Хадис

Кутуб ситтә, № 2319

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
343. Намаздың артықшылығы
Нөмірі
№ 2319 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
2319
Кутуб ситтә, № 2319 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ سَعْدِ بْنِ أَبِي وَقَّاصٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَجُلَانِ أَخَوَانِ، فَهَلَكَ أَحَدُهُمَا قَبْلَ صَاحِبِهِ بِأَرْبَعِينَ لَيْلَةً، فَذُكِرَتْ فَضِيلَةُ الْأَوَّلِ مِنْهُمَا عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَ النَّبِيُّ ﷺ: أَلَمْ يَكُنِ الْآخَرُ مُسْلِمًا؟ قَالُوا: بَلَى، وَكَانَ لَا بَأْسَ بِهِ. فَقَالَ ﷺ: وَمَا يُدْرِيكُمْ مَا بَلَغَتْ بِهِ صَلَاتُهُ بَعْدَهُ؟ إِنَّمَا مَثَلُ الصَّلَاةِ كَمَثَلِ نَهْرٍ عَذْبٍ غَمْرٍ بِبَابِ أَحَدِكُمْ، يَقْتَحِمُ فِيهِ كُلَّ يَوْمٍ خَمْسَ مَرَّاتٍ، فَمَا تَرَوْنَ ذَلِكَ يُبْقِي مِنْ دَرَنِهِ؟ فَإِنَّكُمْ لَا تَدْرُونَ مَا بَلَغَتْ بِهِ صَلَاتُهُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. «الْغَمْرُ» بِفَتْحِ الْغَيْنِ الْمُعْجَمَةِ: الْكَثِيرُ. وَ«يَقْتَحِمُ فِيهِ»: يَدْخُلُهُ وَيُلْقِي نَفْسَهُ فِيهِ.

Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) былай дейді: «Ағайынды екі кісі бар еді. Бірі екіншісінен қырық түн бұрын дүние салды. Алла елшісінің (с.а.с.) алдында біріншісінің артықшылығы сөз болды. Сонда ол: “Екіншісі де мұсылман емес пе еді?” – деп сұрады. Олар: “Иә, мұсылман еді, оның да жамандығы жоқ еді”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бауырынан кейін оқыған намазы оны қандай дәрежеге жеткізгенін қайдан білесіңдер? Намаз – араларыңдағы біреудің есігінің алдында ағып жатқан мол сулы тұщы өзен секілді. Кісі сол өзенге күн сайын бес рет сүңгісе, бойында қанша кір қалады деп ойлайсыңдар? Сендер оның намазы оны қандай дәрежеге жеткізгенін білмейсіңдер”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Тыбидің айтуынша, алдыңғы хадисте намаздың күнәларды жуып кетіретіні айрықша екпінмен айтылған. Сахабалар бір ауыз «Жоқ» деумен шектелмей, сұрақтағы сөзді қайталап, кісінің бойында кір қалмайтынын нақтылайды.

Ибн әл-Араби бұл теңеуді былай түсіндіреді: «Кісі киімі мен денесіне жұққан кірді мол сумен кетіргені секілді, намаз да адамды күнәнің кірінен тазартады. Ешқандай дақ қалдырмай, адамды пәк етеді».

2. Хадистерді сырттай оқығанда, үкімі үлкен күнәға да, кіші күнәға да қатысты көрінеді. Ибн Баттал: «Кіші күнәлар меңзелгенін хадистің өзінен аңғаруға болады. Өйткені онда қателіктер денедегі кірге теңелген. “Даран” деп жара мен іріңдікке қарағанда жеңіл кірді айтады», – дейді.

Кейбір түсіндірмешілер: «Намаз жуып кетіретін күнәлардың суға шайылатын кірге теңелуі олардың кіші күнәлар екенін көрсетеді. Терең жараны ондай кір секілді сумен шайып кетіре алмайсың», – деген. Мүслимнің риуаяты мұны нақтылай түседі: «Үлкен күнәлардан сақтанса, бес уақыт намаз аралықтағы күнәларға кәффарат болады». Бұлқини адамдарды үлкен және кіші күнә істеуіне қарай бес топқа бөледі:

1) Ешбір күнә істемеген кісінің дәрежесін намаз көтереді.

2) Кіші күнәні қайталап істемеген кісінің күнәсі намаз арқылы сөзсіз кешіріледі.

3) Кіші күнәні қайталап істей берсе, ол үлкен күнәға айналады. Намаз кіші күнәларға кәффарат болғандықтан, мұндай күнә намаз арқылы кешірілмейді.

4) Бір үлкен күнә және бірнеше кіші күнә істеген кісі.

5) Бірнеше үлкен және кіші күнә істеген кісі. Үлкен күнәлардан тыйылмаса, үлкендері кешірілмей, кішілері кешірілуі мүмкін. Екі түрі де кешірілмеуі мүмкін. Соңғы болжамның негізі басым.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Қасрус-салат», 91 (1/174).