وَفِي رِوَايَةٍ لَهُ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «جَاءَ أَعْرَابِيٌّ إِلَى النَّبِيِّ ﷺ فَجَعَلَ يَتَكَلَّمُ بِكَلَامٍ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ مِنَ الْبَيَانِ سِحْرًا، وَإِنَّ مِنَ الشِّعْرِ حُكْمًا».
Әбу Дәуіттің Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаятында бір бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, сөз сөйлей бастайды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Кейбір шешен сөзде сиқырдың әсеріндей қуат, кейбір өлеңде даналық бар», – дейді1.
Түсіндірме
1. Бұл екі риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) көркем әрі пайдалы өлеңді ұнатқанын көрсетеді.
2. Хикмет – даналық сөз. Кейбір ғалым сөздің түпкі мағынасы «тыю» екенін айтады. Осыған сай, пайдалы өлең адамды жамандықтан тежейді. Өзге хадисте: «Кейбір шешен сөзде сиқыр, кейбір ілімде надандық, кейбір өлеңде даналық, кейбір сөзде ауырлық бар», – делінген. Сағса ибн Суханның түсіндіруінше, «сөздегі сиқыр» дегеніміз – шешен адамның өзгенің хақын тартып алатындай етіп сөз саптауы. «Ілімдегі надандық» – ғалымның білмегенін мойындамай, білімсіздігін танытуы. «Өлеңдегі даналық» – жұрттың одан ғибрат алуы. Ал «сөздегі ауырлық» сөзді ұнатпайтын әрі сол сөздің қатысы жоқ кісіге айтуды білдіреді.
3. Табари осы хадиске сүйеніп, өлеңді мәкрүһ санаған Ибн Мәсғудтың «Өлең – шайтанның аспабы» деген сөзіне уәж айтады. Өлеңге тыйым салғандардың дәлел еткен риуаятын да өте әлсіз санайды. Онда: «Шайтан жерге түсірілгенде: “Уа, Раббым, маған бір Құран бер”, – деп жалбарынған. Алла тағала: “Сенің Құраның – өлең-жыр”, – деген», – делінген.
- 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 95 (5011).