وَعَنْ جَابِرِ بْنِ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَالَسْتُ النَّبِيَّ ﷺ أَكْثَرَ مِنْ مِائَةِ مَرَّةٍ، فَكَانَ أَصْحَابُهُ يَتَنَاشَدُونَ الشِّعْرَ وَيَتَذَاكَرُونَ أَشْيَاءَ مِنْ أَمْرِ الْجَاهِلِيَّةِ وَهُوَ سَاكِتٌ، فَرُبَّمَا تَبَسَّمَ مَعَهُمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Жәбир ибн Сәмура (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) жүз реттен артық бірге отырдым. Сахабалар бір-біріне өлең оқып, жаһилият кезіндегі оқиғаларды еске алатын. Ол үндемей тыңдайтын, кейде олармен бірге езу тартатын»1.
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) тәлім мәжілістері жұртты қажытып жібермеуі үшін кейде ғибратты исраилият қиссаларын айтуға, өлең оқуға орын берген. Жинақта «жүректі анда-санда тынықтырып тұру» оның өсиеттерінің бірі екені айтылады. Мағыналас бір хабарда Алла елшісінің (с.а.с.) мәжілісінде Құран да, өлең де оқылғаны баяндалады. Бір жолы өлең оқылып жатқанда Әбу Бәкір (р.а.) кіріп: «Құран оқылған жерде өлең де айтыла ма?» – деп таңданады. Алла елшісі (с.а.с.) оны сабырға шақырып: «Иә, бір кезде мұны, бір кезде соны оқиды», – деген. Әбу Дәрда да осы қағиданы былай түсіндірген: «Ақиқатты іздеуде жігерлі болу үшін кейде рұқсат етілген ермекпен жүрегімді тынықтырамын».
Әли әл-Қари сахабалар күліп, Алла елшісі (с.а.с.) езу тартқан жаһилият оқиғаларының бірін келтіреді. Бір кісі: «Менің пұтымдай иесіне пайдасы тиген пұт болмаған шығар», – дейді. Жанындағылар: «Ол қалай? Айтып бер», – дейді. Ол: «Пұтымды құрма, сүт пен сары майдан жасалған тәттіден жасадым. Ашаршылықта күн сайын бір бөлігін жеп, күнелттім», – деп түсіндіреді. Екінші кісі: «Бір күні екі түлкі пұтымның үстіне шығып, дәрет сындырғанын көрдім. “Түлкі төбесіне шығып дәрет сындыратын бұл қандай тәңір?” – дедім. Содан соң, уа, Алланың елшісі, сізге келіп, мұсылман болдым», – дейді.
- 1Тирмизи, «Әдеп», 70 (2850).