وَعَنِ الْبَرَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ النَّبِيُّ ﷺ يَوْمَ قُرَيْظَةَ لِحَسَّانَ بْنِ ثَابِتٍ: اهْجُ الْمُشْرِكِينَ، فَإِنَّ جِبْرِيلَ مَعَكَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Бәра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Құрайза күні Хассан ибн Сәбитке: “Оларды әжуала, Жәбірейіл сенімен бірге!” – деді»1.
Түсіндірме
1. Бұл риуаят мүшріктердің әжуасына жауап беруге рұқсат етілгенін көрсетеді. Осы үкімге негіз болатын өзге риуаяттар да бар. Әнәстен Әбу Дәуіт пен Нәсәи жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Мүшріктерге қарсы тілдеріңмен де күресіңдер», – деген. Табаранидің бір риуаятында: «Мүшріктер бізді келемеждегенде, Алла елшісі (с.а.с.) бізге: “Олардың айтқанына өздеріне солай жауап беріңдер”, – деді», – делінген.
2. Ибн Мәрдауайһтың әзірет Жәбирден (р.а.) жеткізген риуаятында мүшріктер мұсылмандарды әжуалағанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Мүміндердің абыройын кім қорғайды?» – деп, олардың әжуасына өлеңмен жауап беруді тапсырады. Кәғб ибн Мәлик, Ибн Рауаһа және Хассан орындарынан тұрады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) Хассанға: «Уа, Хассан, оларға сен жауап бер. Оларға қарсы саған Қасиетті Рух, яғни Жәбірейіл жәрдемдеседі», – дейді. Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) Хассанға әртүрлі жағдайда мүшріктердің әжуасына жауап беруді бірнеше рет тапсырғанын көрсетеді.
- 1Бұхари, «Әдеп», 91 (6153), «Бәдғул-халқ», 6, «Мағази», 30. Мүслим, «Фәзәилус-сахаба», 153 (2486).