Омар (р.а.) екінтіден кейін намаз оқуға жалпы тыйым салынғанын жеткізген. Айша (р.а.) мұны дәл сол уақытты әдейі таңдап оқуға салынған тыйым деп түсінген. Сондықтан өз білгеніне сенімді Айша (р.а.) Омардың (р.а.) жаңылғанын ашық айтқан. Айни екі хадисті сабақтастыра түсіндірген. Оның айтуынша, «тахарри жасамаңдар» дегені – «әдейі таңдамаңдар». Ұйқысынан оянған немесе ұмытқан намазы есіне түскен адам сол мезгілді әдейі таңдаған болып саналмайды. Күнге табынған қауым күннің шығар, батар шағын аңдып, дәл сол мезгілде сәжде ететін. Алла елшісі (с.а.с.) оларға ұқсамау үшін намазға бұл сәттерді таңдауға тыйым салған.
Айни сөзін былай жалғастырады: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Әдейі таңдамаңдар” дегені – осы екі мезгілде намаз оқуға қатысты бөлек тыйым. Намазды сол мезгілге әдейі қалдырған кісі мен әдейі қалдырмаған кісінің арасында айырма жоқ». Өзге ғалымдар мұны № 2421 хадистің түсіндірмесі деп білген. Олардың пайымынша, таң мен екінтіден кейін намаз оқу күннің дәл шығар не батар шағын әдейі таңдаған адамға ғана мәкрүһ. Бұл – заһири ғалымдарының пікірі. Ибн әл-Мунзир де осы пікірге бейім болған. Олар Мүслимде Тауыс арқылы Айшадан (р.а.) жеткен «Омар (р.а.) жаңылды. Алла елшісі (с.а.с.) намазға күннің шығар не батар шағын әдейі таңдамаңдар деген» риуаятын дәлелге келтіреді.
Кей ғалым бұл пікірді мына хадиспен қуаттаған: «Кім күн шықпай тұрып таң намазының бір рәкатына үлгерсе, қалғанын жалғастырып, намазын аяқтасын». Демек, тыйым осы мезгілді намаз оқу үшін әдейі таңдаған адамға қатысты. Намазы сол мезгілге кездейсоқ тап келген адамға тыйым жүрмейді.
Бәйхақи былай дейді: «Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) екінтіден кейін намаз оқығанын көрген. Сондықтан ол тыйымның осы мезгілді әдейі таңдап намаз оқитын адамға ғана қатысты екенін айтқан».
Бәйхақидың бұл түсіндірмесіне мынадай жауап беруге болады: «Алла елшісінің (с.а.с.) сол намазы, жоғарыда айтқанымыздай, қаза намазы еді. Кей ғалым оны “Үмбетіне міндеттелмеген, Алла елшісінің өзіне ғана уәжіп болған намаз” деп түсіндірген. Ал тыйымның жалпы түрде айтылғаны көптеген сахабаның риуаяттарымен расталған».
Тақырыпты Нәуәуидің түйінімен аяқтайық:
«Осы уақыттарда оқылатын намазға қатысты үмбеттің пікірі мынадай:
• Себепсіз әрі үзірсіз намаз оқудың мәкрүһ екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен.
• Парыз намаздарын өтеуге болатынына ғалымдар бірауыздан келіскен.
• Белгілі бір себепке байланысты оқылатын намаздар мен сәжделер жөнінде пікірлер әртүрлі. Бұған мешітке сәлем намазы, тилауат пен шүкір сәжделері, айт, ай мен күн тұтылғанда оқылатын намаздар, жаназа және қаза намаздары жатады.
• Шәфиғи мәзһабы мен бір топ ғалымның пікірінше, аталған амалдардың бәрін бұл уақыттарда атқаруға болады, олар мәкрүһ саналмайды.
• Әбу Ханифа мәзһабы мен бір топ ғалымның пікірінше, хадистегі тыйым жалпы айтылғандықтан, осы намаздардың бәріне қатысты. Демек, олар мәкрүһ уақыттарда оқылмайды...»
Әбу Ханифа мәзһабында сол күнгі екінті намазынан өзге намаздарды бұл уақыттарда оқу харам саналады.
Имам Мәлик пен Ахмад парыз намазына рұқсат беріп, нәпіл намазды харам санаған. Имам Мәлик екі рәкат тауап намазын да оқуға болады деген.
Ханафи ғалымдары екінті мен таң намаздарынан кейін намаз оқудың мәкрүһ екені туралы риуаяттар мутауатир дәрежесінде екенін айтады. Олар бұған Омардың (р.а.) көп сахабаның алдында екінтіден кейін намаз оқыған кісілерді таяқпен ұрғанын әрі ешбір сахабаның оған қарсылық білдірмегенін дәлел етеді.
Риуаят соңында Мүслимнен алынған қосымшада Алла елшісінің (с.а.с.) екінтіден кейін екі рәкат намазды үнемі оқығаны айтылады. Ғалымдар мұны үмбетіне рұқсат етілмеген, Пайғамбардың өзіне ғана уәжіп болған амалдардың бірі деп түсіндіреді.