сауалын қайталатып барып жауап берген. Бұл риуаят сахабалардың да Пайғамбардың (с.а.с.) осы тәлім беру тәсілін қолданғанын көрсетеді.

Сұрақты бір-екі рет қайталатқаннан кейін жауап берудің тағы бір себебі болуы мүмкін. Адам ойын таразылап, есіне тиісті мәліметті түсіріп, жауабын жинақтауға уақыт алады. Қосымша түсіндірме үшін алдыңғы хадисті қараңыз.

  1. 1Мүслим, «Салат», 225–226 (488–489). Нәсәи, «Татбиқ», 81 (1139). Тирмизи, «Салат», 169 (388). Ибн Мәжа, «Иқама», 201 (1422–1424).