Хадис

Кутуб ситтә, № 2468

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
349. Азан тарихында есімі аталатын сахабалар
Нөмірі
№ 2468 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
2468
Кутуб ситтә, № 2468 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ زِيَادٍ بْنِ الْحَارِثِ الصُّدَائِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا كَانَ أَوَّلُ أَذَانِ الصُّبْحِ أَمَرَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَأَذَّنْتُ فَجَعَلْتُ أَقُولُ: أُقِيمُ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَجَعَلَ يَنْظُرُ إِلَىٰ نَاحِيَةِ الْمَشْرِقِ إِلَىٰ الْفَجْرِ فَيَقُولُ: لَا. حَتَّى إِذَا طَلَعَ الْفَجْرُ نَزَلَ فَبَرَزَ. ثُمَّ انْصَرَفَ إِلَيَّ، وَقَدْ تَلَاحَقَ أَصْحَابُهُ فَتَوَضَّأَ، فَأَرَادَ بِلَالٌ أَنْ يُقِيمَ. فَقَالَ لَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ أَخَا صُدَاءَ أَذَّنَ، وَمَنْ أَذَّنَ فَهُوَ يُقِيمُ. قَالَ: فَأَقَمْتُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَاللَّفْظُ لِأَبِي دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Зияд ибн әл-Харис әс-Судаи (р.а.) былай дейді: «Таңның алғашқы азанын айтар кезде Алла елшісі (с.а.с.) маған азан айтуды бұйырды. Азан айтқан соң: “Уа, Алланың елшісі, қамат айтайын ба?” – деп сұрай бердім. Ол шығысқа, таң шапағы білінетін жаққа қарап: “Жоқ”, – дей берді. Таң шапағы білінгенде, көлігінен түсіп, оңаша барып келді. Содан кейін маған қарай бет алды. Бұл кезде сахабалары да келіп үлгерген еді. Алла елшісі дәрет алды. Біләл қамат айтпақ болғанда, ол: “Суда руының бауырымыз азан айтты. Азанды кім айтса, қаматты сол айтады”, – деді. Содан соң қаматты мен айттым».1

Түсіндірме

1. Суда – Йемендегі Сана қаласынан қырық екі шақырым жердегі мекен. Оның атауы сол жерде тұрған рудың атынан шыққан.

2. Хадисте азан айтқан адамның қамат айтатыны көрсетілген.

Бұл риуаятты басқа хадистермен қатар қарастырған ғалымдар әртүрлі тұжырым жасаған.

Тирмизидің жазуынша, ғалымдардың көпшілігі: «Азанды кім айтса, қаматты сол айтсын», – деген.

Хафыз әл-Хазими «Китаб әл-иътибарда» былай дейді: «Бір кісінің азан, екінші кісінің қамат айтуына рұқсат екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен. Алайда екеуін бір кісінің айтқаны абзал ма, әлде екі кісінің айтқаны ма деген мәселеде пікірлері әртүрлі. Көпшілік екеуінің арасында айырма көрмей, жеңілдікке орын беруді және рұқсатты негізге алған. Имам Мәлік, Әбу Ханифа, Хижаз бен Куфа ғалымдарының көпшілігі осы пікірді ұстанған».

Имам Шафиғи мен Ахмад ибн Ханбалдың азан мен қаматты екі бөлек адамның айтуын мәкрүһ санағаны риуаят етілген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат» (514). Тирмизи, «Салат» (199).