وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «اسْتَأْذَنَ حَسَّانُ بْنُ ثَابِتٍ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فِي هِجَاءِ الْمُشْرِكِينَ، فَقَالَ ﷺ: فَكَيْفَ بِنَسَبِي؟ فَقَالَ: لَأَسُلَّنَّكَ مِنْهُمْ كَمَا تُسَلُّ الشَّعْرَةُ مِنَ الْعَجِينِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. وَزَادَ مُسْلِمٌ فِي رِوَايَةٍ فَقَالَ: «وَإِنَّ سَنَامَ الْمَجْدِ مِنْ آلِ هَاشِمٍ بَنُو بِنْتِ مَخْزُومٍ، وَوَالِدُكَ الْعَبْدُ». وَ«الْمَجْدُ» الشَّرَفُ وَالْعُلَا وَالْفَخْرُ وَالسُّؤْدَدُ وَمَا أَشْبَهَهُ.
Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Хассан ибн Сәбит меккелік мүшріктерді әжуалауға Алла елшісінен (с.а.с.) рұқсат сұрады. Ол: “Менің тегімді олардың арасынан қалай ажыратасың?” – деді. Хассан (р.а.): “Сізді олардың арасынан сары майдан қыл суырғандай етіп суырып аламын”, – деп жауап берді»1. Мүслим жеткізген бір нұсқада Хассанның мына сөзі қосылған: «Һашим әулетінің ең абыройлысы – Махзум қызының ұлдары. Ал сенің әкең – құл».
Түсіндірме
1. Бұл хадис тараудың кіріспесінде түсіндірілді. Мұнда сонда сөз болмаған тұстарға тоқталамыз.
• «Сары майдан қыл суырғандай» деп аударылған тіркестің арабша нұсқасы «Қамырдан қыл суырғандай» дегенді білдіреді. Аудармада тілімізде қалыптасқан тіркес қолданылды.
• «Тегіңізді сары майдан қыл суырғандай ажыратып аламын» дегені – әжуа өлеңінде Алла елшісінің (с.а.с.) тегіне тіл тигізбейтінін білдіреді. Қыл сары майдан із қалдырмай, оңай суырылып шығатыны секілді, Хассан да шеберлік танытып, өлеңдерінде Алла елшісінің (с.а.с.) тегіне дақ түсірмеген. Ибн Хажар мұны: «Сіздің тегіңізді олардың әжуасынан арашалап, келемеж етуге ілік қалдырмаймын», – деп түсіндіреді.
2. Осы хадистің айтылу себебін баяндайтын басқа риуаятта Хассанның Әбу Суфиянды әжуалауға рұқсат сұрағаны айтылады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Жақсы, менің тегімді қайтесің? Оны әжуадан қалай арашалайсың?» – деп сұрайды.
Мүслимнің бір риуаяты бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) мүміндерге Құрайыштың әжуасына жауап беруді тапсырып, әжуа олардың жанын жебеден де терең жаралайтынын айтады. Әуелі Ибн Рауаһаны шақыртып: «Оларды әжуала», – дейді. Оның айтқандарын жеткіліксіз көріп, Кәғб ибн Мәликке кісі жібереді. Оның жауабын да жеткіліксіз көрген соң, Хассанды шақыртады. Хассан ибн Сәбит келіп: «Тілімен ұратын арыстанды шақыратын кез де жетті ме?» – дейді. Сөйтіп, тілін шығарып, ернін айналдыра жалап: «Сізді ақиқатпен жіберген Аллаға серт! Тіліммен оларды теріні жыртқандай жыртамын», – дейді. Жоғарыда айтылғандай, Алла елшісі (с.а.с.) Құрайыштың шежіресін егжей-тегжейлі біліп келу үшін Хассанды Әбу Бәкірге жібереді. Әзірет Әбу Бәкір шежірені сахабалардың арасында ең жақсы білетіндердің бірі еді. Ол Құрайышқа жататын әр әулеттің өткенін, жақсылығы мен жамандығын жақсы білетін. Мұны білмей атылған әжуа жебесі Құрайыштан шыққан Алла елшісіне (с.а.с.), Әбу Бәкірге, Омарға және өзге мүміндерге тиіп, олардың көңілін жаралауы мүмкін еді. Сондықтан Алла елшісі (с.а.с.) Хассанға: «Асықпа», – деп, Әбу Бәкірге жібереді.
Хассан әзірет Әбу Бәкірден жеткілікті мәлімет алған соң ғана Алла елшісіне (с.а.с.): «Сіздің тегіңізді олардың арасынан сары майдан қыл суырғандай етіп суырып аламын», – деп уәде береді.
Осы риуаяттарды бірге қарастырғанда, Хассанның кепілі өзге мүміндерге де қатысты екені аңғарылады. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) шайырларға мүміндерді қорғап, мүшріктердің әжуасына жауап беруді тапсырған. Мүшріктерге атылған әжуа жебесі мүміндерге де тисе, бұл ұстанымға қайшы болар еді. Бұл міндеттің мәні бүгінгі мұсылман шайырлары үшін де сақталады. Мұсылман бауырларын келемежден қорғап, жігерлендіретін жырлар үмбетке пайдасын тигізеді.
Бұл риуаяттар бір хадистің мағынасын толық ұғыну үшін сол тақырыпқа қатысты өзге хадистерді де қатар оқып, мәселені тұтас қарау керегін көрсетеді. Бір хадистің бірнеше нұсқасын қатар беретін Мүслим мен Нәсәи жинақтары мұндай ізденісті жеңілдетеді. Бұхари мен Әбу Дәуіт кейде бір риуаятты ғана келтіреді. Ондайда кеңірек жазылған түсіндірмелерге жүгінуге тура келеді. Тақырыпқа қатысты кейбір риуаяттар Мүслим мен Нәсәиде де кездеспеуі мүмкін. Сондықтан деректер мен ғалымдардың көзқарасын жан-жақты зерделеп барып тұжырым жасаған жөн.
- 1Бұхари, «Әдеп», 91 (6150), «Мәнәқиб», 16, «Мағази», 33. Мүслим, «Фәзәилус-сахаба», 156–157 (2489, 2490).