Хадис

Кутуб ситтә, № 2324

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
343. Намаздың артықшылығы
Нөмірі
№ 2324 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
2324
Кутуб ситтә, № 2324 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: اسْتَقِيمُوا وَلَنْ تُحْصُوا، وَاعْلَمُوا أَنَّ خَيْرَ أَعْمَالِكُمُ الصَّلَاةُ، وَلَا يُحَافِظُ عَلَى الْوُضُوءِ إِلَّا مُؤْمِنٌ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Тура жолды ұстаныңдар. Оның сауабын санап тауыса алмайсыңдар. Біліңдер, ең қайырлы амалдарың – намаз. Үнемі дәретті жүруге мүмін ғана ұқыптылық танытады».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис «Муаттада» толық сәнадсыз берілген. Басқа дереккөздерде оның сәнады үзілмей жеткен.

2. Ғалымдар «Тура жолды ұстаныңдар» деген әмірді «Парыз бен сүннет белгілеген жолдан таймаңдар, оған шамаларың жетеді» деп түсіндірген. Екінші түсіндірмесі – Алланың ақысын өтеп, тыйымдарын сақтап, жазған тағдырына разы болып, тура жолдан айнымау.

Хадистің жалғасы тура жолды ұстанған жанға Алла беретін сауапты санап тауыса алмайтынын білдіреді. Құранда да: «Тіпті егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар»2, – делінген.

Зурқани хадисті былай түсіндіреді: «Бар күш-қайратыңды жұмсасаң да, діндегі барлық ізгі амалды орындай алмайсың. Оған Алланың жәрдемі арқылы ғана жете аласың». Тағы бір түсіндірмесі: «Ізгі жолдан таймаңдар, шектен шықпай, ең дұрысына жақындауға ұмтылыңдар. Барлық ізгі амалды түгел қамтуға шамаларың жетпейді. Жаратылған пенденің кем-кетігі болмай тұрмайды».

Зурқани одан әрі: «Мұндағы мақсат – пендеге кемшілігін аңғартып, жасаған амалдарына сеніп қалмай, одан да жақсысына ұмтылуға жігерлендіру», – дейді. Бәйдауи де былай түсіндіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) тура жолды ұстануды бұйырған соң, пенденің Алланың ақысын түгел өтеп, дін көрсеткен мұратқа толық жетуге шамасы келмейтінін хабарлады. Мұны адамдар үнемі ескерсін деді. Ол бейне бір: “Істеген жақсылықтарыңды жеткілікті санап, соған сеніп қалмаңдар. Әлсіздіктерің себепті орындай алмаған істерің үшін Алланың рақымынан үміт үзбеңдер”, – дегендей».

3. Кей ғалым «Ең қайырлы амалдарың – намаз» деген сөзді былай түсіндіреді: «Намаздың сыйы мен сауабы мол. Ол құлшылықтың алуан түрін қамтиды. Атап айтқанда, қырағат, тәсбих, тәкбір, тәһлил, қиям, рүкуғ, сәжде, сондай-ақ күнделікті сөзден және намазды бұзатын қимылдан тыйылу бар. Осыларды қамтығандықтан, намаз мүміннің миғражы әрі Аллаға жақындаудың жолы болған».

4. Хадистің соңында үнемі дәретті жүру және намаз алдында дәретті жаңарту мұстахаб екені аңғартылады. Намаз алдында дәретті жаңарту оны кемел түрде сақтауға жәрдемдеседі.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Таһарат», 36 (1/34). Ибн Мәжа, «Таһарат», 4 (277).
  2. 2«Ибраһим» сүресі, 34-аят.