وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَا رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يُصَلِّي صَلَاةً لِغَيْرِ مِيقَاتِهَا إِلَّا صَلَاتَيْنِ، جَمَعَ بَيْنَ الْمَغْرِبِ وَالْعِشَاءِ بِجَمْعٍ، وَصَلَّى الْفَجْرَ يَوْمَئِذٍ قَبْلَ مِيقَاتِهَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) намазды әдеттегі уақытынан бөлек мезгілде оқығанын екі жағдайда ғана көрдім. Қоштасу қажылығында ол Мұздалифада ақшам мен құптанды қосып оқыды. Сол күні таң намазын да әдеттегіден ертерек оқыды»1.
Түсіндірме
Хадистен Алла елшісінің (с.а.с.) намаздарын өз уақытында оқығанын көреміз. Ибн Мәсғуд (р.а.) әдеттегі уақыттан өзгеше оқылған екі жағдайды ғана еске алады.
1. Қажылықта, Арафатта тұратын зүлхижжаның тоғызыншы күні, Пайғамбарымыз (с.а.с.) ақшам мен құптанды Жәмғ деп те аталатын Мұздалифада қосып оқыған. Мұны «жәмғ әт-тәхир» дейді. Осы сүннетке сай қажылар ақшам уақыты кіргенде Арафаттан намаз оқымай аттанып, ақшамды құптанмен бірге Мұздалифада оқиды. Бұл қажылық рәсімдерінің біріне айналған. Ол туралы «Қажылық» бөліміндегі № 1431 хадисте айтылған.
2. Алла елшісі (с.а.с.) Мұздалифада құрбан айттың алғашқы күні, зүлхижжаның онында, таң намазын әдеттегіден ерте оқыған. Хадисте «әдеттегі» деген сөз ашық айтылмаған. Алайда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) уақыты кірмей намаз оқуы мүмкін болмағандықтан, мұны оның әдетте намаз оқитын мезгілінен ерте деп түсінген жөн. Ханафилер бұл әдеттегі мезгілді айнала едәуір ағарған кез деп түсінсе, шәфиғилер әлі қараңғылау кезді негізге алады.
Осы хадиске сүйенген ханафилер Мұздалифада құрбан айттың алғашқы күні таң намазын әдеттегіден ерте оқуды абзал санайды.
Алла елшісі (с.а.с.) сол күні атқарылатын өзге қажылық рәсімдеріне уақыт қалдыру үшін таң намазын ерте оқыған деген пікір бар.
- 1Бұхари, «Хаж», 97, 99 (1682); Мүслим, «Хаж», 292 (1289).