Хадис

Кутуб ситтә, № 2431

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
346. № 2416–2431 хадистер
Нөмірі
№ 2431 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 16
2431
Кутуб ситтә, № 2431 · тараудағы реті: 16

وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ عَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ يَزِيدَ قَالَ: «حَجَّ ابْنُ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَأَتَيْنَا الْمُزْدَلِفَةَ حِينَ الْأَذَانِ بِالْعَتَمَةِ أَوْ قَرِيبًا مِنْ ذَلِكَ. فَأَمَرَ رَجُلًا فَأَذَّنَ وَأَقَامَ، ثُمَّ صَلَّى الْمَغْرِبَ وَصَلَّى بَعْدَهَا رَكْعَتَيْنِ، ثُمَّ دَعَا بِعَشَائِهِ فَتَعَشَّى، ثُمَّ أَمَرَ رَجُلًا فَأَذَّنَ وَأَقَامَ، ثُمَّ صَلَّى الْعِشَاءَ رَكْعَتَيْنِ. فَلَمَّا طَلَعَ الْفَجْرُ قَالَ: إِنَّ النَّبِيَّ ﷺ كَانَ لَا يُصَلِّي هَذِهِ السَّاعَةَ إِلَّا هَذِهِ الصَّلَاةَ فِي هَذَا الْمَكَانِ مِنْ هَذَا الْيَوْمِ. قَالَ عَبْدُ اللَّهِ: هُمَا صَلَاتَانِ تُحَوَّلَانِ عَنْ وَقْتِهِمَا، صَلَاةُ الْمَغْرِبِ بَعْدَ مَا يَأْتِي النَّاسُ الْمُزْدَلِفَةَ، وَالْفَجْرُ حِينَ يَبْزُغُ الْفَجْرُ. قَالَ: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَفْعَلُهُ، ثُمَّ وَقَفَ حَتَّى أَسْفَرَ. ثُمَّ قَالَ: لَوْ أَنَّ أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ، يَعْنِي عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَفَاضَ الْآنَ أَصَابَ السُّنَّةَ. فَمَا أَدْرِي أَقَوْلُهُ كَانَ أَسْرَعَ أَمْ دَفْعُ عُثْمَانَ؟ فَلَمْ يَزَلْ يُلَبِّي حَتَّى رَمَى جَمْرَةَ الْعَقَبَةِ يَوْمَ النَّحْرِ».

Қазақша аудармасы

Бұхаридің тағы бір риуаятында Абдуррахман ибн Язид былай дейді: «Ибн Мәсғуд (р.а.) қажылыққа барды. Біз Мұздалифаға құптан азаны айтылған шамада келдік. Ол бір кісіге азан мен қамат айтқызды. Содан соң ақшамды, артынан екі рәкат сүннетін оқыды. Кейін асын алдырып, кешкі ас ішті. Тағы бір кісіге азан мен қамат айтқызды да, құптанды екі рәкат етіп оқыды.

Таң атысымен Ибн Мәсғуд: “Алла елшісі (с.а.с.) дәл осы мезгілде тек осы намазды, тек осы күні және осы жерде оқыған”, – деді.

Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) сөзін жалғап: “Міне, осы екі намаздың оқылатын мезгілі ауыстырылған. Ақшамды жұрт Мұздалифаға келген соң оқиды, ал таң намазын таң біліне салысымен оқиды. Алла елшісінің (с.а.с.) осылай істеп, содан соң айнала ағарғанша тұрғанын көрдім”, – деді. Сосын: “Мүміндердің әміршісі, яғни Осман (р.а.), дәл қазір Минаға жол тартса, сүннетке сай болар еді”, – деді.

Ибн Мәсғуд осы сөзді бұрын айтты ма, әлде Осман (р.а.) бұрын аттанды ма, білмеймін. Ибн Мәсғуд құрбан айт күні Ақаба жамарасына тас лақтырғанға дейін тәлбия айтумен болды»1.

Түсіндірме

Бұл риуаятта Османның (р.а.) тұсында Ибн Мәсғуд (р.а.) қатысқан қажылықтың бір рәсімі – Мұздалифада аялдау баяндалады. Риуаят қажылық жайында болғанымен, Мұздалифадағы ақшам, құптан және таң намаздарының ерекшелігін көрсететіндіктен, «Намаз» бөлімінде келтірілді. Риуаятта ақшам мен құптанның бірге оқылғаны, әрқайсысына жеке азан мен қамат айтылғаны әрі таң намазының әдеттегіден ерте оқылғаны айтылады.

Хадис Мұздалифадан Минаға қарай топ болып аттану рәсімін де айқындайды. Айнала ағара салысымен, күн шықпай тұрып жолға шыққан. Османның (р.а.) аттануы мен Ибн Мәсғудтың (р.а.) әлгі сөзі тұспа-тұс келген. Рауи Абдуррахман ибн Язид осы сәйкестікке таңданып: «Сөз бұрын айтылды ма, аттану туралы бұйрық бұрын берілді ме, білмеймін», – деген. Кейбір шарх авторлары «білмеймін» деген сөзді Ибн Мәсғуд айтты деп есептеген, алайда бұл – Абдуррахманның сөзі.2

Азан және қамат

«Азан» сөзі «хабар беру», «білдіру», «естірту» мағынасындағы أَذَانٌ (азан) сөзінен шыққан. Шариғатта ол намаз уақытының кіргенін арнайы сөздермен хабарлауды білдіреді.

Құртуби және басқа ғалымдар: «Азанның сөзі аз болғанымен, ол сенімге қатысты барлық мәселені қамтиды», – деп түсіндіреді. «Азан Алланы ұлықтаудан басталады. Ұлықтау Алланың бар екенін әрі кемелдігін білдіреді. Содан соң Алланың бірлігі жарияланып, Оған серік қосу теріске шығарылады. Кейін Мұхаммедтің (с.а.с.) елшілігі расталады. Куәлік айтылғаннан кейін арнайы құлшылыққа шақырады. Өйткені куәліксіз құлшылықтың мәні танылмайды. Одан соң құтылуға, яғни мәңгілік өмірге үндейді. Бұл – ақыретке ишарат. Кейбір сөздердің қайталануы олардың мәнін күшейтіп, маңызын білдіреді».

Азан намаз уақытының кіргенін жариялап, мүміндерді жамағат намазына шақырады. Сонымен бірге ол – Исламның айқын рәмізі. Осы мәніне көңіл бөлмеген кейбіреулер жұртқа мылтық атып, керней тартып, мұнараға қойылған сағатты қатты соқтырып немесе азанды жергілікті тілге аударып та хабар беруге болады деп ойлайды. Уақытты білдіру – азанның көп міндетінің бірі ғана әрі қосалқы жағы. Азанның сөзбен айтылуының хикметі – сөзді кез келген жерде, кез келген уақытта әркімнің айта алатынында.

Азаншылық пен имамдықтың қайсысы абзал екені жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. «Кісі имамдық міндетін толық атқара алатынына көзі жетсе, имамдық абзал. Оған көзі жетпесе, азаншылық абзал», – деген түсінік бар. Имамдық пен азаншылықты бір кісінің қатар атқаруына қатысты да пікір әртүрлі. Кей ғалым мұны мәкрүһ санаған. Бәйхақи бұл пікірге қатысты бір риуаят келтірген, бірақ ол әлсіз. Омардың (р.а.) «Халифалықпен қатар атқара алсам, азанды да өзім айтар едім» деген сөзі сахих иснадпен жеткен. Көпшілік ғалым екі міндетті бір адамның атқаруын мұстахаб санаған. Ибн әл-Мүнир және кей ғалым «Азанның мәні азаншының айтқан сөзімен қоса, оның қимылы мен тұрысын да қамтиды» деген. Бұл анықтаманы көпшілік қабылдамаған.

Бәдиүззаман азанның өзгертілмейтінін былай түсіндіреді:

«Шариғат үкімдерінің бір бөлігі “тағаббуди” деп аталады. Олар ақылдың пайымына тәуелді болмайды. Бұйырылғандықтан орындалады. Үкімнің негізі – бұйрық. Енді бір бөлігі “мағқул әл-мағына” деп аталады. Яғни үкімнің бекітілуіне негіз болған бір хикмет пен игілік бар. Бірақ хикмет пен игілік үкімнің түпкі себебі бола алмайды. Түпкі негіз – Алланың бұйрығы мен тыйымы. Дін рәміздерінің тағаббуди бөлігін хикмет пен игілік өзгерте алмайды. Онда тағаббудилік жағы басым, сондықтан оған қол тигізілмейді. Жүз мың игілік келсе де, оны өзгерте алмайды. Дін рәміздерінің пайдасы бізге мәлім игіліктермен шектеледі деу де қате. Олар рәміздердің көп хикметінен туған бір ғана пайда болуы мүмкін. Біреу “Азанның хикметі – мұсылмандарды намазға шақыру. Ендеше, мылтық атса да жетеді” дер. Әлгі кісі мұның азандағы мыңдаған игіліктің біреуі ғана екенін аңғармайды. Мылтық даусы осы бір міндетті атқарғанның өзінде азанның орнын қалай баспақ? Азан адамзаттың немесе сол қала жұртының атынан ғалам мен адамзат жаратылысының түпкі мұраты болған тәухидті жариялап, Алланың Раббылығына құлшылықпен жауап беруге дәнекер болады. Түйіп айтқанда, жаһаннам бекер жаратылмаған. Кейбір істер бар пәрменімен “Жасасын жаһаннам!” деп тұрғандай. Жәннат та арзанға түспейді, оған үлкен ақы керек». لَا يَسْتَوِي أَصْحَابُ النَّارِ وَأَصْحَابُ الْجَنَّةِ ۚ أَصْحَابُ الْجَنَّةِ هُمُ الْفَائِزُونَ «Тозақтықтар мен жұмақтықтар, әлбетте, тең болмайды. Жұмақтықтар – нағыз жетістікке, зор табысқа жететіндер»3. «Куәлік сөзі – дінімнің діңгегі. Азан үні мәңгілік жұртымда жаңғыра берсін!»4

  1. 1Бұхари, «Хаж», 97, 99 (1675, 1683).
  2. 2Қажылық рәсімдерінің егжей-тегжейі № 1430–1441 хадистерде баяндалады.
  3. 3«Хашр» сүресі, 20-аят.
  4. 4Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте тәржүме уә шәрхи», «Ақчағ» баспасы, 8/317–318.