وَعَنْ مَعْدَانَ بْنِ أَبِي طَلْحَةَ الْيَعْمَرِيِّ قَالَ: «لَقِيتُ ثَوْبَانَ مَوْلَىٰ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقُلْتُ: أَخْبِرْنِي بِعَمَلٍ أَعْمَلُهُ يُدْخِلُنِي اللَّهُ بِهِ الْجَنَّةَ، أَوْ قَالَ: قُلْتُ بِأَحَبِّ الْأَعْمَالِ إِلَى اللَّهِ. فَسَكَتَ، ثُمَّ سَأَلْتُهُ فَسَكَتَ، ثُمَّ سَأَلْتُهُ الثَّالِثَةَ فَقَالَ: سَأَلْتُ عَنْ ذَلِكَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ: عَلَيْكَ بِكَثْرَةِ السُّجُودِ لِلَّهِ، فَإِنَّكَ لَا تَسْجُدُ لِلَّهِ سَجْدَةً إِلَّا رَفَعَكَ اللَّهُ بِهَا دَرَجَةً وَحَطَّ عَنْكَ بِهَا خَطِيئَةً. قَالَ مَعْدَانُ: ثُمَّ أَتَيْتُ أَبَا الدَّرْدَاءِ فَسَأَلْتُهُ فَقَالَ لِي مِثْلَ مَا قَالَ لِي ثَوْبَانُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Мағдан ибн Әбу Талха әл-Яғмари былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) азат еткен Сәубанға (р.а.) жолығып: “Орындағанымда Алла мені жәннатқа кіргізетін бір амал айтшы”, – дедім». Басқа нұсқада: «Аллаға ең сүйікті амалды айтшы», – деген. Мағдан сөзін жалғап былай дейді: «Сәубан үндемеді. Қайта сұрадым. Ол тағы үндемеді. Үшінші рет сұрағанымда: “Мен де Алла елшісінен (с.а.с.) осыны сұрағанмын. Ол: ‘Алла үшін көп сәжде ет. Сен Аллаға әр сәжде еткен сайын, Ол дәрежеңді бір саты көтеріп, бір күнәңді өшіреді’, – деді”, – деп жауап берді. Кейін Әбу Дәрдаға барып, одан да сұрадым. Ол маған Сәубанның айтқанын айтты»1.
Түсіндірме
1. Хадис алғашқы буын мұсылмандарының Алланың разылығына жетуді ең басты мұрат санағанын көрсетеді. Сәубан Алла елшісіне (с.а.с.) жақын кісі болғандықтан, Мағдан ибн Әбу Талха Алланың разылығына жеткізетін амалды әуелі содан сұраған.
2. Сәубан бірден жауап бермейді. Алла елшісі (с.а.с.) де сұрақ қойған адамның ынтасын ояту үшін кейде сауалын қайталатып барып жауап берген. Бұл риуаят сахабалардың да Пайғамбардың (с.а.с.) осы тәлім беру тәсілін қолданғанын көрсетеді.
Сұрақты бір-екі рет қайталатқаннан кейін жауап берудің тағы бір себебі болуы мүмкін. Адам ойын таразылап, есіне тиісті мәліметті түсіріп, жауабын жинақтауға уақыт алады. Қосымша түсіндірме үшін алдыңғы хадисті қараңыз.
- 1Мүслим, «Салат», 225–226 (488–489). Нәсәи, «Татбиқ», 81 (1139). Тирмизи, «Салат», 169 (388). Ибн Мәжа, «Иқама», 201 (1422–1424).