Хадис

Кутуб ситтә, № 2314

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
342. № 2303–2317 хадистер
Нөмірі
№ 2314 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
2314
Кутуб ситтә, № 2314 · тараудағы реті: 12

ـ12 وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَمِعْتُ النَّبِيَّ ﷺ يَقُولُ: هَجَاهُمْ حَسَّانٌ فَشَفَى وَاشْتَفَى». قَالَ حَسَّانٌ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «

هَجَوْتَ مُحَمَّدًا فَأَجَبْتُ عَنْهُ ۞ وَعِنْدَ اللَّهِ فِي ذَاكَ الْجَزَاءُ

هَجَوْتَ مُحَمَّدًا بَرًّا تَقِيًّا ۞ رَسُولَ اللَّهِ شِيمَتُهُ الْوَفَاءُ

أَتَهْجُوهُ وَلَسْتَ لَهُ بِكُفْءٍ ۞ فَشَرُّكُمَا لِخَيْرِكُمَا الْفِدَاءُ

فَإِنَّ أَبِي وَوَالِدَهُ وَعِرْضِي ۞ لِعِرْضِ مُحَمَّدٍ مِنْكُمْ وِقَاءُ

ثَكِلْتُ بُنَيَّتِي إِنْ لَمْ تَرَوْهَا ۞ تُثِيرُ النَّقْعَ مَوْعِدُهَا كَدَاءُ

يُبَارِينَ الْأَعِنَّةَ مُصْعِدَاتٍ ۞ عَلَى أَكْتَافِهَا الْأَسَلُ الظِّمَاءُ

تَظَلُّ جِيَادُنَا مُتَمَطِّرَاتٍ ۞ تُلَطِّمُهُنَّ بِالْخُمُرِ النِّسَاءُ

فَإِنْ أَعْرَضْتُمُو عَنَّا اعْتَمَرْنَا ۞ وَكَانَ الْفَتْحُ وَانْكَشَفَ الْغِطَاءُ

وَإِلَّا فَاصْبِرُوا لِضِرَابِ يَوْمٍ ۞ يُعِزُّ اللَّهُ فِيهِ مَنْ يَشَاءُ

وَقَالَ اللَّهُ قَدْ أَرْسَلْتُ عَبْدًا ۞ يَقُولُ الْحَقَّ لَيْسَ بِهِ خَفَاءُ

وَقَالَ اللَّهُ قَدْ يَسَّرْتُ جُنْدًا ۞ هُمُ الْأَنْصَارُ عُرْضَتُهَا اللِّقَاءُ

تُلَاقِي كُلَّ يَوْمٍ مِنْ مَعَدٍّ ۞ سِبَابٌ أَوْ قِتَالٌ أَوْ هِجَاءُ

فَمَنْ يَهْجُو رَسُولَ اللَّهِ مِنْكُمْ ۞ وَيَمْدَحُهُ وَيَنْصُرُهُ سَوَاءُ

وَجِبْرِيلٌ رَسُولُ اللَّهِ فِينَا ۞ وَرُوحُ الْقُدْسِ لَيْسَ لَهُ كِفَاءُ».

أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ. وَ«الْمُبَارَاةُ» الْمُجَارَاةُ وَالْمُسَابَقَةُ. وَ«الْأَسَلُ» الرِّمَاحُ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Хассан оларды әжуалады, мұсылмандардың көңілін жайландырды, өзі де жұбаныш тапты”, – дегенін естідім». Хассан (р.а.) былай деді: «Сен Мұхаммедті әжуа еттің, мен оның атынан жауап бердім.

Осы ісімнің сыйы – Алланың құзырында.

Сен әжуа еткен Мұхаммед – ізгі, тақуа,

Уәдеге берік Алланың елшісі.

Оған тең келмей тұрып, оны әжуа етпексің бе?

Екеуіңнің жаманың жақсыңа құрбан болсын.

Әкем де, оның әкесі де, өз абыройым да

Мұхаммедтің абыройын сендерден қорғар қалқан.

Кәдада1 шаң көтеріп келе жатқан аттарымызды

Көрмесеңдер, қызымнан айырылып қалайын.

Жүгенмен жарыса өрлей шапқан аттарымыздың

Жотасында қанға сусап тұрған үшкір найзалар бар.

Тұлпарларымыз құйғыта шапқанда,

Әйелдер оларды орамалдарымен қағады.

Бізге бөгет болмай, теріс бұрылсаңдар, ұмра жасармыз,

Жеңіс келіп, перде ашылар.

Әйтпесе, айқасатын күнге шыдаңдар,

Сол күні Алла қалағанын үстем етер.

Алла: “Мен бір құл жібердім.

Ол ақиқатты айтады, оның сөзі ашық”, – дейді.

Алла: “Мен бір әскер әзірледім.

Ол – шайқасқа даяр ансарлар”, – дейді.

Күн сайын Мәғадтан2 бізге бірде балағат,

Бірде айқас, бірде әжуа келеді.

Сендердің Алла елшісін әжуалағандарың да,

Оны мақтап, жәрдемдескендерің де бізге бірдей.

Алланың елшісі Жәбірейіл арамызда,

Қасиетті Рухтың теңі жоқ».3

Түсіндірме

1. Хассан ибн Сәбиттің Құрайышқа қарата айтқан әжуа өлеңінде Мәдина мұсылмандары – ансарлар аталады. Ақын оларды «Алланың әскері», «шайқасқа даяр ансарлар» деп сипаттайды. Демек, Алла елшісін (с.а.с.) Құрайыштың әжуасынан қорғап сөйлеген – ансарлар.

Хассанды ансарлардың атынан сөйлеуге жетелеген оқиғаны Абдурраззақтың «Мусаннафы» мен Ибн Уаһбтың «Жамиғында» Мұхаммед ибн Сирин былай жеткізеді: «Мүшріктердің бір тобы Алла елшісін (с.а.с.) әжуа етті. Мұһажирлер: “Уа, Алланың елшісі, оларға жауап беруді Әлиге тапсырмайсыз ба?” – деп сұрады. Ол: “Бізге қолдарымен жәрдемдескен қауым тілдерімен жәрдемдесуге де анағұрлым лайық”, – деді. Ансарлар: “Уаллаһи, Алла елшісі бізді меңзеп тұр!” – деп, Хассанға кісі жібереді. Хассан ансарлардың өтінішімен Алла елшісінің (с.а.с.) алдына келіп, жауап беруге рұқсат сұрайды. Алла елшісі рұқсат береді. Хассан Құрайышты жақсы білмейтінін айтқанда, Алла елшісі (с.а.с.) әзірет Әбу Бәкірге: “Олар жайында айтып бер, міндерін Хассанға түгел жеткіз”, – деп тапсырады». Бұл риуаят пен № 2313 хадистің баяндауында сырттай айырма байқалады. Екі риуаят бірін-бірі толықтыруы немесе екі бөлек жағдайды баяндауы мүмкін.

2. Ғалымдар осы хадистерге сүйеніп, мүшріктер мүміндерге тіл тигізсе, жауап беруге рұқсат деген тұжырым жасаған. Бұл үкім аяттағы тіл тигізуге тыйыммен үйлеседі. Аятта: «Олардың Алладан басқа тәңір тұтып жалбарынатын құдайларына тіл тигізбеңдер. Әйтпесе, олар да надандықпен һәм өшпенділікпен Аллаға тіл тигізеді»4, – делінеді. Аят тіл тигізуді бастап кетуге тыйым салады. Хадисте әуелі тіл тигізгендерге жауап беруге рұқсат етілген. Исламда соғыста да қарсы жақ шабуылдаса, жауап беруге болады. Ғалымдар жағдай мәжбүр етсе, мұсылмандардың әжуаны бастауына да рұқсат берген.

3. Хадистегі «Хассан шипа берді әрі өзі де шипа тапты» дегені – ол өлеңімен мұсылмандардың көңілін жайландырды, Алла елшісі (с.а.с.) мен мұсылмандарға қызмет етіп, өзі де іштегі шерін тарқатты деген сөз.

4. Үббидің айтуынша, Хассан бұл өлеңді Мекке алынардан бұрын, Худайбия ұмрасы кезінде, мүшріктер мұсылмандарды Қағбаны тауап етуден тыйған соң айтқан. Мұны өлеңнің кейбір жолдарынан да аңғаруға болады.

  1. 1Кәда – Меккеге кіреберістегі жердің аты. Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситте тәржүмә уә шәрхи», 8-том, 198-бет.
  2. 2Шәріпшілердің түсіндіруінше, бұл жердегі Мәғад атауымен Құрайыш меңзелген. Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситте тәржүмә уә шәрхи», 8-том, 198-бет.
  3. 3Мүслим, «Фәзәилус-сахаба», 157 (2490).
  4. 4«Әнғам» сүресі, 108-аят.