وَعَنِ السَّائِبِ بْنِ يَزِيدَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ رَأَى عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَضْرِبُ الْمُنْكَدِرَ فِي الصَّلَاةِ بَعْدَ الْعَصْرِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Саиб ибн Язид (р.а.) Омардың (р.а.) екінтіден кейін намаз оқыған әл-Мүнкәдірді ұрғанын көрген1.
Түсіндірме
№ 2423 хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, Омар (р.а.) Айшадан (р.а.) өзгеше пікірде болған. Ол Алла елшісінен (с.а.с.) екінтіден кейін намаз оқымау керегін үйренген еді. Ал Пайғамбардың өзіне ғана тән екі рәкат намазды көріп, екінтіден кейін намаз оқуға болады деп түсінгендер де болған. Омар өзі анық білген тыйымға құлақ аспағандарды көп сахабаның көзінше таяқпен ұрған. Шарх авторлары оған ешкім қарсы шықпағанын айтады. Риуаятта аталған Мүнкәдір ибн Мұхаммед ибн әл-Мүнкәдір әл-Қураши әт-Тәйми әл-Мәдәни һижраның 80-жылы дүние салған.
Абдурраззақ жеткізген бір риуаятта Зәйд ибн Халид те осы себепті таяқ жегені айтылады. Сонда Омар (р.а.): «Уа, Зәйд! Жұрт осы екі рәкатты әдетке айналдырып, намазды түнге дейін жалғастырып кете ме деп қорықпасам, сені ұрмас едім», – деген. Тәмим әд-Дәриден (р.а.) жеткен ұқсас риуаятта мына сөз бар: «Сендерден кейін бір қауым келіп, екінтіден күн батқанға дейін намаз оқи ма деп қорқамын. Сөйтіп, Алла елшісі тыйым салған мезгілді де намазбен өткізіп жүрмесін».
- 1Мәлик, «Муатта», «Құран», 50 (1/221).